«Тұран» Университі



бет167/212
Дата15.03.2022
өлшемі2,53 Mb.
#135460
1   ...   163   164   165   166   167   168   169   170   ...   212
Байланысты:
философия лекция (7)

Қозғалыс тетігі.
Сонымен, жоғарыда кеңістік пен уақыттың шеңберінде қозғалыста өтіп жатқан болмысты әңгіме қылдық. Одан туындайтын келесі мәселе - қозғалыстың қайнар көзі, тетігі неде жатыр?,- деген сұрақ. Оған осы тарауда жауап беруге тырысамыз.
Әңгіме Дүниенің ағым, қозғалыс екенін мойындауда емес, оны есі дұрыс адамдардың бәрі біледі. Философияға дейін- ақ адамдар бір нәрсенің Дүниеге келіп, екіншінің кетіп жатқанын, ақтың қараға, дымқылдың құрғаққа т.с.с. қарама-қарсылықтың бір-біріне өтетінін байқаған. Сонымен бірге, оның терең себебі неде,- деген сұрақ мыңдаған жылдар бойы адамдарды толғантып ізденіске итергені де еш күмәнді туғызбайтын шындық.
Көне грек философиясында бұл сұраққа терең жауап іздеген Гераклит болды. Оның ойынша, Дүние - қайшылық, әр заттың қарама-қарсы жақтары бар, олардың бір-бірімен күресі – Логостың (logos,- грек сөзі,- сөз, мән-мағна) заңдылығы.
Мұндай пікірге Аристотель қарсы шығып, бір нәрсенің өмір сүруі мен қатар сол сәтте өмір сүрмеуін мойындау - Қисынға қайшы келетін нәрсе, олай болса, ешқандай дүниетаным мүмкін болмас еді деген пікірге келеді.
Орта ғасырлық философия қозғалыстың қайнар көзін сыртқы себептен - Құдайдың бізге танылмайтын күш-қуатынан шығарады.
Бұл мәселені шешуге өз үлесін қосқан Қайта өрлеу заманының ұлы философы Н.Кузанский болған-ды. Ол қарама-қарсылықтың бір-біріне өтуін (coіncіdentіa opposіtorum,- латын сөзі,- қарама-қарсылықтың бір-біріне сай келуі,- деген мағна береді) математика жолымен дәлелдемек болды. Мысалы, екі жағы тең үшбұрыштың түйісін шексіз соза берсек, олар бір-біріне жақындай келе түбі бір сызыққа айналады . Бұл арада неміс ойшылы Я.Беменің қайшылық - материяның зардабы, ол оған дамыл бермей, оны қозғалысқа итереді, ең ақыры Құдайдың өзі – негізі жоқ тұңғиық,- деген ойларын келтірсек те болғаны.
Жаңа дәуірдегі философияда Аристотельдің ғылымның дамуында қайшылықты жібермеу керек деген ойы көп уақытқа дейін басым болды. Бұл кездегі ғылым Табиғатты зерттеп, ондағы заттар мен құбылыстарды бір-бірінен айырып анықтауға тең келетін, сондықтан, Дүниенің қайшылықтығына аса назар аударылмады.
И.Кант өзінің таным теориясында алғаш рет зерденің қайшылығын ашады (антиномиялар). Оның ойынша, сезімдік таным, тәжірибе бізге “заттың өзіндік сырын” ешқашанда аша алмайды. Екінші жағынан, зерденің өзі де сезімдік тәжірибенің сыртына шыға алмайды, ал шыққысы келсе - сол сәтте антиномияларға тап болады. Оның жасаған 4 антиномияларының біреуін мысал ретінде келтірсек те болғаны: бірінші тұжырым: Бұл Дүниенің алғашқы бастауы бар және ол кеңістікте шектелген; екінші тұжырым: Дүние уақыт пен кеңістікте шектелмеген, ол - шексіз. Осы екі тұжырымды талдай келе, И.Кант екеуіне де жеткілікті дәлелдемелер келтіреді. Сонымен, зерде шешілмейтін қайшылықтарға келіп тіреледі. Ал оның негізгі себебін Кант “заттың өзіндік сырының” танылмайтындығынан көріп, шынына келгенде, Дүниеде де, танымда да қайшылықтар болмауға тиіс деген ойға келеді.
Гегель қайшылықты талдай келе, ол - қайсыбір өміршеңдік пен дамудың қайнар көзі,- деген пікірге келеді. Ақыл-ойдың жетілуі мен дамуы қайшылықтарды шешу арқылы жүреді. Қайшылық жоқ жерде – ой да жоқ.
Маркстік философия Гегельдің бұл ойын әрі қарай дамытып, Дүниенің қайшылықты түрде жаралғанын, оның адамның санасына тәуелсіз өмір сүретінін дәлелдейді. Біздің санамызда сол Дүниенің қайшылығы бейнеленеді.
Енді бүгінгі таңдағы түсініктерге келер болсақ, әрбір зат, құбылыс белгілі бір бірлік, тұтастықты құрайды. Осының арқасында біз бір затты екіншіден айыра аламыз. Сонымен қатар, оның ішкі бір-бірімен байланыс пен іс-әрекеттегі құрамдас бөліктері бар. Әрине тұтас зат әрқашанда өзінің құрамдас бөліктерінің әрбіреуінен мазмұн жағынан асып түседі. Тіпті ол өзінің құрамдас бөліктерінің қарапайым жиынтығының өзінен де асып түседі, өйткені, ол көптүрліктің бірлігі (К.Маркс), нақтыланған көптүрлік (Гегель).
Алайда, заттың ішкі өзара байланыстағы құрамдас бөліктерінің әрбіреуі “өзінің тәуелсіздігін” сақтауға тырысады, өйткені, арнаулы тарауда көрсеткеніміздей “тәуелсіздік”, “дербестік” болмыстың терең сипаты. Осы арада заттың ішінде қайшылықтың бастауы ашылады. Ол жүре келе тұтас заттың ішіндегі қарама-қарсы жақтарын тудырады. Сонымен, біртұтастық - қарама-қарсылыққа, соңғы - бірлікке айналады. Оны философияда қарама-қарсылықтың тепе- теңдігі деген ұғыммен береді. Мысалы, жердің оңтүстік және солтүстік полюстері бар, олар бір-біріне қарсы, сонымен қатар, бір-бірінсіз өмір сүре алмайды. Қайсыбір тіршіліктің ішінде ассимиляция және диссимиляция үрдістері жүріп жатыр. Осы екі қарама-қарсылықтың негізінде тіршілік өмір сүреді. Егер оның біржағы болмаса, онда организм өледі. Феодалдық қоғамда екі тап – шаруалар мен байлар - қарама-қарсылықтың екі жағы. Бірақ, олар бір-бірінсіз өмір сүре алмайды –олар бір-бірімен күресте, сонымен қатар бірлігін сақтайды. Егер де олардың мүдделері шегінен шығып кедейлердің көтерілісіне әкелсе, ол қоғам жаңа қоғамға ауысып, я болмаса, ескі қоғамның шеңберіндегі жаңа ақуалға әкелуі мүмкін.
Бұл арада айтып кететін жәйт – диалектикалық тепе-теңдік математикадағымен ұқсас емес. Есепте 5=5-ке тең болса, диалектикалық тұрғыдан қарағанда 5 = 5 тең, сонымен бірге – тең емес. Бір зат екінші затқа тең, сонымен қатар оның ұқсамайтын теңсіз жақтары да бар. Мысалы, екі жапырақ бір-біріне тең, сонымен қатар – тең емес.
Егер де біз затты өз-өзімен салыстырсақ, онда да сондай нәтижеге келеміз. Өзінің тұрақты жақтарымен зат өз-өзіне тең, сонымен қатар әрбір сәтте оны ішкі құрамдас бөліктері бір-бірімен әрекетке түсіп өзгеріске әкеледі. Екіншіден, ол зат басқа заттармен қарым-қатынасқа түскеннен кейін ол сыртқы ықпал арқылы да өзгеруі мүмкін.
Әрине, қайшылықтың өзін үрдіс ретінде қарау керек. Заттың жаңа ғана Дүниеге келген сатысында тепе-теңдік айырмашылықтан гөрі басымырақ болады, соның арқасында ол тез қарқынмен өсіп-өніп айырмашылықтың күшейуіне әкеледі; екінші сатыда айырмашылық тепе-теңдікке қарағанда басымырақ болып қайшылықты үшкірлете түсіп затты болмысының шегіне әкеледі. Бір-бірімен ымыраға келмейтін қарама-қарсылыққа негізделген қайшылық заттың күрт өзгеріп, өзінің басқа болмысына өтуіне мәжбүр етеді. Жаңа пайда болған ақуалдың шеңберінде жаңа бірлік, тепе-теңдік пен қатар айырмашылықтың ұрығы пайда болады.
Жоғарыда көрсетілген үрдістерді әдебиетте “қарама-қарсылықтың бірлігі мен өзара іс-әрекеті”,- деген заңмен береді.
Бұл заңның танымдағы методологиялық маңызы өте зор. Бүкіл бұрыңғы-соңды ғылымдағы ашылған жаңалықтар, негізінен алғанда, зерттелген зат, я болмаса, құбылыстың ішкі қайшылығын ашуға негізделген. Микроәлемді зерттеу барысында ең алдымен элементарлық бөлшектер ашылып, соңынан олардың қарама-қарсы жағы – атомның өзегі зерттелді, ал оның өзі протон мен нейтронның бірлігі мен қарама-қарсылығы арқылы өмір сүреді. Электромагниттік өрістің өзі - қайшылық екені қиын да ұзаққа созылған зерттеулер арқылы іске асты. Алғашында оны бөлшектерден (корпускулалар) тұратын “сәуле жаңбыры” (И.Ньютон) ретінде қараса, келесі сатыда “толқын” ретінде (Х.Гюйгенс) түсіндірілді. Тек, ХХ ғ. ғана ғалымдар оны “корпускулярлық-толқындық дуализм” ретінде қарап, оның терең мәнін ашты.
Қазіргі реформалардағы өзгерістерді де осы заң арқылы жете түсінуге болады. Кеңес Одағындағы мемлекеттік жоспарлау принципіне негізделген шаруашылық формасының іріп-шіруі оның монополиялық табиғатында болды емес пе? Жекешелендіру саясаты соны жоюға бағытталған. Мемлекеттік пен жеке меншіктің қарама-қарсылығы мен бірлігі, олардың бір-бірімен бәсекелігі – адамдардың ерікті ынта-жігерін арттырып тиімді шаруашылықтың негізін қалауда. Сонымен қатар, қоғам өмірінде лезде бай адамдардың пайда болуымен қатар көпшіліктің кедейленуі, тіпті қайыршылықтың шеңберінде өмір сүрген адамдардың пайда болуы - әлеуметтік қайшылықты үшкірлеп қоғамның саяси тұрақтылығына өзінің теріс әсерін тигізуде. Бұл арада жұмыссыздықпен күрес, жаңа кәсіпорындарын ашу, адамдарды жаңа кәсіби мамандықтарға оқыту т.с.с. шаралар арқылы ғана бұл қайшылықты бәсеңдетуге болады. Әлеуметтік мәселелер шешілген кезде басқа да келеңсіз кең етек алған жәйттермен (ішімдік пен нашақорлық, қылмыстық пен жезөкшелік т.с.с.) тиімді күрес жүргізуге болады.
Әр қашанда есте сақтайтын мәселе – реформалардың бүкіладамзат рухани дағдарысының аясында жүруі. Бұрынғы “Шығыс пен Батыс” арасындағы ғаламдық қайшылық Кеңес Одағы құрысымен келмеске кетсе де, оның орнына “Солтүстік пен Оңтүстік” қайшылығы келді - Әлемнің бір бөлігін “алтын миллиард” аталатын постиндустриалдық елдерде өмір сүріп жатқандар құрса, “екінші миллиардты” жартылай аш-жалаңаш жүргендер құрайды. Қалған 4 миллиард адам дамып келе жатқан ғаламның бөлігіне жатады. Соның ішінде біздер де бармыз. Дамыған елдер мен жаңа ғана дамып келе жатқандардың арасындағы айырмашылықтар жылдар өткен сайын қысқарудың орнына алшақтап бара жатыр – бұл, әрине, халықаралық шиеленістердің көпшілігінің себебі болып отыр. Бүгінгі таңдағы көп айтылып жүрген халықаралық терроризм, экстремизм сияқты құбылыстарды осы қайшылықтардың астарында түсінуге болады.
Қазіргі орасан-зор қарқынмен жүріп жатқан ғылыми-техникалық үрдіс те өз қайшылығымен көрінеді: бір жағынан, ол өндіргіш күштерді дамытып, қоғамның байлығын өсірсе, екінші жағынан, арғы анамыз – Табиғатты құлазытуда. Тойымсыздыққа жол берген Батыс өркениеті адамзатты бірте-бірте жер бетіндегі “қатерлі ісікке” айналдыруда. Біздің де осы қауіпті жолға түсіп, ата-бабаларымыз қалдырған руханиятты, биік экологиялық санамызды бұзып аламыз ба деген қорқынышымыз бар.
Аталған және де басқа қайшылықтарды жою - тек қана адамзаттың руханияты мен адамгершілік қасиеттерін жетілдіру арқылы болмақ. Бүгінгі таңда айдай анық нәрсе – технократиялық жолмен бірде-бір ғаламдық мәселелерді шешудің мүмкін еместігі. Олай болса, реформа барысында мәдениет пен білімнің, жалпы руханияттың дамуына көбірек көңіл бөлінуі қажет.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   163   164   165   166   167   168   169   170   ...   212




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет