«Кәсiби жарамдылық» дегенiмiз адамның еңбектiң белгiлi бiр түрiне жарамдылығын көрсететiн психологиялық, физиологиялық ерекшелiктерiнiң, оған қажеттi тиiстi бiлiм, дағды, икемдiлiктердiң жиынтығы. Кәсiби жарамдылықты ажыратуда диагностикалық тест әдiсiмен адамдардың мамандық таңдауда қандай түрткiлерi (мотивтер) болатындығы, олардың мән-мәнiсi зерттеледi.
«Кәсiби iрiктеуде» жас өскiннiң белгiлi мамандыққа жарамды -жарамсыздығы арнаулы процедуралар арқылы тексерiледi. Мұнда адам медициналық, физиологиялық, психологиялық кешендi тексеруден өтедi.
«Кәсiби адаптация» - бұл жұмысқа жаңа түскен адамның өз ортасына бiртiндеп төселiп, бейiмделуi. Төселудiң алғашқы кезеңi өндiрiстiк практика кезiнде, негiзгi жағы нақты жұмыс үстiнде жүзеге асады.
Мамандық таңдауда қазақ жастары Ж. Аймауытовтың «Жан жүйесi және өнер таңдау» (1926) атты еңбегiнен де жақсы ақыл-кеңестер алуына болады. Автор мамандықтың жаманы жоқ, бiрақ, мұның кез-келгенiне икемдiлiк қажет, бұл жәй күнелту, тамақ, асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнердi, зор шеберлiктi қажет ететiн нәрсе дейдi. “Кiмде-кiм өзiне бiткен ыңғайына қарай өз жолымен қызмет етсе өз басына да, әлеуметке де үлкен пайда келтiрмек. Өз орнында iстеген адамның жұмысы да өнiмдi, берекелi болмақ... әр өнер, әр қызмет мемлекетке, әлеуметке керек. Әлеумет те, мемлекет те әр адамның еңбегi берекелi, пайдалы болуын тiлейдi: неғұрлым әр мүшесiнiң еңбегi жемiстi болса, соғұрлым әлеумет тұрмысы да тез оңалмақ».
Ғалым қазақ жастарына егiн салу, сауда-саттықты үйрен, денсаулығыңды күт, шаруа-тұрмысыңды түзет, газет-журнал, кiтап оқуға машықтан, өнегелi, зиялы, алуан өнердi бiлетiн кiсi болуға тырыс дей отыра: «Жұрттың бәрi әкiм, комиссар болғанда осынша қызметтi iстеушi кiм болмақ?”- дейдi, кейбiр жастардың әкiмшiлiк, заң, сот жұмыстарына шектен тыс әуес болатындығын, бұлардың қызметтiң осы саласына қызығуы өнерi тасығаннан туып отырмағанын, бұл бiр жұқпалы дерт сияқты нәрсе екенiн, халқымыздың «бәрiң бiрдей қойшы болсаң - құл боларсың, бәрiң бiрдей тойшы болсаң - - жын боларсың» деген аталы сөзiне негiздей келе, жерiне жеткiзе айтып кетедi.
Қазiргi кездегi қазақ елiнiң тыныс-тiршiлiгiн, салт-санасын жаңарту жолында әрекет етiп жүрген жастарға Ж. Аймауытовтың мына ойлы сөздерi де ерекше маңызды: «Оқыған азаматтың қызметке тұрлаусыздығы, бiлiмi аз, шалалығы, боямалылығы, елiктегiш, мансапқорлығы, кеңсешiлдiгi, пайдакүнемдiгi, негiзгi мақсат, мұраты жоқтығы, берiк жол тұтына алмайтындығы - осының бәрi шын әлеумет қызметкерiнiң пiспеген, шынықпағандығын көрсетедi». Қазiрде де бiздiң арамызда мұндайлар аз ба? Әсiресе нарықтық экономикаға араласуды желеу етiп, тек табыс табуды ғана ойлап, ақша қуып кеткен кейбiр жастар қоғам, әлеумет, халыққа кызмет iстеу мәселелерiн естерiнен шығарып, имандылық пен адамгершiлiкке жат, келеңсiз қылықтар жасап жүр. Бұдан әрi ғалым мамандық таңдауда кiсiнiң жеке қасиеттерi мен кейбiр тумыстан берiлетiн ерекшелiктерiн ескеру қажеттiгiн, бұл жерде әр кiсi өзiн-өзi басқарып, өзiн жетiлдiре түсуге, кiсiлiкке ұмтылуға ерекше мән беруiн, яғни өзiнде қандай талант, қандай зеректiк, қандай бейiмдiлiк, бiр сөзбен айтқанда, қандай қабiлет бар екендiгiн бiлуi қажеттiгiн ескертедi, өйткенi «өзiн-өзi танымаған, өзгенi тануға да шорқақ болады» дегендей небiр тамаша ақыл-кеңес берген едi.
Қазiргi-жастар тәрбиенiң сыңар объектiсi емес, олар өз өмiр жолын заман талабына орайластыра құруға қабiлетi жететiн, шығармашылықтық iстiң өкiлдерi. Олар нарықтық қатынастарға өтудiң небiр сүйiнiш-күйiнiштерiне ересек адамдармен бiрге тiзе бүгiп, мұны өз бастарынан кешiруде. Бұл жәйт оларды бұрынғыдан гөрi ертерек есейте түсуде. Бiрақ та, қоғамдағы әр түрлi проблемаларды жеңе бiлуде жастарға аға ұрпақтың көмегi мен ақыл-кеңестерi әлде де бұрынғыша қажет бола бермек. Сондықтан қазiргi бозбалалар мен бойжеткендердiң психологиялық ерекшелiктерiн ескере отырып, олардың ұмтылыс талап-тiлектерiн үнемi демеп отыру - үйдегi, түздегi тәлiмгерлердiң абыройлы парызы.
Достарыңызбен бөлісу: |