Тоқтархан Есқанат 1920-30 жылдардағы қазақ әдебиеті, даму сипаты



Дата11.01.2022
өлшемі17,41 Kb.
#111079

Тоқтархан Есқанат

1920-30 жылдардағы қазақ әдебиеті, даму сипаты

Республикада алғашқылардың бірі болып ұлттық әдебиет пен мәдениетті дамыту және насихаттау ісімен айналысқан Түркістан өлкесіндегі «Талап» қоғамы. Басқарманың құрылтайшысы және жетекшілері жазушы М.Әуезов, этнограф Ә.Диваев, профессорлар Х.Досмұхамедов, А.Шмидт, Н. Архангельский, М. Тынышпаев, М. Есболов, И. Тоқтыбаев, Қ. Тыныстановтар болды. Қоғам Жарғысының жобасын Түркістан ағарту ісі жөніндегі халық комиссариаты мемлекеттік ғалымдар кеңесі бекітті. 1923 жылы 4 желтоқсандағы «Талап» қоғамының мақсаты мен қызмет шеңбері төмендегідей болды:

Қазақ әдеби тілінің, терминологиясы мен орфографиясы, т.б. мәселелерін қарастыру; І

Ұлттық өнерді зерттеу;

Қазақ халқының тарихы мен тұрмысын зерттеу;

Қазақ мектептерінде оқыту мәселелерін қарастыру;

Қазақ ғылыми қызметкерлері мен қазақ өнері қайраткерлеріне көмек көрсету.

Қоғам құрамына А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М Міржақып Дулатұлы, Қ.Кемеңгеров, т.б. енді.

Осы кезеңде жаңа кеңестік әдебиет қалыптаса бастайды. Оның Қазақстандағы өкілдері Сәкен Сейфуллин, С.Мұқанов, Б.Ізтөлин жөнө т.б. болды. Олардың шығармашылығы айқын социалистік реализм және пролетарлық интернационализм ұстанымына негізделді.

1925 жылғы 18 мамырда Қазақстанда Пролетар-шаруа жазушылардың Қазақ ассоциациясы (ҚазАПП) құрылды. ҚазАПП жаңа социалистік әдебиет жасау ісін қолға алды.

Мәдениеттегі кез келген құбылыс таптық, пролетарлық күрес тұрғысынан бағаланды. Халық шығармашылығының көптеген түрлері, мысалы, «Едіге», «Қобыланды батыр» реакцияшыл, ұлтшылдық көзқарастағы шығарма деп жарияланды. А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, М.Дулатұлы қуғынға ұшырады. Абай шығармалары талқылауға түсті.

Басқа жанрлардың арасында бірінші орынға саяси лирика шығарылды. Кеңестік жарқын шындықты жабырқау өткен өмірмен салыстыру тәсілі кең қолданысқа енді. ҚазАПП қызметінде қазақтың ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеті дәстүрлерін жоққа шығару көзқарасы барған сайын белең ала бастады.

Қазақ көркем әдебиетіндегі осы екі ағым арасында 1922—1923 жылдары, содан соң 1926-1928 жылдары қызу пікірталас болып өтті. 20-жылдардың ортасы мен соңында қазақ әдебиетіне Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Тәжібаев, А.Тоқмағамбетов, Ғ.Орманов секілді талантты жастар келіп, кеңес адамдарының — ауыл және қала еңбеккерлерінің бейнесін жасады. Қазақ кеңес ақын-жазушыларының шығармашылығында В.И.Ленин бейнесі жеке тақырыпқа айналды.

1934 жылы 12—18 маусым күндері Қазақстан жазушыларының I съезі өтіп, онда идеялық тәрбие жүргізудегі қуатты құрал кеңестік әдебиет болуы керек екендігі баса айтылды.

Қазақ кеңес әдебиеті фольклор дәстүріне сүйенді. Мәселен, Жамбыл Жабаев (1846—1945 жылдары) шығармаларында ел өмірінің айтулы оқиғалары көрініс тапты. Жаңа өмір мен кеңес адамдарын ақын Нұрпейіс Байғанин (1860—1945 жылдары) өзінің эпостық жырларына арқау етті. Иса Байзақов (1900—1946 жылдары) шығармашылығы нағыз халықтық мәнге ие болды.

20—30-жылдар қазақ кеңес әдебиетінде проза, драматургия және әдеби сын сияқты жаңа жанрлар дамыған кезең болды. І.Жансүгіров «Жолдастар» романын жазды, С.Мұқанов «Байдың ұлы», «Достар», «Ботагөз» романдарын тудырды. Қазақ драматургиясын дамытуда Мұхтар Әуезовтің рөлі зор. Қазақ театр өнерінің дамуы оның есімімен тығыз байланысты.

Ресми билік құптаған негізгі тақырып — кеңестік қоғамның құрылуы және дамуы, қазақтардың туған өлкесін түлетуге қосқан үлесі, жергілікті халықтың социалистік еңбектегі ерлігі, т.б. болып саналды. 1934 жылы республикада Қазақ әдебиеті баспасы ашылды.

Баспадан социалистік реализм рухындағы әр түрлі жанрдағы шығармалар жарық көре бастады. Бұл кезде Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері — И.Шухов, П.Кузнецов, Г.Шарипов, т.б. жазушылар көпшілікке танылды. Д.Снегиннің «Шығыстан соққан жел», «Жетісу» жөне «Менің қалам» атты жинақтары жарық көрді. Латиф Ансари жас ұйғыр ақындарының «Таңғы сәуле» атты өлеңдер жинағын құрастырды.

Сонымен бірге Коммунистік партия тарапынан идеологиялық бақылаудың күшеюіне байланысты көптеген әдебиет өкілдері қудалауға түсе бастады. 1937—1938 жылдардағы қуғын-сүргін барысында қазақ әдебиеті өзінің бетке ұстар өкілдерінен айырылды.



Қазақ әдебиетінің ұлттық ағымының өкілдері — Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердіұлы, Ө.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, т.б. қуғын-сүргінге ұшырады. Осы жылдары қазақ кеңес әдебиетінің көрнекті өкілдері — С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, т.б. да қудаланған болатын. Саяси қуғын-сүргін қазақ әдебиеті мен тілінің дамуына айтарлықтай зиянын тигізді.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет