Жеке тұлғаны қалыптастырудағы әлеуметтік педагогтің ролі
Жеке тұлға мен қоғамдық ортаның қарым–қатынасы философия, психология, педагогика, тарих т.б. қоғамдық ғылымдардың көптен айналысып жүрген көкейкесті мәселелері. Жеке тұлға деген не, оның тұлғалық ерекшеліктері неге байланысты, әр адамның айналасын танып білуінің сыры неде деген мәселелерге тоқталамыз.
Адам баласы материалдық және рухани өмірдің ортасында тіршілік етеді де, өзі өмір сүріп отырған қоғамның, ұжымының, ұлттың, рудың мүшесі ретінде өзіндік ақыл-парасатымен, жеке бастың өзіне тән ақыл-ой, ерік-жігер, мінез-құлық ерекшелігімен көрінуге тырысады. Қоғам мүшелерінің бәріне ортақ біркелкі мінез-құлықтық қасиеттің болуы мүмкін емес. Әр адам өзінше жеке тұлға.
Адамдар тұлға болып, өзіндік жеке бас ерекшелігімен бірден дүниеге келмейді. Әрбір жеке тұлғаны қалыптастыру, тәрбиелеп жетілдіру қажет. Өзіне немқұрайды қарайтын кейбір қоғам мүшелері басқалар қалай өмір сүрсе, мен де солай өмір сүремін деген принципті ұстанғанымен, шын мәнінде өмірде олай емес.
Жеке тұлғаның ерекшелігі дегеніміз – ол оның өзіне тән мінез-құлқындағы, іс-әрекетіндегі, көзқарасындағы ерекшелігімен даралануы.
Қоғамдық тұлғаларға ортақ этикалық бірыңғай талаптардың болуына қарамастан, қоршаған орта жөнінде әр адамның қалыптасқан өзіндік ой-пікірінің, көзқарасының болуы, олардың өзі көріп білген құбылысқа деген көзқарасын, ой-пікірін білдіруі заңды құбылыс. Мәселен, біреулер айналасындағы құбылысқа таңдана, тамашалай қараса, енді біреулер сын көзімен қарап, ой қорытуы, сын-пікірлер айтуы мүмкін.
Жеке бастың бұл ерекшеліктері адамдардың басқалармен ұжымдық қарым-қатынасында байқалады.
Сонымен бірге, адамның өмірде үздіксіз тәрбие құшағында болатынын, бұрынғы игерген білім, білік, дағдылары біртіндеп көмескіленіп, оның орнына жаңа білім, білік, дағдыларды меңгерумен шұғылданатынын ескеруге де тура келеді. Жеке тұлғаның ой-санасының, білім көлемінің толысуына байланысты оның өмірге көзқарасы, белгілі құбылыстарға баға беруіңде де өзгерістердің болуы, толысып жаңарып отыруы заңды құбылыс. Бұған қоса, әлеуметтік ортаның, отбасы мүшелерінің, жолдас-жораларының, таныстары мен достарының да белгілі мөлшерде әсер ететінін ескерсек, жеке тұлғаның ерекшелігінің басым болуына оның да ықпалының зор болатынын байқамыз.
Жеке тұлғаға тән қасиет – ақыл, ес, яғни өмірді өзінің сана-сезім өлшемімен қарап бағалауға бейім тұруы. Сондықтан өмірді танып білу дегеніміз – миллиондаған жеке тұлғалардың сезім, түсінігінен тұрады.
Жеке тұлғаның еске сақтауы өзге адамдардың тәжірибесін жинақтауға да негізделеді. Әрбір тұлға оларды оқып, көріп, оқығанын, естігенін, көргенін өз ойына тоқып, содан сабақ алу арқылы да өзінің іс-әрекетін, мінез-құлқын, сана-сезімін байытады, толықтырады.
Жеке тұлғаның қоғамдағы ролі қандай? Қоғам дегеніміз адамдардың жиынтығы болып шығады.
Әлеуметтік көзқарас тұрғысынан қарағанда, тәрбиеге қоғамдық бақылау және түзету енгізетін, жастарды мемлекеттік және қоғамдық құрылымдар арқылы басқарып бағыттайтын, қоғамның қазіргі және болашақ өміріне мақсаттылықпен даярлау ісі деп қараймыз.
Тәрбие адамдарға тән әлеуметтік категорияға жатады және тұлғаны дамытуда шешуші рол атқарады. Тұлғаны қалыптастырудың тиімді жолдары баланы белсенді түрде демеп отырған жағдайда ғана сәтті болады. Баланың жеке басындағы әлеуметтік-психологиялық өзгерістер оның өзінің белсенділігін арттыру жолымен іске асырылады. Кез келген тәрбиелік міндет белсенділікті арттыру арқылы шешіледі. Мәселен, дененің дамуы дене шынықтыру жаттығулары арқылы, ал адамгершілік тәрбиесі адамгершілік тәрбиеге тұрақты түрде бағыттау арқылы іске асырылады. Тәрбие ісі екі жақты байланыс арқылы жүзеге асады.
Жеке тұлғаны қалыптастыру дегеніміз оны мәдениетке үйрету, білім, білік, қарым-қатынас ережелерін, әлеуметтік тәжірибені меңгерту. Ұлттық көркемөнермен, әдебиетпен, ғылыммен айналыстыру, адамгершілік құндылықтар, жүйесін ұғына білуге, сөйтіп жеке бастың тәжірибесін үздіксіз байытып отыруға себін тигізу. Мәдениетке араласу, сайып келгенде, адамның шығармашылық дамуы деуге де болады. Бұл жерде ең басты маңызы бар нәрсе – адам дамуының психикалық және функционалдық заңдылықтарын, сонымен қатар қазақ халқының психологиялық сипаттамасын анықтайтын бірден бір ғылым – ұлттық психологияны меңгеруге байланысты туындайды. Сондықтан да оқушының жеке тұлғасын қалыптастыру және дамыту барысында оларды ұлттық мәдениет рухында дамытуға қажетті барлық қолайлы жағдайларды ескеру керек. Ең бастысы – ұстаз өз халқының ұлттық мәдениетінің бай тәжірибесіне ие болуы қажет. Әр мектепте оқу – тәрбие жұмысын сапалы түрде жақсарту және ұлттық мәдениет байлығын әлем мәдениетінің құрамдас бөлігі ретінде қабылдату әр ұстаздың өзіндік әдіс – тәсіліне, шығармашылық қабілетіне байланысты.
Түйіндей келе, адам неғұрлым өз өмірі мен тағдырына жауапкершілігін ерте сезінсе, соғұрлым өмірін дұрыс құруға талпынады. Содан барып өз ойымен әрекет ететін тұлғаны тәрбиелеу іске асады.
Достарыңызбен бөлісу: |