Түркі халықтарының ақыл-ой өнері тоғызқұмалақ.
Әлемнің түкпір-түкпірінде адамзаттың қолымен, ақыл-ойымен жасалған зияткерлік ойындар мыңдап саналады. Бірақ оны жүйелеген Д.Мюррей бар-жоғы бес түрге бөліп қарастырады. Оның ішінде соңғы түріне африкалық калах, арабтың манкаласы және қозғалыс ойындары деп аталады және соған ұқсас тақта басында ойналатын қозғалыс ойындарының бірқатар түрлері кіреді. Қазіргі кездегі деректер бойынша аталған ойындардың алғашқы үлгілері осыдан 3,5 мың жыл бұрын Африка не Азия өңірлерінде пайда болған.
Тоғызқұмалақ – әлемдік мәдениеттің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын рухани ойын, логикалық ойлау өнері. Бұл өнердің басты қасиеті – адам санасын жетілдіруге, ақыл-ойын кемелдендіруге ерекше күш салады. Түркі халықтарының ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарайтынына осы ойынның өзі де дәлел бола алады. Жасөспірімнің дене күшінің мол болуымен қатар, ақылды болуына да көп мән берген бабаларымыз осы ойынды ойлап тапқан.
"Тоғызқұмалақ – қазақтың ерте заманнан келе жатқан спорт ойындарының бірі. Бұл ойынды қазақтардан басқа қырғыздар, қарақалпақтар, алтайлықтар да ойнайды", – дейді зерттеуші Т.Сұлтанбеков[2.178]. Сонымен қатар Түркия, Түркіменстан, Өзбекстанның кейбір аудандарында ұлттық ойынның ойналатыны туралы мәліметтер бар. Бірақ осы аталған елдерде ойынның атауында кейбір өзгешеліктер кездеседі. Мәселен, тоғызқұмалақты қырғыздар – "тогузкоргоол" десе, Ақтеңіз жағалауындағы кейбір көшпелі түрік тайпалары – "тогузташ" деп атайды екен. Сөз тіркесінің алғашқы сыңарында кейбір дыбыстық ерекшеліктер болмаса жалпыға түсінікті екені белгілі. Ал "коргоол" – монғол тілінде "құмалақ" деген сөзді білдіреді. "Таш" сөзі – тас деген мағынаны айқындауымен қатар, ойынға жүріс жасау құралы ретінде қатынасы бар. Бұл атаулардан не байқалады? Және де тоғызқұмалақтың мыңдаған жылдық тарихы бар көне ойын екендігін ескере отырып, түркі халықтарының шығу тегінің бір болғандығын және тек қана осы түркі дүниесінде сақталу ерекшелігін қарастыра отырып, ойынның осы халықтарға ортақ атауы болмады ма? – деп, ойға да қаласың.
Түркі тілдерінде әр сөздің негізгі мағынасымен қатар, астарлы, тұспалды мағынасы да болады. Бүгінгі күнге дейін жарық көрген бірқатар еңбектерде "тоғызқұмалақ" атауын оның екінші сыңарына байланысты заттық, тұрмыстық негізде түсіндіру – оның құндылығы мен қасиетін өз дәрежесінде таныта алмай отыр. Яғни құмалақты – қойдың нәжісі деп, тоғызқұмалаққа «қойшылар ойыны» деген қарабайыр тіркесті жамау – ұлттық ойынның мәнін өз дәрежесінде көрсетпейді. Сөз өнерінің қуатын жетік түсінген бабаларымыз ұрпағының зерделі ойлы болуы үшін де көп тер төккен. Кез келген өнер туындысы болсын, ақыл-ой шығармашылығының жемісі болсын оның атауына да ерекше мән берген.
Шынында ойынның атауы мен мәнін толық түсіну үшін "тоғызқұмалақ" сөзін жеке-жеке талдаған жөн. Тоғызқұмалақ – біріккен сөз. Сөз тіркесінің алғашқы сыңары – сан есім, кейінгісі – зат есім. Бірақ бұл сөздерді көшпенділердің наным-сенімдерінің негізінде қарастыру ғана нәтиже бермек.
"Құмалақтың не сегіз, не жеті немесе он бір, он үш болмай дәл тоғыз болу себебі кездейсоқ емес. Қазақ халқының ауызекі сөйлеу тілінде көп кездесетін сандардың бірі – тоғыз (Мысалы, "тоғыз жолдың торабы", "тоғыз қабат торқадан, тоқтышақтың терісі артық", "тоғыз інген боталап, тоғыз інген құлындап"). Тоғызқұмалақ ойынының атауы осылайша пайда болды ма? Әлде, тоғыз санының өзіндік арифметикалық ерекшелігі бар ма? – деген болжамдар да бар. Әрине, оның бәрі де көп зерттеуді талап етеді. Біздіңше бұл ойын есеп ойыны болғандықтан, оның аты қалай болса солай қойыла салмауы тиіс", – дейді Т.Сұлтанбеков[2179].
"Тоғыз" саны ежелгі түркілерде көптік мағынаға ие болған. Бабаларымыз осы санды шексіздік қасиеті бар сан деп түсінген. "Тоғыз жолдың торабы" деген тіркес нақты тоғыз жолды емес, көп жолдың тіркесуін бейнелейді. Тоғыз санына байланысты шыққан басқа тіркестерге де осы сипат тән.
Ал "құмалақ" сөзі ойынның қойшылар арасында белгілі бір кезеңдерде кеңінен таралып, насихатталуына байланысты сақталып қалса керек. Ілкі тектеріміз тақта отауларына құмалақ салып ойнағанға дейін түрлі жеміс-жидектердің дәндері, сүйек, уақ тастармен және т.б. заттармен де ойнауы мүмкін. Ақтеңіз жағалауындағы көшпелі тайпаларда тасқа байланысты атаулардың жадыда қалуы осыған айғақ. Ал "коргоол" сөзінің қырғыз тілінде ұшырасуы – монғолдардың көптеген жылдар бойы қазіргі Қырғызстан аймағына үстемдік жасауынан қалған тілдік ерекшелік болса керек.
Құмалақтың бір қасиеті – оның қозғалысқа бейімділігінде. Оны түртіп қалғанда жылжиды, яғни қозғалады, козғалысқа түседі. Демек "құмалақ" – қозғалыстың символы. Сондықтан "тоғызқұмалақ" сөзінің беретін мағынасын қарастырғанда көшпенді дүниетаным мәселелерін естен шығармау керек. Осыған сәйкес бұл тұжырымға сүйенсек, тоғызкұмалақты «шексіз қозғалыс» ойыны деп қарастырған жөн болмақ. Өйткені осы ойындағы 162 құмалақтың ерсілі-қарсылы қозғалыстары өте көп. Шынында да сол шексіз қозғалыстардың тақтадағы түрліше өзгерістерін жадында сақтай алатын, логикасы мықты, қиялы жүйрік адам ғана тоғызқұмалақ ойынымен тереңдеп айналыса алады. Егер осы тұжырымға сүйене отырып, тоғызқұмалақты "шексіз қозғалыс" ойыны – деп қарастырар болсақ, онда ойынның төл тума болмысын, тарихи дүниетанымдық мәнін өз дәрежесінде аша аламыз ба?
Жоғарыдағы калах ойынында – 2 қазан, 12 отау, 72 құмалақ бар. Ойынның басты мақсаты – қарсыластардың бірінің өз отауларындағы кұмалактары арқылы – 37 құмалақ ұтуы болып табылады. Бір ерекшелігі бұл ойындағы калах деген сөз – қазан деген мағынаны білдіреді. Яғни "калах" немесе "манкала" – ұтып алынған құмалақтар салынатын орынның атауы. Біздегі – қазан немесе көнедегі – орда. 1936 жылғы "Тоғызқұмалақ" кітапшасында С.Аманжолов құмалақтарды ұтып алып жинайтын жерді осы екі атаумен де атаған. Мысалы, "18 отаудың ортасын ала бірімен-бірінің арасы 8 см, жерде 2 үлкен шұңқыр болады, әрқайсысының кеңдігі 8 см, тереңдігі 2 см болады. Бұл шұңқырларды – "Орда" немесе "Қазан" дейді[3].
Енді бір жағдайларда шетелдік бірқатар қозғалыс ойындарының атауы – сол жерлерді мекендеген халықтардың тұрмыстық ерекшеліктеріне байланысты өзгеріске ұшырап отырған. Мысалы, Нигерияда отауларға Ади өсімдігінің дәндерін салып ойнағандықтан, ойынның атауын "Ади" деп атаған. Бұл жері қазақтың тоғызқұмалақ ойынының атына ұқсайды.
Бірақ бабаларымыз тоғызқұмалақты үнемі құмалақпен ойнамаған, ол тек жеке бір ойнаушылардың (қойшылардың) мәжбүрлігінен ғана туындаған. Ал халықтың басқа зиялы өкілдері сүйектен, ағаштан жасалған домалақ заттармен, жемістің дәндерімен ойнаған. Құмалақтың өзімен ойнағанның өзінде оны жүріс жасау кезінде басқаша атаған.
Мәселен, С.Аманжолов: "Айтылған 18 отаудың іштерінде ойын басталмас бұрын тоғыз-тоғыздан құмалақ болады (барлығы – 162), олар жүріс үстінде ат деп аталады", – дейді[3]. Ал Т.Сұлтанбеков: "Тоғызқұмалақ ойынында атпен байланысты екі атау бар. Бұл атаулардың кіру себебі – тоғызқұмалақ ойынының қазақтың өмірімен іштей біте қайнасып жаткандығын дәлелдейді. "Ат"деп ойынның барысында жүрілетін құмалақтарды айтады. Мәселен, бір отауда сегіз құмалақ жатыр делік. Оның арты, яғни сонғы құмалақтың түсетін жері – әлгі отаудан солдан оңға карай санағанда сегізінші отауда жатыр. Сонда ойыншы: сегізінші отауға менің құмалағым жетіп тұр деудің орнына "атым жетіп тұр" немесе ойынның ретіне қарай "сенің белбасарыңа жететін менде ат жоқ", "сенің атың” менің "байыма" жығылып жатыр немесе "байға" жетем десең ат жина деп сөйлейді. Ерте кезде қазақ халқы алыс жолдарға сапар шеккенде қосағына ат алып жүретін болған немесе айшылық сапарға шығарда әрбір бекет сайын ат ауыстырып мінетін болған. Тоғызқұмалақ ойынында да осыған ұқсас жайлар кездеседі. Мәселен, бір отауда жиналған "байды" "шауып алу" үшін, ойыншыға кәдімгідей-ақ ат жинау керек. Ол аттарды "байға" жеткенше әрбір отауға бір-бірден тастап отырасыз (бекетке қалдырған тәрізді). Сонда соңғы атыңыз байға жетіп, "бай" алым болса, сіз "олжаға" қарық болып қалған болар едіңіз"[2.189], – дейді.
Түркілік дүниетанымда "Орда" сөзі – мемлекет ұғымымен шектес қарастырылады. Мәселен, Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда және т.б. тарихта қалған мемлекеттердің атауы. Сонымен қатар Орданың отан сөзімен мағыналас қарастырылатын кездері де ұшырасады. Мемлекетті президент басқаратыны секілді Ордаға билікті каған жүргізген. Қағанға бағынған әрбір үй әскер үшін ат (адам) беруге міндетті болған. Бейбітшілік кездерінде отбасыларында болған жауынгерлер жаугершілік замандарда Ордаға жиналған. Яғни орда – халықты біріктіретін, әскердің басын қосатын орын болған және жинақтаушылық қызмет атқарған. Сондыктан болар, тоғызқұмалақ ойынында "қазан" сөзімен қатар, "орда" сөзі де заманалар бойы ұмытылмай қолданылып келген және жинақтаушылық қызметіне сай ойынның атауы ретінде де кейбір ауыз әдебиеті үлгілерінде көрініс тапқан.
Мәселен, ойынның көнедегі атауы "Манас" дастанында кездеседі. Жырдың 1978 жылғы бірінші кітабының Сағынбай Оразбекұлының нұсқасындағы 296 бетте батыр Манастың осы ойынды ойнайтыны туралы мәлімет бар.
"Баштаптыр Манас Ордону,
Ордо деген оюнду
Бизге мирас калганы
Тогуздап коргоол салганы
Бу Манастан калганы", – делінген[4]. Ал екінші кітаптың 308 бетінде Алманбет батыр Шу бойына Манасты іздеп келгенде, батырдың қырық шатыр тігіп, алаңсыз Ордо ойнап жатқанының үстінен түседі. Қырғызша – Ордо, қазақша – Орда екенін ескерер болсақ, онда ойымыздың дұрыстығына көз жеткізуге болады.
Сондықтан болар тақта басында ойналатын ұлттық ақыл-ой өнерін "тоғызқұмалақ – шексіз қозғалыс ойыны" дегеннен гөрі, "Орда – ат жинау немесе қор жинау ойыны" – деп қарастырған орынды. Яғни шексіз қозғалыстың өзі белгілі бір заңдылыққа бағынуы тиіс. Ал заңдылық (түрлі қозғалыстарға ақыл-ой арқылы ықпал етіп, белгілі бір мекенге орналастыру) ойын ережесінен шығады және ойынның мақсатына сай келіп, нақтылы мәнін таныта алуы тиіс.
2015-2016 оқу жылының І тоқсанынды оқушылар арасында аудандық үстел ойындарынан жарыс өтті. №10 орта мектеп оқушылары бұл жарыста ерекше белсенділік танытты. Родина ауылында болған « ЖАСТАР -2016» топтық кезеңде Искаков Ислам, Искакова Гүлім, Әбдуалиев Еламан және Нұрлыбекқызы Әсел өте жақсы ойын көрсетіп, аудандық жарысқа жолдама алды.
Ақмол ауылында болған ойында оқушыларым өз шеберліктерін көрсетіп, командалық есепте IV орынға ие болды. Жекелей II және III орындарға ие болып медальдармен және алғыс хаттармен марапатталды. Жарыс жолында жүрген осы шәкірттеріме тоқтала кететін болсам, жетістіктерін мақтанышпен айтуға және болашақтада биік шыңдарды бағындырады деген сенімім зор. Искаков Исламға келер болсам 6 сыныптан бастап жарыстарға қатысып, мектептер аралық, аудандық және өткен жылы обылыстық жарыстарға қатысып мақтау – марапаттауларға ие болған. Негізі бұл ойын шыдамдылық, сабырлылық, ойлау және ақылмен ойнауды талап ететін ойын болғандықтан шәкіртеріме ойында әркез қолдау көрсетумен болам. Қозғалыс ойыны болғандықтан әр кез қимыл қозғалысты ойлауды талап етеді.
Оқушылардың ойын барысындағы сәттері
Достарыңызбен бөлісу: |