4-параграф. Орта білім беру ұйымы (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта және техникалық-кәсіптік) басшысының (директорының) тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары
50. Лауазымдық міндеттері: оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.
Тәрбие жұмысын ағымдағы және перспективалық жоспарлауды ұйымдастырады.
Аға тәлімгерлердің, ұзартылған күн топтары тәрбиешілерінің (бұдан әрі–ҰКТ), сынып жетекшілерінің, педагог-психологтардың, әлеуметтік педагогтар мен қосымша білім беру педагогтерінің қызметін жоспарлауды және бақылауды жүзеге асырады; тәрбие жұмысы, мәдени-тәрбие іс-шараларын дайындау және өткізу бойынша қажетті құжаттарды әзірлеуді қамтамасыз етеді;
өткізілетін тәрбие процесінің мазмұны мен өткізілу сапасына жүйелі бақылауды жүзеге асырады.
Педагогикалық кадрларды іріктеуге қатысады, педагогтердің біліктілігін және кәсіби құзыреттілігін арттыру бойынша жұмыстарды ұйымдастырады.
Тәрбие процесін қамтамасыз ететін білім беру ұйымдары әкімшілігінің, әлеуметтік – психологиялық қызметтері мен бөлімшелерінің қоғам және құқық қорғау органдарының өкілдерімен, ата-аналар қоғамының өкілдерімен өзара іс-қимылын үйлестіреді.
Білім алушыларға медициналық қызмет көрсету жағдайын бақылауды жүзеге асырады.
Тәрбие іс-шараларын өткізу кезінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданады.
Білім алушылардың, педагогтардың конкурстарға, слеттерге, конференцияларға қатысуын қамтамасыз етеді.
Кәсіби бағдарлау жұмысын жүргізеді, есеп беру құжаттамасының сапалы және уақтылы тапсырылуын қамтамасыз етеді.
"Құндылықтарға негізделген білім" -мектеп тұжырымдамасын әзірлейді. Мектеп ұжымының қатысуымен білім беруге бағалы әдіс енгізеді.
Ата-аналарға арналған педагогикалық консилиумды ұйымдастырады және өткізеді. "Жас қыран", "Жас ұлан" балалар ұйымы жұмысын ұйымдастырады. "Қоғамға қызмет ету", "Туған елге тағзым", "Үлкенге ізет", "Ата-анаға құрмет" атты қоғамға пайдалы жұмыстарды ұйымдастырады.
Рухани-адамгершілік біліммен қамтамасыз етуде "Өзін-өзі тану" пәні мұғалімін алмастырады.
Білім беру ұйымы түлектері қауымдастығы қызметін құру және қамтамасыз ету бойынша жұмысты үйлестіреді.
Педагогикалық еңбек ветеранымен ынтымақтастықта болады. Мектеп мұражайының жұмысын ұйымдастырады.
Дебаттық қозғалысты дамытады.
Туристік сапарлар мен саяхаттарды ұйымдастырады.
Білім беру ұйымдарында "Құндылықтарға негізделген білім беру" тұжырымдамасын білім беру процесінде барлық нысандар, оның ішінде балалы отбасылардың қатысуымен енгізеді.
Білім алушылар, тәрбиеленушілер, педагогтер және тағы басқа қызметкерлер арасында академиялық адалдық қағидаларын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің алдын алады.
51. Білуге міндетті:
Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексін, Қазақстан Республикасының "Білім туралы", "Педагог мәртебесі туралы", "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заңдарын және білім беруді дамытудың бағыттары мен перспективаларын айқындайтын басқа да нормативтік құқықтық актілерді,
педагогика және психология негіздерін,
"Рухани жаңғыру", "Құндылықтарға негізделген білім беру" бағдарламаларын іске асыру жағдайында тәрбиенің тұжырымдамалық негіздерін,
мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын,
педагогикалық ғылым мен практиканың жетістіктерін,
экономика, қаржы-шаруашылық қызмет негіздерін,
еңбекті қорғау, техника қауіпсіздігі және өртке қарсы қорғау ережелері мен нормаларды.
52. Біліктілікке қойылатын талаптар:
тиісті бейін бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі педагогикалық немесе өзге де кәсіптік білім немесе қайта даярлаудан өткенін растайтын құжат; соңғы 3 жылдан кем емес үздіксіз педагогикалық жұмыс өтілі;
оқытушылық қызметті жүзеге асыру кезінде – қосымша "педагог – сарапшы" немесе "педагог – зерттеуші" немесе "педагог – мастер" санатының болуы.