Қан жүйесі туралы түсінік. Қанның негізгі қызметтері. Қанның физика-химиялық қасиеттері. Адам мен жануарлар ағзасында қан мөлшері және реттелу ерекшеліктері.
Бір торшалы қарапайым организмдер сыртқы ортадан өзіне қажетті заттарды бүкіл денесі арқылы қабылдап, керексіз ыдырау өнімдерін сол арқылы бөліп отырады. Ал адам мен жоғары сатыдағы жануарларда мұндай мүмкіндік жоқ. Олардың сыртқы қабығының рөлін орындайтын терісі қоршаған ортадан қажетті заттарды сіңіре алмайды, ал торшалары сыртқы ортамен тікелей жанаспайды, арнаулы ішкі ортамен қоршалады. Ішкі ортаға қан, торша аралық (ұлпалық) сұйық және лимфа (сөл) жатады. Торша өзіне қажетті заттарды осы ортадан сіңіріп, қажетсіз заттарды сол ортаға бөледі. Бірақ қан тамырлардан шықпайды да, торшалармен тікелей жанаспайды. Организм торшалары кан құрамынан пайда болатын торша аралық сұйықпен ғана жанасады, сол себепті қанды шартты түрде ғана организмнің ішкі ортасы, ал лимфа мен ұлпа аралық сұйықты шын мәнісіндегі ішкі орта деп санайды.
Достарыңызбен бөлісу: |