Тері адам денесінің сыртқы жабыны. Тері ағзада әр түрлі қызмет атқарады. Ішкі мүшелерді сыртқы ортаның механикалық әсерінен (соғылудан, жарақаттанудан) қорғайды



Дата12.12.2021
өлшемі19,25 Kb.
#99764
Байланысты:
Тері
1 руб по ИКТ

Тері

Тері - адам денесінің сыртқы жабыны. Тері ағзада әр түрлі қызмет атқарады. Ішкі мүшелерді сыртқы ортаның механикалық әсерінен (соғылудан, жарақаттанудан) қорғайды. Тері микробтарды, еріген улы және зиянды заттарды өткізбей қорғаныштық қызмет атқарады. Адам терісіндегі тер, май және сүт бездері арқылы ыдырау өнімдері бөлінеді. Терідегі ағзадағы артық май қор ретінде жиналады.

Терінің атқаратын қызметі өте күрделі. Ол, ең алдымен организмді сыртқы ортаның әсерінен қорғайды. Эпидермистің мүйізді қабаты мен тамырларын, нерв талшықтарын, тереңде орналасқан бездерді, шаш түбірін суық ауадан, ыстықтан, өткір күн сәулесінен, ауру тудыратын микробтардан сақтайды.

Өзіне тән құрылысына байланысты тері ішкі ағзаларды да механикалық, химиялық, физикалық құбылыстардың өсерінен қорғайды. Терінің тағы бір қасиеті – оның үстіңгі қабаттарында қышқыл реакциялардың түзілуі. Сол арқылы көптеген ауру тудыратын микробтар қырылады. Олардың организмге енуіне төтеп береді. Мәселен, адам тері туберкулезіне ешуақытта шалдықпайды және бүлінбеген тері арқылы туберкулез таяқшалары басқа органдарға өте алмайды. Бұл жанаурларға жасалған тәжірибе жүзінде дәлелденген.

Терінің тереңдегі қабаты бір-бірімен байланысып шырматылып жатқан тор тәріздес талшықтар. Орыс дерматологы А.И.Поспеловтың айтуынша, «созылғыш тор» терінің үстіңгі қабатын әр түрлі механикалық әсерлерден сақтайды. Сол сияқты қан тамырларына бай келетіндіктен қанның бірсыпыра мөлшері теріде болады. Оның емдеу тәсіліне қосатын үлесі зор.

Айта кететін бір жайт - терінің ұрық клеткасы және одан жоғары орналасқан эпидермис қабаты рең беретін затқа бай. Сәуле арқылы терідегі реңді зат (пигмент) көбейіп өңін қарайтып, күнге күюден қорғайды.

Тері денедегі жылуды реттеуші орган. Эпидермис өзінің мүйізді қабықшасымен: негізгі және шелді қабығымен қосылып, өте нашар өткізгіш болып есептеледі. Терінің бұл қасиеті адам температурасын қалыпта ұстап тұруға көмектеседі. Ол терідегі қан тамырларына, бездерге, бұлшық ет талшықтарына да байланысты. Егер қоршаған ауаның ыстығы артса, онда қан тамырлары кеңейіп, терідегі ет талшықтары босап, қан айналымы артады және жылуы көп бөлінеді. Сонымен қатар адам ағыл-тегіл терлейді. Ал дала суық болса, керісінше, қан тамырлары тартылып, айналым жиілігі кеміп, жылу бөлу азаяды.

Терлеген адам терісінен денеге қажетсіз көптеген қорытылған заттар шығады. Ол адам бойындағы жылуға үлкен әсер етеді. Терлеу, жылуды реттеу тек нерв жүйесіне байланысты. Аздап ауыр жұмыс істегенде, қатты қысылғанда, кездейсоқ уланып қалғанда бұрқырап терлейді.

Терідегі май бездерінің атқаратын рөлі ерекше. Ол терінің құрғап, кеуіп, қажалып, жарылып кетуінен сақтайды. Одан бөлініп шыққан майдың құрамында майдан басқа белок, су, фосфорлы және хлорлы тұздар болады. Терінің барлық жерінен бірдей мөлшерде май бөлінбейді. Көп бөлініп шығатын жерлер: мұрын қанаты мен құлақ шеміршегі, ал аз шығатын жерлер – маңдай, бет, арқа, бүйір, аяқ-қол. Жыныс бездері жетіліп кемелденген шақта, май бездерінің қызметі артып, тері майлары көп бөлініп шығады. Май бездері де үнемі нерв жүйесінің бақылауында болады.

Тері сезім мүшесі ретінде үлкен рөл ат-қарады. Ыстық, суық, қысым тағы басқа да әрекеттер нерв ұштары арқылы қабылданып, орталық нерв жүйесіне беріледі. Шаш, денедегі түк те өте сезімтал. Тері сыртқы ортамен газ алмасуға қатысады.

Тері арқылы денеге оттегі кіріп, көмірқышқыл газы бөлініп шығып отырады дедік. Ал суға, майлы сұйықтарға еріген түрлі заттар тері арқылы денеге тез сіңеді.Организмнің қалыпты дамуы үшін оған май, углеводтар, су, минералды тұздар, витаминдер үнемі қажет-ақ. Терінің бұл процеске қатысы мол.

Тері осы көрсетілген қасиеттермен шектеліп қоймайды. Денеге ауыз, мұрын не тері арқылы түскен ауру тудыратын микробтар организмді уландыратыны белгілі жайт. Ал организмнің өзі соған қарсы анатоксин не антитела деген зат өндіреді. Олар микробтарды құртып, уының күшін жояды. Келешекте сол заттардың көмегімен дәл осындай науқасқа ұшырамайтын иммунитет пайда болады.

Тері –үш қабаттан тұрады. Оның жұқа үстіңгі қабаты эпидермис деп аталады. Ол көп қабатты мүйізделетін жалпақ эпителийден тұрады.

Эпидермистің астында негізгі тері қабаты-дерма жатады. Дерманың өзі емізікше және торлы қабаттардан түзілген.

Емізікше қабат-эпидермистің астында орналасып, одан негіздік мембрана арқылы бөлінген. Бұл қабатты борпылдақ дәнекер және торлы ұлпалар араласа түзеді. Емізікше қабат эпидермисті қоректендіруші қан тамырлары мен жүйке ұштарына өте бай.

Торлы қабат- бір –бірімен торлана байланысқан коллаген және серпімді буда талшықтарынан түзілген дәнекер ұлпасынан тұрады. Дермада май,тер бездері мен түк түбірлері орналасады.

Терінің астыңғы қабаты-шел деп аталады. Бұл қабатты борпылдақ дәнекер ұлпасы түзеді.

Препараттан- қатпарлы қабатты ағзадан (түксіз тері) кішкене ұлғайтқышпен сыртқы қабықты (эпидермисті) тауып алу керек.

Бұл, жалпақ қабатты мүйізді (сквамозды)эпителий. Одан кейін нағыз терінің (дермис) қос қабатын көру керек. Оның астында болбыр дәнекер және әр жерде май ұлпасының топтары кездеседі. Бұл шел қабаты. Препараттың кішкене бөлігін салып мыналарды белгілеу керек: 1-эпидермис немесе көп қабатты жалпақ мүйізді эпителий, 2-дермис (нағыз тері): а-болбыр дәнекер ұлпадан тұратын бүртікті қабат, б-қалыптаспаған тығыз дәнекер ұлпадан түзілген торлы қабат; 3-болбыр дәнекер және май ұлпаларынан тұратын шел қабаты.

Препараттан- қылшық жүнді қойдың терісін микроскоппен зертеп оның суретін салып, мыналарды белгілеу керек: 1-эпидермис, 2-нағыз терінің бүртікті қабаты, 3-нағыз терінің торлы қабаты, 4- қылқанды шаш: а-шаш ұясы, б-шаш өзегі, в-шаш тамыры, г-милық зат, д-қыртысты зат, в-кутикула, ж-шаш буылтығы, з-шаш бүртігі; 5-шаш фолликуласының қабырғасы: и-тамыр қынабы, й-шыны тәрізді қабық, к-шаш қалтасы; май безінің ацинусы; л-себоциттер, камбинальды жасушалар; 6- апокринді тері безі, 7-мерокринді тері безі.

Тері бездеріне май, тер және сүт бездері жатады.

Май бездері-құрылысы жағынан қарапайым көпіршікті бездерге жатады. Без өзегі түк түбірінде ашылады. Май бездері дерманың емізікше қабатында түк түбірлеріне жақын орналасады.

Тер бездері- құрылысы жағынан қарапайым түтікше бездерге жатады. Без өзекшесі түк түбіріне немесе терінің сыртқы бетіне тікелей ашылады. Тер арқылы артық су, ыдырау өнімдері-мочевина,зәр қышқылдары, керексіз тұздар, әртүрлі дәрі-дәрмектер сыртқа шығарылады.

Сүт бездері (желін)- тері туындылары мүшелеріне жатады. Малдың түріне қарай желін әр түрлі дамиды. Сиырда төр бөлімді төрт емшекті, биеде екі бөлімді екі емшекті, ал шошқада бірнеше жұп емшекті желіндер ретінде жетіледі.

Желін сыртынан тері, оның астында екі қабат беткейлік және тереңдік шандырлармен қапталған. Бұлардан кейін оны тікелей тығыз дәнекер ұлпа қабаты астарлайды. Осы қабаттан без ішіне дәнекер ұлпалық аралықтар таралып, сүт безін көптеген бөлімшелерге бөледі. Бұл бөлімшелер борпылдақ дәнекер ұлпасы аралығымен байланысқан сүт көпіршіктері альвеолдардан тұрады. Альвеолдар қабырғасын текше тәрізді эпителий жасушалары құрайды Сүт осы эпителий жасушаларынан түзіледі. Альвеола қуысы сүтке толған соң, оның сыртындағы мизотелий жасушалары жиырылып, сүтті түтікшелерге айдайды. Түтікшелер бір-бірімен қосылып, сүт өзекшелерін құрайды, олар өз кезегінде сүт цистернасына ашылады. Сүт цистернада жиналып, емшек үрпі арқылы сыртқа шығады. Сүт цистернасы ішк іжағынан екі қабат призма тәрізді эпителиймен астарланған.

Тұяқта теріден дамыған мүше. Тұяқ төрт бөлімнен тұрады.

1. Тұяқ төбесі- терінің тұяққа бітер жері, ені 0,5 см аралық. Тұяқ төбесі де тері сияқты үш қабаттан тұрады.

2.Тұяқ жұлығы, тұяқ төбесінен төменірек орналасады. Ені 1,5 см. Тұяқ жұлығы да эпидермистен, дермадан және шелден тұрады. Эпидермистен негізгі қабатын құрайтын түтікше мүйізді қабаты өседі.

3.Тұяқ қабырғасы- эпидермистен және дермадан түзілген. Шел болмайды. Тұяқ қабырғасы эпидермисінен тұяқтың ішкі жапырақша қабаты өседі.

4.Тұяқ ұлтаны –эпидермис және дермадан құралған. Үлтан эпидермисінен, тұяқтың ұлтанын құрайтын түтікшелі мүйізді қабат өседі.



Мүйіз.Ірі қара мал және ұсақ малдар мүйіздері маңдай сүйектің мүйізді өсіндісін қаптап жатқан тері эпидермисінен дамиды. Мүйіз терісі эпидермис пен дермадан тұрады.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет