"Қисса-и Рабғузиге" енгізілген шығармаларды идеялық-тақырыптық мазмұны бойынша үш топқа бөлуге болады: а) дүниенің, аспанның, жердің пайда болуы туралы, адамның, жануарлардың, жын-шайтандардың және басқа да тіршілік иелерінің шығуы туралы әңгімелер; ә) пайғамбарлар мен халифтар, әулиелердің өмірі туралы хикаялар, шығыс нақылдары, халық аңыздары мен ертегілері; б) хижраның алғашқы он жылындағы негізгі оқиғалар тізбегі, жылдардың, айлар мен күндердің атаулары туралы, мұсылман күнтізбесіндегі айтулы күндер туралы мәліметтер. Осылардың бәрі ислам діні тұрғысынан баяндалады. Бірақ мұнда халықтың дүниетанымы мен кейіпкерлерді фольклорлық дәріптеу айқын байқалады. "Қисас ул-әнбия" құран сюжеттерін, уағыздары мен сүрелерін баяндап беретін танымал прозалық шығарма ғана емес, онда автордың үлкен дарын иесі екенін дәлелдейтін дидактикалық әңгімелер мен өлеңдер көп.
Алтын Орда дәуіріне жататын елеулі шығармалардың бірі - "Хұсрау-Шырын" дастаны, оның авторы - шыққан тегі қыпшақ Құтб ақын. Ақын өмірі туралы толық мәліметтер жоқ. Оның 1330-1340 жылдарда Ақ Орданың астанасы - Сығанақ қаласында туып, өз дастанын сонда жазғаны, бұл туындысын билеуші Тыныбек пен оның әйелі Мәлике ханымға арнағаны мәлім.
Құтбтың "Хұсрау-Шырын" дастаны Низамидің осы аттас дастанының сарыны бойынша назира үлгісінде жазылған. Құтб Низами поэмасының бүкіл желісін сақтап, негізгі эпизодтары мен басты кейіпкерлерін өзгеріссіз қалдырған. Низами сияқты ол да өз дастанында шексіз таза махаббат пен мінсіз билеуші тақырыптарын өрбітеді. Екі тақырып та шексіз берілген махаббат - адам мен қоғамның жетілуіне бастайтын негізгі кілт, махаббат - адамды тазартып, оған ізгілік беріп қана қоймай, оны өзгертетін де сезім деген идеяға сүйенеді.
Жүсіп Баласағұнның "Құтты білік" дастаны Құтб үшін тікелей дерек көзі болды, сондықтан да екі ақында мінсіз билеуші мен әділетті қоғам тұжырымдамасы үндесіп жатады. Құтб пен Баласағұнидың ойларынша, халықты дана әрі әділ адам басқаруға тиіс, ол ең алдымен халықтың игілігін ойлап, өз маңындағы адамдарға, ұлықтар мен шенеуніктерге қатаң бақылау жүргізуге және қиянат жасағаны үшін оларды аяусыз жазалауға міндетті. Егер әмірші мұндай болмаса, ол ел қарғысына ұшырайды.
Хорезми Равандидің "Мұхаббат-наме" атты лирикалық поэмасы XІV ғасырдағы көркем әдебиеттің тамаша үлгісі болып табылады. Оның авторы мен поэманың жазылу тарихы туралы мәліметтер туындының өзінде бар
Автордың өзі жазғандай, поэма қоңырат бегі Мұхамедқожаның өтініші бойынша жазылған. Ол 1342 жылы ағасы Тыныбекті өлтіріп, төңкеріс жасау барысында таққа келген Жәнібек ханның туысы. Жәнібек елді 1342-1357 жылдары билеген.
Біздің заманымызға дейін жеткен Хорезми қолжазбалары көшірмелер болып табылады. Зерттеушілер кейінгі кезге дейін "Мұхаббат-наменің" екі көшірмесі сақталған деп санап келді: бірі - араб, екіншісі ұйғыр қарпімен жазылған, екеуі де Британ мұражайында сақтаулы. Алайда түрік ғалымдарының жинақтаушы еңбегінде "Мұхаббат-наменің" Стамбул кітапханасында тағы да екі көшірмесі бар екені айтылады.
"Мұхаббат-наме" - орта ғасырлардағы түркі әдебиетіндегі түрі мен мазмұны жағынан жаңа үлгідегі туынды. Ол ғашық жігіттің өз сүйіктісіне жолдаған хаттары түрінде жазылған. Поэма бірнеше бөліктен тұрады: құдіреті күшті жаратушыға жүгіну, поэмаға тапсырыс берген Мұхамедқожа бекті мадақтау, сүйіспеншілік өлең хаттары, рақым жасауды өтініп, құдайға қайта жалбарыну, өзін-өзі сипаттау және өзі туралы әңгімелеу. Сүйіспеншілік хаттар мен жекелеген бөліктер арасында автордың тыңдаушылар мен шарап құюшыларға арналған сөздері беріледі. Поэманың мазмұны таза махаббатқа құрылған. Лирикалық кейіпкер 11 өлең хат жолдайды, оларда өз сүйіктісін көркем суреттеп, оған өзінің ғашықтық сезімін білдіреді, оның сырт келбетін бейнелеп, мінез-құлқын сипаттайды.
Хорезмидің "Мұхаббат-наме" поэмасы Дешті Қыпшақтың рухани мәдениетінде қарапайым адамның жоғары сезімін жырлайтын жаңа әдебиеттің негізі қаланғандығын айшықтады.
Жалпы алғанда, көне түркі және орта ғасырлар әдебиеті бүкіл түркі тілдес халықтардың ортақ әдебиеті қызметін атқарды. Қарахандықтар тұсындағы әдебиеттен бастап түркі нәсілді халықтар түркі поэзиясының ежелден қалыптасқан өлең үлгілерін, жыр нұсқаларын ортақ пайдаланды. ХІІ ғасырдағы сопылық поэзияның негізін салған Қожа Ахмет Йасауидің "Диуани хикметіндегі" ақындық дәстүр өрнектері одан кейінгі Қазақ хандығы тұсындағы әдебиетте жалғасын тауып, XVІ ғасырдағы Бабыр жырларымен сабақтасты. Сол сияқты ХІ ғасырда өмір сүрген көрнекті түркі ақыны, ойшылы Жүсіп Баласағұнның "Құтты білігіндегі" жыр өлшемі Ахмет Йүгінекидің "Ақиқат сыйы" жинағындағы бәйіттерге түр жағынан ғана емес, мазмұн мен идея жағынан да үндесіп, жалғасып жатты. Орта ғасырлардағы әдебиет туындыларынан түркі поэзиясының ортақ дәстүр бойынша дамып, өркендегені анық байқалады.
Достарыңызбен бөлісу: |