10.Оныншы дәріс Жазудың шығуы мен дамуы Жазудың өмірде атқаратын рөлі зор. Оның да шығу, даму тарихы бар. Жазу адамдардың кең түрде қарым-қатынас жасауына мүмкіндік береді. Ал ауызекі сөйлеу тілі туралы мұны айта алмайсың. Өйткені сөйлесу жүзбе-жүз кездескенде ғана болатын нәрсе. Жазу арқылы алыста жатып та, жақын тұрып та "сөйлесе" беруге болады. Жазусыз мәдениет атаулыны, өркениет атаулыны көзге елестету қиын. Олай болса, жазудың шығуын көне замандарда ашылған ұлы жаңалықтардың бірі деп есептеу керек.
Жазудың тарихы өте ерте замандардан басталады. Көне жазуды да, қазіргі жазуды да білудің әрі теориялық, әрі практикалық мәні зор.
Біз қазір жазуды сөздердің әріптер тіркесімен белгіленуі деп түсінеміз. Бірақ ол алғашында бұлай болмаған. Сөзді әріппен (дыбыспен) таңбалау кейінірек пайда болды. Оған дейін жазу (таңба) не бүтіндей сөйлемді (хабарды), не жеке сөзді, не жеке буынды белгілеген. Осыған орай жазудың мынандай түрлері бар екендігін айтқымыз келеді: 1) пиктографиялық жазу, 2) идеографиялық жазу, 3) буын жазуы, 4) әріптік немесе дыбыстық жазу.