3. Үшінші дәріс Тілдің табиғаты мен қоғамдық қызметі
3.1. Тілдің табиғаты
Тілдің табиғаты деген нәрсе — тіл білімінің маңызды мәселелерінің бірі. Неміс ғалымы Франц Бопп: Тіл — биологиялық кұбылыс, оны кұдай жаратқан, - деп есептеді. Бұл пікірді А.Шлейхер де қолдады. Ол: "Тіл де биологиялық организм сияқты туады, өседі, өледі", - дейді.
Бұлай болған күнде тіл атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа тұқым қуалау арқылы беріліп отыруы керек еді. Әрине, бұл пікір дүрыс емес. Тіл — атадан балаға ген арқылы берілетін құбылыс емес, ол бір ұрпақтан екінші ұрпаққа ауысып отыратын, кейінгі ұрпақ алдыңғы ұрпақтан үйреніп отыратын нәрсе. Олай болатын себебі — жаңа туған бала өз ата-анасының тілінде сөйлеуі де мүмкін, сөйлемеуі де мүмкін. Жаңа туған баланың өскен ортасы өз ата-анасының тілінен басқа орта болса, ол осы ортаның тілінде сөйлеп кетеді. Оған өмірде мысалдар толып жатыр. Бұл - тілдің биологиялық құбылыс емес екендігін дәлелдейді.
Екінші бір топ ғалымдар (Г.Штейнталь, А.Потебня) тілді психологиялық құбылыс деп біледі. Бұл пікір "тіл құдай жаратқан нәрсе емес, оны жеке адам жасайды, жеке адамның рухы туғызады", деген түсініктен туған. Алдыңғы пікір сияқты бұл да қате пікір, егер тіл рухтың туындысы болса, әрбір адамның жеке-жеке өз тілі болған болар еді де, бір тұтас халықтың, ұлттың тілі болмас еді. Өмірде олай болмайтынын көпшілік жақсы біледі. Жеке адамның
тілі қауымда ғана жасалынады, қауымда ғана дамиды.
Ендеше, адамзат тілі - биологиялық та, психологиялық та құбылыс емес, ол қоғамдық (әлеуметтік) құбылыс, қоғамға қызмет етеді. Себебі тіл қоғам үшін, қоғам мүшелерінің пікір алысып, өзара түсінісу үшін керек, сол үшін жаралған. Пікір алысу, түсінісу қоғам бар жерде ғана болады. Бір-бірімен сөйлесетін адамдар жоқ жерде тіл де жоқ. Қоғам қай жерде, қашан туған болса, тіл де сол жерде, сол заманда пайда болған. Қоғамсыз - тіл, тілсіз - қоғам болмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |