Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



бет12/64
Дата04.11.2016
өлшемі10,61 Mb.
#96
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   64

Августың он бiрiнде Жазушылар Одағының парторгi Әбдiқадыров Қалмақанның Iлиясты Алматыға шақырған «бұйрығын» алдық. Августiң 13-i күнi, таң қылаң бергенде, Алматыға балаларымызбен тұтас көшiп келдiк. Жол соқты боп барлығымыз да шаршап қалған екенбiз. Жайлаудан қайтқан жүктердi түсiре салып, төсегiмiзге құладық.

Бiраз демалған соң бөлмемнен шыққанда Iлияс үйде жоқ едi. Ол өзiнiң бұрынғы әдетiмен сағат төртте ғана қайтты. Жанында Мұхтар бар едi. Тамақ алдында үшеумiз жайлаудан алып қайтқан қымызды iштiк. Түскi тамақтан соң Мұхтар мен Iлияс өз бөлмесiне кеттi. Мен балалардың жанында болдым. Кешқұрым шайдан соң Iлияс екеумiз Мұхтарды бiраз жерге шығарып салдық. Үйге қарай беттегенiмiзде мен Iлиястан: «Қалмақанды көрдiң бе, неге соншама тығыз шақырыпты?»,– деп сұрадым. Ол: «Ғаббас алыныпты (ұсталыпты – Т. Ж.), сол туралы шақырыпты», – дедi. Тағы бiрталай алынғандардың аттарын атады. Үйге жақындағанымызда бiздiң есiктiң алдында қараңдаған бiрнеше кiсiнiң тұлғасын байқадық. Үйге кiргенiмiзде олар да бiзге iлесiп iшкерiге кiрдi. Шикiл сары бiреуi Iлиясқа ордерiн ұсынды.

Барлық бөлмелер түннiң жарымы ауғанша тiнтiлiп, Iлиястың кабинетiндегi барлық қолжазбаларды, кiтаптармен бiрге алып кеттi. Тек террассадағы архивтер сақталатын үлкен сары шкаф жайлаудан қайтқан жүктермен жабылып, көрiнбей, тiнтiлмей қалыпты»,– дейдi.

.Сондай зауал шақта:

Қара түн дүние тұман басқан,

Албасты тұншықтырып уын шашқан.

Күркiреп, көк жөтелiп жасын атса,

Шарт етiп сатыр – күтiр жарылды аспан,–

деп 1937 жылы булыққан жыр дүлдүлi Iлиястың Құлагердiң тағдырын құшқан күн – 13-тамыздың түнi, 14-тамыздың таңы екен.

Бұл зауал таңы қазақ поэзиясы үшiн де қаралы таң едi. Кейiнгi өмiр жолының ауыр-ауыр белеңдерiнен өтiп, бес бiрдей баланы бетiмен қаңғытып жiбермей, басын қосып адам ғып тәрбиелеуiнiң өзi осынау батыл тұлғалы әйелдiң өжеттiгi ғана емес, ерлiгi де едi. Ананың ерлiгi. Осындай қасiреттiң дәмін татқан ананың азап арқалап, уайыммен кешкен ғұмырының «себепкерлерi» туралы ашына есiне алуы да заңды. Төмендегi естелiгiн он ойланып, тоқсан толғанып адам аттарын өзгертiп барып жариялауға бел будық. Мәселе – жекелеген адамның күнәсiнiң ауыр-жеңiлдiгiнде емес. Мүмкiн, күдiк пен жан ашуының екпiнiмен өзiн-өзi тежей алмай, артық-ауыс сөздердi қосып жiберуi де. Басты мәселе – сол ауыртпалықты абзал ана, нәзiк жанды әйел қалай жеңе бiлдi, гәп сонда. Алпысыншы жылдары Қазақстан Жазушылар одағы «ар алдында тазару» мақсатымен ашық партия жиналысын өткiздi. Сонда Фатима Ғабитова да сөйледi. Бiз күнделiкке жазылған сол сөздi қысқаша келтiремiз. Iлиястың семьясының бұдан кейiнгi тағдырынан, Мұхтардың өмiрiнен мағлұмат бередi.



Фатима Ғабитова: «Мен бұл мәжiлiсте халықтың шын ұлдарына, партияның айнымас мүшелерiне жала жауып, ардақты, ғазиз жандардың жазықсыз жаза тартуына, үй-iштерiнің жәбiрленулерiне, тiптi, жазықсыз сәбилердiң көшеге лақтыруларына себепшi болған және Iлиястың қолжазбаларының жағылуына, орны толмайтын асқақ үндi ғажайып «Көбiк шашқан», «Құрманғазы», «Мақпал» дейтiн поэмалардың рәсуа болып жұлмалануына себепшi болған, сталиндiк зорлық-зомбылықтың аса рақымсыз арандатушысы туралы сөйлемекпiн.

Мен – Iлияс Жансүгіовтіңң әйелiмін, отыз жыл мұғалiм болдым, осы күнi дербес пенсионермiн. 20 жыл «халық жауының әйелi» деген жексұрын атпен өмiр сүрдiм. ХХ партия съезiнен кейiн ғана менiң семьям ол жексұрын аттан азат болды.

Мына бүгiн ХХII партия съезiнен кейiн көрген (бұрынғы – Т.Ж.) жәбiрлерiмдi айтуға, жәбiрлеушiлердiң атын атауға мiнбеге шығып отырмын. Өйткенi Майлин, Сейфуллин, Жансүгiровтердің ажалына себепшi болғандар жаза тартпай, әлi де жауапты қызметтерде болғандықтан, бiздiң граждандық правомызға қол сұғып, бiзбен есептеспей келедi. Мысалы: ерлерiмiз ақталған күннен бастап алатын пенсиямызды үш жылдан соң әрең алдық. Сыртымыздан заңсыз түрде Қазақ Совет Министрлiгi авторлық правомызды сатып алды. Тағы-тағы сондай көргендерiмiз толып жатыр. Бiрақ мен бұл мәжілісте пенсиялар, авторлық праволар жайлы айтпақ емес едiм, тек ыңғайы келген соң айтылып кеттi. Менiң бүгiнгi айтарым – түлкi терiсiн жамылған қорқау қасқыр туралы.

1937 жылдың 13/VIII – сында Iлиясты НКВД алып кеттi. Iлияс алынған соң бiр-екi күн өтiсiмен ...евтiң Iлиясты қаралаған мақаласы газет бетiне жарияланды. Мен, әзір осы мәжілiсте ...евтың Iлиясты қаралап жазған мақаласын қандай материалдарға сүйенiп жазғанын естiгiм келедi. Ешбiр материалға сүйенiп жазбай, тек НКВД: «Қаралап, жала жауып жаз!» – деген соң жазса, бұл адам бейнесiндегi жыртқыш неге сталиндiк зорлық зомбылықшылар қатарында жазасын тартпайды?!. ...евтiң екi жүздi, табансыз, адамгершiлiгi өте төмен адам екенiн дәлелдейтiн мына бiр жайларды да бұл мәжілісте айтып кетудi лазым көремiн.

Iлияс алынысымен ...ев менiң квартирама көшiп келдi. Төрт бөлмелi квартирамның үш бөлмесiнде ол, бiр бөлмесiнде 4 баламен, ауру анаммен мен қалдым. Күнде ...ев: «Квартираның ордерi менде, басқа жаққа көшiңдер» – дейтiн болды. Мен ол күндерде аяғымды әзер алып жүремiн, босанар мезгiлiм де таяп қалған кез едi. Өзiмнен басқа көшiп-қонуға жәрдемдесетiн жан жоқ. ...евты бала күнiнен бiлушi едiм. Алғашқы оқуға орналасарында жетпегенiн жеткiзiп, өзiм нағашысы Мұстафаға жәрдем берiп, оқуға орналастырып едiм. Бұл 1925 жылы Қызылордада болған жай.

...евтан: «Мен босанып больницадан қайтқанша балаларым осы бiр бөлмеде тұра тұрсын. Больницадан келiсiмен бiр жерге көшермiз, тiлеуiң берсiн...», – дедiм. Сонда ...ев: «Сiздің балаларыңыз бен бiздiң балалар бiр есiктен қалай кіріп-шығып жүредi? «,– деп, бетiме ежiрейе қарады. Және сол күнi союздың жүк таситын машинасымен Гүлжамалдың ауыз үйiне көшiрiп тастады. (Гүлжамал Бейiмбеттiң әйелi). Ауыз үйге өзiмiз алты жан ептеп сыйсақ та, жүгiмiз сыймады. Заттарымыз далада шашылып жатты. Гүлжамал екеумiз төсенiштердi екiншi этаждағы ауыз үйiмiзге шығардық. Менi ұйқысыз толғақ қысты. Гүлжамал екеумiз босанатын жерге жаяулап бара жатырмыз. Больницаға жетпей көшеде босандым. Алматыға бiрiншi қар жауған едi. Врачтар он күн бұрын босанғанымды айтты.

Больницада он күн жатып, ұлымды алып қайтып келемiн. Үйге жете бергенде есiгiмiздiң алды қағазға толғанын көрдiм. Байқап қарасам, Iлиястың қолжазбалары. Есiм шықты, ептеп жиыстырып алдым, көбi су болған, жыртылған. Мен больницада жатқанда ...ев террасада қалған бiрнеше қолжазбалармен толы ящиктердi де есiгiмiздiң алдына төктiрген екен. Сонда «Мақпалдар», «Құрманғазылар» рәсуа болды.

1947 жылы, жаз айларында жанында үлкен ұлы бар ...ев Меркеде 10 жылдық қазақ мектебiнде завуч болып тұрғанымда маған келдi. Тiлi соншама майда: «Менiң сiзге көрсеткен жәбiрлерiмдi кешiңiз, мына балаңызды алдыңызға алып келдiм», – дедi. Тағы менiң қара басымдағы қасиеттерiмдi тiзiп, ендi менiмен бiр туыстай болып өмiр сүруге бел байлағанын айтты. Ғажап, бұл маған не үшiн келдi екен деп ойландым. Есiме Мұхтар түстi. Бұл сұм менiң Мұхтармен жақсы екенiмдi бiлiптi де, Алматы барып Мұхтардың қанатының астына кiру үшiн алдымен менiмен татуласуды ойластырғанын сездiм. Сол күндерде өзiмнiң күнделiк дәптерiме мына бiр сөздердi жазып қойыппын. «Кешiрiлмейтiн кiнә»:

Жаралы жолбарыстай, мен амалсыз.

Отырмын Iлияс кеттiң, сен хабарсыз.

«Алдыңызға кеп тұрмын, кешiр», – дейдi,

Қара иттей ...ев неткен арсыз?!

Iлияс ақталғаннан кейiн ...ев Iлиястың комиссиясына кiрмек болды. Мен Ғабитке айтып комиссияға енгiзбедiм. Бiрақ Мұхтарға «Эпопея, эпопея» деп жалынып жүрiп Академия шығарған сборникке Iлияс жайлы жазуға рұқсат алыпты. Мұны бiлген мен, Мұхтарға қатты ашуландым. Сонда маған Мұхтар: «Фатима, осы өте саяз жүзесiң, жазсын. Iлиястың бiрiншi қаралаушысы да ...ев және бiрiншi мақтаушысы да ...ев болсын. Келешекте тарих өзiнiң әдiл бағасын шығарар!», – дедi.

Сөзiмнiң соңында айтарым: соншама екiжүздi, арам, өзiнiң қара басының ғана қамын ойлайтын, асыл жандардың өлiгiн таптап мақсатына жететiн адам партия қатарында қалай жүре алады?!».

Жартылай айтылған шындық – жабылған жаладан да ауыр. Сондықтан, Фатима апайдың тағы бiр естелiгiн келтiрудi жөн көрдiк. Ол – Iлиястың бұл өмiрден көрген соңғы қызығы, көшеде дүниеге келген Болат Iлиясұлы Жансүгіовтіңң белi бесiктен шықпай жатып түрме есiгiн ашқан «сәбилiк тағдыры». Ілиястың ерінi соңғы рет тиген, әкелiк мейiрiмiн соңғы рет егiлдiрген де осы Болат. Және бұл үзiктен Iлиястың соңғы сөзiн де естимiз. Сол тұстағы Мұхтардың көңiл күйi де аңғарылады. Өйткенi оның өмiрi осы семьяның тағдырымен тiкелей сабақтас.

Фатима Ғабитова: «1937-iншi жыл. Апрельдiң аяқ кезi. Iлияс Совнаркомның таудағы демалыс үйiнде «Исатай» дейтiн пьесасын жазып жатқан кез. Мен 12-iншi мектептiң 5-7 кластарына тiл және әдебиет пәнiнен сабақ беремiн. «5» а класының жетекшiсiмiн. Және мектеп бойынша әдебиет үйiрмесiн басқарамын. Тағы да алдағы сайлауға депутаттыққа ұсынылған кезiм едi. Газеттерден тiлшiлер келiп, менiмен әңгiмелеседi. Суретiмдi түсiрiп алады. Сөйтiп, халқыма қадырлы оқытушы болып, арымай қызмет еткен күндерiмде Болаттың бойыма бiткендiгiн байқадым. Алдында ағалары (Жәнiбек, Азат, Саят), тәтелерi (Үмiт, Ильфа) бар. Мен босанғанда әрдайым Iлияс қатты қуанатын. Сонда ол: «Мен – баламыз болды деп қуанбаймын, сен аман қалды деп қуанамын»,– дейтiн.

Бiрiншiден, қызметiмдi қимағандықтан, қызықты болғандықтан; екiншiден, бала соншама таңсық та болмағандықтан, мен Iлиясқа телефонмен барлық жайды айттым... «Тiкенiмдi алдырсам қайтедi?»,– дедiм. Ол ұзақ жауап бермей тұрып: «Жоқ жаным, алдырма! Өзiңе зиян келуi мүмкiн»,– дедi. Және: «Топ баланың ортасында ол да өсер»,– дедi. Сонымен Болат дүниеге келетiн болды.

1938-жыл. Февраль. Күндiзгi сағат екiде (мектептен қайтқанда) НКВД-ға соқтым. Телефонмен Iлиястың тергеушiсiмен сөйлестiм. Ол: «Сағат үшке келiп үлгiрсеңiз бүгiн тамақ та алайын және көрiстiруiме де болады»,– дедi. Менiң арманым – туғалы көрмеген Болатымды Iлиясқа көрсету. Жүгiре басып үйге келе жатырмын. Жолда Гүлжамал жолықты. Гүлжамалды ерте сала үйге келдiм. Болатым бесiгiнде тәттi ұйықтап жатыр екен. Iлиясқа деп дайындап қойған заттарымды Гүлжамалға берiп, Болатты өзiм алып НКВД-ға қарай желе жортып келе жатырмыз. Жол бойы тыныш ұйқысы бұзылған Болатым айқайлап жылап келедi. Оны уатуға уақыт жоқ...

Комендатураға келiп жеттiк... Болатымды Гүлжамалға бере тұрып, өзiм тергеушiмен сөйлестiм. Ол: «Тосып отырмыз, жылдам кiрiңiз! Пропускаңыз дайын», – дедi. Болатымды жөндеп орап та ала алмай, емiзiп тыныштандыра да алмай, бақырған бойымен алып кiрiп кеттiм.

Iлияс бiздiң айқайымызды естiген болуы керек, есiктi ашып жiберiп, Болатты қолына алды да:

Бiздiң тарихи алғашқы кездесуiмiз осындай орында болды ма?, – дедi. Болат айқайын қоймады. Мен, киiмiмдi шешiп, Болатты емiзбек болдым. Тергеушi:

Шешiнбеңiз, бес-ақ минут уақытыңыз қалды, – дедi.

Мен, көкiрегiмдi ашып, сүтi ағып бара жатқан емшектi Болаттың аузына салдым. Күн ұзын ашыққан жас нәресте қомағайланып еме бастады. Iлияс мен отырған орындықтың артынан келiп, Болаттың шашалып, қоймағайланып емген түрiне қарап тұрып:

Бұл ұлымыз етiкшi болсын, етiк тiгуге үйрет бұл ұлды, – дедi.



Тергеушiнiң: «Өзiңiздей жазушы болар», – дегенiне Iлияс: «Жазушы болып жазықсыз жаза тартқанша, етiкшi болып еркiн өмiр сүрсiн», – дедi.

Бес минут болды ма, болмады ма, тергеушi маған: «Ендi шығыңыз», – дедi. Пропускаға қол қойып, қолыма ұстатты да, Iлиясты НКВД-ның қорасындағы түрмеге айдай жөнелдi... Болатты емiзген қалпымда бауырыма басып, НКВД-ның үлкен есiгiнен шығып, комендатураға келдiм. Гүлжамал тосып отыр екен: «Жөндi сөйлесе де алмадық »,– деп Болаттың жылағанына ренжiп, Гүлжамалдың қасына отыра кеттiм. Гүлжамал сықылықтап күлiп: «Болат жарайды, жылағаны жақсы, өскенде жайларыңды табамын деп тепсiнгенi ғой ол Болаттың «,– деп, әлденелердi сөйлей жөнелдi...

Мен, Iлиястың Болат жайлы бiрiншi айтқанын орындадым. Ал, екiншi тапсырмасын орындай алмадым... Ендi Болаттың өз еркi. Геолог бола ма, етiкшi бола ма? Өмiр алдында...»

Болат әке арманын орындап етiкшi де, геолог та болмады. Өнер жолын қуды. Бұл өзге әңгiменiң арнасы. Тек Iлиястың соңғы бейнесi көз алдыңа елестеп, жүрегiң сыздап сала бередi. Шындық осы. Ащы да аянышты. Мұндай әдiлетсiздiк қалай туды?

Ақиқат – айтыс, пiкiр таласы арқылы аңықталады. Ал айтысты тудырған ақиқаттың өзi ақиқат па? Лысенковшылардың «жалған ғылымын» ақиқатқа балап, дәлелдемейтiн шындық деп түсiнудiң өзi адастыру емес пе? Солай. Ендеше, жоқ нәрсенi бар, жаланы шын деп неге қабылдамасқа. Өкiнiшi сол, «зауалды жылдары» жағдай дәл осылай болды. Мәселе тура бүйiрiнен қойылды. Шындық – әдебиетпен, соның төңiрегiндегiлердiң таласымен ашылмайды. Әрине, нағыз жазушы бүгiнгi өмiрдi талдайды, сол арқылы пiкiр қорытып, ертеңгi күндi болжайды. Халыққа тура жеткiзбесе ыммен, ишарамен меңзейдi. Әйтеуiр үндемей қалмайды. Андре Моруаның:

«Кез келген билеушi үшiн ең қауiптi адам – жазушы»,– деуi сондықтан.

Алайда, отыз жетiншi жылғы қасiрет тұманы ешкiмдi мамандығына, лауазымына, атағына қарап таңдап жатпады. Зауал жалпыға жалпағынан төндi. Солардың қатарында қазақтың адал перзенттерi, оның iшiнде Ленинмен бiрге қызметтес болған Тұрар Рысқұлов iспеттi большевиктер де қоса iлiндi. Алғашқылардың бiрi боп жауапқа тартылды, яғни тұңғыш құрбандардың легiнде кеттi. Бұлар – сол кездегi интеллигенцияның қаймағы едi. Олардың ұсталуы жазушылардың көңiл күйiне тiкелей әсер еттi. Күйiндiрдi де, өкiндiрдi. Және бұлардың ұсталуы Сәкен мен Iлиясқа, Сәбитке, Мұхтарға тiкелей қауiп төндiрдi.

Алғашқыда «Социалды Қазақстанда», iле 13-тамыз күнi «Қазақ әдебиетiнде» басылған «Ұлтшыл фашистерге өмiр сүргiзбеймiз» деген мақала баршаның төбе шашын тiк тұрғызды. Бұл – жаңа өрттiң, апат өртiнiң лап ете қалғанының белгiсi едi. Қарғысқа лайық сөздiң бәрi сол азаматтарға бағытталды. Бас-бастарын түгендеп тұрып:

«Ұлтшыл-фашистердiң басшылары – Рысқұлов, Қожанов, Нұрмақов, Құлымбетов және олардың артынан ерген ат төбелiндей бiр топ қана сұрқия жөлiктер партия билетiн тек өздерiнiң екi жүздiлiк бетiн бүркемелеу үшiн пайдаланып жүрдi. Олар еш уақытта да адал ниетiмен большевик болған емес. Рысқұлов – рысқұловшылар жауыздық арам iстерiн пантюркистiк контрреволюциядан бастады. Қожанов – қожановшылар алғаш шыққанның өзiнде-ақ ұлт буржуазиясы мен интервенттердiң туын көтере шықты. Садуақасовшылардың, нұрмақовшылардың көздегенi де осы. Бұлардың қай-қайсысы болса да ұлтшылдықтан бастап, бара-бара троцкизммен, оңшылдармен ым-жымын бiрiктiрiп, Жапония мен Германияның ең белсендi шпионына айналып кеттi»,– деп үкiм шығарды.

Қайдағы Германия, қайдағы Жапония? Оларға бұлардың қандай қатысы бар? Ол елдердi көрдi ме? Оған ешкiмнiң шекесi қызған жоқ. Интеллигентi аз, әлi толық ұйып болмаған халықтың ең жанды жерiне қылбұрау салып, осал тұсынан ұстады. Жабылған жаланың бiр тармағы дәлелденген күннiң өзiнде өмiрмен қош айтысуға мәжбүрлiгiн сезiнер едi. Айғақ табылмаса ше? Оны кiм iздейдi? Мәселе айғақта емес, мүлдем басқа кiлтипан едi. Социализмнiң күш алып келе жатқан кезiнде Қазақстандағы жергiлiктi халықтың миллиондап аштан қырылып қалуы Сталин үшiн жақсы атақ әкелмейтiн. Бүгiн ол туралы ауызды аштырмағанмен, ертең бәрi бір ашыларын бiлдi. Сондықтан да оған кiнәлi адамдарды iздедi және тапты да. Бадырайтып тұрып:



«Бұл ұлтшыл – фашистер, өздерiнiң фашист қожайындарының разведка орындарының тапсырғандарын орындап Қазақстанда кулак-байлардың көтерілiсiн ұйымдастырды. 1929-1932 жылдары арасында болған перегибтердi, көшпендiлiктi осылар ұйымдастырғандығы қазiр әбден айқындалып отыр»,– деп жазғырды.

Жұртшылық бұған сендi ме? Бәрi емес, бiрақ, нанушылар да кездестi. Себебi оба ауруынан да қатты зардап шектiрiп, түңлiгi ашылмай қалған мұқым ауылды көзiмен көргендердiң өксiгi басыла қоймаған едi. Демограф, академик Бромлейдiң СССР халықтарының дамуы туралы монографиясындағы кестесiнен қазақ халқының 1939 жылғы саны 1926 жылмен салыстырғанда 26 процент кемiп кеткенiн көруге болады. Ал бұл осы он үш жыл iшiнде бiр де бiр сәби тiрi тумады. Ересектерi тек өлумен болды деген сөз. Ендеше мақаладағы:



«Совет халқы, оның iшiнде қазақ халқы, бүкiл Қазақстан еңбекшiлерi өзiнiң большевиктiк қырағылығын бұрынғыдан да күшейтiп НКВД орындарына көмектесiп, ұлтшыл-фашистердiң бiрiн қоймай әшкерелеп, көзiн құртады»,– деген үндеуге кiм иланбайды.

Қайта, «қара ниеттi қарақшылардың» ақыры табылғанына қуанып, жазалауды талап етпей ме? Логикалық жағынан алғанда «қиыннан қиыстырылған» саясаттың «сарасы» ғой. Ешқандай ақау жоқ. Халық ойланбастан сенетiн-ақ сылтау. Сендi де. Iле, сол «сұмырайлардың сыбайластары» әдебиетшiлердiң де арасынан табылды. Бейiмбет пен Iлияс мақала жарияланысымен-ақ Тұрардың «етегiнен ұстап» кеткен болатын.

Жоғарыдағы үндеудi келесi беттегi: «Әдебиеттегi троцкист-бухариншiл-фашист зиянкестерiн жерiне жете құрту керек» деген мақаланы жазған белгiсiз автор (жалпы кiм екенiн жорамалдап бiлуге болатын сияқты) одан әрi дамытып, әдебиетке жақындатып:

«Көркем әдебиетте троцкист-бухариншiл фашист агенттерi – Авербахтың iстерi ашылып жатқанда, жазушылар ұйымы, оның кейбiр бастықтары (Мұқанов, Сейфуллин, Жансүгiров) қазақ әдебиетiндегi авербахшылдықты жерiне жете ашуға өте шабан қимылдайды... Сәбит өзiнiң шығармаларында: «Адасқандарында» байды мақтап, 1932 жылы басылған «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетiнде» халық жаулары алашордашылардың объективтi революцияшылдық ролi бар деген қателерi үстiне, соңғы кезге шейiн халық жауларына (Уәлиахметов, Айсарин, Жұмабаев, Асылбековтерге) көрiне ымырашылдық жасады. Өзiнiң шығармаларын халық жаулары Досмұхамедов, Малдыбаевтарға аудартуға бердi, Жұмабаевты қызметке орналастыруға ниеттенгенi, тағы басқалары – Сәбиттiң жай ғана қатесi емес, үлкен саяси қателескенiн Сәбит те, оны «аяушылар да» уақытында түсiнiп, толық мойындап, ол қатесiн жоюға батылдықтары жетпедi»,– деп қалшылдап уытын төктi.

Ашынған жылан шақпай қоймайды. Қапысын табады, оңтайына келтiредi. Белгiлi партия қайраткерi Абдолла Асылбеков тергеу кезiндегi қорлыққа шыдамай «тағылған барлық айыпты мойындаймын» деп қол қойды. Ол тергеудiң есебi «Сәкен – бiздiң басшымыз» деген атпен Қарағанды газетiнде жарияланған. Қол қойдыру – Вышинскийдiң заң ғылымына қосқан «үлесi». Егер де, «халық жауы» қолын қойса, онда сол сұрақ-жауаптың iшiнде аты аталған адамдардың барлығы да «шпион» боп шығады. «Үш айғақтың» бiрiне жарайды. «Сәкеннiң аманаты» атты пьеса жазу барысында Сейфуллиннiң ең соңғы сәттерi жөнiнде көптеген тың деректер жиған жазушы Әлжаппар Әбiшев:

«Сәкендi айыптауға себепшi болған «айғақтың» бiреуi – осы Асылбековтың Қарағанды газетiнде жарияланған тергеу iсi. Екiншiсi – «Сәкен – жапон империализмiнiң агентi» деген мақала. Үшіншісі өзінің ауыл жағынан келген хат. Тергеу осы үшеуiне сүйенiп жүргiзiлiптi. Тергеу iсiнде солай жазылған »,– деп едi оңаша бiр сырласқанда.

Сәбит те Абдолланың досы едi. Ал Мұхтар жиырмасыншы жылдардың басында бiрге iстеген үзеңгiлес, ниеттес, ескi көз көргендердiң бiрi-тiн. Яғни, сыншының қамшысының ұшы оған да тиiп жатқан.

Расында да, ол тұста баспасөзде пiкiрiн ашық бiлдiргендердiң бәрiне «қоңырау тағып», күмбiрлете қағу – әбестiк. Әбестiк емес – әдiлетсiздiк. Соның бiрi – Қалмақанның хаты. Ол барлық кiнәнi өз мойнына ала отырып, өзiн де қарауылға iлiндiре отырып, мойнын iлгерi созады. Жазаға өз еркiмен бой ұсынады. Сол 13-тамыз күнгi жарияланған: «Бiзде болған қателер» деген «Қазақ әдебиетiнiң» редакциясына жолдаған хатында Қалмақан:

«Мен, екi жылдан аса партия ұйымының ұйымдастырушысы болып келсем де, осы былықтың ортасында отырып алдын-ала қателiктiң бетiн аша алмадым, подхалимдiк, ымырашылдыққа белшемнен баттым. Шынында, бiздiң жазушылар ұйымының айналасында партия ұйымының жұмысы жәй ғана қосалқы ұйым тәрізденiп келдi. «Бiздiң мiндетiмiз жазу, бiзден партия жиналыс, саяси сабақ қалай жүрiп жатқандығын сұрамайды, роман сұрайды, поэма сұрайды», – деу ұйымның бастығы Сәбиттiң екi сөзiнiң бiрi болды, екi жыл бойында жүрген пропагандистiк мiндетiн орындамады... Ақырында, Жұмабаевтi шақырып алып, оған аударуға кiтап бергiздi... Екiншi, бiр айта кететiн сөз, Мұхтар совет жазушыларының қатарына кiргелi 5 жыл болды. Совет жазушысына iстелетiн жәрдем, оған түгел берiлдi де, Мұхтар үш-төрттеген тәуiр еңбек те бердi. Сонымен қатар ескi уақытта ұлтшыл, алашордашыл пiкiрде жүрiп жазған зиянды шығармаларын жинақ қып бастырып отыр. Ол туралы өзi жұмған аузын әлi ашқан жоқ. Сонымен қатар, бұрынғы алашордашыл ұлтшылдар фашизмнiң агентi болып бетi ашылғанда солардың сырын ашарлық iс iстемей, үндемей отыруының өзi күдiк. Бетi ашылған жаудың тамырын қопара ашуға Мұхтар ат салысуы керек едi. Бiрақ, оны Мұхтар атқармай отыр »,– деп жалғастырды.

Бұл пiкiрде жала, қасақана арандату жоқ. Өзiнiң «кiнәсiн» шын мойындаған адамның және сол «жазықты боп қалғанына» сенген аңғал жанның ойы. Басқаша құбылтамын десе, қолында тұр едi.


3.
Дүние көшiнде адамзат қаншама рет ақыл азабын шектi десеңiзшi. Солардың барлығының да жарасы әлi де жаныңды сыздатады. Қасiреттiң iзi ешқашанда өшпейдi. Шексiз билiкке ие болған әмiршiлердiң психологиясының да ұқсастығын ашқан ғалымдар, бiр тұжырымға тоғысады. Цезарь да, Кромвель де, Грозный да, Петр бiрiншi де, Наполеон да... Сталин де өздерiнiң арының тазалығына, әрекетiнiң дұрыстығына, өзгелерден әлдеқайда биiк екендiгiне ешқашанда күмәнданбапты. Қысқаша қайырғанда, өздерін құдай деп, құдай болмаса – құдайдан былай емеспiн деп түсiнген. Құдай да жалғыз, олар да жалғыз. Сол жалғыздықтан жапа шегiп, iшкi жан күйзелiсi шарасынан асқанда адамды адамға айдап салып, азаптан рахат табады екен. Сәл ғана суық көзқарастың өзi жан алғыш әзiрейiлдей елестеп, дереу жазаға тартуға, қиналуға, үрей тудыруға ұмтылатын көрiнедi. Лениннiң «Съезге хатындағы» өзiнiң қаталдығы туралы ескертуiне: «мен жауларыма ғана қаталмын»,– деп жауап беруi өктемдiкке, үстемдiкке құмарлық Сталиннiң бойында бұрыннан-ақ бар екендiгiн аңғартады. Оған бұл жылдары ешкiм де мән бермедi. Ол – Каменевтiң ұсынысы бойынша Бас секретарьлыққа сайланды. Орталық комитеттiң мүшелерi Сталинге «орташа ғана қабiлетi бар» кадр ретiнде қарады. Демек, шыңыраудан көтерiлiп келе жатқан аса қуатты күштi жете бағаламаған. Дөрекi әрi қарапайым, жан-дүниесi тұңғиық, қатал адам өз тұстастарының барлығын жолынан ысырып тастап, дара тұлға, тiптi, көсем атанды. Социализм құрлысы алға қарай жылжыған сайын тап күресi бұрынғыдан да шиеленiсiп, ушыға түседi деген қате пiкiр ол тұста «ұлы қағида» есебiнде қабылданды. Бiр адамды екiншi адамға айдап салып, арандатуға негiз қалады. Зауал науқаны сәт сайын өршiген дүлей (смерчь) сияқты жаппай отауға көштi. Оны тоқтату мүмкiн емес едi.

Бұл – адамзат тарихындағы кезектi азап белдеуi, социалистiк қоғам тұсындағы инквизиция соты едi. Фейербахтың:



«Тарихқа көз салу – жүрекке ине шаншумен бiрдей»,– деуi де сондықтан.

Отыз жетiншi жылдың ең қатерлi кезеңi, қауiптi зауал шағы қыркүйек, қазан айына тура келдi. Авгуске дейiнгi әшкерелеулер алғашқы «барлау», қарашадан соңғы науқан – «алғашқы соққының» екпiнi сияқты едi. Қыркүйектiң басында барлық газеттерде iрi-iрi партия қайраткерлерiнiң арасындағы «халық жауларының» тiзiмi берiлiп, алды ату жазасына бұйырылды. Дүлей құйын күшiне ендi. Ол науқан Жазушылар одағында да өз дәрежесiнде өттi. Сәкен де, Iлияс та осы толқынның құрбаны болды. Қандай күйiнiштi күз едi десеңiзшi.

Аспанның бұлтынан көңiлдiң бұлты басым болған күйiнiштi күздi басынан кешкендердiң бiрi...

Мұхамеджан Қаратаев: «Ешкiм де ондай апат кезеңi туады деп ойлаған жоқ. Бәрiмiз де ертеңiмiзден үмiттенiп мамыражай қалыпта, той-тойлап, қызық көрiп, қызмет харакетiмен жүргемiз. Мен 1936 жылы күзде Ленинградтың аспирантурасынан қайтып оралып, Жазушылар Одағының жауапты секретарьлығына бекiтiлдiм. Екi жылдай Сәкенмен, Бейiмбетпен, Iлияспен, Сәбитпен, Ғабитпен, Мұхтармен аралас-құралас жұмыс iстедiм. Мұхтардың ұсынысымен отыз алтыншы жылы ноябрьде бiр топ жазушы Семейге бардық. Құрамында Тайыр, Жақан, Ғали, Павел Кузнецов бар. Қуанышты оралып, көрген-бiлгенiмiздi секретариатқа мәлiмдедiк. Мұхаң: «Қызметiңдi Абайға тағзым етуден бастағаның дұрыс! »,– деп ризашылық бiлдiрдi. Сәду Машақов, Төкен Әбдiрахманов сияқты жас таланттарды тауып қайттық. Отыз жетiншi жылды Пушкиннiң қайтыс болғанына жүз жыл толуын атап өту қамымен бастағамыз. Оған Жамбылдың ақындық өнерiнiң 75 жылдығын тойлау қызығы ұласты. Сөйтiп алабұртып жүргенде, көктемгi найзағаймен қоса заман найзағайы да ойнап қоя бергенi. Әдебиет ортасында да ешкiмге түсiнiксiз, алай-дүлей жағдай туды. Үрей, жаманшылықты көздеген пиғыл өршiдi. Ақыры не болатынына ешкiмнiң көзi жетпедi. Мұндай зобалаңның себептерiн де ешкiм бiлмедi. Мұхтарды да қорқыныш билеп, қабағы жиырылып жүрдi. Ол кiсi де жұрт қатарлы пiкiр айтты. Алайда творчестволық iзденiстерге, адамның бойындағы жағымсыз мiнездерiне, бюрократтық кесiрлiктерiне тоқталған. Ал «халық жауы», «ұлтшыл» деген сөздерден қашып, аузына ала бермейтiн. Ол кезде мынадай әдіс бар едi: кiм де кiм ұстала қалса, соның ертеңiнде газетке қаралау мақала басылатын. Сондайлардың iшiнде Мұхтардың да сөзi жүрдi, тек қаралаған кiсiнiң жеке басындағы мiнез-құлқына болмаса, саяси айып тағуға жоламайтын. Мiне, мына кiтапты көршi. 1934 жылы шыққан. Қазақстан жазушыларының өмiрбаянының анықтамасы. Солардың қатарынан қазiр екi-үшеумiз ғана бүгiнгi күнге жетiппiз. Сұмдық қой. Бұлардың барлығынан бiр жазда айырылдық. Кiмдi-кiм кiнәлағандай едi. Түсiнiктi ғой. Сөзге де, бұйрыққа да, қорқытуға да көндiк...»

Иә, кешкен ғұмырдың қызығын еске алу – рахат та, аласапыранын ойға оралту қандай азап. Түсiнесiң. Түсiне тұрып амалсыздан амалсыз сол күндердiң куәгерiне жүгiнiп, қинала сауал қойып, қылпылдай отырып жауап күтесiң. Екi жаққа да ауыр. Кiм жастық шағының жарқылдап, жарқын көңiлмен өткенiн қаламайды. Алайда төрелiктi уақыт айтады, заман билейдi. Оған мойынсұнбай көр – мойның үзiледi.

Егер де үлкендi-кiшiлi, белгiлi-белгiсiз жазушылардың ешқайсысы талқылауларға қатыспады, пiкiр айтпады десек, жалғандыққа жатады. Бәрi де айыптауға қатысқан. Мәселе – сол сөздi қастандықпен айтты ма, жоқ, көлеңкесiн қорғап, уақыт көшiне iлестi ме, әлде, қарсы шықты ма – сонда. Үш түрлi көзқарастың үшеуi де кездескен. Әрине, соңғы, үшiншi топқа жататындар бiрен-саран ғана. Мұхтар ортаңғы лектен табылған. Себебi: науқанға қарсы тұруға қақысы жоқ-тын. Ондай ерлiкке бiр рет барып, басын тiккен. Ендiгiсi, тек өзiн-өзi өлiмге итермелеу екенiн түсiнетiн. Құрбы-құрдастары да тым тез сиреп бара жатты. Қыркүйектiң онына дейiн аға буын өкiлдердiң барлығы да темiр тордың iшiне түсiп үлгiрдi. Оны, 7 қыркүйек күнгi жазушылардың жалпы жиналысынан аңғару қиын емес. Назар салыңыз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   64




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет