Қаймақ – сиырдың, қойдың, ешкінің пісірілген сүтінің бетіне жиналатын маңызы (майлы құрамы). Пісірілген сүтті бетін ашып салқын жерге қойса, сүт салқындаған сайын оның бетіне қабыршақтанып қаймақ жиналады. Қаймақ қалыңдығы сүттің құнарлығына (нәріне) байланысты. Сонымен бірге сүттің пісірілуіне де байланысты болады. Қойдың сүті қою болғандықтан, оның қаймағы да сиырмен ешкі сүтінің қаймағынан қалың болады. Қаймақ қалың болу үшін, сүтті тасытпай, шымырлатып қана бабымен пісіру керек. Сүт әбден суығаннан кейін қаймағын қасықпен сыпырып, қалқып алады. Қаймақты ағаштан, қайыңның тозынан (қабығынан), ысталған темірден жасалған қақпағы бар ыдыста сақтайды. Бабымен пісірілген сүттің қаймағы майлы да жұмсақ болады. Сарқылдап қайнатылған сүттің қаймағы әрі дәмсіз, әрі шандырланып тұрады. Қаймақты езіп шайға қатса, шайдің дәмі келіп, өңі ашылады. Бидаймен тарыны қаймаққа араластырып жеуге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |