Тұңғышқа арналған міндет (С. Сефуллин шығармашылығы мен өмірі хақында) Т. Р. Абдықадырова п.ғ. д., профессор, Тараз қ



Дата16.07.2017
өлшемі154,04 Kb.
#21215
Тұңғышқа арналған міндет

(С.Сефуллин шығармашылығы мен өмірі хақында)

Т.Р.Абдықадырова п.ғ.д., профессор, Тараз қ.;


Сәкен (Сәдуақас) Сейфуллин - 1894 жылы Жезқазған өңіріндегі бұрынғы Ақадыр ауданындағы Қарашілік қыстауында дүниеге келген.(Туып өскен жері – Қарағанды облысының Шет ауданы).

Қазақ әдебиетінің негізін салушы, мемлекеттік қайраткер.Нілдідегі орыс-қазақ, Ақмоладағы бастауыш приход мектебінде, Омбыдағы мұғалімдер семинариясында оқыған. "Өткен күндер" атты тұңғыш өлеңдер жинағын 1914 жылы Қазан қаласында бастырып шығарған. Омбыдағы қазақ жастары ұйымдастырған "Бірлік" қауымы басшыларының бірі болған. 1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліске тілектес өлеңдерін жазған. 1917 жылы Бұғылыда мектеп ашып, орыс тілінен дәріс берген. Осы жылы "Асығып тез аттандық" өлеңін жазды. Кешікпей Ақмола қаласына ауысып, "Жас қазақ" революциялық ұйымын құрған. "Тіршілік" газетін шығаруға ат салысқан. 3 айлық педкурста мұғалім болған. 1917 жылы қарашада "Кел, жігіттер" өлеңін жазып, Қазан төңкерісін қуана қарсы алады. Осы жылы Ақмола Совдепінің президиум мүшелігіне сайланды. 1918 жылы "Жас қазақ марсельезасын" жазды, "Бақыт жолында" атты пьесасының премьерасы көрсетілді. 1918 жылдың 4 маусымында ақтардың көтерілісі болып, Ақмола Совдепі тұтқындалған, атаман Анненковтың азап вагонында 47 күн ажалмен арпалысып, Сәкен 1919 жылғы 3 сәуірде Колчактың Омбыдағы түрмесінен қашып шығады.

1 1920-1936 жылдары Ақмола атқару комитеті төрағасының орынбасары және әкімшілік бөлімінің меңгерушісі, Қазақ Кеңес Автономиялық Республикасы Орталық Атқару Комитеті Президиумының мүшесі, "Еңбекші қазақ" газетінің редакторы, Халық ағарту комиссарының орынбасары, Қаз-КАСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы, Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылым Орталығының төрағасы, Қазақстан пролетар жазушылары ассоциациясының басшысы, БК(б)П Қазақстан Өлкелік комитетінің партия тарихы бөлімінің меңгерушісі, Қызылордадағы халық ағарту институтының, Ташкенттегі қазақ педагогикалық институтының директоры, "Жыл құсы" альманағы, "Жаңа әдебиет" журналы басшысы, Қазақстан Мемлекеттік институтының доценті, "Әдебиет майданы" журналының редакторы, Қазақтың коммунистік журналистикаинститутының профессоры қызметтерін атқарған.

Поэзиялық туындыларының ішінде Сәкеннің шығармашылық ерекшелігі мен идеялық-саяси ұстанымы мен бедерін айғақтайтын туындылары - "Кел, жігіттер", "Жас қазақ марсельезасы", "Жұмыскерлерге", "Жолдастар" сияқты саяси лирикалары, сондай-ақ "Советстан", "Көкшетау", "Альбатрос", "Социалистан", "Қызыл ат" поэмалары. Проза саласында "Жер қазғандар", "Айша", "Біздің тұрмыс", "Сол жылдарда", "Жемістер" повестері мен "Тар жол, тайғақ кешу" атты мемуарлық романын жазған. "Бақыт жолында", "Қызыл сұңқарлар" драмалары - өз заманының рухын танытатын елеулі шығармалар.

Сәкен ақындық талантын негізінен халықтың революциялық жолын көрсетер, саяси тенденциясы басым азаматтық әуенге арнағанымен, ол – лирик ақын. Жиырмасыншы ғасырдың алғашқы кезеңдеріндегі шығармаларының көпшілігі туған даланың табиғатын, адамның ішкі сезім күйлерін, адал махаббатты, ұлттың өзіндік тұрмыс тіршілігін, өмірін, анаға деген махаббат, достық, оқу-білім, туған жердің ыстықтығын, өзінің сыры мен күйін, Көкшетаудың әсем табиғатын суреттей отырып, үлкен гуманистік идеяны уағыздайды.

Оның өзі шығарған біраз әндері де бар. «Көкшетау», «Біздің жақта», «Сарыарқа», «Тау ішінде» т.б. әндер халықарасында кең тараған.Сәкен шығарған әндер халықтық дәстүрді тұғыр ете отырып, дүниеге келген өзіндік даралық сипаттармен ерекшеленеді.



Дәуір, тарих Сәкенге де үлкен аманат артты. Соның бірі, бірегейі қазақ әдебиеті еді. Сәкен әдебиеттің жанрларының жетілуіне, көркемдік ізденістеріне, поэзияның азаматтық, қоғамдық маңызын көтеруге ат салыса отырып, проза мен драматургия саласында да жаңа еңбектер туғызды. Ұлттың мүддесін қорғау барысында әдеби-сын мақалалар жазды. Әдеби мұрамызды жинақтауға, бастыруға, зерттеуге үлес қосты. Оның жинап бастыруымен «Ескі әдебиет нұсқалары» (1931), «Батырлар» (1933) атты жинақтары, Ы.Алтынсариннің, Ақмоланың, Ақан серінің шығармалары, Ләйлі-Мәжнүннің аудармасы жарық көрді. 1932жылы « Қазақ әдебиеті» атты қазақтың ауыз әдебиетіне арнаған зерттеуін жариялады.

Тұңғышққка арналған тағы бір міндет – соңынан ерген жас ұрпаққа ағалық көрсету еді. Өзінің маңайына әдеби күштерді топтады, олардың өсіп жетілуіне қамқорлық жасады. Орынборда шығатын «Еңбекші Қазаққа» жауапты хатшы етіп, Қостанайдан Б.Майлинді шақыртады. С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтың рабфакқа түсуіне көмектеседі, оларға өзінің бөмесін беріп қойғанын аталған жазушылар өз ауыздарымен айтады. 20-жылдары әдебиетке келген Асқар Тоқмағамбетов, Жақан Сыздықов, Мәжит Дәулетбаев, Қалмақан Әбдіқадыров, Тайыр Жароков, Әбділда Тәжібаев, Қажым Жұмалиев, Ғали Орманов, Елжас Бекенов т.б. Сәкеннің қол астынан шықты. Абай атындағы пединститутта сабақ бере жүріп, қазақ әдебиетшілерінің бірнеше ұрпағын тәрбиелейді. Бұл тізімді 30-жылдары М.Қаратаев, Б.Шалабаев, Е.Исмаилов, Қ.Бекқожин, Ж.Саин, Ә.Әбішев, С.Шәріпов, т.б. жалғастырады. Бұл қаламгерлердің алғашқы кітаптары Сәкеннің көмегімен шығады.

Сәкен туысқан халықтар әдебиетімен де достасқанын айта аламыз, оның Маяковскиймен кездескенін, Хамза Хаким Ниязимен, Ғалымжан Ибрагимовпен дос болғанын, Аалы Тоқамбаевтың Орта Азия унив –е лекция тыңдағанын, оның үлгісімен өлең жазғандығын айтуға болады. Сәкенмен достығы жайындағы пікірлерді кезінде Л.Собельевпен, Г.Серебрякова да айтқан.

Қазақ әдебиетінің қалыптасуына айрықша еңбек сіңірген С. Сейфуллин әдебиеттің басқа жанрларында да айтарлықтай із қалдырған. Оның әдеби-сын мақалалары, баяндамалары мен сөйлеген сөздері ұлттың мәдени-рухани өміріне сергек араласқан сыншылдық ойының құнарлылығын және пәрменділігін танытады. Әсіресе, қазақ әдебиеттану ғылымында күні бүгінге дейін құнын жоймаған. "Қазақ әдебиеті" атты зерттеу еңбегінің мәні зор. Манап драмасы туралы айтқан пікірі нағыз қазақтың жанашыры екендігін айғақтайды. Қазақ тұрмысын, оның әдет-ғұрпы мен слт-дәстүрін жақсы білетіндігін, оған шын жанашыр екендігін көрсетеді.

1923 жыл Сәкеннің ұлт мүддесін тереңінен ойлайтын, әсіресе, ұлт тағдырының тіл тағдырына тікелей байланысты екенін, онсыз тәуелділіктің толыққанды болмайтынын терең түсініп, күреске бел байлаған кезі болды. Большевиктер партиясының 1923 жылдың 17-25 сәуір аралығында өткен XII съезі ұлт мәселесін әңгіме еткен соңғы жиыны оны қатты ойландырады. Онда орыс мәдениеті басқа ұлттар мәдениетін жеңбей қоймайтынын, орыс ұлтының басқалардан басымдылығын нығайту жөніндегі ойлар ашық айтылған болатын. Осыны күйзеле тыңдаған Сәкен өз ұлтының тағдырына қалай қолқабыс тигізудің амалын іздейді. Ол қазақ тілінің мемлекеттік дәрежеге көтерілу қамын ойлап, күрделі мәселелерді көтере бастайды. Өз ұлтының арғы-бергі тарихына көз сала отырып, содан үлгі алар өнеге тұтар тұлғалардың іс әрекетін қастерлей қарастыра бастайды. Бүкіл қазаққа ілім-білім нұрын шашқан Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлын ардақ тұтқан. Елдің мүддесін тіл мүддесімен тұтастыра қаузаған Ахмет сынды дала данышпанының тағдыры қыл үстінде жүрген күннің өзінде Сәкеннің бұл қылығы үлкен адамгершілікпен астасқан өр рух нышаны еді.

Сәкен қазақ тілін кеңсеге, яғни мемлекеттік мекемеге енгізбей елде тұтастық болмайтынын, көсегеміздің көгермейтінін айтып, тікелей іске кіріседі. Қазақ тілінің беделін көтермей, қазақтың беделі көтерілмейтінін уағыздай бастайды. 1923 жылы 9 маусымда "Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек" деген мақаласын жариялайды. Жалпы тіл мүддесін қорғайтын 9 мақала жазған екен. Өзі басқарып отырған "Еңбекші қазақ" газетін тиімді пайдаланды. Сәкеннің ыждаһаттылығының арқасында 1923 жылдың 22 қарашасында Орталық Атқару Комитеті декрет қабылдаған. Сол бойынша кеңсе істері 1924 жылдың 1 шілдесінен бастап қазақ тілінде жүргізілетін болған.

Сәкен - қазақ маңдайына біткен біртуар дара тұлғалардың бірі. Ол өз ұлтын қалтқысыз сүйіп, халқына айрықша еңбек сіңірді. Бұл жолда Сәкен социалистік жүйені оның идеялық дем берушісі, коммунистік партияны халықтарға бақыт пен бостандық әкелуші деп сенді. Тіпті, сенбеген күнде, сөз жүзінде мейлінше тартымды коммунистік партияның саяси платформасын ұлттың көгеріп-көктеуіне пайдаланбақшы болып, жан-тәнімен қимылдады. Алайда, мемлекеттік төңкерістер мен идеологиялық өзгерістерге қарамастан Ресейде өзгеріссіз қалған империялық озбырлық Сәкеннің де, Сәкен сияқты жүздеген-мыңдаған боздақтардың да, керек десеңіз, мүлде басқа жолдарды таңдаған ұлтжандылардың да армандарын қиялға айналдырып, өмірлерін қасіретке тап қылды. Демек, тарихи тұлғалардың тағдырын парықтағанда олар қандай жолды таңдағаны бойынша бағаланбау керек, халқына қаншалықты қызмет еткені, қаншалықты еңбек сіңіргені, қаншалықты жілігі татитын мұра қалдыра алғаны бойынша лайықты бағасы берілуге тиіс. Тарихи әділдіктің де, ғылыми-әдіснамалық объективті ұстанымның да қисыны осы. Бұл тұрғыдан келгенде, Сәкен - халқымен мәңгі бірге жасайтын, халқының мәңгі сый-құрметіне лайық біртуар тұлға

Сәкен қазақ маңдайына біткен біртуар дара тұлғалардың бірі. Ол өз ұлтын қалтқысыз сүйіп, халқына шексіз еңбек сіңірді. Бұл жолда Сәкен социалистік жүйені, оның идеялық дем берушісі коммунистік партияны халықтарға бақыт пен бостандық әкелуші деп сенді. Тіпті, сенбеген күнде, сөз жүзінде мейлінше тартымды коммунистік партияның саяси платформасын ұлттың көгеріп көктеуіне пайдаланбақшы болып жан-тәнімен қимылдады. Алайда, мемлекеттік төңкерістер мен идеологиялық өзгерістерге қарамастан Ресейде өзгеріссіз қалған империялық озбырлық Сәкеннің де, Сәкен сияқты жүздеген-мыңдаған боздақтардың да, керек десеңіз, мүлде басқа жолдарды таңдаған ұлтжандылардың да армандарын қиялға айналдырып, өмірлерін қасіретке тап қылды. Демек, тарихи тұлғалардың тағдырын парақтағанда олар қандай жолды таңдағаны бойынша бағаланбау керек, халқына қаншалықты қызмет еткені, қаншалықты еңбек сіңіргені, қаншалықты жілігі татитын мұра қалдыра алғаны бойынша лайықты бағасы берілуге тиіс. Тарихи әділдіктің де, ғылыми-әдіснамалық объективті ұстанымның да қисыны осы. Бұл тұрғыдан келгенде, Сәкен халқымен мәңгі бірге жасайтын, халқының мәңгі сый-құрметіне лайық біртуар тұлға.

Сәкен Сейфуллин халқының болашағының нұрлы, жарқын болуын тіледі, барлық саналы ғұмырын, күш-жігерін осы ізгілікті іске арнады. Сәкен айналасы жиырма жылдың ішінде қазақты дәулеті шалқыған, өнер-білімі гүлденген халықтардың қатарына қосуды армандады. Ол үкімет басқарған аз уақыттың ішінде экономиканы, мәдениет пен әлеуметтік саланы дамытудың ұлан-ғайыр шаруаларымен қатар тікелей қазақ ұлтының рухани саласындағы бұрын шешімін таппай жүрген мәселелердің түйінін тарқатуға білек сыбана кірісті. Сол үшін “халық жауы” болып есептелді, большевиктердің қуғын-сүргініне түсті.

Кеңес заманында репрессия науқанына іліккен жергілікті ұлттардың зиялы қауымының басым көпшілігіне ұлтшыл деген айып тағылатын. Сәкенге де осындай айып тағылды. Оны айтасыз, ол қарапайым қатардағы емес, ұлтшылдар тобын құрған ұйым жетекшісі болып есептелді. Ақиық ақынның іс-әрекетіне НКВД-нің саяси астар беріп, мұндай қорытынды жасауы “негізсіз” емес еді.Сәкен Сейфуллиннің үкімет билігіне қолы жетісімен-ақ қазақты қырғыз емес, қазақ дейік, іс қағазын қазақша жүргізейік, ұлыдержавалық шовинизмге тосқауыл қояйық, қазақ жастарын оқу-білімге көп¬теп тартайық деген сияқты ұлттық құндылықтарды бірінші орынға шығарып дәріптеуі, әсіре белсенділік көрсетуі большевик басшыларға ұнай қоймағаны белгілі.

Алашорда қозғалысы көсемдерінің бірі Әлімхан Ермеков “Біз Орда жағында болдық десек те нағыз ұлтшыл Сәкен Сейфуллин еді” деп мойындаған екен. Рас, Сәкен қазақ халқының еңсесін көтеріп, бөтен жұртпен терезесі тең болуын аңсады. Аққан жұлдыздай қысқа өмірін осы арман-мақсатты орындауға арнады. Нағыз ұлтшыл еді. Бірақ бұл сөздің төркінін әркім әртүрлі түсінеді десек, өкінішке қарай, большевиктер үшін ол “жау” деген мағынада қолданылатын. Мәселен, ғылымитұрғыданкеңестұсында “национализм – буржуазная и мелкобуржуазная идеология, а также психология в национальном вопросе” (Философский энциклопедический словарь. М., 1983) депанықталды. Демек, елді бай мен кедейгебөліп, қоғамдамуынтаптықкүрестұрғысынантүсіндіретінбольшевиктердіңтүпкімақсатыбуржуазиялық идеология қалдықтарынқұртуболыптабылса, ол мұнықостады, қоштадыдегендердіңісіқолма-қолқатталып, қылмыстықжауапқатартылатындығыбесенеденбелгілі. Сөйтіп, ресмитүрде “ұлтшыл” дегенсөзкеңесзаманындапәлсапалықтұрғыданғанаемес, саясиастары бар құқықтық термин қатарынақосылды да мұныңөзіелдіүлкенқайғы-қасіреткеұшыратты.

Дүниенің барлық құбылысына саяси астар беретін коммунистік қоғамда “ұлтшылдық” дегенді ғалымдар осылай сипаттады. Дұрысында, қарапайым сөзбен айтсақ, ұлтшылдық дегеніміз ұлтын, халқын сүюшілік, оның ұлттық байлықтарын әспеттеп, ұлықтай білетін адамның сана-сезімі, қимыл-әрекеті емес пе? Сондықтан да біз ұлтшылдық “төл этностық құндылықтары мен мақсат-мұраттарын құрметтеуімен сипатталатын адам санасындағы әлеуметтік саяси-этникалық құбылыс” (Қазақстан ұлттық энциклопедиясы. 9-т.) деген қазақ ғалымдарының тұжырымын басшылыққа алған дұрыс деп есептейміз. 

Сәкен Совнарком төрағасы болып тура екі-ақ жыл істеді. Оның сол бір ауыр жылдарда аштықпен күрес тағы басқа толып жатқан халық шаруашылығын өркендету саласындағы іс-әрекетін былай қойғанда, халқымыздың ұлттық құндылықтарын кәдеге жаратып, ұлттық рухымызды асқақтату жолында тындырған жұмыстары қаншама десеңізші! Соның кейбіреуін ғана атап өтейік. 

Ұлт көсемінің қадір-қасиетін осылай бағалаған Сәкен Сейфуллиннің өзі нағыз ұлтшыл еді. Егер ол ондай болмаса “қазақты қазақ дейік, тарихи қатені түзетейік” деп ресми түрде мәселе көтерер ме еді? Мұның өзі ұзақ айтыс-тартыстан соң Сәкен қызметтен кеткеннен кейін Советтердің V Бүкілқазақтық съезінің 1925 жылдың 18 сәуіріндегі қаулысына орай қазақ бұрынғыдай қырғыз емес, қазақ деп аталатын шешімге ұласты (оның орысшасында қазіргідей казах емес, казак деп жазылған болатын -.).


Советтер тұсында Қазақ үкіметін басқарған азаматтардың ішінде орыс шовинизмінің қанжоса іздері туралы ашық пікір айтып, онымен күресу қажеттігін талап еткен бірінші қазақ кім десек, ол – Сейфуллин. Ақынның осыдан бірнеше ондаған жылдар бұрын айтып-жазғандары күні бүгінге дейін мән-маңызын жойғанжоқ.Көп жағдайда сөз бен ісі қабыса бермейтін жаңа биліктің құрғақ уәдесіне иланып, большевиктердің отаршылық зардаптарын жойып, жергілікті халыққа бозторғай жұмыртқалаған заман орнатамыз деген құрғақ уәдесіне сенген оған 1923 жылдың 17 сәуірінде ашылған РКП(б) ХІІ съезінің ұлт мәселесі жөнінде айтқан ой-пікірі, қабылдаған шешімі Сәкеннің ойлаған жерінен шығып, жаңа күш-қуат бергендей еді. Соның желігі болар, ол ұлттық мүдделерімізді жүзеге асыруға қарсылық есебінде орын алып отырған метрополияның әлі де болса орыстандыру, шовинистік саясаты жалғастырып келе жатқандығын сынауға ашық кірісті. Айталық, “Ұлт мәселесінің маңызы” деген мақаласын оқып көрейікші. 
“Россияда жаңа шаруашылық саясат (НЭП) жүзеге асқаннан бері орыстың ұлтшылдығы күшейе бастады. Әм Деникиннің істей алмаған бұрынғы “ұлық Россияны бөлмей-жармай тұтас сақтау” пікірін қазіргі уақытта еппен, білдіртпей іске асырмақ тілек те бар.Бұл идея – сменовехство (кеңес өкіметін мойындай отырып, НЭП саясаты түбінде КСРО-ны іштей ыдыратады деп үміттенген ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы орыстың эмигрант интеллигенциясы ішіндегі қоғамдық-саяси ағым) жаңа шаруашылық саясаты орнағалы ішкі тұрмысымызда бір жаңа күш туа бастады. Ол жаңа күш біздің кеңес мекемелеріне әм хатта партия мекемелеріне ұялай бастаған орыстың ұлтшылдығы, өзімшілдігі. Национально-шовинистическое”, – деп Сәкен большевиктердің нақты атқарып отырған іс-әрекетінің патшалық жүйеден алысқа ұзай қоймағандығының бетін ашып береді.Жаңа өкіметтің осындай империялық, ұлыдержавалық пиғылын саралай отырып Сәкен жағдайды өзгерту үшін тиісті шараларды жүзеге асыру қажет деп есептейді. 
“Егерде орыстың жарлы табы (пролетариаты) жалғыз орыстың крестьянствосымен емес, бұрынғы езілген ұлттардың крестьянствосымен (ауыл шаруасымен) дұрыс жалғасу әм дұрыс одақтастық жасай алса, әр ұлттың ауыл шаруаларына да сондай өзінікі болу керек. Ал әр ұлттың ауыл шаруаларына кеңес үкіметі өзінікі болу үшін ол кеңес үкіметі жергілікті ұлттар үшін түсінікті болуы керек. Жергілікті мекемелерде іс олардың ана тілінде жүру керек. Жергілікті мекемелерде ылғи сол жергілікті халықтардың тілін, тұрмысын, заңын, әдет-ғұрпын білетін өз адамдарынан отырғызу керек”– дейді автор.

Езілген ұлттардың еңбекшіл жұрты бұрынғы билеп-төстеген ұлттармен қағаз жүзінде, заң алдында құқықтары тең болғанымен іс жүзінде түрлі жағдайда бірдей болмай келген еді. Соның салдарынан екі жақтың арасында ұғыныспаушылық, түсінбеушілік болып келді дей келе Сәкен сұрақ қояды: “мемлекетке, коммунист партиясына бұрын кем болып қалған ұлттан шыққан “ұлтшылдық” қатерлі ме, жоқ, бұрын ұлық, қожа болып қалған зор ұлттан шыққан “өзімшілдік”, “отаршылық” қатерлі ме?.. партияның әм кеңес үкіметінің жалпы істеріне, жалпы бағытына ең үлкен қатерлі, үлкен кеселді, зиянды нәрсе бұрынғы зор болып қалған елден шыққан “отаршылдық”, “өзімшілдік”, ал аянбай күресетін затымыз осы”, – дейді ол “12-партия жиналысы ұлт мәселесін дұрыс шешуге жаңа жоба көрсетті” деген мақаласында. Партия съезінің қарарына сүйене отырып, Сәкен ең негізгі қауіп ұсақ ұлттардың (қазақтардың) ұлтшылдығы емес, ұлыдержавалық шовинизм екендігіне тағы да ерекше назар аударады. 


Қағаз жүзінде бостандық тигенімен, өзінің қараңғылығынан, іс жүзінде кейбір реттерде теңдікке қолы жете қоймайтынын орталыққа тәуелді ұлттың өзінен шыққан коммунистері артығырақ біледі. Міне, осыған байланысты бұрынғы қожа болған ұлт пен жергілікті ұлт өкілдері арасында келіспеушілік болып қалатындығын ескерте келе Сәкен ойын былай қорытады.
Өзін әрдайым қожа ретінде сезінетін орыстарға уақ ұлттардың сенімсіздік білдіруін жою үшін оларға шын мәнінде теңдік, ерік, билік берілуінің қажеттігін көрсетіп, жергілікті мекемелерде істі сол уақ ұлттардың ана тілінде жүргізу керек дейді ол. Сонымен бірге, автор мекеме басқармаларына жергілікті ұлттардың адамдарын көптеп алып, ұлт аймақтарында өнеркәсіп саласын өрістетіп, бұрын әскерге алынбай жүрген халықтарды әскерге шақырып, бөлек ұлт әскерін құрған жөн деп есептейді. Бұрынғы кемдік көріп, отарланған ұлттарға көбірек сенім артқан дұрыс деген пікірді ортаға салады.

Сәкен: “Сылбыр қимылдайсың, комиссия жұмысы әлі де ойдағыдай болмай жатыр”, деп өзінің жан жолдасы КазЦИК секретары Жанайдар Сәдуақасовты сынады. Тіл мәселесін шешуде “орынсыз тартыншақтап, сақтық жасайсыз” деп Атқару Комитетінің төрағасы Сейтқали Меңдешевке де ренішін білдірді. Тап осындай себепке байланысты облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Георгий Коростелевпен арасы алшақтай түсті. Одан басқа да жақсы-жайсаңдардың көпшілігі Сәкеннің қазақ тілі жөніндегі ширақ құлшынысын жаппай қолдай қойды деу қиын. Соған қарамастан айтқан сөзін өткізді. 1923 жылғы 22 қарашада КирЦИК қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі жөнінде арнайы декрет қабылдаған-ды.

Қазір адам капиталына назар аударылып, бұған тікелей қатысты деген оқу-білім, денсаулық сақтау салаларын сараптау әдетке айналды. Бұл тегіннен-тегін емес. Өйткені, қандай да болсын мемлекеттің болашағының нұрлы болуы үшін бұл екі саланың орны ерекше екендігіне ешкім күмәндана қоймас. Қоғам мүшелерінің сауатты, кәсіптік деңгейлерінің жоғары, денсаулықтарының мықты болуы елдің өсіп-өркендеуіне елеулі ықпал жасайтындығы сөзсіз. Сондықтан қандай ел болса да оның тиянақтышешімін табуға әрдайым мүдделі. Мысалға білім беру саласын алайық. Қазақстан жоспар бойынша 2008 жылы бұған ішкі жалпы өнімнің 4,4 пайызы жұмсалады деп жоспарласа, орындалғаны – 3,6 пайыз. Бұл көрсеткіш Украина мен Белоруссияда 6 пайыз шамасында көрінеді. Осыған орай мына бір мәселеге назар аударып көріңізші. 1 миллион адамға шаққанда жоғары оқу орнының саны жағынан біз Ұлыбританияны, Жапонияны, Германияны, Ресейді басып озыппыз. Қазір Қазақстанда 139 жоғары оқу орны бар екен. Демек, саны көп, ал сапасы ше? Ойланарлық жәйт.

Сәкен Сейфуллин қазақ халқының іргелі мемлекет орнатуы үшін елдің сауатты болып, ғылым-білімге деген қажеттілігін арттырудың ерекше маңызы бар екендігін ерте сезген. Бұған шәкірт болып жүрген кезінің өзінде “Айқап” журналында жарияланған Омбының орталық-фельдшерлік мектебі” (№ 21, 1913) деген мақаласы дәлел.Оқу-білім мәселесіне арналған тырнақалды еңбегінде ол патша үкіметінің қазақ балалары үшін арнайы бөлінген 16 стипендияға үш-ақ шәкірт түскендіктен, қалған бос орындар орыс балаларына үлестірілгенін қынжыла жазады. Сондықтан, дейді Сәкен, “келесі жылы Ақмола қазағына ма, Семейге ме стипендия босайды орыс балаларынан. Тағы да қазақ балалары құр қалмай ұмтылуы керек”, – деп ескертеді. Демек, балауса жігіт өкімет қаржысы есебінен бөлінген орынға қазақтар тағы да бейқамдық жасамасын, далада қалмасын деп шырылдайды. 


Семинарияда оқып жүрген кездің өзінде осындай ой толғаған Сәкен үкімет басына келісімен-ақ төрағалық қызметін “Еңбекшіл қазақтың” редакторлығымен қоса атқарып, осы тақырыпты газет бетінде тұрақты түрде көтеріп жатты: “Зор міндет”, “Әр қазақтың жадында оқу болсын”, “Барлық күш оқуға” т.б. Ол: “Оқусыз қазақтың болашақтағы күні қараң”, дей келіп, алдағы “жиырма жылдың ішінде қазақ өнерлі халықтардың қатарына кіру керек” дейді. Бұдан соң “қазақ халқына оқу керек, оқу керек, оқу керек” деп ұрандатып алады да, бұрын “қазаққа оқу бір мәртебе керек болса, енді, мың мәртебе керек” екендігін жұрттың есіне салады.Міне, осы міндеттің ойдағыдай жүзеге асуы үшін Сәкен “...жер-жердегі мекемелер және Қазақстанның бас мекемелері барлық қорындағы қаражаттың жартысын (50 процентін) оқу ісіне жұмсау керек”, дейді. “Тек сонда ғана оқу ісі көркейеді, сонда ғана мұғалімдер табылады, сонда ғана оқу үйлері жөнделеді, оқу кітаптары да табылады, оқушылар да ынталы оқып, оқу жемісті болады”, дейді.Сәкен осылай деп жазып қана қоймайды, келесі мақаласында елдің жұқалаң бюджетіне қарамай-ақ оқу-білім саласына қыруар қаржы бөлдік, енді соны ел игілігіне пайдаланайық дей келіп, “... надандықты жоймай қатарға кіре алмайсың, қазақ еңбекшілерінің баласы, оқы, оқы! Жатпа, тұрма оқы, үйрен, әйтпесе, қатарға кіре алмайсың!”, деп қорытады ойын.Совнарком төрағасы болып жүрген кезде ол Қазақстаннан тыс жерлерге Мәскеуге, Петербургке, Томскіге, Қазанға, Саратовқа, т.б. ірі қалаларға балаларды оқыту жөнінде үкімет қаулысын қабылдатады. Қазақ үкіметі белгілеген шәкіртақымен Петербургте Мұхтар Әуезов пен Әлкей Марғұлан, Томскіде Қаныш Сәтбаев білімін толықтырды. Сол кезде осы бағдарламамен көптеген қазақ жастары білім алып, олардың қатарынан ондаған мемлекет қайраткерлері, ұйымдастырушы іскер басшылар, оқу-білім, мәдениет саласының үлкен мамандары шықты.

Сәкеннің осындай ұлтшылдығы еліміздің шаруашылығының өркендеп, рухани әлемінің көркейе түсуіне елеулі ықпал жасағанын мойындауымыз керек. Сәкеннің атажұртын, қазақ халқын дәулеті шалқып, рухани дүниесі көркейіп гүлденген бай-қуатты елдер қатарына қосылсын деп жанталасқан бұл әрекет-қимылын большевиктер ұлтшылдық деп таныды. Сол үшін биік лауазымды қызметінен шеттетілді. Кейін жазықсыз атылып кетуіне негіз болған бірден-бер себептің өзі де осы болатын.


Пайдаланылған әдебиеттер:

1 Философский энциклопедический словарь. М., 1983

2 С. Сейфуллин. Алматы, - «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» (1931).

3 С. Сейфуллин. Алматы, «Қазақ әдебиеті» (1932)

4 М. Жұмабаев. Шығармалары. А., 1989, 340-бет

5 А. Байтұрсынов. «Әдебиет танытқышы», Алматы, - 1926



6. Т.Кәкішев. С.Сейфуллин. -Алматы. -2000ж

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет