«1931 жылы 10 қыркүйек күні айыпкер Халел Досмұхамедовтен алынған қосымша тергеудің хаттамасы.
Берілген сұраққа қайтаратын жауабым төмендегідей: Үмбетбаев Алдабергенді 22-жылдан білемін. Онымен Ташкент қаласында таныстым. Қазақ тілінен дәріс беретін маман ретінде әңгімелестік. Бөкейханов оған қандай мақсатпен, қандай тапсырма бергенін мен білмеймін. Үмбетбаевтің ұйымға ешқандай қатысы жоқ. Ал Заки Валидовті кім ертіп келгені есімде емес. Ермековпен арадағы араздығымыз 29-жылы орын алды. Ордабаевтің айтуынша, мені семейлік топ ГПУ-дің тыңшысы деп санайды екен. Бұл өсек Сәрсенов Дәлелден тарады. Мұны маған Селебаев пен Ордабаевтің біреуі жеткізді. Сондықтан да мен өзімнің ренішімді Ермековке білдірдім. Ол: «Сендердің Ташкентте жасырын ұйымдарың бар екен, сол туралы айт. Ал сені ГПУ-дің тыңшысы деген сөзді бірінші рет естіп тұрмын», – деді. Мен: «Бізде ұйым болды, бірақ оны ұмыту керек, сондықтан да ол туралы саған ештеңеде айтпаймын»,– дедім».
Үмбетбаевтің түсінігі: «1922 жылы Рысқұлов пен Бірімжановқа қатысты Тынышбаевтан ешқандай тапсырма алғаным да жоқ, орындағаным да жоқ. Мұны Тынышбаевтің өзі де растайтын шығар.
Тынышбаевтің жауабы: Мен бұрынғы бір жауабымда айтқанымдай, 1922 жылы Түркістан қаласында Халел Досмұхамедовпен кездесіп, оған: Заки Валидовпен байланыс орнатылған жоқ, сондықтан да онымен кездесу кейінге қалдырылды,– дедім».
Бұл жауабында, көріп отырғаныңыздай, Х.Досмұхамедов Алдаберген Үмбетбаевтің еш «қылмысын» білмейтін болып шығады. Шындығына келсек, өздері жолығуға ынталы болған Заки Валидовке жіберген сыпайыны жақсы білгені анық.
Халел Досмұхамедов айып тағып отырған Дәлел (Далил) Шегелекұлы Сәрсеновтің өз аты Алаш тарихында алтын әріппен жазылмаса да, туған ағасы Биахмет Сәрсеновтің есімі мәңгілік ұмытылмайтын тұлғаның бірі. Кей тұста ағасының қайраткерлігі туған бауырының ел үшін істеген елеулі еңбектерін тасада қалдырған сияқты әсер қалдырады. Әйтпесе, Дәлел Сәрсенов «Алашорда» үкіметінің ең қыспақты тұсында үш жақты құрсауда қалған Алаш автономиясы мен Башқұртстан республикасының арасын жалғастырған жүректі азамат. Жүсіпбек Аймауытовпен, Қаныш Сәтбаевпен, Мұхтар Әуезовпен қатар Семейдің ерлер гимназиясын 1918 жылы бітірген. 1919-1922 жылы Том университетінің заң факультетінде оқыған. Аталған азаматтардың жүрегін шымырлатқан, әр қайсысы да дәмелі болған Том университетінің медицина факультетінің студенті Ғайнижамал Кутумоваға үйленіп, 1923 жылы Ташкентке ауысады. Мұнда Орта Азия университетін тәмамдап, 1925 жылы 20 мамыр күні Қазақ ағарту институтының директорлығына тағайындалады. Содан кейін Қапыланбектегі мал шаруашылығын зерттеу институтының директоры қызметін атқарады. 1932 жылы жұқпалы індетке ұшыраған ауруларды егу кезінде өзіне де жұқтырып, оқыстан қайтыс болады. Ал жесірі Ғайнижамал Кутумова 1938 жылы Өзбекстан денсаулық сақтау министрінің орынбасарлығына тағайындалып, 1947 жылы докторлық диссертациясын қорғар алдында жүрек талмасынан дүниеден өтеді. Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезовтің жүрегінен ерекше орын алған Ғайнижамалға жазған олардың ғашықтық дастанға бергісіз 200-ге жуық хаттарымен Ташкенттегі күйеу баласы, профессор С.Қарабаевтің үйінде танысып едік. Түрме азабынан тосын ажал құтқарған Дәлел Сәрсеновтің алаш қайраткерлерімен байланысын үзбегенін Х.Досмұхамедовтің көрсетіндісі дәлелдейді. 1926 жылы 13 көкектегі институттың ғылыми кеңесіне төрағалық еткен директор Дәлел Сәрсенов:
«Оқытушы Досмұхамедов жолдас Қазақ педагогикалық институты үшін аса бағалы маман болғандықтан да Оқу ағарту халық комиссариатынан оны Қызылорда қаласына шақыртқан ұсыныстан бас тартып, институтта қалдыруды өтінеді»,– шешім шығарды.
Бұдан директор Д.Сәрсеновтің оқытушы Х.Досмұхамедовтің қадірін білгендігі танылады. Ал олардың арасындағы қырғиқабақ қарым-қатынасты елдік күрестің садағасына лайық мінезге жатқызамыз. Бұл отаудың тағдыры барынша инауатты тұрғыдан зерттеуді қажет ететін тақырып. Біз әдептіліктен аспаған бұл эпистолярлық мұраларды сондай бір әдепсіздікпен иеленгісі келген әлдеқалай классик біреудің бетін парасатты оқымысты Серік Қарабаев әдеппен қайыра біліпті.
Оған да тәубә. Кейде ақиқаттың да ар ұялар іске бастайтыны бар.
Бұл – шындық, бірақ үлгісіз шындық.
Тергеушілердің ендігі нысанаға алған адамы «Алаштың» жас жолбарысы Әлімхан Ермеков екені осы хаттамадағы қойылған сұрақтан-ақ аңғарылады. М.Тынышбаев пен Х.Досмұхамедовтен Ә.Ермеков жөнінде жарыстыра «сыр» суыртпақтайды. Мұның алдында М.Тынышбаев: Халел Досмұхамедов пен Әлімхан Ермеков бір-бірімен араз. Сондықтан да олардың арасында ұйымдық байланыс болуы мүмкін емес, – деген мазмұнда жауап берген болатын. Әрине, бұл қалайда Ә.Ермековтің атын хаттамаға түсірудің амалы. Әйтпесе, екі адамның арасындағы қарым-қатынасты реттеу төтенше комитеттің міндеті болмаса керек-ті. Сөйтіп, М.Тынышбаев пен Х.Досмұхамедовті екеуара беттестіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |