Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



бет24/27
Дата29.11.2016
өлшемі7,42 Mb.
#2777
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27
- деген пікірі де шындық болатын. 1925 жылы М.Әуезов өзінің әйгілі «Әдебиет тарихы» атты зерттеу еңбегін жазды. Онда «қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет» деген ұғымды кіргізе отырып, «Кенесары – Наурызбайдың» қысқаша әңгімесі», «Кенесары» жырының мәнісі» атты арнайы тарау арнап, халық жырларын барынша тереңдете талдап, олардың тарихи шындыққа орайлас тұстарын деректерге сүйене отырып саралайды. Оны:

«Көкбай шығармасында халық ауызында жүрген тарихтық деректер мен естеліктерді, лақап әңгімелерді, әрі көлемді фольклор материалдарын көп жинап пайдаланған. Сонымен қатар Абай арқылы кітап жүзінен алынған, баспаға шыққан мақала, зерттеулердің дәлді деректері бар екені да байқалады. Мысалы, Көкбай жырында Абылайдың жетпіс жаста, 1781 жылы өлгендігі айтылады. Орта Азия хандарының тарихынан Қоқанның Ғұмар ханы, оның нәсілі Бала ханның жайы, Ташкеннің беглер бегі, қазақ хандары мен Қоқан хандығы және Бұқар әмірінің арасында болған қатынастар тарихқа жақын шындықпен аталған болады. Абылайдың бергі замандардағы тарихтық адамдардың өмірбаянына, іс-әрекеттеріне тарихтық жағынан қанықты болған білгірлік байқалады. Қазақтағы хан-төрелердің көршілес елдермен қақтығысулары да тарихтық деректерге үйлесіп отырады» - деген талдаудан анық байқауға болады.

Кенесары қозғалысы туралы басылып шыққан Смирновтың, Середаның, сондай-ақ «Вестник Европы» сияқты өмірбаяндық тарихи очерктерді түгелдей оқып, көңіліне түйгені анық. Міне, сондай ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, тақырыпты бойына толық сіңіріп: «Әр тарихи дерекке әркімнің өзінше қарауға құқы бар, бірақ өз концепциясы болмаса, ешбір автор тарихи тақырыпқа қалам тарта алмайды», - деген дәрежеге жетіп, айтар ойы анықталған соң, енді сол тарихи оқиға өткен жерді көзімен көріп шығу үшін Кекілік тауына бет алған. Осындағы «авторлық позиция мен концепцияға» қарсы қандай саяси-тарихи баға бар еді? Бар еді және оны тұжырымдаушылардың бірі Мұхтар Әуезовтің немере жиені профессор Мұсатай Ақынжанов болатын.



М.Ақынжанов: «Соғыс кезінде совет тарихшыларының едәуірі Отан қорғау жұмысына атсалысып жүрген кезде, Е. Бекмаханов әлдеқашан тарихтан алынып тасталынған содырлы Кенесары Қасымовты «тірілтіп», жат пікірді кайта соныламақ болды. Бірақ оның бұл әрекетін Қазақстан жұртшылығы өте суық қабылдады.

Орталық партия комитетінің органы «Правда» Бекмахановтың ұстаған жолының қате екенін, бағытының буржуазияшыл-ұлтшылдық екенін әшкереледі. (...) Жұртшылыққа белгілі Қазақстанда XIX ғасырдың алғашқы жарымындағы үстем тап - «ақсүйектер» мен бай-феодалдар болған. Олардың өздерінше(пайымдауынша) «ақсүйектік және дворяндық ұлт мәселесі» болды. Қазақ «ақсүйектері» Қазақстан Россияға қосылғаннан кейін хандар тұсындағы артықшылығы мен құдіреттілігінен айырылды. Сондықтан олар Қазақстанды орыс мемлекетінен бөліп алуды тіледі. Мұнысымен олар қазақ елінің басына хандарды − «ақсүйектерді» қойғысы келді. Сөйтіп қазақ халқының тағдырын хандарға тапсыруға тырысты. Міне, осыны Сталин жолдас феодалдық-монархиялық «ұлтшылдық» деп атайды.

Хандық үкіметтің жойылуы қазақ халқы үшін, сөз жоқ, жеңілдік болды. Өйткені Маркстың айтуынша 700-800 жылға созылған Шыңғыс хан тұқымдарының «жексұрын қансоқталығына» аз да болса тыйым салынатын еді. Әрине, оны орыс патшасы қазақ еқбекшілеріне жаны ашығандықтан емес, өз құлқы үшін, хансыз қазақ елін чиновниктер арқылы жеке билеп, жеке қанау үшін істеді. Солай бола тұрса да, бұл бір адым ілгері басқандық еді. Өйткені екі қанаушының бірі, әсіресе, 800 жылға созылған «жексұрын кансоқталық» кемитін еді. Екіншіден, ортағасырлық хандық құрылыс казақ ішіне капитализмнің кіруін бөгеп, экономикада натуралдық қалыпты сақтап отыратын еді. Сондықтан хандық институтының жоғалуы қазақ халқы үшін дұрыс қадам болды.

Қазақ халқының Кенесары соңына ермей, Россиямен бірге болуды тілеуінің тарихи зор мәні бар еді: 1) Кенесарыға еріп кеткенде, қазақ еңбекшілері орта ғасырдың шырмауында, қол аяғын жаза алмай отырған, қаусаған шірік хандықтардың біреуіне тәуелді болып, ақыры ағылшын жыртқыштарының құлдығына түсетін еді. 2) Қазақ елінің быт-шыт болып тозу қаупі болды. Өйткені, Кіші жүз қай жағынан болса да Россиямен біріккен. Ол, сөз жоқ одан айырылмайтын еді. Олай болса, тұтас қазақ елі бірнеше хандықтарға бөлініп, Қытайдың, Орта Азия хандықтарының, Россияның қол астына бытырап кетіп, халықтығынан айрылатын еді. 3) Шаруашылық тұрмыс құру жөнінен шығыс хандықтары қазақ халқының отырықшылануына,
егіншілік кәсібімен айналысуына жол бермейтін еді. Өйткені, оның өзі ескі ортағасырлық тұрмыста болды. Ал бұл кезде қазақ елінің Ұлы жүзден басқасында Россияға қосылу арқылы егін, отырықшылық, сауда қатынасы күшейді.4)Россия тек патшалық Россия емес еді, халықтық-бұқаралық Россия да бар болатын. Орыстың халықтық-бұқаралық мәдениеті де өсті. Бұқаралық Россия өзімен отырған елдердің болашақ Абай, Ыбрай, Шоқандарын туғызуға әсер етіп отырды.


Кенесары генерал Горчаковқа жазған бір хатында «Ортажүзден кетіп барамын, өйткені бастықтардан да, қол астында отырған халықтардан да ешбір мейрім таппадым, бәрі де жаулық етеді» - деп мойындаған. Бұдан қорытынды Кенесары орта жүзге сия алмай, халық қаһарына қарсы тұра алмай, зытып отырған.

Бірақ, оның орта жүзден кішіжүзге ауысуы тегін емес. Өзінің ескі достары Хиуа, Бұқар хандықтарына жақындап көмек алу болған. Өйткені, ол орыс патшасына қарсы халықтың азаттық күресіне басшылық етем десе, сол кезде шыңына жеткен нағыз халық қозғалысы Исатай - Махамбеттің күресіне қосылу керек еді. Керісінше, ол оған жау болған. Жаппастың ішінде Наурызбай тобы Махамбетке қарсы оқ атқан. Ал оның керісінше ел талаушы Жанғожамен бірігіп кеткен. Жанғожа екеуі тізе қосып алып, бейбіт өмір сүріп отырған қазақ ауылдарын Созақ, Сайрам қалаларын шапқыншылыққа ұшыратқан.

Кенесары кіші жүздің жеріне келіп орналасқаннан кейін өзінің «әскери күшін» молайтып алу үшін неше түрлі сұмдық айла-амалдар істеген. Орынбордың генерал-губернаторы Перовскиймен, Хиуа, Қоқан хандығымен, Жанғожа Нұрмағамбетұлы сықылды ел тонаушылармен жақсы қарым-қатнас жасаған. Перовскийге жазған бір хатында «Бастықтарға қарсы келе алмаймын, қарсы тұрғым да келмейді...» - деп жағымпаздана келіп, осы келіп отырған жерінен козғамауын тілейді».

Әрине, Мұхтардың ұстанғаны мұндай жалған тарихи «позиция мен концепциямен» емес еді. Сондай берік ұстаныммен Ленинградтан аттанған Мұхтар Әуезов 1927 жылы Бішкек барып, Қордай асып Алматыға келген. Әлкей Марғұлан бұл жайды:



«1927 жылдың май-июнь айлары. Мұхаң “Не iстеуiм керек” деген оймен қатты толғануда болды. Бiраз уақытта каникул да жеттi. Бiр күнi отырып:

- Мен Алтай экспедиясына бармауға бел байладым. Бұл елге, Шыңғыстауға бармау деген сөз. Оның орнына Жетісуға барып 1916 жылғы көтерiлiстi зерттеймiн, жолшыбай Қызылордаға соғып, оның театрымен танысамын, жаңа өсiп келе жатқан жастар өмiрiмен танысамын, - дедi. Бұл сапар Мұхаң үшiн текке кеткен жоқ. Бұл үлкен игiлiк сапары болды, - деп еске алады.

Сол сапарында Кенесарының қазаға ұшыраған жерлерін аралап өтіп, ескі әңгімелерді жинастырған. Ол туралы шындықдың сорабын «Тіршілік» газетіндегі мына хабардан байқауға болады:



«Жақын арада Ленинградтан оқып жатқан қазақтың атақты жазушысы Мұхтар Әуезұлы Алматы қаласына келдi. Келген жұмысы: Жетісудан қазақтың ауыз әдебиетiн (өлең, тақпақ, ертегi тағы сондай қазақ елiнде ауызша айтылып, жазылынып жүрген шығарма, деректер), 16-шы жылы көтерiлiсiнен қалған түрлi шығарма деректер, Кенесары, Наурызбай жорықтарынан қалған ел аузында сөйлесiп жүрген әңгiме-өлең, ертегiлердi жинау. Жетісуда жоғарғы айтылғандарды (қайсысы болса да) бiлетiн азаматтар болса “Тілші” басқармасы арқылы тiлдесуге болады. Мұхтар жолдас келген қызметi жөнiнде ел әдебиетiн сүйген азаматтармен, кәрi құлақ қариялармен сөйлесiп, дерек алуды тым-ақ тiлейдi. Ескi әңгiмелердi көп бiлетiн қазақтың ақындарын, қарияларын, аты жөнiн (тұрған жерiн айтып) бiлдiрген, өз тұсынан жиған деректердi (материалдары болса) жiберген азаматтарға алғыс айтады. (Еңбек басылып, iске асардай болса, құр қол қалмайды. Өкiмет қазынасынан ақша берiлуi мүмкiн). Әсiресе 16-шы жылдың оқиғасы туралы деректердi жинауды өлкедегi Қазақстанды зерттеу қоғамы мен өлкелiк партия комитетiнiң үгiт-насихат бөлiмi тапсырған екен. Мұхтар жолдас Жетісуда августың 15-iне шейiн ғана болады. Тiлеген адам жоғарғы мағлұматын “Тілші” басқармасы арқылы жiбере бергендерi дұрыс».

Бұдан кейін Ленинградқа барған соң Фатима Ғабитоваға:

«Алматыдан 21-i күнi жақсы компанияны тастап, бiр күндi болса да олжа көрiп, асығып кетсем де, Пiспекте Ғабит хазiрет қуып жеттi. Қызылордаға шейiн бiрге келдiк. Бұнда әлi сабақ басталған жоқ. Бiр айсыз басталмайтын да шығар. Осы уақытты пайдаланып, өз бетiммен бiр азырақ жұмыс iстемекшi болып отырмын. Ненiң жайынан не iстеп шыққанымды келесi хатта жазамын. Өздерiңiз осыны алысымен жазыңыздар» - деген емеуріні де «Хан Кене» пьесасының жазылу тарихынан мағлұмат береді.

Бұл сапардың егжей-тегжейі «Бейуақ» атты алдыңғы бөлімде толық баяндалғандақтан да оған бұл арада аялдамадық. Тек Смағұл Сәдуақасовқа жазған хатында да «он алтыншы жылдың оқиғасы туралы көлемді дүниені бітіріп және бір тарихи шығарма жазбақ ойы барын» айтқанын қаперге сала кетеміз. Ол тарихи шығарма осы «Хан Кене».



Ал: «Казактар мен қырғыздар арасынан материалдар жинадым» - дегенде мұрағаттардан қарастыруы, қырғыздардан естуі, жазып алуы мүмкін қандай деректер болуы мүмкін? Әрине, ол кезде сол Кекілік төбедегі қызыл қырғынды көргендер де, жадында сақтағандар да, сол оқиғаға тағдыры шарпылғандар да көп болған. Көкбай «деректер мен естеліктерді, лақап әңгімелерді, әрі көлемді фольклор материалдарын көп жинап, пайдаланған» деген сөзді Мұхтар Әуезовтің өзіне қарата да айтуға болады. Біз баспалап сұрақ қоя отырып, нақты деректер мен «лақаптарды», аңыздарды, әфсаналарды қысқаша ғана түсіндірумен шектелеміз.

«АНТ МЕЗГІЛІ» немес «ҚАЗАҚ – ҚЫРҒЫЗ ОҚИҒАСЫ»

Сонымен Кенесары Алатаудың бауырына неге қоныс аударды? Ата-бабасы мекен еткен, жаудан қорғаған сайын даладан сая боларлық қоныс таппады. Қарауындағы халыққа да, өзінің жеке басына да қауіп төніп еді. 1844 жылғы генерал-майор Жемчужников Сібір және Орынбордың құрама әскерін басқарып Кенесарыға қарсы жорыққа аттанды. Сарыарқаны жан-жағынан қусыра аттанған әскер қалайда Кенесарыны қолға түсіріп, ауыл-аймағымен қырып жіберу туралы төтенше бұйрық алды. Кенесарының кесілген басына бәйге жарияланды. Жорық кезінде барлық сақтық шараларын қолданды.

«Түсініспеушілік болмас үшін Орта Азия бектерінің әскерімен өзара қақтығысып қалудан барынша сақтану қажет және Орынбор даласы арқылы басталған әскери жорық Сырдария мен Телікөлден, ал Сібірден аттанған әскер Шу өзенінен әрі қадам баспауы керек. Бұқарлықтармен, қоқандықтармен қандай да болмасын қақтығысқа түсудің қажеті жоқ» - деген бұйрық алды.

Бұл – бүкіл қазақ даласын соғыс майданына айналдыруға берілген пәрмен еді. Кенесарыны Бетпақтың қуаңына ығыстырып, шығыстан, солтүстіктен, батыстан қоршауға алу міндеті қойылды. Барлау мен арбау жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде 1845 жылы Ұлы жүз сұлтандары мен билері Россияның азаматтығын (бодандығын) қабылдауға келісім беріп, генерал Вишневский бастаған әскери экспедицияны Жетісуға кіруге мүмкіндік берді. Мұның өзі Балқаш, Шу бойына қоныс аударған Кенесарының тынысын тарылтты. Онымен де шектелмей қырғыз манаптарына татар жансызы Мұхамед Тагировті жіберіп:



«Батыс Сібір шекара бастығы қырғыздың би-манаптары Боранбай мен Кішкене Пірназаровқа көтерілісшілердің оларға қосылуына жол бермеңіздер, ал реті келсе, Кенесарыны ауылымен қосып қырып жіберу керек» - деп хат жазды.

Жасырын түрде есаул Нюхаловтың жазалау-барлау отряды қырғыздарға астыртын жіберілді. Генерал-майор Вишневскийге жазған мәліметінде есаул Нюхалов: «Мен белгілі билерге – бұғы руының биі Борамбай Бекмұратовқа, сарыбағыш биі Ормон Ниязбековке, солты руының биі Жаңғараш Есхожинге хат жолдап, Кенесарыны ортақ жау ретінде жоюға шақырдым» - деп жазды.

Орынбор Шекара комиссиясының есебінде көрсетілгеніндей «қырғыз манаптары Кенесарыға қарсы соғыста: не өзіміз өлеміз, не Кенесарыны қырып-жоямыз – деп шешім қабылдайды».

Тағы бір жансыз, Жақып деген саудагер өзбек «жабайы қырғыздардың билері Боранбай мен Кішкене Пірназаров Омбы генерал-губернаторы Капцевичке берген уәдесін орындап, Кенесарыға қарсы соғысқа және оны сөзсіз талқандауға дайын екенін» өз құлағымен естігенін мәлімдейді. Алдын-ала уағдаласқанындай ұлы жүздің төресі Рүстеммен, Сыпатаймен бірігіп кетуінен қауіптенген патша үкіметі генерал-майор Вишневскийдің қарамағына есаулдар Нюхаловтың, Абакумовтың, Карбышевтың отрядтарын қосып береді. Вишневский Батыс Сібір генерал-губернаторына: «бүлікші сұлтан Кенесарыны қырғыздар сеніміне ие болғызбауға және оны сол жерден қууға, ал мүмкіндік бола қалса, оның өзін ұстауға қолынан келетін шаралардың бәрін қолданатынына» уәде береді (Е.Бекмаханов). Бұл кезде Кененің қосындары Ілеге жетіп еді. М.Әуезов айтқан «лақап әңгімелердің» бірі - Н.Жолымбетов жиған ауызекі әңгімеге жүгінсек:



«Орыс әкімшілігі қырғыз манаптарына: «Қазақтың Кене ханын ұстап әкеп беріңдер. Ол сендердің солтүстік жақтарыңдағы жайлауда жүр»,– дейді. Қырғыздар келісім береді. Отыз қырғыз аттанып, Кене ханға келеді. Кене хан оларға ашу шақырып, өзінің жендеттеріне жарлық беріп, темір көгенмен байлатып тастайды. Кене хан қырғыздарға: «Мені орысқа ұстап апарып беріп, өлтіртейін деп жүрсіңдер ғой. Мен сендерді өз еліңе апарып өлтіртемін» - деді. Кене хан қазақтың орта жүз елінен екі жүзден астам нөкер жинап, қырғызға карай бет алады. Балқаш көлінің шығысы мен Аягөз өзенінің Балқашқа кұйған сағасымен Лепсі, Қарасу, Ақсу өзендерінің сағасынан айнала өтіп, Қараталдың сағасынан өтіп, үдеріп кешіп келе жатқанда осы жерде Кене хан Жалайыр елінен мал қарап жүрген бір адамға кез болады... – Аға, жаман түс көрдім. Түсімде маңдай шашым жанып жатыр екен, шошып ояндым. Бұл жолы жорыққа шықпай-ақ қойсаңыз қайтеді! – деген тілек білдіріпті. Кене хан оған да иліге қоймапты. Ақыры не болғанын өздеріңіз білесіздер ғой» ( «Жұлдыз, 1991 жыл, 204 бет).

Бұдан әрі кәдімгі аңыз басталады. Бірақта осы бопса мен ырғасудың ызғары «Хан Кенедегі»: «Әлдеқашан осы арада іргені бекітіп, бір араға күш құрап, алыстағы мұратқа беттейтін күн болып еді. Емексумен, ырқына жіберумен келіп-келіп енді бұл менің өзімді қабуды да ойлаған екен. Қолыңнан келсе ашынған болып аяспайын деген екен!» - деген монологтан анық аңғарылады. Жаманқара да кекесінді мысқылмен:



«Кегің кетпесе бас теріңді тірідей сойып Қоқанға берген қазақ (сен) емей кім еді? Өзің де соқтықпай отырған қырғызға келіп әзірейілдей қадалдың, татулық, тілеулестіктен басқа не жазығым бар еді. Исі қазақ сенің тілеуіңде болса, Арқа мен Сырдағы елдің бәрін бастап шұбыртып келгеніңді неге көрмеймін мен? Кекшіл болсаң өзіңе қылғанға неге қылмадың, (әкеңнің) бас терісін сылып ап Қоқанға беріп еді, кәне алғаның әкеңнің кегін?..» - деп ашулы арыстанның шамына тиеді. Жаманқара Наурызбайдың сапысынан ажал құшады.

Соңынан «Кенесары қырғыздың биі Қалығұлмен кездесіп: қазақтар мен қырғыздар бұдан былай достық, көршілік қарым-қатынаста болады және қырғыздар Кенесарының кеңесіне құлақ асады» - деген пәтуаға тоқталады. Қалығұлдың өтініші бойынша, қазақтардың қолынан қаза тапқан қырғыз батыры Тастанбектің найзасы мен болат қылышын қайтарады. Ал Қалығұл Кенесарының қолға түскен жігіттерінің төлемін төлесе, қайтаруға уәде берді. Кенесарының тұтқынға түскен екі сүйікті батырын (бірі қайын ағасы, Орынборда тұтқында отырған әйелі Күнімжанның ағасы) босату туралы келіссөз кезінде қырғыздар біреуіне 64 жылқы, ал екіншісіне – 10 түлкі ішік, 10 шапан, 10 құндыз, 10 құла, 10 түйе төлем төлеуді белгіледі. Кенесары қолға түскен жігіттері мен екі батырын босату үшін әр ауылдан бағалы заттар жинауға бұйрық береді, бірақ «жиналған зат оның қайынағасы мен сүйікті батырын босатуға жетпейді (Е.Бекмаханов)».

Дау да – жаулықтың дауы. Бітім де жаудың бітімі. Сондықтан да құны қымбат. Байұзақтың : «Қап, бәрекелді-ай, қате болды-ау!.. Елшіні өлтірген ежелгі тынбас жаудың ісі еді...Ұлының ұлына, қызының қызына кетіп жүрмесе игі еді бұл жаулық» - деп өкінуінің де өті ащы.

Бұл жазушының көркем емеуіріні. Қасіретті оқиғаның, айырылмайтын жаулықтың хабаршысы. Жаманқара құнсыз қалатын құл емес еді. Ақыры қырғыздар Жаманқараның құнын жоқтап, кегін қайтару үшін ұлы жүздің әруақты батыры Саурық дем алып жатқан кезде 70-80 қырғыз шабуыл жасап, оның жігіттерін түгелдей бауыздап өлтіріп, 700-дей жылқысын айдап әкетті. Саурық торуылға түсіп, қырғыздардың қолынан қаза тапты. Саурық та құнсыз қалатын батыр емес еді. Сондықтан да Кенесарының: «Бұл қырғызбен алысуымыз аз ғанамен тынбайтын болды. Енді осыны үстіне қат-қабаттамай бұл түйін шешілмейді екен. Ертеңнен бастап қалың қолмен соғысамыз. Тұрындар... Жүріңдер... Қолдардың күйін көреміз... Қамдансын бүгін бәрі де...» - деп атқа қонады.

Бұл хан Кене мен Наурызбайдың қазасына алып келетін ұлы қырғынның басы еді. Айтып-айтпай не керек, «Қазақ пен қырғыз бірін-бірі қырды, қанын орыстар мен қоқандықтар ішті» - деген мәтел қалған ғарасат майданы ашылды. Өткенге - салауат, бүгінге - сабақ, ертеңге – ескерту болсын – деген алаңы мол оймен Е.Бекмахановтың: «Кенесарының қырғыздармен соғысының аз зерттелгені сондай, ондағы оқиға барысын қалпына келтіру өте қиын» - деген пікірін еске ала отырып, сол соғыс туралы тарихи дерек пен «лақап әңгімелерді» араластыра беруді жөн көрдік. Алла разылық етсін!

Е.Бекмаханов: «Кенесарының қырғыздармен соңғы шайқасы Тоқмақ селосының шығыс жағында, Пішпек қаласына жақын Кекілік тауларында болды».

Е.Құлмамбетов: «Енді нағыз шешуші соғыс болатынын байқаған Жантай мен Орман осы аймақты мекендеген барлық руларға шапқыншы жіберіп, көмектесуге шақырады. Осы түні қырғыздарға қосымша жасақтар да келіп жетеді. Ол кезде Кенесары жасағының көпшілігі ауылдарына тарап кеткен болатын. Хан қасында бес жүз сарбазы мен оның қолбасшылары ғана қалған-ды. Таң атқан соң қараса олар қырғыздардың қоршауында екенін бір-ақ біледі. Қазақ жасағының халі ауырға айналады. Кешке дейін соғыс болады. Қазақтардың ауыл-ауылға тарап кеткен жасақтарынан хабар келмейді. Шақырылуға жіберілген адамдар да дау-дерексіз кетеді. Ал қырғыз жасақтары көбейе береді. Кенесары қолы үш күн бойы ас-сусыз кескілескен ұрысты бастан кешті. Төртінші күнге қараған түнде барлық жасақ басшыларымен кеңес құрды. Олар ойларын ортаға салды».

Е: Бекмаханов: «Кенесарымен соғыс кезінде Ормон хан өзінің жасағына қазақтарға көрінетін жолмен шаңдатып жүріп, тауға шығып-түсіп жүруге бұйырды. Төмен түскен соң, олар жыралар арқылы қайтадан жоғары шығып, онан қайтадан төмен түсіп отырған. Міне, осындай орын ауыстыру үш күн бойы үзілмейді. Бақылап отырған Кенесары Ормон ханның шаңға оранып, үсті-үстіне келіп жатқан әскерінің көптігіне таңданады. Ормон хан түнге қарай әр адамға от жағуға бұйрық береді. Түнде таудағы сансыз оттарды көріп Кенесары: «Қырғыз көп пе, аспандағы жұлдыз көп пе?» - депті.

М.Сәрменбайұлы: «Сонан соң зор соғыс болды. 1847 жылы көктемде Кенесары көп қолмен келіп, Кекіліктің тауына ордасын тігіп, Алатаудың терістік жағындағы қырғыздарды шаба бастайды. Соғыстың мықты болған жері – Ұзынсу, Самса. Ержанның қолға түскен жері. Қырғыздың ханы сарбағыш Орман Ыстықкөлдегі қырғыздарға хабар беріп, көп қол жинаған, қырғыздардың бұл көп қолы Жуамнан шыққан. Жуамнан Кекілікке қараған жазыққа шыққанда санын білдірмеске ат құйрығына шөп байлап, қырғыздар жердің шаңын аспанға көтерген. Бұл қырғыздар: «Иә, тегіс қырылайық, иә, Кенесарыны жығайық» - деп келген. Алатау мен Кекіліктің арасы зор майдан болған. Осы мезгілде қырғыздар қазақтармен астыртын сөйлесіп, дулатты басқарған Рүстем төрені өз жағына қаратып алған. Соғыстың қызып тұрған уақытында Рүстем көп дулатты қашырып жіберген. Кенесарының қасында мыңнан кем қазақ, бес жүздей мылытық қалған. Дулаттың басшылары Сыпатай болып, Кенесарының қолында қалған. Көп қырғыз Кекіліктің Сеңгір деген жерінде Кенесарыны қамап алған. Таудан аққан бұлақтың басын бұрып, қамаудағы қазақты қырғыздар сусыз қалдырған. Ассыз, сусыз үш күндей соғысып, ат та, адам да болдырып, төртінші күні Кенесары бүтін әскерімен қолға түскен» (С.Қосановтың жарияланымы).

М.Әуезов: «Сыпатай: ...Бұлар хандық құрған күні біз бүгінгі орнымыздан айырыламыз. Қырғыздың манабы, дулаттың датқасы мен төресі ежелден бір бас, бір тас емес пе? Талайы, тіпті осы тұрған үшеуміздің айқыш-ұйқыш құда-жекжатымыз емес пе? Бастасым солар! Табысамын!



Рүстем: Мақұл. Болды. Ендеше ірітіңдер дулатты.Ана сыйлықтарын алайық. Хан керек болса – дулатқа өзім хан боламын. Қырық ру қазақ баяғыдан бір ханға билетпей-ақ күн көрген. Бәрін қосып хан боламын десе – ана өзі шыққан орта жүзінің қазағын баурап алсын.

Сыпатай: Жүр, олай болса әлгі қырғыздың елшісіне. Қабыл алдық сол жіберген сиын».

«Хан Кене» пьесасының осы күндері сақнаға қойылмай жүруінің басты «намысының» бірі – осы көрініс. Санасы ұлттық намыс пен ұлттық идеяға көтерілмей, кеуделері паңсып қалған трайболизмге бітелген надан бір акадеиктің ойынша, бұл көрініс ру араздығын қоздыратын көрінеді, әрі өзі үшін ұлттық намыс санайды екен. Намыстанса – қазақтың бірлігінен руының бірлігін жоғары қойып жүргендерге намыстанса керек-ті. Әй, қайдам. Олар үшін, соның ішінде рушыл академик үшін Кене хан да, Әуезов те ру намысының құрбандығы ғана.

Е.Бекмаханов: «Қазақ сұлтаны Рүстем және Сыпатай би Кенесары қозғалысына тонаудан қорқып қосылған адамдар еді. Шайқас болардың алдындағы түнде олар Кенесарының шебін тастап қашып кетті. Ол туралы Мәдібек Беққожаев: «Сыпатай мен Рүстем төре түнде өз әскерлерін бөліп алып, Шу өзенінің арғы жағына өтіп, «Мықан суына» жеткен соң өткел іздеп, таң атқанша жүрді. Осы кезде оларды қырғыз әскері байқап қалып, шабуыл жасады. Артта жау, алда өткел бермес батпақ су, міне, осындай жағдайда қазақтар қырылып, бір бөлігі қолға түсті» дейді. Сыпатай мен Рүстем көрсеткен қызмет ұмыт қалған жоқ. Кейіннен манап Жантай Қарабеков Сібір қазақтарының шекара бастығынан Рүстем сұлтанды наградтауды сұрай отырып: «Рүстем сұлтан мен Сыпатай би Әлібеков әскерлерін алып кетіп, маған Кенесарымен есеп айырысуыма жағдай жасады» - деп мәлімет берді. Сондай-ақ Қоқан бектері өз әскерлерін Ормон манаптың қарамағына беріп еді».

М.Сәрменбайұлы: Үш күн соғысып, аз қазақтың қырғызға әлі келмейтін болғасын, төртінші күнге қараған түнде Кенесары кеңес құрады. Кеңесте анау ананы, мынау мынаны айтады, толық ақыл табылмайды. Наурызбайдың айтқаны мынау болды: «Ағыбай, Құрман батырларды бас қылып екі жүз жігітпен қырғыздардың тобын бұзып, жол салайын. Қалған әскер менің соңымнан жүрсін, көп болса да, қырғыздар күнде көріп жүрген жауымыз ғой, бұзып өтпей несі бар дейсің. Топтан бір өтсек, соғыса-соғыса қүтылармыз» деген. Бұл сөз Кенесарыға мақұл келмеген: «Топтан бұзып өткен соң қашамыз: аты жүйріктер құтылады, көп әскер тұтылады. Қол бастаған ханға жаудан қашқан лайық емес, жаудан қашқан соң, мен хан бола алмаймын, онан да аттың бәрін бауыздайық, жиырма атқа азық артып, Шуға қарай жүрелік. Бір жағымызды Шуға салып, қолымыздағы бес жүз мылтықты жауға қаратып, артынан найза тігіп жүрсек, бізді жау ала алмайды, қолында бес жүз мылтығы бар басын өлімге байлаған өңшең жаяу батырды ешқандай мықты жау ала алмайды», – дейді Кенесары. Кенесарының сөзін көп мақұл көрсе де, аттарын сойдыруға батырлардың біразы қимаған. Күзеттің арасынан аман өткен қол қалың батпақ Қарасуға тап болады. Аттың бәрі ұйыққа батқан, әскердің көбі батып, жұрт сасып бүлінген. Сөйтіп жүргенде таң атқан. Қырғыздар Кенесары қайда кеткенін біле алмай қалып, жан-жаққа жортуыл адам жібереді. Іздеген адамдар батпаққа батып жатқан, өте алмай жатқан қазақты көріп қырғыздар ат қойған. Қазақтың жалғыз-жарымы ғана қашып құтылған. Көбі сол жерде қырылған, қолға түскен. Осы күнгі Тоқпақтан бастап, Пішпектің қатарына дейін, Шудың жағасы 5-10 шақырымдай Қарасу - жерден шыққан қайнар батпақ болады. Бұл орынды қазақ-қырғыз «Миқан» деп атайды. Шуды жағалаған қол Миқанға тап болып, батып қалған көрінеді».

Е.Бекмаханов: Кенесары мен Наурызбай өздерінің жасағымен қоршауды бұзып өтуге ұйғарды. Кенесары өзінің тобымен Қарасуық деген батпақты өзен арқылы қоршаудан шықпақшы болды. Өзеннен өту кезінде көп адам суға кетті, осыған қарамастан әскерлері Кенесарыны аман алып қалуға тырысты. Осы оқиғаны көтеріліске қатысқан адам былай суреттейді: «Кенесарының жүздеген адамдары желкеден төнген қара қырғыздардың соққысынан суға кетті, бірақ өліп бара жатып, өздерінің сүйікті сұлтаны Кенесарыны құтқаруға тырысты. Өздерін құрбан ете отырып, олар сұлтанды суға кетіп бара жатқан атынан ауыстырып, өз аттарын беріп отырды».

М.Сәрменбайұлы: «Кенесары мен Наурызбай құтыла алмасына көзі жеткесін төрелер жаяулап бір түбекке шығып отырады. Сол уақытта шауып келе жатқан бір қырғызды көреді. Кенесары шақырып алып:



- Неғып жүрсің? - деп сұрайды.

- Кенесарыны іздеп жүрмін,- дейді.

- Іздеген болсаң, Кенесары мен боламын, барып, адамдарыңды шақырып кел, – дейді. Қырғыз шауып кетіп, біраздан соң көп адам ертіп келеді.

- Мен қолға түстім, мені манаптарыңа алып барыңдар, – дейді. Көп қырғыз Кенесарыға:

- Жауласуды қойған болсаң қару-жарағыңды таста, – дейді.

Кенесары мен Наурызбай қаруларын лақтырып тастайды. Төрелерді қырғыздар атқа мінгізіп тау ішіндегі еліне апарады. Өздеріне бөлек үй тігіп беріп, құрметтеп сыйлайды. Кенесары, Наурызбайдың жатқан үйі Жолбай деген қырғыздың үйі екен. Осы үйде төрелер жеті күн жатқан. «Мен Кенесарымын» - дегеніне нанбай қырғыздар қолға түскен Құдайменде биді алып келіп, Кенесарыны көрсеткен. Кенесары-Наурызбайдың қолға түскен күні қандай көңілде болғаны туралы қырғыздар мынадай әңгіме айтады:

Қолға түскен соң қырғыздар Кенесарыға қой сойып, қонағасы береді. Ет әкелгенде Кенесары-Наурызбай қисайып жатыр екен «Ас келді» дегенде Наурызбай ұшып түрегеледі де: «Кенеке, тұрыңыз, тамақ жейік», ­– дейді. Кенесары: «Жемеймін», – дейді. Сонда Наурызбай айтыпты-мыс.

Ай, Кене аға-ай, өмір деген не дейсің, ақырында бір өлім болғасын, бүгін өлдің не, жүз жылдан соң өлдің не, сол үшін уайым жемейік, тұрыңыз, одан да етке тойып алайық, – депті. Сонан соң Кенесары тұрып тамақ жеді дейді.



Қырғыздар не қыламыз деп кеңес құрады. «Біреуін жіберіп, Жаманқараның өлі-тірісін білейік, Жаманқара тірі болса, бұлардың біреуін жіберіп алдыралық»- деп қаулы қылды. Қырғыздар осы қаулыны бұларға айтады. Сонда Кенесары айтады: «Жаманқара тірі, Наурызбайды жіберіңіз, Жаманқараны әкелсін», дейді. Сонда Наурызбай айтыпты-мыс: «Ай, Кенеке, сен кеткенде хан болып артыңда қалып ешнәрсе бітіре алмаспын, өлсек, бірге өлейік. Ай, қырғыздар, Жаманқараңды мен өлтіргенмін, қолыңнан келгеніңді қыл» - дейді. Бұл туралы қазақ арасында мынандай өлең бар (...)

Қырғыздар тағы кеңесті. Олар екі жақ болды. Бір бөлігі бастығы Жантай болып: «Сый алып, татуласып, төрелерді босатайық» - деді. Көп жағы, әсіресе, Жаманқараның жақындары, қарақалпақтың туғандары «өлтірелік» дейді. Екі жақ таласып, қырғыздар өзді-өзі ұрысып қала жаздайды. Ақырында Жантай жағы жеңіліп: «Не қылсаңдар да рұхсат», - деп сөзді қойды. Қырғыздар төрелерді өлтірмекші болды. «Жаудан қолға түскен батырлардың өті түрлі ауруларға ем болады» - деген қырғыздарда ырым болады екен. Өлтірердің алдында Кенесары - Наурызбайдан бір қырғыз сұрайды: «Өттерің неге ем болады?»- деп. Сонда Наурызбай: «Өтім – қырық қызыңа ем болады» - депті. «Наурызбайдан тұқым аламызы - деп қырғыздар Наурызбайдың қойнына қыз салыпты. Наурызбай қарамапты» - деген қазақ арасында лақап сөз бар. Наурызбайдың «қырық қызың» деп тоқтатқанынан шыққан болса керек.

Д.Рамазан: «Ақырында Кенесарыны солто, Наурызбайды тынай ұрықтары алып, Ержанды сарбағыш руы алады. Үшеуін бірдей өлтіреді. Кенесарының жүрегінің жарымы май екен, жалы бар екен. Наурызбайдың жүрегі бір қарасы жоқ шылғи май болып, ортасын өрлеген шидей қара қылы бар екен. Қырғыздар Кенесарыны өлтіріп тұрып, Наурызбайға өлтірдік деп ұққызады да, бұл жас екен қоя берелік дейді. Наурызбай бір де тілін тартпай қырғыздарды ашуландырып тұрады. Наурызбай айтады: «Өлтірсең мен барамын Құдайға, өлтірмесең мен қуамын Кенекемнің кегін» - деп. Бүл сөзді қырғыздар ұғып, оны да өлтіреді. Наурызбай бұл кезде 25 жаста екен».



«Қырғыздардың өлтірмек болғанын Кене хан білген соң, «Мен дәрет алып, намаз оқып алайын, онан соң ишара қылайын, сонда жанымды қинамай қылышпенен бір шауып өлтіріңдер» – деген. Ертемен намазды оқып болып, ишара қылғанда бұрынғы жылы Кенесарыдан өлген Орманбек Субанбектің Тайсары деген інісі Тастанбектің болатымен сілтеп жібергенде басы ырғып кеткен. Өлігін Қызыл су менен Шамшының ортасындағы Борду деген сайдың орта бөксесіне таман көмген. Кенесарыны өлтірер замат күн қатты жауған». (Б.Солтанаев. Қызыл қырғыз тарихы. Бішкек. 1993, 2-кітап, 11-бет) десе, Есенқұл Төреқұлұлының «Қырғыздың қысқаша санжырасы» (Бішкек, 1995) деген екі томдық еңбегінің бірінші кітабында да дәл осы жайттарды қайталай келіп: «Өлігі (Кенесарының) Қызыл судың Алмалы сайының орта бөксе тұсына қойылған, жасы 45 шамасында болған. Ал Наурызбайды Кегеті жақтағы Жаубасардың балалары Жүніс пенен Түлекқабылдың колына берген. Қалпақтың бәйбішесі Ботакөз «осының қанын ішем» деп ашуменен айбалтаны ала салып, Наурызбайға сілтегенде бір қолын шыли шауып түседі. Сонда артына қараған Наурызбай балта ұстаған әйелді көріп: «Оо-пыр-ай, мені өлтіретін қырғызда еркек жоқ па?» депті. Содан кейін барып Төлебай деген қалпақтың жігіті балтамен шауып өлтірген. Осы жігіттен ұрпақ жоқ деп айтысады», – (1-кітап, 94-бет) дейді.

М:Әуезов: «Науан. Уай, қырғыз, еркегің құрып кеткен бе сенің. Мені еркегің өлтірісін.



Толыбай (жақындап қалған Қарақалпақтың қатынын қағып қалып). Тұр былай... Олай болса... міне еркек, тілегіңнің қарымы. (Ұмтылып кеп жүрегіне қанжарды салып жіберді. Науан құлайды.)

Соңғы қатын (ұмтылып). Қанын ұртаймын, қанын ұртаймын! (Ұрттап, ұрттап алады)».

Наурызбайдың өлімі туралы екінші бір жорамал да бар.

Е.Бекмаханов: «Қоршаудан шығуға тырысу сәтсіз аяқталды. Наурызбай өзінің шағын тобымен шайқаста қаза тапты. Кенесарыны қырғыз манаптары қолға түсірді. Өзін өлтірер алдында Кенесары қырғыз манаптарына тағы да жауласуды тоқтатуға ұсыныс жасап, қазақ пен қырғыздарды біріктіріп, ортақ жау – Қоқанға қарсы күресуге шақырды. Алайда қырғыз манаптары бұл жолы да оның ұсынысын қабылдамады. Кенесары өлім алдында, иін-тірескен халық жиналған жерде ән бастады. Ол бұл өлеңінде өзінің еркіндік үшін, елдік үшін бастаған ауыр күрес жолын, Сарыарқаның кең даласын, өзінің қаза тапқан серіктерін еске түсіреді. Кенесарының соңғы сәтін былай суреттейді: «Кенесары жиналған жұртқа, алыстағы тауларға, күн шуағы төгілген биік аспанға, жан-жағына қарап алып, ән бастады. Ән ұзақ айтылып, жиналғандар құлақ түріп тыңдады. Оның сөздері бойларын билеп, ән тыңдаушының жүрегін баурады. Ол өзінің өткен өмірін, туған жерін еске түсірді».

М.Әуезов: « Кенесары: Бірақ мені жыққан сол жауыздар жұртты қоса жыққанын ұға ма екен? Ойлар ма екен? Алатаудың бауырында Кенесары жығылса, сыналатын өткелде қазақ елі бірге жығылады. Түсінер ме соны? Өкінер ме? Менің жығылғаным арман емес. Ел болар ма екен, елімнің шу дегенге жарамаған арман - менің қайғым. Жалғыз-ақ, ел болар ма деген елімнің көші қайда қалды? Қайда қалды, қайран елім, не боп қалдың. Мен сүйінер ел ішінің қайғысы ол жеңгізбейтін дерт болды. Армандамын, соған әлім жетпегендігіне армандамын. Бәрі бір мен сүйінер өмір, мен жұбанар үміт қалған жоқ. Бұдан арғыны көргенше, алланың ақ бұйрықты ажалы келсін. Содан басқа тілегім жоқ».

Е.Бекмаханов: «Кенесарының өлімі оның серіктері үшін, әскери достары үшін өте ауыр соққы болды. Я. Палферов көтеріліске қатысқан Нысанбай ақынның толғауы арқылы көсемдерінен айырылған қазақтардың ауыр қайғысын білдіреді. «Кенет шатқал тыныштығын домбыра үні бұзды, оған қоса: «Е.. е.. ее.. Алла!» - деп күңіреніп алып басталған қайғылы, жантүршіктірер, Нысанбайдың сол жерде шығарған жоқтау өлеңі, басталды:

Еркін жел бүгін тынықсын,

Ақындар жырын ұмытсын.

Ерке ұлын іздеп жоқтаған,

Зар заманнан сыр ұқсын.

.........................................

От тиген қалың ағаштай,

Жалындай кетті-ау, Кенекем».

Жоқтау ұзақ, қайғылы түрде айтылып, шатқал-шатқалды, сай-сайды қуалап, кең далаға Кенесары батырдың өлімін естіртіп кете барды. Зар жылаған домбыра үні барлық дүниені булықтырды. Тыңдаушылардың қара торы жүзін жас жуды, кейде олар өксіп-өксіп те алады. Бүкіл табиғат осынау бір жұбатуға болмайтын зарлы күймен бірге жылап тұрған сияқты».

Машһүр-Жүсіп: Тілеуғабыл манап Наурызбайды інісінің бодауы үшін, көп қырғыздың ортасынан жеке өзі меншіктеп алды. Сонда қырғыздарға айтты дейді:

Мұны өлтірсем, неге өлтірдің демеңдер. Өлтірмесем, неге өлтірмей қойдың демеңдер, Інім үшін маған бердіңдер ғой. Ықтияры өзімде болсын! – депті.

Үйіне алып барған соң:

Төре, өлер інім өлді. Сені өлтіргенмен, ол тірілмейді. Сені тайдай тал түсте жөнелтсем, тамам қырғыз соңыма


түсіп, өзімді бұл Алатауда тірі қоймайды. Менің атымды мін, киімімді ки, сөйт те, түнде қаш, сені ешкім қуып жетіп, түсіріп ала алмайды. Мен риза, құдай риза, маған сенің өлмегенің керек, – дейді.

Кенесары, Наурызбай қолға түсіпті де, Кенесары өліп, Наурызбай қашып келіпті – деген сөз маған өлімнен жаман атақ. Ол абыроймен тірі болып үйге барғаннан да өлгенім артық. Жиырма беске жеткенім жоқ, жүз жасаған кісінің сүретұғын дәуренін сүрдім, тіршілік пен бұ жалғанға менің арманым жоқ! – дейді.



Өлтіруге көзі қимай Тілеуғабыл Наурызбайды үш ай (тоқсан күн) сақтапты. Ақырында Тілеуғабыл өзі бір жаққа кеткенде, жанкүйері өлген қырғыздар қоқиласып келіп, өлтіріп тастады дейді. «Наурызбайды өлтіргендер дәнемеге ұшыраған жоқ», – десіп, мұны қырғыз жұртының өздерінің жиһан кезген, орыс қолына түсіп, жер аударылғандары айтысады. Болмаса, Кенесары, Наурызбай қырғызға түскенде мен туғаным да жоқ».

Д.Рамазан: «Ал, 1999 жылы Бішкекте шыққан Құсбек Үсенбаевтың «Ормон хан» атты монографиясында: «Кенесары менен Наурызбайды 7-8 күн қармап тұрысады. Ол екеуін бірге қоймай, әрбірін өзінше бөлек үйде ұстаған. Кенесары «ит қырғыздар мені хандарыңа жолықтырыңдар» деп шешімді түрде талап еткен. Бұны Орман хан мақұл көрген жоқ. Өйткені қырғыз, қазақтың салты бойынша ханға жолықтырған тұтқынды «Жан сауға» деп аман қалдырады екен. Сондықтан Орман хан Кенесары мен Наурызбайды маған көрсетпей жоқ қылындар деп бұйырған. Шабылған ел, атап айтқанда шайқаста құрбан болған ерлердің жақындары Кенесары мен Наурызбайға бірнеше сауалдар береді. Мысалы, Наурызбайдан: «Бұрынғы жылғы елшілер бар ма?» - деп сұрағанда, ол: «Жаманқараңды жайлаған, Орманбекті ойрандатқан, Субанбегіңді сұлатқан, Қалпағыңды талпақ қылған қолым осы» – деп тайсалмай жауап берген. Ал: «Арманың бар ма?» - деген сауалға мынандай жауап береді. «Төрт арманым қалды: бірінші – апам байға ұзатылған жоқ еді, екінші – ұрпағым қалған жоқ, үшінші – Тоқсан төбедегі пұл ашылған жоқ, төртінші арманым – алты алаш баласын бастап, Еділ, Жайық, Сарыарқада орыспенен беттеспедім» - деген.

М.Сәрменбайұлы: «Кенесарыны сарбағыш Тастамбек балалары, Наурызбайды Тілеуқабыл балалары жабылып өлтірген көрінеді. Тастамбек Жантайдың әкесі Қарабекпен бірге туған. Тілеуқабыл Қалпақ батырмен бірге туған. Екеуінің де Кенесарыдан жақындары көп өлген. Екеуінің де тірідей жауырынын жарып, өтін, жүрегін алған, қанын ішкен, – дейді. Дұшпанының қанын ішу – бұрыннан келе жатқан түрік әдеті. Қырғыз арасында осы күнде мынандай лақап бар: «Кенесарының жүрегі майланған екен» дейді. Наурызбайдың жүрегінде қарыстай қыл бар екен. Қылды көрген соң қырғыздар «Наурызбайды бекер өлтірген екенбіз. «Жүрегінде түгі бар ер – жүзге серік» дейтін еді деп өкінген».

Мәшһүр-Жүсіп: «Қырық жасында, жылқы жылы демі таусылды. Наурызбайдың жылы қой еді, жиырма төрт жасында жұмыс бітті. Қырғызда манап дейтұғын болады екең. Манап болатұғын себебі: қырық жігітке қатын алып беріп, мал малдандырып, жан жандандырады екен. Сонан соң оны «манап» деп атайды екен. Сонда қырғызда Жанғараш, Жантай екеуі де манап екен. Жаманғара да манап екең. Жанғабыл, Тілеуғабыл ағайынды екеуі де манап екен. Жаманғараны елшілікке келген жерінде Наурызбай өлтірген:



Құлақ пен қозы жаурын қойып алдым,

Өгіздей жон терісін сойып алдым.

«Ханыма қырын қарап сөйлейсің» –деп,

Бүйірін наркескенмен ойып алдым, –

деген өлең де бар.

Өздері қашпаймыз десіп, қолға түскен соң, Жаманғараның бодауына Кенесары ханды Жанғараш алған екең. Жанғабыл манапты соғыста Наурызбай тағы өлтірген екен. Соның бодауына деп, Наурызбайды Жанғабылдың ағасы Тілеуғабыл алған екен. Сол уақытта қырғызда, Алатаудың күнгей бетінде, Орман хан деген хан бар екен. Сонан қырғыздың манаптары кісі жіберіп, ақыл сұраған екен. «Бұлар қолға тірі түсті, қайтеміз?» ‫– деп.

Сонда Орман хан айтты дейді:

Кенесары, Наурызбайға біздің қырғыз барып соқтыққан жері жоқ, өздері келіп қолға түсті. Оны манаптар күшіміз асқандықпен болды демесін. Құдай мен аруаққа төрелердің өздері ұшырады, сонан болды деп білсін. Өздерін өлтірмесін. Бұрынғының сөзі бар еді: «Қарадан хан қойса, қасиеті болмайды. Үлгісізден би қойса, өсиеті болмайды», – деп. Қайта өздері икемге келіп, ынтымаққа көнсе, күллі қырғызға хан көтерсін. Мен де хандығымды тастап, соны хан сайлауға қол қояйын. Егер де икемге келмесе, ынтымаққа көнбесе, күтіп-сақтап бақсын, өз ажалынан өлмесе, менен ғақыл сұраса, өлтірмесін. Және қалған елін барып шаппасын, болғанына қанағат қылсын да тұрсын, – дейді.



Сонан соң қырғыз:

Орман өзі басы аман болған соң аузына не келсе, соны айта береді, – деп. – Біздің Жаманғарамыздан артық па? – деп, – Жаманғараша өлтіріп тастаңдар! – дегенде, «Қылышпен шабамын!» – деп ең алғаш қол көтерген қырғыз қолын көтерген бойымен сіресіп қалды дейді. Оның өзінен әл кетіп, қақайып тұрып қалғанын білмей, жанында тұрған арсалаң бір есерсоқ қылышты жұлып алып, Кене ханды мойынан шауып жібергенде, Кенесары ханның басы да жерге түсті. Шапқан батырдың өзі де сылқ етіп құлай кетті дейді. Қараса, табанда жаны шығып кетіпті. Үйіне көтеріп алып барған екен, үй ішіндегі қатын-баласы жалп ете түсті дейді. Сонан соң қырғыз халқы Кенесары ханды өлтіргендігіне көп шемен болысты дейді. Сол өлтіргішлерінің тұқым-тұқымы бұл күнгеше өнбей, быт-шыт болып тозып кетті дейді. Жантай өлтірген кеңестің ішінде жоқ екен. Өлтіргендерін де оңды ұнатпаған екен. Бас терісін сойдырып, орыс жұртына жіберген екен. Сол үшін тұқым-тұқымына нагард берілді дейді».

М.Сәрменбайұлы: «Екеуі екі бөлек қойылған. Кенесары «Бөрілі» деген сайға көмілген. «Бөрілі» Тоқпақтан 25 шақырымдай Жуамға жүретін қара жолдың оң жағында болады. Наурызбайдың қайда көмілгені анық емес. Өлтіргенде Кенесарының басы орыс үкіметінің қолына түскен. Кенесары – 43, Наурызбай – 25 жаста екен. Пенде болған уақыты – 1847 жыл. Жазғытұры Кенесары өлген соң наймандар қырғыздарды шауып, Төрекелді деген манапты ұстап алған. Төрекелдіні құтқармақ болған қырғыздар Алматыдағы орыс әскерінің бастығына үш кісі елші жібереді. Осы үш кісі елшілікке Кенесарының басын алып барған. Үш елші үш рудың адамдары екен. Орыс үкіметі Кенесарыны кім өлтірді дегенде: «Біз өлтірдік» - деп үш елші таласқан. Кенесарыны қалай қылып өлтірдіңдер дегенде, былайғылары аузын ашпай айта алмай қалғанда, Орман манаптың елшісі Қалығұл Әлібекұлы Кенесарыны қалай өлтіргендігін бастан-аяқ сөйлеп, қайдан алып келгенін анықтап айтқан. Кенесарыны өлтіріп, орыс үкіметіне еткен еңбегі үшін сол күндегі Сібірдің ұлық-бастығы князь Горчаков Қалықұл Әлібекұлына 1847 жылы 15 июньде қол қойып, мақтау қағаз һәм күміс медаль берген. Орыс үкіметінің бастығы Кенесарының басын қайда жібергені белгісіз».

Е.Бекмаханов: «Кенесарының өлімі туралы хабар жетісімен Орынбор шекара комиссиясы жан-жаққа жарлық жіберіп, онда «Орынбор мекемесінің қырғыздарына ортақ жаудың өлімін» хабарлады. Батыс Сібір генерал-губернаторы Горчаков осы соғыста көзге түскен қырғыз манаптарын шақыруға шешім қабылдады және оларды ордендермен наградтауға ұсынды. Кейіннен бұл шаралар жүзеге асырылды. Кенесарыны өлтірген Әлібековке Горчаков арнаулы хат жолдады:



«Құрметті қырғыз Қалығұл Әлібековке! Бүлікші Кенесары Қасымовтың ісінде көрсеткен ерлігіңіз бен қызметіңіз үшін, өзіме император тақсыр берген билікке сай, сізге Георгиев лентасындағы, мойынға тағатын күміс медаль жіберіп отырмын, сіздің осы жоғары сыйлықты дұрыс бағалайтыныңызға және өзіңіздің қасиетті императорға берілгендігіңізбен үкіметтің сенімін ақтайды деп сенемін».

Соңғы шайқаста, Сібір қырғыздарының Шекара бастығы Вишневскийдің мәліметіне қарағанда, Ормон манаптың қолынан Кенесарының інісі Наурызбай, екі баласы және басқа да 15 сұлтан қаза тапқан. Сонымен бірге, көптеген қатардағы қазақтар қаза тауып, мыңға жуық адам қолға түсті.

Қырғыз манаптары Ормон мен Жантай өздерінің ризалығының және достығының белгісі ретінде, өлтірген қазақтардың бастарын Қоқан ханына сыйлыққа жіберді. Бұл туралы капитан Рылцовқа барген жауабында бір керуенбасы еске түсіреді: «Мен Ташкентте қара қырғыздардың басшыларға сыйлыққа жіберген, екі арбаға тиелген Кенесары адамдарының бастарын өз көзіммен көрдім. Бастарды ұзын таяққа іліп, Ташкент базарына қойған. Жергілікті басшылыр бұл іске риза болғандықтан қара қырғыздарға сыйлықтар берді».

Мұндай тарихи шындық пен әфсаналарға түсініктеме беру де артық. Өйткені мұнда халықтық қасірет жатыр. Ал халықтың қасіретін Мұхтар Әуезов сияқты ұлылар ғана жұбата алады. «Хан Кене» арқылы жұбата да, ойланта да алды. Ұлттың басына ең ауыр күндер туғанда да ұлттық тәуелсіздік рухын сөндірмеген шығарманың таргедиялық сипаты мен астары, қадыр-қасиеті осында. Шығармашылық тебіреніс аяқталса да жазушының бақ талайы әлі талай талқыны күтіп тұрды.

Ол «Хан Кене» сақнаға қойылған соң басталды.

САҚНА СЫРТЫНДАҒЫ САРЫН

«Хан Кененің» ең соңғы нүктесі 1928 жылдың көкек айында қойылған. Тура сол күндері Ғабит Мүсреповтің араласуымен жеделдетіп жарық көрген «Қилы заманның» басылымы таралмай жатып тәргіленеді. Ал сақналық қойылымды қажет ететін «Хан Кене» кейінге ысырылады. Өзге шығармалары тергеу ісіне тіркеліп, соңынан жоғалып кеткенде, «Хан Кененің» қолжазбасы кездейсоқ сақталып қалғаны таң қалдырады. Зады пьесаның бір данасы театрдың сөресінде «ұмыт қалған» сияқты.

1932 жылы түрмеден босап шығып, театрға әдеби кеңесші болып келгеннен кейін, заман тынысы кеңіп, «еркін жазушыларға» жол ашылған соң «Хан Кене» сақнаға жолдама алды. Бұл тұста театрдың репертуары да жұтаңданып, драма театры жабылуға таяп, оны жандандыру туралы арнайы қаулы қабылданып еді. Бас директор Орынбек Беков сыннан өткен большевик болғандықтан да оның «Хан Кенені» сақналауға белсене араласуы идеология мекемелерін онша алаңдата қоймаған. Спектакль қойылардың алдына «Хан Кенеге» біраз адамдар пікір білдіріпті. Соның бірі белгілі баспагер Рақымжан Жаманқұлов болған сияқты. Ол - Мұхтардың «Ескілік көлеңкесінде» атты шығармалар жинағын баспаға дайындаған көңілі жақын зиялының бірі. Мұрағатта сақталған мына хат соның дәлелі. Онда:

«Мұқа!

Кенесары - тарихи тақырыптардың ішіндегі ең ірісі ғой. Менің байқауымша Кенесары қозғалысының сарқылған, тозып біткен жері алынған. Оқиғаның басталып, етек алып өрістегені көріне алмаған. Кенесары қозғалысы - орыс отаршыларынан ел қорғау қозғалысы. Сондықтан ол қазақ ұлтына пайдалы қозғалыс еді деп жүрген Аспандияровтың айтқаны көмескі қалды. Қалың ел Кене соңынан неге ереді? Бұл көрінбейді. Неге ыдырап тозады, бұл жағы жақсы көрінеді. Орыс отаршысына тірек болып шенге сатылу жағы да көзге еркін түсе алмайды.

Кейіпкерлер жақсы көрінген.

Кененің ақыл-айласы таусылып, тұйыққа, жарға қамалған жері көрінгендіктен, ақыл-ой, айла-амалының еркіндеп, өршіп тұрған кезі көрінбегендіктен Кене кейпі түгел көріне алмай тұр ғой деп ойлаймын. Бұл, әрине, қозғалыстың өрісі мен байланысты ғой.

Інісі, қарындасы, батырларының кейпі жақсы көрінген. Пугачеев пен Кенесары қозғалысы бір-біріне ұқсас емес болса да, сондағы қозғалыстың басталып, өсіп-өнуін жазған әдісі маған аса ұнайды.

Қысқаша айтқанда пьесаны толықтандыру керек. Бұл пьесаның тақырып жағынан тарихи маңызы, күштілік жағынан орыны үлкен ғой. Сөз жоқ жақсы жазылған. Әзірше осымен тоқтап, өз ойымды ауызша айтқанда толықтырып айтармын.

Рахымжан. 16. ХІ-33. » - деп жазылған.

Достық ниеттегі бұл пікірді талдап жатпаймыз. Тек пьесаны сақнаға шығарар алдында тілектес адамдарға оқытып, пікірлерін білуге ұмтылғанын еске сала кеткіміз келді. «Хан Кене» спекталі 1934 жылдың 21 маусымы күні сақнада қойылды. Спектакльге ерекше көңіл бөлініп, оның әсерін үстеу барысында қосылған қосымша көріністер мен музыкалық сүйемелдеулер трагедияның әсерін күшейтіп, төбе құйқа шымырлататындай дәрежеде қойылды. Наурызбайдың сақнаға ақ боз ат мініп шығып атойлауы, оның соңынан мойындарына бұршақ ілген, көгенделген әйелдер мен жас сәбилер көрінісі қанды оқиғаның қатыгездік сыпатын басым етті. Сол сақнада сәбилердің бірі болып «ойнаған» Бақыттыжамал Қалибекқызы Қуанышбаева:



«Тұңғыш рет спектакльге арналып арнайы киім тігілген қойылым – «Хан Кене» спетаклі. Қалибек – Кене, Елубай – Наурызбай, Жүсіпбек – ақын бейнесінде ойнады. Сонда жаудан түскен олжаларды көрсеткенде балаларды бұршаққа тізіп өткізетін сцена бар. Театрдың директоры Орынбек Беков соған барлық актерлердің балаларын қатыстырды. Күләш Байсейітованың сіңілісі Рыстай да бар. Көрермендердің кейінгі айтуына қарағанда, ол көрініс сондай әсерлі, аянышты шыққан көрінеді. Әке-шешемізге еліктеп, өзімізше тырысып, айтқандарын бұлжытпай сақнада орындайтынбыз. Осы спектакльде сүйекпен, алтынмен өрілген шаңырақ есімде қалыпты. Әкем Қалибек ауылға барғанда Сәдірбек байдың күміс белбеуін, кісесін, алтын зерлі бақанын, қасқыр ішігін алып келген. Сол пайдаланылды. Кісені Серағаң – Серәлі Қожамқұлов күні кешеге дейін тағып, сақнаға шығып жүрді. Спектакль жүріп жатқанда сақнаның сыртында шешем босанып, ұл тапты. Оны Қалибек ойын біткенде бір-ақ естіді»,- деп еске алады.

Шындығында да спектакль сондай шынайы тұрғыда қойылды. Ондағы жоқтаулар мен елдің Сарыарқамен қоштасулары оркестрдің сүйемелдеуімен, әйелдердің хорымен, балалардың жылауымен астасып, көрермендердің жағасын ұстатқан сияқты. Тіпті С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Ғ.Мүсрепов сияқты өнер табиғатын білетін ересектер де осы көріністі ұмыта алмаған. Оған атақты шежіреші дегдар Жайық Бектұровтың төмендегі естелігі дәлел:



«1934 жылы жазда Алматыда М. Әуезовтың «Хан Кене» атты әйгілі пьесасының алғашқы қойылымын көрдік. Сахнаның алғашқы ашылуын Ғабит Мүсірепов ағамыз басқарды. Кенесары болып Қалибек Қуанышбаев, Науан (Наурызбай) болып Елубай Өмірзақов ойнады. Қаллекей ағамыз қызыл барқыттан шынтаққа жететін жеңді қамзол киіп, алты қанат ақбоз үйдің төрінде жастыққа бір шынтақтап жантайып жатқанда, Елубай цирктің ақбоз атын сахнаға арқыратып мініп шыққанда, республикамыздың театрға жиналған басшылары, Сәкен бастаған жазушы қауымы – бәрі де бір ғасырдай бұрын өткен уақиға тап қазір шынымен көз алдарына келгендей тыныстарын іштен алып, сахнаға қадалды да қалды. М. Әуезовтің осы пьесасындағы оқиғалар менің үлкендерден бала күнгі естіген аңыз-ертегіммен көбінде сәйкесіп отырды.

Қалибек жұрт көзінде Кенесарының дәл өзі болды да шықты. Жас шамасы да дөп келеді. Кенесары қырық төрт жасында опат болған ғой. Қолға түскен Кене бүйірінен оқ тиіп, шала серпіліп жатқан арыстандай көрінді. Науан болып ойнаған Елубайдың сахнада ат үстінен ақыруы, екпіні, қаһары ертедегі ер Науанның дәл өзі болды да қойды. Елубайдың жасы Науаннан сәл үлкенірек. Сөйтсе де оны жұрт нағыз Наурызбай деп түсінді. Елубайдың өнерінде, тұтықпалылау сөзінде шадыр мінезділік, өңінде қаһарлы кескін,
ожар пішін болатын. Соның бәрі оны
ызалы Науан етті де қойды.

Сәкен өткендегі хандарды, әсіресе Абылай әулетін қанша жамандаса да, шындықты да шынайы баяндаған болатын. Ақын «Көкшетау» поэмасында:

Орта жүз «ақ патшаға» бағынғанда,

Патшаға хан ұрпағы жағынғанда.

Қасым хан бармай қалған, туыстары

Патшадан байғазы алып тағынғанда.

Кене хан Қасымұлы қырға көшкен,

Үстінен туыстары шағынғанда.

Патшаға қарадың деп елді шапқан,

Хандығын Абылайдың сағынғанда, –

деп жазып еді.

Иә, мұның бәрі әрі толғау, әрі естелік. Бір есептен, Ғабит ағамыздың осы күнге дейін Кененің соңына шырақ алып түсе беретіні сол кезде қалыптасқан біржақты көз қарасын қайталауынан ба деп қаласыз. Жазушы өзінің соңғы көлемді туындысы «Ұлпанда» да Кенені кемітіп өтті. Бұл шығармада Кененің онша қыстырыла қоятындай қисыны жоқ та сықылды еді. Қайтсе де Ғабеңнің атқан оғы сүйегін кейінірек қырғыз манаптары Қызылсу жағасындағы көрінен суырып тастаған Кенеге тиіп жатыр»

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет