Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!


«КССР Орталық атқару комитетінің мүшесі Ермеков Әлімханнан Өтініш



бет21/46
Дата23.10.2016
өлшемі8,42 Mb.
#83
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   46

«КССР Орталық атқару комитетінің мүшесі Ермеков Әлімханнан Өтініш

ПП ОГПУ-дің Қазақстандағы өкілінің 1930 жылы 22 қыркүйек күнгі өкімі бойынша мен түрмеге қамалдым. Тек 7-желтоқсан күні ғана нақты айғақтар келтірілместен маған ҚК-нің 57 7, 58 11, 59 3 баптарына сәйкестендірілген, шамамен:а) кеңес өкіметінің шараларын кеңес және партия жұмыстарында бұрмалап қолданғаны үшін; в) басмашылармен байланысы үшін; с) контрреволюциялық ұйым құруға талпынғаны үшін деген мағынадағы айып тағылғаны хабарланды.

Бұл айтылған «нақты деректер» мені қызықтырмайды, өйткені ондай оқиға өмірде болған емес. Бастапқыда мен тұтқындалуымның себебін түсініспестік болған шығар, әлдебір саяси науқанға қатысты шығар деп ойлағамын. Міне, тұтқындалғаннан бері төрт айдан асып барады, әлгі «түсініспестігім» мені денсаулық тұрғысынан да, адамгершілік тұрғысынан да кеміріп жеп барады. Сондықтан да мен: маған тағылған ешқандай нақты дерексіз айыптауларға түсінік беретін өмірбаяндық сипаттағы кейбір мәліметтерді, саяси және тәжірибелік істерімді Казаткомның Президиумына баяндап беруге мәжбүр болып отырмын», деп басталады.
2.
Бұл өтініші Қазақ атқару комитетінің алқасына жетті ме, жоқ па, ол жағы беймағлұм. Жеткен күннің өзінде Ораз Исаев сияқты дәбірлер ештеңе істей алмайтын. Сондықтан да бұл арыз тергеушінің, ары кетсе орталық комитеттің бақылау бөлімінің тартпасынан орын тапқан сияқты. Бұдан кейін жауаптың аңысы өзгеріп, өмірбаяндық сыпат алады.

Ә.Ермеков (жалғасы): «Революцияға дейін оқу оқыдым, оқығанда да орта және жоғары оқу орнына төленетін қаржыны өзімнің маңдай теріммен таптым. Төңкерістен бергі менің қызмет баспалдағым мынадай: Облыстық қоғамдық мекемелердің атқару комитетінің президиум мүшесі, Қазақ облыстық комитетінің мүшесі, жұмысшы, солдат және шаруа кеңесі облыстық атқару комитетінің мүшесі, Бүкілқазақтық «Алашорда» халық кеңесінің орталық кеңесінің мүшесі, губерниялық земство басқармасының меңгерушісі, Корниловтың тұсында губерниялық революциялық комитеттің мүшесі, Колчак талқандалғаннан соң губерниялық революциялық комитеттің мүшесі және ВЦИК-тің жанындағы Қазақ революциялық әскери комитетінің өкілдігінің төрағасының міндетін атқарушы, губкомның және мемлекеттік жоспарлау мекемесінің төрағасының орынбасары міндеттерін педагогикалық жұмыспен ұштастырып келдім. Ауыл шаруашылығы банкісінің басқарма мүшесі болдым, соңғы төрт жылда тек қана жоғары оқу орындарында істеп келемін. Тұтқындалған кезде Қазақ мемлекеттік университетінің математика кафедрасының доценті боп істедім. ҚССР кеңесінің соңғы екі құрылтайында ҚССР аткомының мүшесі болып сайландым»,– деп мағлұмат берген.

Бұл қызметтердің барлығы 1918-1920 жылдардың арасындағы қысқа мерзімді қамтығандықтан да, анкеталық анықтама ретінде:

Әлімхан Ермеков: – 1891 жылы Семей облысы Қарқаралы уезінде туған. 1898 жылы Қарқаралыдағы үш жылдық орыс мектебіне, 1905 Семейдегі мұғалімдер гимназиясына, 1912 жылы Томскі технология институтының матеметика факультетіне түскен (оны 1922 жылы тәмәмдаған), – деген деректі қосымша ұсына кетеміз.

Оның бұдан кейінгі мағлұматтары алдыңғы көрсетінділерде баяндалған жайларды қайталайды. Сондықтан да жылнамалық тәртіпті сақтау үшін қарашадағы жауапты назарға алдық.


Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «Алашорданың» жүргізген ісіне тоқталып жатпай-ақ, оның бір мүшесі ретінде менің кейінгі іс-әрекетімнің бағытын өзгерткен тарихи тәжірибеме тоқталсам да жеткілікті».

Бұл «тарихи тәжірибе» – 1917 жылы 21-26 шілде күндері өткен І Бүкілқазақ құрылтайына Семей облысынан өкіл боп сайлануынан, ал оның дербес саяси жанталасқан күресі 1917 жылғы 9 қазан күнгі Сібір облыстық құрылтайындағы:



«Сібір халықтарының арасында өзара ынтымақтастық болған жоқ, әр ұлт өзінше өмір сүрді, ортақ мүдделері анықталмады. Енді біз өз өмірімізді өзіміз игеруге мүмкіндік туғанда, бүкіл Сібір жұрты өзінің мұқтаждықтары туралы бар дауыспен арындай айтуы үшін барлық ұлттардың тұтастығы аса қажет»,– деген (Д.Аманжолова,. На изломе. А. 2009. 181-бет) деген ұранмен басталды.

Сібір құрылтайында қазақ ұлтының дербес мемлекеттігі мен ұлттық автономиясы, «жер автономиясы», «мәдени автономия», экономикалық автономиялық құрылым туралы Ә.Бөкейхановтың баяндамасы арқылы тұңғыш рет саяси мінбеде талқыға ұсынылды. Екеуінің үзеңгілестігі осыдан кейін ажыраған жоқ. Алаш автономиясына қатысты барлық саяси талқыда солармен бірге тезге түсті. 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында өткен ІІ Бүкілқазақ құрылтайында үкімет мүшелігіне сайланды. Сөйтіп: «Мемлекеттіктің негізі:1. Жеке территория үшін. 2. Онда тұратын ұлттың. 3. Елді билейтін үкіметтің» атынан саяси сақнаға шықты.

Жалаң идеядан басқа қаруы жоқ алаш үкіметінің жалтаңкөз болмасқа шарасы да жоқ еді. Күнде болмаса да ай сайын аударылып-төңкеріліп тұрған үкіметтердің аранын арбап, ұлтты қырғыннан аман алып қалу мақсатында, аятолла Хомейни айтқандай, «шайтанның да тілін тауып, дос болуға» тура келді. Алаш автономиясын мойындауға ықылас білдіріп:

«1918 жылы 2 көкек күні Ленин мен Сталин екеуі «Алашорда» үкіметінің мүшелері Ә.Бөкейхановпен, Х.Ғаббасовпен және Ә.Ермековпен тікелей байланысқа шықты» (Владимир Ильич Ленин. Биографическая хроника. М. 1974 стр. 352).

Кеңес өкіметінің ондағы мақсаты Қазақ даласын басқару жөніндегі әскери-революциялық кеңестің төрағасы С.С.Пестковскийдің айтуынша:



«Енді Түркістанға Еуропаның Азиядағы қақпасы болуы ғана қалды, социалистік идея мен саяси еркіндіктің тасқыны кеңестік Ресейден, әлемдік революцияның қазіргі отанынан Түркістан арқылы Азияға ағылауға тиісті... Түркістанның мұсылмандарын қаратса, Ауғанстан мен Персия да бағынады, ал оның ар жағында Монғолия мен Индияға да жол ашылатын» еді.

Төңкерістің қазақ даласындағы І Петрі, қазақ елінің кеңестік көсемі Пестковскийдің арманы, міне, осындай болатын. Сондықтан да «Алашорда» үкіметі кеңес өкіметін алдарқата отырып Сібір үкіметімен де, Құрылтай үкіметімен де ресми байланыс жасап, келісім жүргізу мәжбүр болды. Қалайда қазақ автономиясының мойындалуына мүдделі тұста Әлихан Бөкейханов тағы да Әлімхан Ермековті жау мен даудың өтіне шығарды. Одан басқа шара да қалмаған еді.

Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «1917-1919. Бұл әскерилердің колчаковшылар мен атамановшылардың билеп тұрған кезі болатын. Жазалау отрядтары, зорлық-зомбылық, дала-әскери соты жаппай орын алған еді. Жұмысшылармен, шаруалармен бірге сорлы қазақ елі де майдан даласына тән террорды, езгіні, басынуды бастарынан кешті. Губерниялық, уездік жер басқармаларының мүшелерін, «Алаштың» орталық кеңесін тұтқындау күн өткен сайын жиілей берді. Олардың кейбіреулері әскери-дала сотына беріліп, дарға асылуға дейінгі жаза қолданылды. «Алашорданың» мүшесі Ақбаев (Ж.Ақбаев Т.Ж.) «большевиктердің төңкерісіне көмектесу үшін қару жасырғаны үшін» ату жазасына кесілді».

Төрт жақтан: Кеңес өкіметінің, Сібір уақытша үкіметінің, Құрылтай мәжілісі үкіметінің және ішкі большевиктік бағыттағы кеңесшіл депутаттар мен казактар жүздігі тарапынан алқымға алынып, таланға түскен қазақ елін қалайда қорғап қалу үшін, қалыптасқан жағдайға байланысты шұғыл түрде саяси бұрылыстар жасап отыруға тура келді. Сеніп отырған Семейдегі кеңес өкіметі 18 мамыр күнгі қазақ құрылтайын қызыл әскер күшімен таратып, көсемдерін қудалауға кірісті. Алаш қаласы:



«Қаңырап бос қалды, ондағы барлық қазақ тұрғындары қырға шығып кетті. Қызыл әскерлер жаппай тонауға кірісіп кетті, бір тал бауырсақты да қалдырмады».

Бұған қарсы жауап ретінде «Алашорда» үкіметі:



«Алаш автономиясының территориясында кеңес өкіметінің барлық декреттері заңсыз, орындауға жатпайды»,– деген қаулы қабылдады.

Капитан Х.Тоқтамышев басқарған «Алашорда» жасағы Ертістің қыр жағалауындағы Алаш қаласын қорғанысқа алды, әскери іске Х.Ғаббасов, Б.Сәрсенов, М.Тынышбаев, А.Тұрлыбаев, Б.Маметов астыртын жетекшілік етті. Ә.Ермеков саяси мәселелермен айналысу үшін қалада қалды. Достықтан дұшпандыққа бет алған совдеп мүшесі Е.А.Самойлов бұл қарбалас туралы:



«... кеңес өкіметі құлауға тақаған сайын оған қарсы қолданылған шаралар да үрейге толы болды, қазақтардың шабуылынан қорғану үшін қоршаулы қалқан тұрғызылды, төңкерістен бір ай бұрын түнде Ертістің жағалауына қаз-қатар шеп құрып, қыбырлаған қайықты ескертусіз атуға бұйрық берілді, соңғы аптада параходтар түнде қазақ жағалауына прожектор жарығын түсіріп тұрды. Шындығын айтқанда, біздің совдеп қазақтардан қатты қорықты»,– деп жазды.

Ақыры, 11-шілде күні Семейде кеңес құлады да Сібір уақытша үкіметі енді кеңес өкіметімен келісім жүргізген алаш көсемдерін жаппай жазалауға көшті. Жақып Ақбаевті 7- шілде күні тұтқындап, 10- шілде күні Колчактың әскери-далалық соты өлім жазасына кесті. Ыдырыс Мұстамбаев та дар алдынан қайтты. Ә.Бөкейхановтың жарлығымен: автономияның жерін уақытша пайдалану туралы қарар шықты, жерге жеке меншік жойылды, қазақ сот құрылымы бекітілді. Сөйтіп:



«Біз өзіміздің автономиямызды өз күшімізбен қорғаймыз және Ресейді немістер мен большевиктердің зорлығынан қорғап, Ұлы Федеративтік Ресей республикасын құруға ұмтылған бүкілресейлік өкіметке қарымды көмек көрсетеміз»,– деп жариялады (Д.Аманжолова,. На изломе. А. 2009. 224-бет).

«Алашорданың» бұл бағытына Сібір уақытша үкіметі басқаша «жауап берді».

Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «Омбыда келісім жүргізіп жатқан кезінде «Алашорданың» төрағасы Бөкейхановтың өзі де тұтқынға алынды. Жергілікті газеттерде губерниялық жер басқармасының мүшелерін большевиктерге бүйректері бұрады деп әшкерелеп жатты (Семейде шығып тұрған «Речь» газетін қараңыз)».

Бұған қоса Сібір Далалық корпусының командирі П.Иванов-Ринов Семей облысындағы барлық кәсіпорындарды үкімет меншігіне алып, «Алашорданың» қаулыларын жоққа шығарды.

Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «Ақырында он алтыншы жылғы көтеріліс кезінде Жизақ қаласы тұрғындарының бірін қалдырмай қырып-жойғаны үшін «Жизақтық» деп атанып кеткен Колчак диктатурасының әскери министрі ИвановРинов тек «Алаш» автономиясы мәселесін көтергені үшін ғана қазақ (сол кездегіше айтсақ қырғыз) зиялыларының бірін қалдырмай қырып тастау туралы жобасын ұсынды, ол: ақсақалдарды медальмен, шен-шекпенмен жарылқай отырып та қыр елін билеуге болады деп ойлады. «Алашорданың» қызметінде де қиыспайтын қайшылықтар толып жатты. Мысалы, сол кезде Колчакқа «Батыс Алашорданың ақсақалы» атағын беру туралы ұсыныс та жасалды. Бұл жөнінде: «Алашорданы» «Ералашорда» деп атаған Сібір үкіметінің пікірі шындыққа келетін».

Мұндай қанды да қатерлі қарбалас тұсында саяси мәмілегерліктің салмағы зейіні зерек, ширақ та батыл, еркін ойлы өжет азамат Әлімханға түсті. Ал Райымжан Марсеков: 1) Алаш жасағын. 2) Алаш сотын «Алашорда» құрамында дербес қалдыру мәселесін көтерді. Облыстық комиссар Г.Г.Крот 9 шілде күні Р.Марсеков пен С.Дүйсенбинді «сотпен тергеу ісін» тоқтатпау үшін комиссия құрамына енгізді. 1918 жылы 10 шілде күні Сібір үкіметінің Батыс-Сібір комиссариатына Мәмілегерлік ұсыныс хатын тапсырды. Онда:



«Ресей халқы мен шет аймақтағы ұлттардың саяси өрлеуіне негіз қалаған ақпан төңкерісінің жеңістерін қорғайтын Сібір үкіметін қыр елі де жан-жақты қолдайтынын білдіре келіп, Сібір Уақытша үкіметіне: ІІ Бүкілқазақ құрылтайы бекіткен Алаш автономиясының ұлттық-территориялық тұтастығын мойындау, шекаралық тұрғындардың пікірлерімен санаса отырып шешілетін жер мәселесін заңды түрде тану туралы жоба ұсынылды».

1918 жылдың 29-30 шілдесінде және 2-3 тамызда Сібір Уақытша үкіметінің халық ағарту министрі В.В.Сапожниковтың төрағалық етуімен, құрамында әскери мекеменің өкілі В.Л.Попов, Ішкі істер министрінің орынбасары П.Д.Михайлов, жер және отарлау министрлігінің өкілі А.М.Яромыш, «Алашорданың» жетекшісі Ә.Бөкейханов, Ә.Ермеков және капитан Х.Тоқтамышев автономия жобасын талқылады. «Алашорданың» қазақ жеріндегі бірден-бір және ешқандай қол сұғуға жатпайтын мемлекеттік орындаушы құрылым ретінде танылуы – «Алашорда» үкіметі тарпынан шұғыл шара қолдануды талап етті. Ең бастысы өзінің мемлекеттік қуатын көрсету үшін Сібір армиясы қару-жарақпен қамтамасыз еткен алаш полкі жасақталып, Жетісу майданына аттанып кетті. Бірақ бұл да әскери және саяси арандату болып шықты. «Алашорда» әскерінің майдандағы беделінің өсуіне байланысты ұлттық құрылым мәселесі үздік-создық талқыланып, ақыры үкімет кеңесшісі К.Г.Дишлер:



«Алашорданың» талабы аса зор, бірақ нақты негіз жоқ. Егерде ұсынған жобаны комиссия қабылдайтын болса, онда Сібір Уақытша үкіметінің көмегімен жаңа мемлекеттік тұлға өмірге келетін болады, ал мұны мен заңдық тұрғыдан қате, саяси тұрғыдан мақсатсыз шара деп есептеймін»,– деп (сонда, 235-бет) қорытынды шығарды.

Ал «Сибирская речь» газеті:



«Тек өзін-өзі құртуға бет алған мемлекет қана бұратаналардың мұндай жікшілдігімен өз еркімен келісуі мүмкін... Тек қана олардың мәдени-ұлттық қажетін өтеумен шектелген дұрыс... Олардың талаптарын орындамаған жағдайда «Алашорданың» Сібірмен одақтастығын үзетіні және өз беттерінше автономия жариялайтыны туралы көрсеткен сесі мәмілеге қол жеткізетін тактикалық қадам емес»,– деп (сонда, 235-бет) бағалады.

Колчактың қырғи қабағын аңғарған «Алашорда» үкіметі жоғарыда көрсетілген жобаны қабылдаған Самара Құрылтай мәжілісі үкіметімен (Комуч) саяси одақтасуға ұмтылды. 1918 жылы 25 қыркүйекте Комучті алмастырған Уақытша Бүкілроссиялық үкімет – Директория: «Алашорда» үкіметін тану туралы Декларация қабылдады. «Алашорданың» атынан Декларацияға Ә.Бөкейханов пен И.Әлімбеков қол қойды. Ол туралы Комуч мүшесі И.Майский:



«Самараға, тіпті, Сібір үкіметімен тіл табыса алмаған Комитеттен өздерінің «Алашордасын» саяси тануды қалаған және қару-жарақ алғысы келген қазақтар да келді», – деп өктем үнмен жазды (сонда, 252-бет).

Шындығында да бұл «Алашорда» үшін ең жауапты әрі ауыр кезең еді. Анталаған араннан қалай да қорғансыз елін арашалап қалу мақсатында барған саяси қадам болатын. Ашынған Колчак та, Комуч та екі иығын жұлып жеген таланды ұрғашы арыстандай ызалы, қатыгез, жау мен досты айыра алмайтындай қандыкөз күйге түсіп еді.

Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): Колчактың жанталасы, өлім алдындағы ант мезгілі басталды. Біз, земство қызметкерлері, ұлттық кадрлар осындай от пен судың сынағынан тәжірибе ала отырып, қазақ төңкерісі тұсындағы ұстанымдарымызға, Сібірде төңкеріс жасаған эсершіл чех-словак әскеріне іш тартқан әрекеттерімізге сын көзбен қарауымыз керектігін түсіндік. Террор барған сайын күшейе түсті, бұдан әрі қалада қалу өмірімізге қауіп төндірді. Семейдегі төңкерістен бірнеше күн бұрын далалық әскерлер шегіне қалған жағдайда көзі құртылуға тиісті адамдардың тізімі тұрғындарға таратылды. Тізімнің ішінде біздің де атымыз бар екен-мыс. Сондықтан да мәжілісте: қызыл армия келгенше қырға шығып кету керек, ал Семейдегі төңкеріс басылғаннан кейін қалаға қайтып оралу керек деп шештік. Бірақ Семейге қайтып келу де қиын болатын. Өйткені: қазан төңкерісіне деген теріс ұстаным, чех-словак эсэрлерінің әскеріне көрсетілген көмек, құрылтай Мәжілісін қолдау (Ресей ұлтшылдарының үкіметі Т.Ж.) «Алашорданың» бетіне шіркеу түсірген болатын. Соған қарамастан: ешкім де Қазақстаннан тыс жерге кетпесін, ешкімде шекара асып шет елге өтпесін, Бөкейхановтан басқаларының барлығы Семейге қайтып келсін, деп ұйғарым жасадық».

Уақытша Бүкілроссиялық үкіметтің – Директорияның талқылауы арасында 11 қыркүйек күні «Алашорданың» төтенше кеңесін өткізді. Оған Ә.Бөкейханов, Жаһанша және Халел Досмұхамедовтер, М.Тынышбаев, А.Бірімжанов, Ә.Ермеков, У.Танашев қатысып, «Ойыл уәлаяты» (Алашорда» автономиясымен ресми біріктіріліп, «Алашорданың» Шығыс және Батыс бөлімдері құрылды. Омбыда өткен Директорияның 4 қараша күнгі қарары бойынша Алашорданы территориялық басқару құқы ғана мойындалып, автономия туралы шешімі күшін жойды. Қалыптасқан әскери жағдай мәжбүр ете қалса, Қазақ – Башқұрт республикасын құру жөнінде Заки Валидовпен шарт жасасты. Мұндағы мақсат – әскери қуаты күшті, Ленин мен Сталин сескене қараған Башқұрт республикасымен бірігіп, «Алашорданың» мысын көтеру, Орынбор мен Орынбор облысын өзіне қаратудың амалы еді. Егерде бұл территория РСФСР-дің құрамына қарап кетсе, Башқұрт, Татар, Қазақ республикаларының арасы бөлініп, түркі жұртының іргесі ажырап кету қаупі туатын. Енді саясат сахнасына құқықтық-басқару мәселесі туралы қисындар шықты. Қызыл әскердің қысымы күшейіп, басымдылық таныта бастады. Саясат сахнасына тағы да кеңес өкіметі шықты.

Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «Бұл шешімге тоқтам жасатқан: төңкеріс тұсында жинақталған ауыр тәжірибелер мен Колчак пен қаптаған атамандардың кезіндегі террорлық зорлық-зомбылық еді. Сонымен қатар, кеңес өкіметінің халықтардың ерікті құқығы туралы декларациясы, «Алашорданың» кейбір мүшелерінің Москвадағы тікелей келісімдері, «Алашорданың» Семейдегі бөлімі мен Москваның арасындағы тікелей байланыстың нәтижелері де ықпал жасады. Дутовтың бандыларының арасынан екі-үш адамдық шағын топпен қалаға кірдік. Қалаға кірісімен Сібір ревкомының мүшесі жолд. Косаревтің (қазір ОК-тің мүшесі) губерниялық үкіметті құрып, жетекшілік ету үшін Семейге келгенін естідім. «Алашорда» мүшелерінің ішінде жалғыз мен ғана қалада екенмін, сондықтан да жалғыз өзім шұғыл түрде Косарев жолдасқа бардым. Мен оны «Алашорданың» іс-әрекетімен қысқаша таныстырып өттім. Қазіргі жағдайда қабылданған шешім мен өзімнің келу мақсатымды баян еттім. Косарев жұмысшы қазақтармен бірнеше рет бас қосу өткізді де, солардың келісімімен мені губревкомның құрамына енгізді.

Төңкеріс тұсындағы өткен баспалдақтар ұлттық қозғалыстың мүшелеріне өте маңызды әрі құнды тәжірибелер үйретті...».

1918 жылдың екінші жартысы мен 1919 жылдың 11 айы, шындығында да, «қозғалыс мүшелеріне өте маңызды әрі құнды тәжірибе» үйретті. «Шығыс алашорданың» кеңес өкіметімен «қайтадан қойындасып», бейтарап саясат ұстануына Ахмет Байтұрсыновтың 1919 жылғы көкек айындағы Мәскеумен келісімі, кеңес өкіметін «Алашорданың» мойындауы әсер етті және: «Дәл қазір атамандардың арасындағы аранда қалған «Алашорданың» Шығыс бөлімі бірден кеңес өкіметі жағына шығуға мүмкіндігі жоқ», – деген мәлімдемесі мен «Батыс Алашорданың» кеңес өкіметімен арадағы жүргізген саясатының нәтижесі болатын. Бұл мәселелер алдыңғы тарауларда жан-жақты тәптіштеле талданғандықтан да бұл арада тоқталып жатпаймыз. 1919 жылы 4 қараша күнгі Ә.Бөкейханов шақырған кеңесте «Алашорданың» кеңес өкіметі жағына шығатыны туралы шешім қабылданды. 18 қараша күнгі Семей облыстық ревкомының мәжілісіне Ә.Ермеков, М.Әуезов, Р. Дүйсебаев қатысты.

Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «Осыған байланысты мен өзімнің партияға мүше боп өту туралы көзқарасымды да білдіре кетейін. Жолдастарымыз қырдан қалаға қайтып келген соң мен ВКП-ның қатарына өтуді мәселе етіп қойдым. Қарсы шығып сөйлеген Ғаббасовтың басты дәлелі: қазақ арасында пролетариат жоқ дегенге сайды. Пікір таласымыз белгілі бір шешімге келуге мүмкіндік бермеді. Мен шұғыл түрде: Семей облысын Қазақ революциялық әскери комитетінің қарамағына беру мәселесін шешу үшін Орынборға іссапарға жүріп кеттім. Орынборда бірден мені: Семей және Ақмола облыстарын Қазақ революциялық әскери комитеті басқармасының құрамына кіргізу туралы мәселені күн тәртібіне енгізу үшін және республиканың құрылғанын жариялайтын декретті дайындау үшін Москваға жіберді».

«Алашорда» үкіметі туын түсірісімен автономиялы республика деңгейінде қалып отырған Башқұрт үкіметінің төрағасы З.Валидов бұрынғы келісім шартты негізге алып, 1919 жылы 13 желтоқсан күні Қазақ – Башқұрт республикасын құру туралы ұсыныс түсірді. Бүкілодақтық атқару комитетінің президиумы саяси оқиғаның күш алып кетуінен сескеніп сол күні Орталық комитеттің төралқасы төтенше отырыс жасап:

«Қазақ – Башқұрт республикаларының қосылуы туралы мәселе мақұлданбасын», деген қарар шығарды.

15 желтоқсан күні Қазақ, Башқұрт, Татар республикаларының шекарасын межелеу туралы мәселе қаралды. З.Валидовтің талабы большевиктердің уәдесін орындауға ықтияр етті. 1920 жылы 9 наурыз күні Қазақ Әскери-революциялық кеңесі «Алашорда» үкіметінің тағдырын бүтіндей шешіп берген бұйрық шығарды. Онда:



«1. Өзін «Алашорда» деп жариялаған үкімет және соған қарасты барлық жергілікті мекемелер, РСФС-дің конституциясында бекімегендіктен де, таратылсын. Ол өмір сүрген кездегі шығарылған заң, нұсқаулар мен бұйрықтар жарамсыз деп табылады. Барлық мүлік пен ақша белгілері, қару-жарақ, әскери қор мен жабдықтар тиісті комиссариатқа және аймақтық, облыстық уездік ревкомдардың арнайы бөліміне тапсырылсын»,– деп (сонда, 343-бет) атап көрсетілді.

Сөйтіп, «мәңгілік ерікті елді» аңсаған алаш идеясы 1917 жылдың 5-13 желтоқсанынан бастап 1920 жылдың 9 наурызына дейін, тура 711 күн тәуелсіз өмір сүрді. Сол күні Ә.Ермеков, Д.Ж.Төленов губревкомның құрамына кірді. Ж.Аймауытов, М.Тұрғанбаев, А.Шикібаев, М.Әуезов губкомның бұратана халықтар бөліміне қызметке бекітілді. Тек Ә.Бөкейханов қана автономия жарияланғанша өзін большевиктердің ықпалынан тыс ұстап, автономия туралы қаулыны қасарыса талап етті.

Қазақ әскери-ревкомы 1920 жылы 16 мамырда шекараны анықтау комиссисын құрды. Оның құрамына Әйтиев, Ермеков, Кулаков, Авдеев кірді. Шекара межесін белгілеу үшін Ә.Ермеков Кремльге жіберілді. Бұл Ә.Ермековтің саяси қайраткерлігінің ең жауапты және қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған аңсарлы күндері еді.

Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «Москваға барғаннан кейін ревком мүшелері маған республиканың шекарасын анықтау үшін тиісті құжаттарды жинастыруды және ұлттар жөніндегі халық комиссарымен (ол кезде Сталин болатын Т.Ж.) декреттің жобасын жасауды тапсырды. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін мені ВЦИК-тің жанындағы Қазақ революциялық әскери комитетінің өкілдігіне уақытша уәкіл етіп қалдырды. Мен Москвада Халел және Жаһанша Досмұхамедовтермен кездестім. Олар менің жаңа саяси бағытыма таңдана қарады, менің солшыл пікірлерімді біраз тыңдап тұрды да, сынауға көшті, біздің пікір алысуымыз ерегеске ұласып кете жаздады».

Қазақ автономиясын құру жұмысымен Сталиннің өзі тікелей араласып, 1920 жылы 18 мамыр күні Сібір, Түркістан, «Мусбюро», Орынбор, Челябі, Бөкей ордасы, Қазақ ревкомдары өкілдерін және «Алашорданың» барлық көсемдерін, оның ішінде басты адам ретінде Әлихан Бөкейхановты қадағалай шақыртып, «Қазақ өлкесін басқару мәселесін» талқылады. Осы ретте біз қазақ мемлекеті үшін аса бір тағдырлы да талмауытты және осы уақытқа дейін тарихшылар нақты талап бере алмай жүрген оқиға болғандықтан да Ә.Ермековтің тергеушіге берген көрсетіндісіне қоса алпысыншы жылдардың соңында «Білім және еңбек» журналында жарияланған, сол үшін бас редакторы Талап Сұлтанбеков орынынан алынған мақаланы, бауырлары К.Мәкенбаев пен Қ.Сәдуақасовтың басылымындағы мәтінді өзіміздің қолымыздағы Ә.Ермековтің қолжазба нұсқасымен салыстыра отырып пайдаланамыз.

Әлімхан Ермеков, «Менің Владимир Ильич Ленинмен 1920 жылғы кездесуім»: «Кеңес әскері Колчакті құлатып, талқандаған соң, 1919 жылдың соңында губерниялық кеңес өкіметін ұйымдастыру үшін Сібір ревкомының мүшесі Косарев (Ленин комсомолы Орталық комитетінің бірінші хатшысы, белгілі Косаревтің әкесі) – Омбы қаласынанан Семейге келді. Ол Семей қаласының жұмысшы аудандарында қазақ жұмысшылары мен жатақтары қатысқан бірнеше жиын өткізіп, олардың ішінен сайланған өкіл ретінде губерниялық революциялық комитетке мүшелікке ұсынылып отырған кандидаттар туралы олардың пікірін білді. Оның өзінің ұсынысы бойынша Завадский – төраға, Большаков – хатшы және мүше ретінде Құрамшин, Төленов және мен губерниялық революциялық комитеттің құрамына кірдік.



1919 жылдың күзінде-ақ РКП(б) ОК мен Кеңес үкіметіні Қазақ өлкесін басқаратын Қазақ революциялық әскери комитетін құрған болатын. Оның құрамына: Пестковский – төраға және Әліби Жангелдин, Меңдешев Сейтқали, Әйтиев Әбдірахман, Арғыншиев Сағынгерей, Ғұбайдолла және Әлиасқар Әлібековтер, Қаратаев Бақытжан, Тұнғашин, Бегімбетов Нысанғали және басқалар оның құрамына мүше боп кірді.

Каталог: repository -> history -> 24%20%D1%82%D0%BE%D0%BC.%20%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B%20%D0%BC%D0%B0%D2%9B%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D1%80 -> %D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Халел досмұхамедов
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Абай мектетебі
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Мағжанға Сәбиттен


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   46




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет