Ататүрік тек өз халқының, өз елінің ғана емес, бүкіл түрік («түркі» емес, түрік!) әлемінің ұлы презенттерінің бірі. Ол өзінің бүкіл саналы өмірін туған халқының жарқын болашағына, туған елінің тәуелсіздігіне, тұтастығына, бірлігіне, ана тілі мен ұлттық мәдениетінің дамуына, өркендеуіне арнады. Ататүрік қиын-қыстау кезеңде ұлт-азаттық күресін басқарып, туған елін ғасырлар бойына созылған сұлтандар әулетінің өзара қырқысынан, импералистік мемлекеттердің Түркияны бөлшектеп, әлем картасынан сызып тастау жөніндегі арам пиғылынан құтқарды. Сөйтіп, Батыс үлгісіндегі, еуропалық сипаттағы жаңа түрік мемлекетін — бүгінгі Түркия республикасын құрды. Осы күн, яғни 1923 жылдың 29 қазаны күні Түркияның бас мейрамы — республика күні болып белгіленді.
…Ататүрік Грекияның Салоники (ол кезде бұл жер Осман империясының құрамында болатын) қаласында туды. Сонда арнайы әскери мектепті бітірді. Кейін әскери училищені және Стамбұлдағы әскери академияны тәмамдады.
Ататүріктің әкесі Әли Рыза бей ерте қайтыс болып, шешесі Зүбәйда ханымның тәрбиесінде өсті. Аға-інілері болмаған. Мақбүпә есімді қарындасы болған. Ол да көп жасамаған. Ал Зүбәйда ханым 1923 жылға дейін өмір сүріп, ұлының қаһармандыққа толы күрескерлік өмірінің куәсі болды.
Әскери мектепте оқып жүрген кезінде Ататүрікке бір күні математика пәнінің мұғалімі былай дейді: «Ұлым, екеуміздің де атымыз Мұстафа екен. Арамызда айырмашылық болуы үшін сенің атың бұдан былай Мұстафа Кемал болсын». Ұстазы осылай дейді де, журналға солай жаздырады. Сөйтіп, азан шақырып қойған аты сәл өзгертіліп, Ататүрік екі сөзден тұратын есім алады (Мұндай есімдер түріктер арасында жиі кездеседі). Ал кейін, 1934 жылы Түркияда фамилиялар туралы арнайы заң қабылданғанда, түрік халқының алдындағы орасан зор еңбегі ескеріліп, Түркияның Ұлы Ұлттық Мәжілісінің (парламентінің) арнайы қаулысымен Мұстафа Кемалға «Ататүрік» деген фамилия берілді.
Сақария қаласында грек әскерімен болған 21 тәулікке созылған бетпе-бет ұрыста тамаша жеңіске жеткені үшін (бұл шайқас 1921 жылы болған) 1921 жылдың қыркүйек айында оған маршал дәрежесі (бұл кезде 40 жастағы Ататүрік армия генералы болатын) және «Ғази» («Жеңімпаз») атағы берілген еді…
Жаңа тұрпатты парламентті (ТҰҰМ) ұйымдастырып, оның алғашқы төрағасы да Ататүрік болды (1920 жылдың 23 сәуірі). Жаңа түрік мемлекеті — Түркия республикасының бірінші Конституциясын дайындап, бекітуге де Ататүрік басшылық етті (1921). Ататүріктен кейін Түркия республикасының тарихында тағы да екі конституция қабылданды (1960 жылы, 1982 жылдары). Бұл конституциялар әскери теңкерістердің нәтижесінде қабылданса да, Ататүрік ұстанымдары, Ататүрік рухы, Ататүрік ұстанған басты принциптер күні бүгінге дейін өзгермей келеді.
Ататүрік Түркия республикасының 15 жылдығына орай елді аралап жүрген сапары кезінде 1938 жылы 10 қараша күні Стамбұлда бауыр церрозынан қайтыс болады (57 жаста). Оның денесі Анкараға әкелініп, сондағы этнография мұражайына жерленеді. Ал 15 жылдан кейін, яғни 1953 жылы қазіргі кесенесіне көшірілді. Бұл кесене түрікше «Аныт қабир» («Ескерткіш қабір») деп аталады.
Түркияның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік туралы Түркияда да, шет елдерде де кеп жазылған. Отанында оның есімі күні бүгінге дейін үлкен құрметке ие. Түркияда ғылыми зерттеулерді былай қойғанда, Ататүрік туралы жазылған естеліктердің, оған арналған өлең-жырлар мен дастандардың өзі том-том. Ол жайында көркем шығармалар, фильмдер, спектакльдер, музыкалық туындылар да жетерлік.
Қазақ тілінде Ататүрік туралы 1990 жылдардың басынан бері қарай азын-аулақ материал жарық көрді. Аллаға шүкір, қарғыс атқыр коммунистік режим күйреп, қызыл аждаһа тоңқалаң асқан соң, Қазақстанның азат әлеммен, оның ішінде Ататүрік елімен қарым-қатынасы жақсы дамып келеді. Екі ел арасындағы барыс-келіс, Түркия туралы, Ататүрік туралы қазақ газеттері мен жорналдарында жиірек жазылатын болды, радио, телехабарлар беріле бастады. 1998 жылы Түркия Республикасының 75 жылдығына байланысты Ысрайыл Ысмайылдың «Ататүрік» атты кітабы да жарық көрді.