6.4 Еңбек, ақыл-ой және дене тәрбиесінің міндеттері
Еңбек тәрбиесі. Жеке адамды жан-жақты дамытуда еңбек шешуші факторлардың бірі. Еңбекке тәрбиелеу, баулу және кәсіптік бағдар, мектеп оқушыларының қоғамға пайдалы, өнімді еңбекке тікелей қатысуы, оқуға деген саналы көзқарасты тәрбиелеудің, азамат болып өсудің, жеке адамды адамгершілік және зиялылық жағынан қалыптастырудың негізгі көзі болып табылады. Бұл еңбек тәрбиесінің мақсаты деуге болады.
Мектепте еңбекке тәрбиелеудің негізгі міндеттері.
1. Еңбексүйгіштік пен еңбек адамдарына құрметпен қарауға баулу.
2. Оқушыларды халық шаруашылығының салаларындағы еңбектің түрлерімен таныстыру, еңбек іс-әрекеті барысында олардың дағдысы мен іскерлігін қалыптастыру.
3. Мамандық таңдауға дайындау.
Жасөспірімдерді еңбекке тәрбиелеудің жалпы міндеттері бірнеше жеке міндеттерді орындау арқылы іске асырылады. Олар төмендегідей:
- Балаларды еңбекке психологиялық және практикалық тұрғыдан даярлау.
- Оқушылардың еңбек дағдыларын қалыптастыру.
- Еңбек мәдениеті дағдыларын дарыту, оқушылардың ынтасын және қабілетін дамыту.
- Ақыл-ой және дене еңбегі мәдениетін бойына сіңіру.
Еңбек тәрбиесінің жүйесіне түрлі іс-әрекеттер кіреді. Олар: оқу барысындағы еңбек, сыныптан тыс үйірме және жаппай жұмыстар, өзіне-өзі қызмет ету, қоғамдық пайдалы және өнімді еңбек.
Балаларды еңбекке даярлауды бірінші сыныптан, ал отбасында балалық шақтан бастау керек. Оқыту және тәрбие жұмысының барлық жүйесі оқушыларды еңбекке психологиялық және практикалық тұрғыдан дайындау міндеттерін шешуге бағытталуы қажет.
Ақыл-ой тәрбиесі. Әр заманда жастарға білім берудің негізгі құралы ақыл-ой тәрбиесі болып келеді. Халық педагогикасы бойынша ақыл-ой тәрбиесі деп, шәкірттердің ойлау қабілеттерін, сана-сезімін оқу және еңбек үрдісінде дамытуды айтады. Ғылыми-педагогикалық анықтама бойынша ақыл-ой тәрбиесі деп, оқушылардың ақыл-ой күштерін, ойлауын дамытудағы және ақыл-ой еңбегі мәдениетін дарытудағы тәрбиешілердің мақсатты іс-әрекетін айтамыз. Ақыл-ой тәрбиесі барысында балардың танымдық қызығушылықтары, логикалық ойлау, есте сақтау, зейін қою, елестету қабілеттері, икемділіктері мен дарындылықтары дамиды.
Ақыл-ой тәрбиесінің міндеттері төмендегідей:
1. Ойлау іс-әрекетінің шарты болатын білім қорын жинақтау;
2. Негізгі ойлау операцияларын меңгерту;
3. Зиялылық біліктерді қалыптастыру;
4. Дүниетанымды қалыптастыру;
5. Өз бетімен білім алуға ынталандыру.
Ақыл-ой тәрбиесінің ең басты құралы – оқыту. Ақыл-ой тәрбиесінсіз дүниеге адамгершілікті көзқарас, саналы тәртіп пен орынды мінез-құлық, еңбек нәтижесі, экономикалық білімдер, дағдылар, тіршілік ету ортасы, табиғат және қоғам құбылыстарына талғампаздық, дене күш-қуатын арттыру жолдарын білу, қоғам өмірінің құқықтық негіздерін игеру мәселелерін шешу мүмкін емес.
Дене тәрбиесі. Жеке адамды жан-жақты дамытуда дене тәрбиесінің маңызы өте зор. Дене тәрбиесі – бұл мақсатты бағытталған, дәл ұйымдастырылған, жоспарлы жүзеге асырылатын балалардың дене шынықтыру және спорттық әрекеттерінің жүйесі. Дене тәрбиесі мақсаты әр баланы барлық тәрбие түрлерімен бірлікте үйлесімді дамыту. Оқушыларға дене тәрбиесін беру үшін спорт ұйымдары мен клубтардың мәні зор. Өмірге қажетті дағды және іскерлік табиғи қозғалыстың барысында қалыптасады. Табиғи қозғалыстың түрлері: жүгіру, қарғу, жүзу, лақтыру, шаңғы, коньки, велосипед тебу т.б. Жас адамның денесі түрлі жаттығулар көмегімен ширап, дамиды. Дене тәрбиесі саласында ырғақ, жеке гигиена, дене шынықтыру мәдениеті, туризм, спорт ерекше орын алады. Сабақтар мен сыныптан тыс дене тәрбиесі жұмыстарында күн ырғағы, дене жаттықтыру, организмді шынықтыру, тамақтану гигиенасы, ұйқы т.б. жөнінде оқушылар нақты білім алуы тиіс.
Дене тәрбиесінің міндеттері:
1. Шәкірттердің денсаулығын нығайту, жұмыс қабілетін көтеру.
2. Дене шынықтыру, оқушыларды салауаттылыққа дағдыландыру, дұрыс өсуіне көмектесу.
3. Спорт, дене тәрбиесі білімдерін меңгерту.
4. Спортпен шұғылдануға оқушылардың тұрақты қызығуын және қабілетін дамыту.
5. Қозғалыс дағдылары мен біліктерін дамыту.
6. Эстетикалық қасиеттерді қалыптастыру (дене түзулігі, жүріс-тұрыс мәдениеті).
7. Гигиеналық дағды мен ептілікті қалыптастыру.
Мектепте дене тәрбиесін ұйымдастырудың формаларына дене шынықтыру сабақтары, сыныптан тыс және мектептен тыс жаппай спорт жұмыстары жатады. Дене тәрбиесінің негізгі құралдарына дене жаттығулары, гимнастика, ойын, туризм, спорт, табиғи факторлар жатады.
Сонымен, оқушының денсаулығына қамқорлық жасауға біздің қоғамымыз мейілінше мүдделі. Сондықтан барлық оқушылардың сабақтарда, сабақтан тыс уақытта, спорт секцияларында дене тәрбиесін күн сайын ұйымдастырып, қолайлы жағдайлар жасау қажет.
Тәрбиенің барлық бағыттары тұтас педагогикалық процесте орын алып, өзара тығыз байланыста болады. Тәрбиенің әр бағыты басқаларымен қатар жүргізіліп, бірін-бірі толықтырады, педагогикалық процесс барысында өзара тәуелді болады. Себебі тәрбие бағыттары бір-бірімен тығыз байланысты, әрі кешенді сипатта жүзеге асырылғанда ғана әр жақты дамыған, көп мәдениетті тұлға қалыптасуына жағдай жасалды деп есептеуге болады.