Қазақ интеллигенттерiн қинауды күшейту туралы сiздiң жарлығыңыз басшылыққа алынды және интеллигенттердiң сөздерiн жеткiзiп отыру үшiн әзiрше үш тыңшы – «Қалам» («Перо»), «Нияз», «Дальше» – олардың арасына кiргiзiлдi. Өзге тыңшыларды тартуға дайындықтар жүргiзiлiп жатыр.
Ескерте кетерiмiз, «Шағыр» Шымкенттегi тұрақты қызмет орынына жүрiп кеттi, тазарту кезiнде партия қатарынан шығарылды. Байғасқиннiң сұрақ-жауабын жiберiп отырмыз»,– деген мәлiметi толық дәлел.
«Алаш iсi» мен «Алқа» туралы әңгiме қозғалғанда:
Д.Ысқақов: «Алқа» әдеби үйірмесіне байланысты айтарым мынау: 26-жылдың қарсаңында Байтасов менің пәтеріме менің үйде жоқ кезімде «Алқаның» бағдарламасын тастап кетіпті. Ешкім ештеңе түсіндірген жоқ. Жарғы біздің үйде біраз жатты. Мен оған ешқандай мән бергемін жоқ. Екеуміз бұрын да бірлесіп жұмыс істеп, кітаптар аударғамыз. Бір апта өткен соң ол менен «Алқа» әдеби үйірмесінің жарғысын менің оқыған, оқымағандығымды сұрады. Одан бізге келетін қандай пайда бар екенін сұрағанымда: Мәскеулік студенттер ұйымдастырыпты. Мәскеуде әдеби үйірмелердің бағытын негіз етіп алыпты – деді. Мен жарғыны оқып шығып, пікірімді айтуға келістім. Одан басқа ешқандай уәде бергемін жоқ. Жиырма күндей менің үйімде жатты. Қарап шығуға мұршам болмады. Ол тағы да мен жоқта үйге келіп, ендігі оқып бітірген шығар деген оймен жарғыны алып кетіпті. Мен жарғыны оқып үлгермегенімді айттым. Біраз уақыт өткен соң ол маған: үйірмені құруды ешкімде қолдаған жоқ – деген мағынада Жұмабаевқа хат жазып жібергенін айтты»;
Қ.Кемеңгеров: «(...) Байтасов маған: 21-жылы Заки Валидовтің Ташкентке келіп, қазақ ұлтшылдарымен кездескенін айтты. Бұдан басқа ештеңе білмеймін. Қазақ ұлтшылдарының төңкерісшіл ұйымы туралы ештеңе естігемін жоқ, білмеймін де. Ал Тынышбаевтің өңін білгеніммен де, өзімен таныс емеспін. Әлеуметшілердің ұйымына ешқандай мүше болған емеспін және ол туралы ештеңе білмеймін»;
сондай-ақ «Айыптау қорытындысында»:
«...1926 жылы оқу-ағарту институты бiздiң ықпалымыздан шығып кеттi, оның есесiне Ташкенттегi жоғары оқу орындарындағы партияда жоқ жастарды өзiмiздiң ықпалымызға қаратып алдық. Бiз мұны жоғары оқу орындарында оқып жүрген Байтасов пен Ысқақов арқылы жасадық. Бұл 1924-1926 жылдары жүргiзiлдi (Досмұхамедовтiң 22.IХ.30 жылы берген жауабынан № 2370-iс, 1 т., 220-бет);
«Осы кезде әдебиет майданындағы жұмыстарымыз жандана түстi… Әуелi Аймауытов, содан кейiн Кемеңгеров келiп қосылып, бiздiң iсiмiздi жүргiзiп отырды. Өзiмiздiң ықпалымызды баспасөз арқылы кеңiнен тарату үшiн бiз барлық күшiмiз бен жағдайды пайдаланып қалуға тырыстық... «Алқа» үйiрмесiнiң пайда болуы да соның нәтижесi. Бұл iстi тiкелей жүзеге асырған Ысқақов, Кемеңгеров және Байтасов маған жұмыс бабы бойынша кеңес алу үшiн келiп тұрды, мен оларға өзiмнiң нұсқауларымды бердiм (Досмұхамедов Х., № 2370-iс, 1 т., 221-парақ)»,– деген мағынада қағазға аты жиi түскен адамның бiрi де осы Абдолла Байтасов.
Тура бiз сөз еткен әдеби ортаға тiкелей қатысы болғандықтан да және оның көзқарасын толық бiлдiре кету мақсатымен бұл хатты толық жариялауды мақұл көрдiк. Өйткені осындай хаттардың iшiндегi пiкiр алысулардан барып «Алқаның» өмiрге келгенi аян. Оның үстiне, осынау дегдарлардың жандүниесiнен мағлұмат беретiн деректердiң көзi де шамалы. Сондықтан да дос адамдардың арасында ғана айтылатын кейбiр жеке мәселелердi де қысқартпадық. Өмiрдiң аты – өмiр. Ол үнемi – күйiнуден тұрмайды, сүйiнiш те сыйлайды. Сонымен қатар, бұл хаттың түрме тартпаларынан жуырмаңда жарыққа шыға қоюы да неғайбыл. Сонымен, елге демалысқа кеткен Абдолла Байтасов өзiнiң сыралғы досы Жүсiпбекке былай деп сәлем жолдапты:
Достарыңызбен бөлісу: |