«Кіші октябрьдің» авторын – Голощекинді қастандықпен өлтіруді ойластырды», «қырда көтеріліс ұйымдастыруға әрекеттенді»,– деген айып аяқ астынан табыла кетті.
Бұл идеяның авторы кім? Егер де, Филип Исаевичтің өзі мақұлдамаса, тергеушілердің бір де біреуі басын бәйгеге тігіп, тәуекелге бел байлауы мүмкін бе? Қайдам. Ал, Голощекин бұл лақап арқылы өзінің беделінің өсетінін білді. Біріншіден: бұл кеңес өкіметіне және оның көсемдеріне бұлтартпайтын айғағы бар ашық жаулық. «Айыпкерлердің» кез-келген пікірі айғаққа жарап жатыр. Екіншіден: «социализм дамыған сайын, тап күресі шиеленісе түседі»,– деген Сталиннің пікірін «дәлелдейді». Үшіншіден: «Голощекинге қастандық жасауға ұмтылуы тегін емес. Демек ұлтшылдардың жанына тиетін бір түйіткілдің болғаны. Ендеше қалайда «Кіші октябрьді» жүзеге асыру қажет»,– деп шешкен. Әрине, бұл жай ғана болжам. Бірақ шындықтың да сілемі жоқ емес. Өйткені Голощекин әрбір отырыста: өзіне қастандықтың жасалатынын жиі еске салып, мәжілістерде де қайталауды ұнататынын басқаша қалай түсінуге болады?
Ең шетін мәселе – Байтұрсынов бастатқан «контрреволюционерлер» Голощекинге қарсы қастандық ұйымдастырды ма, жоқ па? «Ұйымдастырған» екен. Оны да «айтып қойған» – Д. Әділев боп шықты. Бұл жолғы салмақ, яғни, қорғану кезегі – Жүсіпбек Аймауытовқа түсті. 1929 жылы 20 мамыр күні тұтқынға алынған Жүсіпбек Аймауытовқа:
«1927-1928 жылдары Әділевтің бандысымен астыртын байланыс жасап қырда қарулы көтеріліс ұйымдастырмақ болған»,– деген айыптың тағылуы соған дәлел.
Бұл – тергеудің үшінші желісі. Ал, оның қандай тарихи астары бар еді?
Д.Әділев (жалғасы): «Театр директоры ретінде күш-қуатымды аямай жұмыс істедім. Бірақ мен отставкаға сұрандым да Ташкентке кеттім. Орныма Әли Байсейітов тағайындалды. Содан Қаратауға барып қырда біраз дем алдым да, Қызылордаға келген соң Аймауытов екеуміз Мәскеуді көріп келуге кеттік. Мәскеуде Свердлов алаңындағы екі қабатты Кеңес үйінде тұратын Қожановтың пәтеріне түстім. Мәскеуде он күн тұрдым. Қожановтың әйелімен, ұлымен, түркістандық бір қазақпен үлкен театрға бардым. Бұл мен үшін үлкен жаңалық болды. «Руслан мен Людмила» операсын көрдім. Келесі күні Қожанов мені шығарып салды. Москваға келе жатқанымызда, жолда поезда Смағұл Сәдуақасовпен кездескемін. Әңгіме барысында ол: өлкелік комитеттің мәжілісінде Голощекинмен және басқа да бюро мүшелерімен қатты ұрысып қалдым,– деген болатын. Мен мұны Қожановқа айттым. Ол содан кейін Асфандияровқа және Қазақстанның Москвадағы өкілі Досовқа хабарласты. Олар қонақ үйде біраз әңгімелесті. Асфандияров тапаншаның бірнеше оғын Қожановқа берді. Қайтарда Арыс бекетінен Шымкентке түйемен келіп, одан Әулиеатаға соғып, ауылға бардым.
1927 жылы өзімнің жақын туыстарым Мұқатай Бейсенбаев пен Нұрлан Кәрібаевті ертіп Қызылордаға келдім. Қаладан шеткері орналасқан станцияның түбіндегі Алпысбайдың үйіне орналастым. Сол үйге Дулатов келді. Әңгіме барысында: ССРО мен Англияның арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың үзілгенін, соғыс бола қалған жағдайда Кеңес өкіметінің құлайтынын сонда естідім. Байсейітті түрмеден алып шыға алмадық. Коллегия мүшесі Қадырбаевтің кепілдігімен ғана босатты. Кейіннен оның ісін Ақмола уезінде – Петропавл қаласында қарайтыны белгілі болды. Содан кейін Байсейіт елге шығып кетті.
Бұл 1927 жылдың күзі болатын. Біздің ауыл Сарысудағы жайлаудан Шу бойына көшкен еді. Түркістаннан ауылға бір өзбек келіп: «Қожанов Мәскеуден келді. Ол: Әділевтер көзге түссе міндетті түрде ұсталады. Неғұрлым шет жүргені дұрыс», – деп сәлем айтыпты. Сонымен 1928 жылдың көктемі де келді. Ауыл солтүстікке қарай жайлауға көшті. Қожанов Ташкентке келді дегенді естіп: «Мүмкін мені Өзбекстанда қызметке алар немесе шетелге баруға жолдама берер»– деген үмітпен туысым Нұрлан Кәрібаевті ертіп жолға шықтым. Ағабек Байдуллаевтің ауылына келгеннен соң Ордабай Жақыпов деген милициядан оның тұтқынға алынғанын естідік. Біз Шымкентке суыт жүріп кеттік.
Жүсіпбек Аймауытов Шымкенттегі Казпедтехникумда сабақ беретін. Ақшамда оның пәтерін тауып алып, терезесінен дауыстап шақырдым. Ол жазуын қоя сап сыртқа шықты. Ол мені дауысымнан таныпты. Ташкентке – Қожановқа жолығуға бара жатқанымды айттым. Ол: «Сенің ашық жүруің өте қауіпті. Байдуллаевті босатып аламын десең – өзің біл. Бірақ Ташкентке барма. Қожанов пен Дулатовқа айтатын сәлеміңді менен айт»,– деді. Біз сонымен тарқастық. Ағабек пен Отарбайды ертіп Сұлтанбекке бардық. Ол: «Таңертең Ағабек амбулаторияға барады. Сонда атты дайындап қойыңдар да, өздерің оны қаланың сыртынан күтіңдер», – деді. Біз үш атпен Ағабекті күтіп тұрдық. Ол келісімен Темірланға қарай бет алдық. Онда Ағабектің туысының үйіне түстік. Мініске ат берді. Сөйтіп ауылға жеттік».
Бұл көрсетінді Жүсіпбектің өзгелерден бұрын атылып кетуіне тікелей себепкер болды. Өйткені мұнда Голощекинге «жасалған қастандық әрекеті» ашық айтылған. Және Д.Әділевтің берген көрсетіндісін Ж.Аймауытовтың өзі мойындаған. Ол оқиғаның ұзын-ырғасы мынадай:
Жоғарғы соттың айқындамасынан: «Аймауытов, 1928 жылы көктемде Шымкент қаласында Әділевпен кездескенін мойындады. Ол (Д.Әділев) бұған (Ж.Аймауытовқа) өзінің шет елге кетіп қалуды ойластырып жүргенін айтады және Қожанов арқылы ретін тауып шетелдік паспорт алып беруін өтінеді. Содан кейін өзінің (Әділев) Голощекинді өлтіруді ойлап жүргені жөнінде айта бастайды, бірақ Аймауытов оған бұлай істемеу туралы кеңес береді».
Жүсіпбекке тағылған айыптың бар-жоғы осы. Оның тіпті «контрреволюциялық астыртын ұйымға» да, «қарулы көтеріліске» де қатысы жоқ. Қайта, Әділевті бетінен қайырғаны үшін, алғыс айту керек еді. Ол кезде Жүсіпбек – Шымкенттегі Педагогика техникумының оқытушысы болатын.
Ал, бірінші рет «Торғай ісіне» байланысты жауапқа тартыларда ЦКАКА-да (қызыл әскер курсында) әдеби қызметкер екен. Ж. Аймауытов бұдан бұрын да бір рет сотқа тартылып, тергеуге түскен. 1922 жылы Торғайдағы ашаршылыққа ұшыраған қазақтарға Семей Губерниясынан мал жиып, оны сонда айдап барады. Жол-жөнекей аштан қырылып жатқан ел-жұрттың үстінен түсіп, ішінара мал үлестіреді. Қолхат алады, бірақ ауылдық советтің мөрі жоқ деген айып тағылып, «мемлекеттің, мүлкін талан-таражға салғаны үшін» сотқа тартылды. Сотта ол «айыпкерден» айыптаушыға айналып, өзін-өзі ақтап шығады.
«Аштарға көмек» комиссиясы ВЦИК-тің жанынан 1921 жылы 18- маусымда құрылып, 1922 жылдың қыркүйегіне дейін жұмыс істеді. Оның бөлімдері барлық республикаларда ашылды. Қазақстандағы комиссияның басты міндеті – еуропалық аштарға азық-түлік жөнелту болды. Бір жарым миллион адамның өмірін үзген ашаршылыққа назар аудармастан Аралдың балығы Поволжьеге жөнелтілді. Павлодар уезінде аштарға деп жиналған ет еуропалықтарға жетпей, сасып жатты. Ал онымен жапсарлас Торғай өңірінің қазақтары аштан қырылып, ел кезіп, «без теріп» кетті.
Осыған орай Қазақстан мен Түркістан деңгейінде А.Байтұрсыновтың ұсынысымен «Аштарға көмек» комитеті құрылды. Басында бейтараптық танытқан Өлкелік комитет, ел-жұрттың алдындағы беделінен айырылып бара жатқанын көріп, еріксіз араласады. Ол туралы С.Меңдешевтің өзі:
Достарыңызбен бөлісу: |