Соңғы санақ нәтижесі Қазақстанда адам санының өсімі бар екенін көрсетті. Алайда кейінгі жылдардағы елдің демографиялық ахуалының нашарлап бара жатқанын ресми деректер де жоққа шығармайды. Осы өзекті мәселеге арналған Азаттық радиосының дөңгелек үстеліне ресми орындар және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
24 желтоқсанда Алматыда өткен республикалық конференцияда сөйлеген сөзінде мәжіліс депутаты Айткүл Самақова «өткен жылдың қаңтарынан қыркүйек айына дейін алдыңғы жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 1339 сәби кем туды», – деп мәлімдеді. Алайда депутат 2009 жылы нақты қанша сәбидің дүниеге келгені туралы тіс жармады.
Оған қоса ерлер мен әйелдердің санындағы айырмашылықтың алшақтай түскені байқалды. Айткүл Самақованың атап көрсетуінше, ерлер мен әйелдер санындағы айырмашылық 30 жастан басталып, зейнетке шығатын уақытқа қарай 100 ер кісіге 140 әйел адам келеді. Оның ішінде бала тәрбиелейтін жастағы ерлердің саны айтарлықтай кем болып отыр.
Мәжіліс депутатының мәліметіне сәйкес, ерлер мен әйелдердің жас ұзақтығында да айтарлықтай айырмашылық бар. Мысалы, 2008 жылы ерлердің орташа жасы әйелдерден 10,5 жылға кем болған.