2. Тәрбие мақсаты жайлы жалпы түсінік. Адам дамуында тәрбиенің ықпалды күш екенін айта отырып, ол қоғамның өмір сүруінің басты бір құралы ретінде қажетті және өмірлік категория деп қарастырылады. Білім мен тәрбие таразының екі басындай тең нәрсе. Тәрбие оңалмай, білімнің сапалы болуы екіталай. Ұлы ғұлама Әл-Фараби «Адамға ең бірінші білім емес тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне апат әкеледі» деген екен. Олай болса, тәрбие іс-әрекеті нәтижелі болу үшін ол мақсат қоюдан басталуы тиіс.
Тәрбие мақсаты – педагогика ғылымының өзекті категориясы. Оны нақтылау, жобалау, дайындау – педагогикалық тұжырымдар жасаудың арқауы.
Тәрбиенің мақсаты тәрбиенің неге ұмтылуы, қандай жетістікке жету жолы. Кез-келген тәрбие кішігірім құбылыстан басталып, мемлекеттік бағдарламаларға дейін үнемі мақсатты түрде жүреді. Тәрбиенің мақсатына: тәрбие мазмұны, ұйымдастырылуы, формасы мен әдістері бағынады. Сондай-ақ тәрбиенің мақсаты тәрбие міндеттерін шешу жүйесі. Тәрбие мақсаттары мен міндеттері біртұтас. Тәрбие мақсаты қайдан пайда болады? Оның негізгі айқындаушы факторлары не?
Әрине оған көптеген оъективті себептер бар. Олар адам ағзасының физиологиялық жетілуі, психикалық дамуы, ойлау әрекеті, қоғамдық мәдени деңгейі жалпы мақсатты айқындауға бағыт береді. Алайда, тәрбие мақсатын айқындаушы негізгі факторларға мемлекеттік идеология мен саясат болады.
Тәрбиенің мақсаты тарихи сипат алады. Қандай да мемлекет болмасын оның саясат пен идеологиядан тыс мақсатының болуы мүмкін емес. Тәрбие мақсатын ойдан шығаруға болмайды. Ол қоғамның тарихи дамуымен біте қайнасып жатады. Тәрбие мақсаты адам өмірінің заңдары, еркі, құқығы, қажетсінуінен шығады. Адамның өзі мақсатқа жету құралы емес, оның өзі мақсат, яғни тәрбиенің мақсаты қоғам қажеттілігінен туады. Тәрбие мақсаты – кең әлеумет пен ғылымның араласуымен тек мемлекет белгілейтін педагогикалық саясаттың басты құрылым бірлігі. Сонымен өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеу мақсатының мазмұны қоғамның өркениеттілігіне, оның демократиялық сипатына, экономикалық мүмкіндігіне, педагогикалық жүйелер дамуын болжайтын және нақты жағдайларды үйлестіріп отыратын мекемелеріне байланысты.
Тәрбие мақсаты өзгермелі, қозғалмалы, ауыспалылығымен ерекшеленеді. Мақсатты, көркемдеп айтсақ, жақындаған сайын алыстай түсетін жұлдыз тәрізді. Мақсат өзін белгілейтін субьект – адаммен бірге дамып отырады, себебі ол сол субьектіде жасалады, сондықтан да субьектінің өрлеуімен мақсат та күрделене түседі.
Сонымен, мақсат өз қызметін атқару үшін жалпы сипатқа ие болуы тиіс. Сонда ғана тәрбие мақсатының жалпы тәрбие процесіне байланысты орны нақ көрінеді: мақсат – бастау көзі, педагогтың кәсіби іс-әрекетінің бастапқы элементі. Сызбап түрінде оны былайша көрсетуге болады:
Тәрбие мақсаты Тәрбие процесі Тәрбие нәтижесі
Бұдан туындайтын ой – мақсат тәрбие процесінің мазмұнын айқындайды, мақсат - тәрбие нәтижесіне негіз болады, мақсат – педагогтың кәсіби іс-әрекетінің баға өлшемі, мақсат – педагог санасының үздіксіз айналымда жүретін ой обьектісі. Сонымен, тәрбие жүйесі толығымен мақсатқа байланысты, тәуелді.
Достарыңызбен бөлісу: |