Қазақ халқының қазіргі әдеби тілі халықтың ауызекі тілі негізінде жасалған дейміз. Бірақ ауызекі тілде, ауыз әдебиеті тілінде бар нәрсенің бәрі әдеби норма деп танылмайды. Әдеби тіл солардан керегін таңдап, талғап, жазба әдебиет елегінен өткізіп алып, нормаға айналдырады. Сондықтан әдеби тіл – белгілі дәрежеде тәртіптелген, жүйеленген тіл. Оның құрамындағы тіл байлықтары, әсіресе жаңадан енген сөздер, тіл жұмсаушылардың бәріне бірдей қызмет етуге тиіс. Осыны түсінген адам “мал аласынан сөз аласы жаман” дегенге қол қояды да, әдеби тілде қалыптасқан нормаларды сақтауға тырысады. Жазу арқылы нормаланбаған тіл қаншама көркем болғанмен, “әдеби тіл” деген ұғымға дәл келмейді. Қазақ әдеби тілінің алғашқы лабораториясы – қазақ халқының бай ауыз әдебиеті. Осылардың тілі қазақша, көпшілігі жатық, көркем болғанмен, жалпы алғанда, тілдік нормалары орнықты болмаған, ала-құлалығы мол болғандықтан, қанша мақтағанмен, олардың тілі “тәртіптелмеген” тіл деп танимыз. Олар, ауызекі сөйлеу тілінде кездесетін құбылыстардың бәрі, екшелмей, сұрыпталмай, әр жерде әр түрлі вариантта жұмсала берген. Фольклор тілі – халық тілінің, ауызекі тілдің байлықтарының алтын қоры бола түрып, күрмегінен айырылмаған күріштей, екшеу, елеу-елегінен өтпегендіктен, шын мәнінде “әдеби тіл” үлгісіне жатпайды. Бірақ онда да тілдік нормалар бар. Халық тіліне тән лексикалық, грамматикалық нормалардың дені тілдің ішкі заңы бойынша орныққан жүйелер орайында жалпы халық тілінде жұмсала береді, бірақ оларда кодификация жоқ. Ал әдеби тіл сондағылардың бәрін емес, тиімділерін талғап пайдаланады, бұрын болмаған жаңа нормалар (мысалы, орфографиялық, пунктуациялық, терминологиялық, орфоэпиялық) орнатады. Айналып келгенде, әдеби тіл және тілдік норма бірінсіз- бірі болмайтын, бір бүтіннің екі жағы сияқты. Тілдік нормалардың беріктігі – әдеби тіл дәрежесінің жоғары екенін көрсетеді.