«Автограф» ойыны: (Әр оқушыға артына қағаз бекітіледі. Осы қағазға басқа оқушылар тілектерін жазуы қажет)
Алғыстың да түпкі мәні – ризашылық білдіру арқылы жамандықтан ада болуды тілеу.
Алғыс тек «ізгі ниетті» ғана білдірмейді. Қазақта алғыс сөзі, әдетте, үлкен бір істің атқарылып біткен кезінде, яки болмаса жас адамның үлкен қарияға жасаған игілікті іс-әрекетіне қатысты айтылады. Яғни қазақтағы алғыс ежелгі сипатын өзгерткен, ол рух-иеге немесе басқа бір құдіретке жалыну емес. Керісінше, қазақ алғысы ризашылық белгісі, игі іс атқарған адамға деген ерекше қатынасты көрсетеді. Сол себепті қазақ жастары үлкеннің алғысын алуға тырысқан. Мәселен, олар тойда, аста жиналған үлкендердің алдынан шығып, аттарынан қолтықтап түсіріп, үйге енгізеді. Сол кезде риза болған ақсақал «Қарағым, ғұмырлы бол!» деп өзінің алғысын айтады. Немесе, үйде жағалай отырған адамдардың қолына су құйып, орамал беріп, қызмет етеді, ал келіндерге үлкендер «Көп жаса, шырағым!» деп ризашылық сезімін білдіреді. Сол сияқты жас келін үйге келген кісіге, яки жасы үлкен адамға ізет көрсетіп, сәлем етеді. Оған «Қалқам, өркенің өссін» деп, үлкен кісі өзінің ризашылық батасын айтады. Я болмаса жас адам үлкен кісінің әлдеқалай берген тапсырмасын дер кезінде ойдағыдай орындаса, қария оған «Жасың ұзақ болсын!» деген сияқты алғыс айтып, екі жақтың да көңілі хош болады.
Қазақ алғыстары нақты адамға қарата айтылады, ол екі адамның бір-біріне деген ізгі ықыласын білдіреді. Оның басты мақсаты жақсылық істеген адамға ризашылық білдіру, алғыс алған адамның көңіл-қошы болып, ырыс-берекесі арта түседі деп ырымдаған. Қазақта алғысты риза болған адам айтады, оны сұрап алмайды, басқа түркі халықтарындағыдай арнайы алғысшылар болмайды.
Байқайтынымыз: алғысты риза болған жақ өзі айтса, батаны екінші жақ көбінесе «Батаңызды беріңіз!» деп сұрап алады. Екіншіден, алғыс ұғымында ризашылық белгісі сақталған, ол туралы қазақ паремасында «Алтын алма, алғыс ал!» деп келетін мәтелде алғыстық сипатты байқауға болады. Себебі, қазақ ұғымында алғыс алған адамды Тәңір жарылқап, оның құты көбейеді, ырысы артады деп сенген. Алғыстың мазмұны көбіне тілек түріндегі білдіріледі: Алла риза болсын! Көп жаса! Өмір жасың ұзақ болсын! Бақытты бол, Тең құрбыңның алды бол! және т.б. М.Әуезов шығармаларында қазақы алғыстың мынадай түрлері айтылады: Алдыңнан жарылқасын; амандық шаттықпен көрісуге жазсын; аруақ жар болсын; аруақ қолдасын; бақыл бол; жолыңа жұп шырақ; жолың болсын; көрісуге күн жақсы болсын; қадамың құтты болсын; қайырлы болсын; қайыры бірге болсын; қосағыңмен қоса ағар; байлар көбейсін; құдай көңіліңді өсірсін; құсың құтты болсын; қызығың ұзақ болсын; ойнар көбейсін; осы бетіңнен жарылқасын; өмір жасың ұзақ болсын; от анасын жарылқасын; өркенің өссін; садағаң келсін; сауық молайсын; сақтай гөр терістен; тие берсін; тілектерің тап болсын; тілеуің берсін; ұзағынан сүйіндір. Хормен: «Өмірге риза болып, алғыс айт».