Қосымша осы сайттан оқуға болады: https://bankreferatov.kz/sochineniya/57-sochi-na-kazakskom/7927-tytkun-bala.html
Д. Исабеков әңгімелеріндегі тіл көркемділігіне нақты сюжеттермен сипаттай отырып түсіндіріңіз.
Дулат драматургиясына тән жақсы қасиет – оның халықтық, ұлттық мінез-құлық ерекшеліктеріне молынан көңіл бөлетіндігі. Диалогтерінің оралымдылығымен, юморға жомарт, тапқыр тілімен дараланып жатады. Ол ұлттық сахнамызда әйелдер бейнесінің жарқырай көрінуіне де атсалысып жүр. Мұны алдыңғы жақта сөз еткен «Мұрагерлер» пьесасынан және «Әпке» атты драмасына көз салған кісі сөзіне алады.
Драматург «Әпке» драмасы арқылы өмірге бақыт, махаббат, мұрат дегеннің неше алуан қыры бар екенін айтады, оқушыны өмір сырына тереңірек бойлауға үйретеді, ойланарлық сауалдар қояды. Бұл шығарманың нәрі осында деп айтуымызға болады. «Әпке» – өмірбаяндық мағлұматтарды негізге ала отырып жазылған шығарма. Драманың тартымды тілі, арагідік кездесетін юмор, бас қаһарманның өзін аямайтын турашылдығы, мінездеулер шеберлігі оқушыны жалықтырмайды. Пьесаның жетістігі деп алдымен осындағы басты кейіпкерлер: Қамажай, Тимур, Нәзила, Омар, Гауһар, Кәмила тұлғаларын атар едік. Бұлардың әрқайсысы дара мінез иесі. Осы тұлғалардың шындығына көз жеткізу үшін, автор характер диалектикасын ашарлық амалдар тапқандығы байқалады. Пьесада Әакенің драмасынан бөлек тағы да бір трагедия желі бар, ол – ананың өмірдегі орны, ешкім де ананы алмастыра алмайды. Пьесаның соңында осы сөздің түп төркіні ашылды деп айта аламыз. Дей тұрғанмен Қамажай іні-сіңлі алдында апа емес, ана болды. Ана төгетін шуақты әлі жеткенше жеткізе алды, анаың беретін қамқорлығын, мейірімін, ақылын берді. Осы бауырлары үшін сүйгені Қабенмен де қосылуға бас тартты.
Қаһармандар диалогтеріндегі ишараттар, астарлау, мезгеулер ойдың жүйріктігін танытса, күйіну, өкіну, өкпелеулер көңілдің жыртықтығын сездірді. «Мінез тілдің қуатымен барынша күшті және дәл, тапқыр сөздердің айтылуымен ашылатынын» М.Горький ерекше ескерткен. Ал Ә.Тәжібаев: «Мақал-мәтелдер, әсіресе диалогтар үшін бірден-бір өткір құрал. Кейде сөзбен тырысып отырған персонаждардың аузына орнымен түскен мақал-мәтелдер атылған мылтық, шабылған семсердей әсер етеді. Сондай-ақ терең ишаратпен пәлсапалық түйіндер айтатаын мақалдармен қатар, әзіл-қалжың ұтыстарын әсемдеп жіберетін, естушіге ләззат таптырып, көңіліне күлкі толтыратын ұшқыр, тапқыр сөздер де болады»,- деген. Осыны жақсы түсінген Д.Исабеков халық аузында жүрген мақал-мәтелге, афоризмге айналатын, жаңа сөздік тіркестерді көп тудырған: «Бала-асау тай, әке-атбегі, тәрбие-жүген», «Істің адамы аз сөйлер», «Ақымақ басқа әумесер сөз қонады», «Денсаулықтың қадірін білу үшін сырқатпен сырлас», «Қиындықты көп көрген адам өзгенің жанын түсінгіш келеді», «Жылай білу де жаны таңғышықтай әрі таза, әрі мейірбан адамға бітетін қасиет», «Сағыныш біреуге арнаған сыбағаны ешқашан шірітпейді», «Арамдық жасаған адам қауіпті емес, арамдығын ішіне сақтап келген адам қауіпті», «Ағаштың бұтағы қураса – тамырында кесел бар!». Міне, осы сияқты айшықты ойлардың санын бұдан гөрі соза беруге болар еді, пікір түюге осы да жеткілікті ғой деп ойлаймын.
Бұнымен қоса драматург пьесаларынан өмір туралы, болмыс туралы ой-толғаныстарын да көптеп кездестіруге болады: «Өмірдің өз заңы бар. Ол еш жерде жазылмаған. Адам адам боп жаралған соң сүттен — ақ, судан таза» бола алмайды. Әр қадам аттаған сайын: «Бұл неге олай емес», – деп әділдік іздей берсең, өз ғұмырың адыра қалады. Орынсыз ой қуған қияли боп кетесің. Қасқыр неге қойды, қой неге балбырап өсіп келе жатқан шөпті жейді, тағы тағылар. Ойдың шегі жоқ. Бәріне жауапты табиғаттың өзі дайындап қойған. Өмір заңы, тіршілік маңы».
«Бақыт деген – азап. Иә, азап. Бірақ ол бос сергелдең, күйбең тіршіліктің азабы емес, үлкен мақсатқа барар жолдағы азап, Циалковский, Достаевский, Королев… Қалай ойлайсыңдар, солардың бәрі рақат тұрмыс кешті дейсіңдер ме? Олардың бүкіл ғұмыры азаппен өтті. Адамзат үшін, ғылым үшін азап шекті. Міне, бақыт деген сол».
«Ол жұлдыздар мәңгілік! Олар мәңгі жасайды. Бұдан сан миллиард жылдар бұрын тап осылай жымыңдап тұрған, әлі тұр. Бұдан кейін де тұра бермек. Олар сан жетпес ұлы оқиғалардың көрінісі. Олар қандай бақытты еді, Шіркін. Ал, біз ше? Елу жыл, мейлі, жүз жыл бола-ақ қойсын, тіпті, кісі күлерлік үлес емес пе? Елу жыл! Бұл не? Міне, мына жапырақтар төбемізден төгіліп тұр. Елу жылда осындай жапырақтарды елу-ақ рет көресің, елу-ақ рет қар басасың. Сол да үлес пе? Адамға келген де жомарт, табиғат қандай сараңдық жасаған еді! Ал, жұлдыздар. Олар бақытты! … Әне, анау темір шатырдың үстінде өсіп тұрған қара ағашты көрдіңіз бе? Әне, өмір деген сол! Табиғат саған мүмкіндік берді ме, тіршілік ет, өмір сүр! Анау қылтиған қара ағаш ұиналса ұиналып, тіршіліктен тапшылық көріп тұрған шығар, бірақ өмір сүруін тоқтатуды ойламайды. Менің тұрған жерім құнарсыз, болшағым жоқ, басқа жерге ауыстыр деп те мұң шақпайды, наразылық та білдірмейді. Шамасының келгенінше басқа түскен қиындықтармен арпалысып жапырақ жайып тұр. Ең соңғы сәтке дейін осылай көгеріп тұра бермек. Сіз де сол қылтиған қара ағаштан үйреніңіз. Өмірден жоқты тосып елікпей, асқақтай бермей, табиғат заңына бағыныңыз».
«Өмір деген не деген қызық! Мен өмірге ешқашан да өкпелемеймін. Не деп өкпелемекпін? Ол маған ғұмыр берді, сөйле деп тіл берді, көр деп көз берді, ойла деп ақыл берді, сезсін деп парасат берді. Мұның үстіне қосып: «Бақыт бер»,- деп айтуға қалай ұятым барады? Бір адам үшін мұның бәрі тым көп емес пе?
«Мен қазір өлім мен өмір жайлы көп ойлайтын болдым. Дүниеге келген екенсің, оның қызығына кенеліп, өмірден ляззат ала білу керек, бірақ сенің Бақытың өзге біреудің бақытсыздығы, соры боп келетін болса, оның несі әділет? Бізге, адамға тән парасат, ар-ұждан, ұят, мейірім, түйсік қайда? Бұларды аттап өтетін болсаң, неменесіне адамбыз деп мақтанамыз».
Иә, ірі суреткер қай жанрда, қай тақырыпта жазса да соның бәрінде ол негізгі бір өзекті идеяны, идеалды нысанаға алады, сол үшін күреседі. Жақсылықты айтсын мақтап, жамандықты айтсын даттап, соның бәріне ол сол өзі мезгеген нысана тұрғысынан айтады. Д.Исабеков адам жанын түсінеді. Олардың біреуі ұятты, адал, парасатты, екіншісі ұятсыз, арам, парасатсыз. Біріншісін сүйеді, екіншісін жек көреді. Міне, осы адамдардың ойларына іс-әрекеттеріне қарап қуанады, ренжиді, өкінеді, налып нысанасынан айнымайды. Сол адамдардың іс-әрекеттерін драма үлгісінде жазады. Өзі көтерген нысанаға беріктік, табандылық драматургтың осы бітімін, тұтас тұлғасын көрсетеді. Ірі суреткерде ғана болатын осы мінезді біз Д.Исабеков бойынан да оның сәтті монологтері мен ұтымды диалогтерінен де табамыз.
Дулат драмаларынан байқалатын бір ерекшелік – ол адам – табиғат – қоғам аталатын көркемөнердегі ажыратылмас ұғымдардың соңғысына көп мән бермейтіндей көрінеді. Оны қызықтыратын, алдымен, Адам. Осы құдіреттің қазынасын игерсем, ол өмір сүрген орта, қоғам өз-өзінен танылады деп есептейтіндей. Жазушы тіпті кейіпкерлерінің қоғамдарғы орнын, нақты жағдайын әдейі елеусіз қалдыратындай, яғни ол әуел бастан-ақ елеусіздеу жағдайдағы кейіпкерлерді таңдап алады. Өмірдің Ащысы мен тұщысын бірдей татқандардың тағдырын суреттейді.
Салима кемпір. Семьясы да, баласы да болды. Сұм соғыс ерлерінен түгелдей айырып, жалғыз қызымен қалдырды. Қызы өмірге араласып, оттасып, қалған өмірінде солардың қызығын көремін деп отырған Салиханың ойы бір күнде быт-шыт болды да кетті. Бір үйдегі жандардың бәрінің қазасын алдынан жіберген Салиха енді өмірден не күтеді, нені қызықтайды? Тағдыры қауіп пен қатерге толы Демесін өмірде не қызық көрді? Оның ішінде айтылмаған сыр, орындалмаған қаншама арман кетті? Ал Қамажай ше? Ол не көрді? Бауырларын адам өтемін деп ыссыға күйіп, суыққа тоңды. Айналып келгенде жалғыз қалатын түрі бар емес пе? Қамажай сияқтыларды қазір де кездестіруге болады. Жақсы, бұлардың «маңдайына жазылғаны» осы шығар дейік. Сонда Радик пен Ректордың тағдыры кімнің қолында. Осыларға кездескен сәттер кім-кімге де кездеседі. Ақты қара қылып, отқа жаққан кездер болды емес пе? Соның құрбандары Ахмет, Шәкәрім, Мағжан тағы да басқа арыстарымыз болғаны белгілі. Осы тұста Д.Исабеков әр адамның әр қилы қайталанбас тағдыры бар, «Кеудесі жақсылар алтын сандық» демекші, сол сыр сандықтар кенішіне ықтияр болайық дегендей. Осыны көріп білгендіктен болса керек, көпке танымалы халық артисі Ә.Мәмбетов: «Дулат өз драматургиясында науқаншылықтан мүлдем аулақ, адам тағдырын сөз етеді»,- деген. «Адам тағдыры,- дейді академик З.Қабдолов, – жазушы үшін шығарма арқауы ғана емес, өмірді танудың өзгеше тәсілі». Расында да, Дулат әр адамның әр қилы тағдырын бере отырып өмірді танудағы басқаларға ұқсамайтын зеректігін айқын таныта алды.
Шығармаларында қарапайым өмірді, қарапайым адамдар тағдырын қапысыз суреттеп, оқушыларын тағылымды тағдырмен табыстырып, оларға тартымды ой сыйлаған көрнекті қаламгер Д.Исабеков бүгінде жетпіс үш жасқа шығып отыр. Өмірде бұл жасқа келіп жатқандар да көп. Бірақ өзінің талантымен қалың елге танылып, шығармалары арқылы халқын алыс-жақын шет елдерге танытқан талантты қанатты азаматтар көп емес. Дулат – сондай аз, аяулы, асыл драматургтардың бірі.
Қосымша осы сайттан оқуға болады: https://ulagat.com/2021/08/29/дулат-исабековтің-қаламгерлік-шебер/
Достарыңызбен бөлісу: |