Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!



бет27/46
Дата23.10.2016
өлшемі8,42 Mb.
#83
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   46

Алашордашылардың маған жасаған әсері туралы. 21-ші жылы Семей губерниялық атқару комитетінің бөлімдерінде істейтін Марсеков, Ақбаев Жақып арқылы өздерінің адамдарын, мені де Қарқаралы уезінің сотына тағайындатты. Жұмысқа тағайындалған соң мен кеңес үкіметіне адал қызмет еттім, кеңес үкіметіне қарсы ешқандай дұшпандық әрекет жүргізгенім жоқ. Бұған мені жақсы білетін Тоқжігітов Шаймерден, Тоқтабаев Кәрім, Шынғалиев Абзал, Орынбаев Мұқаш, Сидалиев Асхат кепілдік ете алады.

30-шы жылдың сәуір айында Қарқаралыда тұрған кезімде Абыралы ауданының екінші ауылының тұрғыны Байдаров Сыдық (көшір) және Байсымақов Керімқұл Балқаш ауданындағы көтеріліске Ақбаев Жақып, Марсеков Райымжан және Әділов Ике жетекшілік еткенін айтты. Бұдан басқа көтеріліс туралы ештеңе естігемін жоқ, ешнәрсе білмеймін. Қапалда қызмет еткендіктен де ауылмен байланысым болған жоқ. Менің Семей мен Қарқаралыдан Қапалға ауысуыма ауылдасым Төленов Игіліктің орныма келуіне байланысты болды. Оны Абыралы ЕРКА-сінің төрағасы Шымшарин Хамит қолдайтын.

Өзімді ешнәрсеге кінәлімін деп есептемеймін және жоғарыдағы айтқаныма алып қосар ештеңем жоқ.”

Кездейсоқ жауапқа тартылған М.Тұрғанбаев тергеушіге қысқа да нақты жауап берген. Ә.Ермеков пен Ж.Аймауытовты әшкерелейтіндей айғақтар жоқ. Жақып Ақбаевтың тұтқындалуы Мәннан Тұрғанбаевтің көрсетіндісіне байланысты ма, жоқ па, ол туралы құжаттарды індете іздестірудің мүмкіндігі бізде болмады.

Тек ескерте кетеріміз, Жақып Ақбаев пен Әлімхан Ермековтің 1930 жылғы тәркілеуге қарсы көтерілісті ұйымдастырғаны туралы мағлұматтар көтеріліске қатысушы өзге де куәлардың тарапынан түсіп жатқан болатын. Ал Райымжан Марсеков пен Ике Әділевтің Балқаш ауданындағы көтерілісті ұйымдастырғаны жөніндегі Мәннан Тұрғанбаевтің айғағы екіұшты. Өйткені соңғы екі адамның алдыңғысы – сегіз жыл бұрын, кейінгісі бір жыл бұрын арғы бетке өтіп кеткен еді. Бұл көрсетіндінің, қалайда, құйынның бас көтеруіне түрткі болуы әбден мүмкін.

2.Жақып Ақбаев


Тергеу ісіндегі Жақып Ақбаевтың жауабы анкеталық мағлұматтың деңгейінде ғана жазылған. Бірнеше адамның тергеу тігіндісінің жапсарында «науқас», «лазаретте», «санитарлық бөлімде» деген қарындашпен жазылған көмескі есертпе бар. Бастапқыда денсаулығына байланысты Біз тергеу ісіне сырттай тартылған. Сол кезде өз қолымен жазып, оны Ново-Троицкі кеңсесінің меңгерушісі растаған, көшірмесін Аспазия Жақыпқызы зерттеуші М.Құлмұхамедке жариялауға ұсынған «Қысқаша өмірбаянын» және тарихшы, мұрағат зерттеушілері З.Тайшыбай мен Н.Дулатбековтің «Жақып Ақбаев» атты монографиясындағы мұрахаттарды жарыстыра пайдаланып, оны тергеу ісіндегі анкеталық анықтаманың орынына ұсынумен шектелеміз. Өйткені мұнда Жақып Ақбаевтың тергеу хаттамасындағы жалаң мәліметтерден көрі барлық қайраткерлік жолы қысқа да мазұнды қамтылған.

«Қысқаша өмірбаян»: «Мен – қазақпын, 1876 жылғы 7 қарашада, бұрынғы жыл санау бойынша 25 қазанда Төңіректас маңында, Қарқаралы округінің Берікқара ауданындағы 3-ші ауылға қарасты жерде туғанмын. 1883-84 жылдары мен жазда ата-анамның қозысын, қыста қойын бақтым. 1886 жылы мен Қарқаралы қаласындағы Қазақ интернатына, ал 1889 жылы Омбы гимназиясына түсіп, 1898 жылы Томск гимназиясын бітірдім, нақ сол жылы Петербург Университетіне Заң факультеті бойынша оқуға түсіп, оны 1903 жылғы 9 маусымда (ескіше 27 мамырда) бітірдім. 1903 жылдың күзінде мен Омбы сот палатасына қызметке тұрып, 1904 жылдан бастап палата хатшысының көмекшісі болдым. 1905 жылғы тамыздан бастап Омбы қаласындағы 2-ші учаскенің бітістіруші судьясы міндетін атқардым. 1905 жылғы қазан-қараша айларында Омбы қаласында үкіметке қарсы митингілер мен демонстрацияларға қатысып, самодержавиені құлату қажеттігі туралы үкіметке қарсы саяси сөз сөйлеуіме байланысты мен сот мекемесінен кеттім. Бірақ сезім серпінімен, қызу шабыт пен сол кездегі коғамдық-саяси ағым туғызған ынта-жігер әсерімен мен жаршы-уағызшы қатарына қосылдым».

Ол өзінің Омбы қаласында митингілер мен демонстрацияларға қатысып, самодержавиені құлату қажеттігі туралы үкіметке қарсы сөйлеген саяси сөзінің» мазмұнын 1906 жылы 1 наурызда сотқа берген түсіндірмесінде:

«Жақып Ақбаев»: «1. Ресейде қалыптасқан қоғамдық-саяси құрылыстың және бюрократтардың солақай билеуі салдарынан біздің мемлекетіміз дамбалсыз қалды,– дегенім рас.



2. 1905 жылғы 17 қазанға дейін біздің мемлекетіміз құқысыз, қайыршы, бақытсыз құлдардың мемлекеті болып келді,– дегенім рас.

Және де мен мемлекет деген ұғымды бір ғана патшаның есіміне арнаған жоқпын. Бүкіл билеуші құрылымды айттым. «Мемлекет» дедім, кейде «падишах» дедім – бұл екеуі бір мағынада. Ал қазақтар «царь» деген сөзді «патша» деп айтады. Демек, мен патшаға тіл тигізген жоқпын.

3. Халықтың құқықтық және экономикалық жағдайын жақсарту үшін біздегі әміршіл-полицейлік үкіметпен ашық күреске шыға алатын адамдар табылды. Солардың күресінің жемісі 17 қазан манифесі, – дедім.

4. 17 қазан манифесі шыққаннан кейін біздің Ресейде құлдар жоқ,– дедім. Ресейдің барлық адамдары – толық құқықты азаматтар. Олар заңды басшылыққа алады; тек заңға ғана бағынады. Бұдан былай әкімдердің, крестьян начальниктерінің, старшындардың заңсыз бұйрық-жарлығына тойтарыс беріңдер – дегенім рас.

5. 17 қазаннан бастап Ресейдің барлық қарапайым адамдары – құқықтық мемлекеттің азаматтарына тән құқықтар, тиісінше саяси құқықтар алды,– дегенім рас.

6. 1905 жылғы 17 қазаннан бастап тәуелсіз, ауыстырылмайтын соттың беделі шексіз болсын; сотсыз, тергеусіз және сот-тергеу орындарының жан-жақты негіздеген қаулысынсыз еш адам түрмеге қамалмасын,– дедім.

7. Осынау қастерлі іс үшін, азаттық үшін 1825 жылдан бастап Ресейде бірнеше жүздеген адам мерт болды. Құрметті дінбасылар, сол күрескерлердің, бостандық үшін жанын пида еткен құрбандардың рухына бағыштап дұға қылыңыздар,– дедім. Қазақтар мен татарларға айттым: бұл бостандықты сіздер ешқандай құрбандықсыз алып отырсыздар, ендеше бостандық жолында жан берген пайғамбарларға сіздер де дұға қылыңыздар, аруақтарына сиыныңыздар,– дедім.

Осы айтқандарымда бір ауыз жалғандық, бір мысқал қылмыс бар ма? Айтқаным – айтқан. Одан ешқашан танбаймын. Және де бұл сөздеріме заңға қайшы келетін ештеңе де жоқ»,– деп ашық жазған.

Саяси талаптарды мұндай өжет айтып, батыл қойған талаптар қазақ даласында ғана емес, қилы-қилы көзқарастағы күрескерлерден көзін ашпай келе жатқан Ресейдің өзінде де Чаадаев пен Герцен сияқты некен саяқ тұлғаларға ған тән еді. Бұл сөз оның атын қыр елінде аңыз ретінде таратты.

«Қысқаша өмірбаян»: 1905 жылғы 7-8 қарашада (ескіше) Павлодар (Кереку) қаласында қаланың ортасындағы көп адам қатысқан митингіні ашып, мәдениет пен өркениет игіліктеріне қосылу тілегі жағдайында аса ұлы тұтқалардың саяси бостандықтардың, оқу-ағарту мен мәдениеттің самодержавиемен сәйкессіздігін дәлелдеп, самодержавиені құлатуға үгіттедім. Сол күндері өкімет мекемелері жұмыс істеуден қалды.

«Жақып Ақбаев»: «Ж.Ақбаев қарашаның 9 күні Павлодар қаласында қазақтарды жинап алып, манифестің мәнісін түсіндірді. Түсіндіргендері... қазақ қауымын дүрліктіретін сөздер. Жергілікті әкімдерді аяусыз балағаттады. Таяуда Қарқаралыға аттанбақ. Онда да осындай жиындар өткізбек. Сондықтан да оны осы сапарынан кері шақырып алуыңызды өтінемін. Семей облыстық сотының төрағасы (Қолы). 1905 жыл, 12 қараша).

«Қысқаша өмірбаян»: «1905 жылғы 11-12 қарашада Баянауыл казак станицасында түнде таныстарымның арасында самодержавиені құлату қажеттігі туралы шұғыл түрде жиын өткіздім».

Жолай Қоянды жәрмеңкесі арқылы «1905 жылғы 13-14 қарашада Қарқаралы қаласына» келді. 15 қарашада Қарқаралыда өткен халық манифесінде ол өзінің сөзін:



«Мен сендердің мұң-мұқтаждарыңды жоқтау үшін әдейі қызметтен босап, басымды азат етіп келдім», деген мәлімдемеден бастады.

«Жақып Ақбаев»: «1905 жылы 15 қарашада Қарқаралы халқы жиналған алаңда ояз бастығы Оссовский патша ағзамның 17 қазандағы манифесін жария етті. Осы жиында сөйлеген Ж.Ақбаев патшаның халыққа сыйлаған бостандықтарын басқаша түсіндірді. Негізінен, қазақтар мен татарлардан жиналған тобырға:



Енді крестьян бастықтары (начальниктер) мен ояз бастығының бізге керегі жоқ, ауылдарыңа келсе оларға ат-көлік бермеңдер. Жаяу қуыңдар, ал қазақтан шабарман келсе – басына су құйып жіберіңдер, орыс шабарманы келсе – қуыңдар. Бұрын қазақты орыс билесе, енді орысты қазақ билейді деді. Манифест туралы сөйлеп тұрып, ол патша ағзамға: «Бұдан былай ол – патша емес, біздің құлымыз. Патша бостандықты еркімен берген жоқ, біз одан тартып алдық»,– деп тіл тигізді. Келесі күні намазға жиналған халыққа барып: «Патшаның ауы жыртылды, абыройы ашылды, оның соры қайнады»,– деді».

«Қысқаша өмірбаян»: «Онда қазақ, сарт және ішінара татар халқының толық қолдауымен екі айдың ішінде самодержавие бүлігі іс жүзінде жойылды; самодержавиеге қарсы насихат пен үгіттің шебер жүргізілуіне байланысты қазақ халқының жалпыға бірдей ынта-жігерінің рухани өрлеуі керемет болды: жалпыға бірдей туысқандық, теңдік пен бостандықтың ұлы идеясы шын мәнінде жүзеге асырылды. Қарқаралы уезі ұзаққа созылмағанымен де, республикалық режим орнатылған бірден-бір жер болды».

Ұлттық идеяның мәйегі ұйыған осы тұңғыш қозғалысты ұйымдастырғандар Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жақып Ақбаев еді. Семей облысының әскери губернаторы А.Тройницкий Дала өлкесінің әскери генерал –губернаторына:

«Жақып Ақбаев»: «Ақбаевтің айтқандары босқа кеткен жоқ, көшпенділердің санасына сіңіп, өз нәтижесін бере бастады.... Қазір Ақбаев сырт көзге байқала қоймаса да, жасырын үгіт жүргізуде. Сөйтіп қыр елін бүлікке бастауда. Қоянды жәрмеңкесіне жиі барады, онда өз жақтастары арқылы зиянды пікірлерін бүкіл елге таратып жүр. Бқл жөнінде оған оқудан келіп жүрген қазақ жастары да көп көмек жасауда... Жергілікті халық әкімшілікке ашық қарсылық білдіруде, салық қарыздарын төлеуден бас тартады... Ақбаев түрлі жиындарда қазақ халқын орыс патшасының билігінен бөліп әкету жөнінде мәселе көтереді... Ақбаев профессор Петражицкийге жазған хатында: өзінің қазақ арасында көп көп жұмыс жүргізіп, халықты ұйымдастыра бастағанын, қажет болса қазақтар үкіметке қарсы қолына қару алып, өз бостандығы үшін күресуге дайын екндігін тегін жазбаған...



Міне, осы әрекеттері үшін ол сотқа тартылды. 1906 жылғы тамызда Омбы Ақбаевтің ісін қарағанда, куәлар түгел келмеді, келгендер дұрыс жауап бермеді. Омбы соты оны 1906 жылы 4 тамызда еріксіз ақтап жіберді»,– деп мәлімдеген.

Содан бастап Жақып Ақбаев азаттық үшін, тәуелсіз мемлекет үшін арпалысты. Ж.Ақбаевтің өзінің «Қысқаша өмірбаянында»:

«Шет аймақтағы оқиға орталықтағы әрекеттерге тікелей байланысты. Ал орталықта (Петербург пен Мәскеуде) қара реакция басымдық алды: онда қамшы, шыбыртқы, жазалау отрядтары іске қосылды, міне, сөйтіп, (қара реакцияның) осындай ауыр да іріп-шіріген психикалық зардаптары мен көңілсіз көріністер орын алды. Ал бізге бұйырылған сыбаға тұтқындалу, айдауыл, жалғыз камераға қамалу, Қылмыстық Заңдар Жинағының атақты 103, 108, 109-баптары бойынша мемлекеттік қылмыс істеді, опасыздық жасады деп айыпталу болатын»,– деп айтқан «сыбағасы» түрде тартылды.

1905 жылы 12 желтоқсан күні оны тұтқындайу туралы шешім шығарған Омбыдағы сот палатасының прокурлорына қарата:

«Жақып Ақбаев»: «Мені қаралағанда, олар да – жазықты емес. Өрелері жеткен жері сол. Ненің қылмыс, ненің қылмыс емес екенін айыра алмайтын бейбақтар. Көргені, білгені, тәрбиесі – сол. Білімдері таяз»,– деп баға берді.

1906 жылы 12 тақпан күні қамауға алынды. Өзін не күтіп тұрғанын ол жақсы білді:

«Қысқаша өмірбаян»: «Мен сіздердегі жағдайды білемін. Қағазға малтығып отырған көшірмелер прокурорлық бақылаудың беделін бұрыннан-ақ түсіріп болған. Жаңа Ресейге ақылы сергек, табанды да іскер қызметкерлер керек. Омбыда мұндай қызметкерлердің бар екені рас. Олар магистратура мүшелері Н.Н.Крюков, Н.И.Любимов, Я.И. Богданов, Д.В. Ленгерд. Солармен бірге Соболин... сияқты қағаздан қағаз тудырып, су сапырушылар қазіргі Ресейге керек емес. Ондай азаматтар түнекті – жарыққа, заңсыздықты әділетке, заңды – қамшыға оп-оңай айырбастап жібереді. Бірақ оған өздері жауап бермейді...». Сондықтан да...

«Жақып Ақбаев»: «Омбы округтік сотының прокуроры Ждановтың кім екенін жақсы білемін. Оның алдында немесе оның қатысуымен жауап бермеймін»,– деп үзілді-кесілді бас тартты.

Өйтекені: «Саяси күресті, ашық пікірді қылмыстық іспен шатыстыруға болмайды. Заңы бар мемлекетте сенім үшін, шындықты айтқаны үшін қылмыстық жауапқа тартылмайды»,– деп жазды.

Осындай өршіл рух пен батыл пайымдаудың және адвокаттық тәжірибесінің нәтижесінде 1906 жылғы тамыздағы сотта ол өзін өзі толық ақтап шықты. Жазалау «сыбағасын толық алуға»

«Жақып Ақбаевтың»: «1907 жылы маусым айында, Қоянды жәрмеңкесінде қоныс аударушылар мекемесінің бастығы отырған киіз үйге басыр кіріп, бастыққа: «Мемлекеттік Думаның пәрменінсіз қазақтар бір сүйем де жер бермейді, қарсылық көрсетуге дайын. Күш жұмсайтын болсаңдар, мен осы жер үшін өлуге бармын»,– деген мәлімдемесі себепкер болған.

Сол үшін оған 50 сом айып салынған. Ұлттық тәуелсіздік пен қарулы көтеріліс сияқты саяси мәселені ашық қойған тұңғыш алаш азаматы осы Жақып Ақбаев болатын. Бұл жолы қазақтың ұлттық идеясының ұйытқысы Ахмет Байтұрсынов жалпақ жұртқа сауын айтып, Хасен Ақаев, Дүйсеке Жаманбалин, Қаражан Үкібаев сияқты алаш рухты көпестерден 7500 сом несие қарыз альп, Жақып Ақбаевті кепілдікке босатып алды. Бірақ күрес жолынан бас тартпады.

«Қысқаша өмірбаян»:: «1908 жылы мен үкіметке қарсы насихат жүргізгенім үшін Қарқаралыдан қарулы айдауылмен одан әрі бес жылға Якутскі облысына айдауға жіберу үшін Омбы қаласына жөнелтілдім…».

Ол бұл жазаны нағыз спартандық рух пен қабылдап:

«Жақып Ақбаев»: «Мен, әлбетте, ештеңе жоғалтпаймын. Қайта мен қаһарман болдым, мені енді жұрт жақсы таниды. Не көрсем де шыдаймын. Бетімнен қайтпаймын. Біреулер өлімнен қорқады. Мен қорықпаймын. Мен Соречиннің ұлы философы Аль-Гауалли айтпақшы: «Құдай адамның рухын өз жарығының сәулесінен жаратқан. Адамның тағдыры рухында қалады» – дегеніне сенемін. Ендеше тән өлгенде – рух өледі деп бекерге алданбаңыздар... Менің рухым өлмейді ... Тағдырыма разымын. Ресейдің топас заңының арқасында құлақ естіген Сахалинге де барып қайтатын болдым. Бірақ мен ол жақта қалмаймын. Мен өлмеймін. Халқымның жоғын жоқтай беремін»,– деп (25-бет) жазыпты сот палатасына.

«Қысқаша өмірбаян»: «... Бірақ орталық мені дала өлкесіне жер аударуға рұқсат берді де, мен полицияның қадағалауымен Жетісу облысындағы Қапал қаласынан бір-ақ шықтым; ол жерден мен үкіметке қарсы қылмыстық насихат жүргізгенім үшін 1910 жылы Тобыл губерниясына жер аударылдым».

Мұндай саяси жазалау «саяхатынынан» түйген ащы сабақтары мен өзінің саяси бағдарламасын сол тұстағы «столыпиндік жер реформасының тамыршысы» граф Паленге:

«Жақып Ақбаев»: «Ал 17 қазан манифесін бейбіт жолмен жүзеге асыруға, жалпыға ортақ әділетті заңдылық орнатуға талпынған іс-әрекеттерімізге ешкім дау айтуға тиіс емес, өйткені біздікі заңды іс, әркімге-ақ түсінікті. Егер манифест жүзеге асырылмаса, «адамның жеке дене мүшелерінің асқазанмен» астыртын немесе жария күресі тоқталмай, ақыры адамның бой қуаты әлсіреп, бүкіл дене тіршілік қабілетінен айырылуы мүмкін.



Мемлекет идеясын ту етіп көтерген және заңдарды күшпен орындату мүмкіндігіне ие болып отырған үкімет пулеметтердің, зеңбіректердің, фугастар мен шрамппельдердің және басқа да соғыс қаруларының көмегімен өз адамдарын басып-жаншуға қабілеті бар екені рас. Бірақ мұндай үкімет қаратүнек пен парықсыздық жайлаған елде қаулап өсіп келе жатқан, жай көзге көрінбейтін жұқпалы әрі тез таралатын бактериялармен, бациллалармен күресуге дәрменсіз. Осынау қатерлі бациллалардың (тырысқақ, сүзек, оба) қатері күшті екендігі сонша, олармен санаспауға болмайды. Мұндай қауіпті жауға ашық соғыс жариялауға бола ма? Әрине, жоқ!

Жан-жануарлардың аяушылық білдірмейтін мұндай жауларына қарсы кім күресе алады? Ол – езгіден азат елдің, қандай да саяси партиялардың ықпалына түспеген, кісен мен бұғаудан азат елдің білмі ғана.

Міне, біз сондықтан саяси бостандық пен заңдылық үшін күрестік және күресіп келеміз...»,– деп. (41-42-беттер ) ашық және ашына мәлімдеді.

Сол үшін тағы да түрме талқысына түсті.



«Қысқаша өмірбаян»: «1915 жылдың күзінде жандармдар маған Қылмыстық Заңдар Жинағының атақты 103, 108, 129-баптары бойынша (ұлы мәртебеліге тіл тигізу, сатқындық және өмір сүріп отырған құрылысты құлату мақсатымен үгіт, насихат жүргізу) мемлекеттік қылмыс жасады деп айып тақты. Әдеттегісіндей, мен тұтқынға алынып, отбасыммен бірге қарулы айдауылмен Қарқаралы түрмесінен Павлодар (Кереку) қаласы арқылы Семей түрмесінің абақтысына жөнелтілдім, Павлодарда қараңғы, ылғал, сасық орында қос құлыппен құлыпталып жападан-жалғыз отырдым. Павлодарда мені пароходтағы иттің үйшігіне отырғызды, онда Семейге жеткенге дейін мен үнемі жатып баруға мәжбүр болдым, өйткені оның тарлығы сонша, отыру да, тұру да мүмкін емес еді. Бұл үйшікке мен еңбектеп кіруге мәжбүр болдым, бұл үйшік жалпы жұрт баратын әжетхана қасына орналасқан болатын.

1917 жылғы қаңтар-ақпан айларында мені бес жылға Якутск облысына жер аудару туралы іс қозғалды. Мен бұл сапарға шындап әзірлене бастадым, мені Якутия түрмелеріне этаппен ұзақ уақыт айдаудан ақпан революциясы құтқарды. Бірақ оның есесіне комиссар (уақытша үкіметтікі) Вейсер 1917 жылғы наурыздың аяғында мені қазақтар арасында бірінші болып саяси ұрандар: халық басқаруы, автономия, республика ұрандарын ұсынғаным үшін қамауға алып, орыс казактарының айдауымен Семейге жөнелтті, ал 1918 жылдың наурызында орыстың сословиелік казактары менің нақ сол мұрат-мақсат, армандарым үшін мені екінші рет қамауға алып, әскери-казак айдауылымен Семейге жөнелтті.

1919 жылғы қаңтарда Колчак пен Анненковтың барлау агенттері мені Қарқаралы қаласында тұтқынға алып, Қарқаралы түрмесіне қамады. Айыптаудың мәні Колчактың әскери-казак диктатурасының және Атамандықтың жауы, Атамандар диктатурасын құлату және Кеңес өкіметін қалпына келтіру үшін халықты қарулы көтеріліске дайындауға ұмтылған. 1919 жылғы 7 шілдеде (ескі стиль бойынша 2 маусымда) Колчак пен Атамандардың Әскери-дала соты Қарқаралы қаласында мені атуға үкім шығарды. Мен кассациялық шағым беруден бас тартып, өлім жазасына өзім қол қойып бекітуге келісетінімді мәлімдедім және шынында да, үкімді 1919 жылғы 7 шілде күні, кешкі сағат бестің шамасында өзім қол қойып бекіттім».

Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «1917-1919. Бұл әскерилердің колчаковшылар мен атамановшылардың билеп тұрған кезі болатын. Жазалау отрядтары, зорлық-зомбылық, дала-әскери соты жаппай орын алған еді. Жұмысшылармен, шаруалармен бірге сорлы қазақ елі де майдан даласына тән террорды, езгіні, басынуды бастарынан кешті. Губерниялық, уездік жер басқармаларының мүшелерін, «Алаштың» орталық кеңесін тұтқындау күн өткен сайын жиілей берді. Олардың кейбіреулері әскери-дала сотына беріліп, дарға асылуға дейінгі жаза қолданылды. «Алашорданың» мүшесі Ақбаев (Ж.Ақбаев Т.Ж.) «большевиктердің төңкерісіне көмектесу үшін қару жасырғаны үшін» ату жазасына кесілді».

«Қысқаша өмірбаян»: «Осы кезде Қызыл Армия колчакшыларды (Колчак әскерін) Ресейден Азияға қуып шықты, Колчак атамандары қазақ зиялыларынан көмек күтіп, оған жағынып бақты. Сондықтан Сібір үкіметінің төрағасы Вологодскийдің ұсынысы бойынша корпус командирі Березовский өлім жазасының күшін жойды.

Бұған себепкер болған Қазақ комитетінің төрағасы, жалпыалаш сотының бас соты Р.Марсековтің:



«Егерде үкімет мекемелері «Алашорданы» мойындамаған жағдайда онда қазақ халқы Сібір үкіметінің ешқандай талабын да, өкімдерін де орындамайды. Сібір үкіметінің бірде бір өкімі жергілікті жерде таратылмайды», деген үзілді-кесілді жасаған мәлімдемемсі болатын.

«Қысқаша өмірбаян»: «1903 жылдың тамызынан 1905 жылғы 3 қарашаға дейін мен сот ведомствосында қызмет еттім, 1907 жылғы 7 сәуірден 1918 жылға дейін Семей округтік соты жанындағы Сенім білдірілген адвокаттың көмекшісі болдым. 1918 жылдың аяғынан бастап мен Семей губревкомының заң бөлімі жанындағы сот-тергеу учаскелерін басқару жөніндегі комиссияның мүшесі болдым. 1920 жылдың қаңтарынан Семей губревкомы басқару бөлімі заң бөлімшесінің меңгерушісі болып істедім. Менің етене араласуыммен губерния бойынша сот-тергеу учаскелері енгізілді (құрылды). 1920 жылдың сәуірінен бастап мен Семей кеңестік халық сотының мүшесі болдым. 1921 жылдың қарашасынан бастап 1922 жылдың ақпанына дейін мен Қарқаралы уездік халыққа білім беру бөлімі жанында жұмыс істедім. Айтпақшы, Қазақ фольклорын жинау жөніндегі комиссияның төрағасы болдым.



1922 жылдың наурызында өкпе қабынуымен ауырып, науқастығым себепті үйге қайттым.

1925 жылдың наурызында Губком мен Губатком Губерниялық соттың конструкторлық-тексеру бөлімінің меңгерушісі болу және запастағы судья міндетін атқару үшін Губерниялық ішкі істер органына жіберді. 1926 жылдың шілдесінен 1927 жылғы 13 желтоқсанға дейін Семей губерниялық соты жанындағы қорғаушылар алқасының мүшесі болдым; сол жерден мен 1927 жылғы қазан айында қазақ халқының тарихын зерттеу және ауа райы жұмсақ оңтүстікте тұру үшін Қызылорда қаласына кеттім. 1928 жылғы 4 қазаннан бастап Сырдария округтік қорғаушылар алқасының мүшесімін. Сырдария округі Мойынқұм ауданының Ново-Троицкі селосында тұрамын.

1907 жылдан осы уақытқа дейін Семей географиялық қоғамының мүшесімін, оған мен қазақ халқының шығу тегі туралы тақырыпта баяндама табыс еттім.

Айтылғандардың дұрыстығы үшін моральдық жағынан жауап беремін. Сырдария қорғаушылар алқасының мүшесі Жақып Ақбаев.

Қорғаушылар алқасынын мүшесі Жақып Ақбаевтың қоятын қолын өзі қойғанын куәландырамын».

Тергеу орындарына қарата жазылған бұл анықтамаға қосарымыз, науқастығына қарамастан 1930 жылы 8 тамыз күні Жақып Ақбаев тұтқынға алынды.

Әдетте, барлық сотталушылардың қылмысы көрсетілген, оның айғақтары мен куәгерлерінің көрсетіндісінен үзінді берілетін «Айыптау қорытындысында» Жақып Ақбаев туралы мағлұматта аты ғана аталып өткен. Зады, тергеушілер тура осы уақытта Қазақстан бойынша жаппай көтеріліске шығып жатқан жергілікті жердегі, соның ішінде Балқаш төңірегіндегі көтеріліске қатысқан және қолға түскен адамдардың «айғақтарын» күткен сияқты. Өйткені, Марат Әбсаметтің «Сәкен Сейфуллин» атты құжаттар жинағындағы тергеу хаттамаларына жүгінсек, Жақып Ақбаев түрмеде жатқан тура осы кезде тергеу орындары оның сыртынан қосымша айғақ пен дерек жинап жатқан. Бұл іске Сәкен Сейфуллин мен оның әкесі Сейфолланы да тартып, Жақып Ақбаевты «көтерілістің батагөйі» етіп көрсетпек болған. Оған жоғарыдағы жинақта көрсетілген Қарағанды облыстық архивіндегі «Асманбаев Ахметті тәркілеу және оны Қарқаралы округінің Шет ауданынан жер аудару туралы №154 істегі» мына тергеу құжаттары дәлел. Соның алғашқысында:


Каталог: repository -> history -> 24%20%D1%82%D0%BE%D0%BC.%20%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B%20%D0%BC%D0%B0%D2%9B%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D1%80 -> %D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Халел досмұхамедов
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Абай мектетебі
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Мағжанға Сәбиттен


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   46




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет