Уыз қымыз – биені алғаш байлағанда ашытылатын қымыз. Мұны бие бау деп те айтады.
Бал қымыз- әбден пісілген және бойына жылқының не қойдың майы сіңген бапты жұмсақ қымыз. Мұндай қымыздың өңі әдеттегі қымыздан көрі сары әрі қою болады.
Бесті қымыз –төрт түн асып, ашуы мейлінше жеткен қымыз.
Дөнен қымыз- үш түнегеннен кейін қотарылатын, мейлінше ашуы жеткен қымыз.
Жуас қымыз – үстіне саумал қосып жұмсартылған қымыз. Қымыз аса ашып кеткенше ішуге қолайлы болу үшін осылай істейді.
Құнан қымыз – екі түнегеннен кейін ғана қотарылатын қымыз. Бұл түнеме қымызға қарағанда күшті болады.
Қысырақ қымыз – бірінші рет құлынданған қулық биенің сүтінен ашытылатын қымыз. Қулық биенің сүті жылда сауылып жүрген сары қарын мама биелердің сүтіне қарағанда әлде қайда қуатты болады. Қысырақ қымызды әдетте «Ту қымыз» деп айтады.
Қысырдың қымызы- бие ағытылып кеткен кейін, жем, шөбі дайын адамдар қысыр биелерді іріктеп алып қалып, қыста қолда ұстап сауады. Сондықтан, бұл қымызды «қысырдың қымызы» дейді.