Сыбайлас жемқорлық- латын тілінен аударғанда CORRUPTIO бүлдіру, сындыру, құрту деген мағыналарды береді. Қоғам игілігі мен мемлекет мүдделеріне нұқсан келтіретін, жеке мақсаттарға жетуге олжа, артықшылық алу үшін мемлекеттік билікті, лауазымды мәртебені асыра пайдалану барсында көрінетін этикалық және құқықтық бұзушылықтардың жиынтығы бар әлеуметтік құбылыс болып табылады.
Әлем мойындап отырған бұл жағымсыз құбылыс- бгінгі күні біздің қоғамның өзекті мәселесі. Еліміздің экономикалық, саяси және құқықтық өркендеуі мен демократиялық даму үдерісі одан әрі жетіле беруі үшін көкейтесті мәселелерінің бірі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту үшін 1998 жылы 02 шілдеде «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып, сыбайлас жемқорлық ұғымы ұлттық заңнамамызда алғаш рет анықталды, онымен күрес жүргізетін мемлекеттік органдар жүйесі белгіленді. Елімізде терең тарихи тамыры бар жемқорлықтың ең қауіпті және ең кең таралған формасы-парақорлық болып саналады. Ол мемлекет механизімінің барлық салаларына терең еніп қалған құбылыс. Азаматтар алдында бір жағынан билік органдарына сенімсіздік тудыртса, екінші жағынан өзінің тұрмыстық, жеке, кәсіркерлік және өзге де жағдайларын шешумен байланысты парақорлыққа шыдамды қатынасты тудыртып, бұл құбылысқа қоғамның қарсы тұру мүмкіншілігі мен адамгершілігіне кері әсер етеді. Адамдар арасындағы құқық бұзушылықты алдын-алу шараларын дамыту мәселелері қазіргі заманның өзекті мәселесі. Сондықтан әрбір азаматтың жан-жақты білімін, санасымен мәдениетін тәрбиелей отырып, отансүйгіштікке, заң нормаларын сыйлайтын, ұғынатын, өз құқықтары мен бостандықтарын білетін, заңды мүдделерін бұлжытпай орындайтын құқықтың, демократиялық мемлекеттің үлгілі азамат тұлғасында қалыптастырып дамытады. Құқықтық дамыған адам-құқықтық білімді, өзін тұлға ретінде ұстай білетін, заң нормалары мен құқыққа оң көзқарастағы адам болып табылады. Құқықтық білімді азамат кез келген тәртіп бұзушылыққа немесе қылмыстарға бармайды.
1998 жылғы 02 шілдедегі «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес, мемлекеттік міндеттерді атқаратын адамдардың сондай-ақ оларға теңестірілген адамдардың лауазымдық өкілеттігін және соған байланысты мүмкіндіктерін пайдалану не мүліктік пайда алу үшін олардың өз өкілеттіктерін өзгеше пайдалануы, жеке немесе делдалдар арқылы көзделмеген артықшылықтар алуы, сол сияқты жоғарыда көрсетілген тұлғаларға жеке және заңды тұлғалардың аталған игіліктер мен артықшылықтарды құқыққа қарсы беруі арқылы оларды сатып алуы сыбайлас жемқорлық деп ұғынылады.
ҚР Тұңғыш президенті, Елбасының және бүгінгі ел басшысының да жалпы құқық жүйесіне, соның ішінде әсіресе сыбайлас жемқорлықпен күресті тұрақты әрі табанды жүргізу мәселесіне ерекше мән беруі, республиканың мемлекеттік органдарындағы парақорлық мәселесінің аса өткір тұрғандығында. Осындай керітартпа құбылыстың тамырына балта шабу қоғамды одан әрмен түрлендіру міндеттерін табысты шешудің кепілі болып табылады.
Сыбайлас жемқорлықтың даму тарихы ежелгі кезеңнен бастау алады. Француз философы Ш.Л.Монтескье: «Көптеген ғасырлар тәжірибесі көрсеткендей, қолында билігі бар адам қылмыс жасауға бейім тұрады және де тиісті шекке жетпейінше сол бағытта әрекет жасай береді»,-деп айтқан. Сыбайлас жемқорлық құбылысын халықаралық заманауи тұрғыдан түсіну және оған қарсы күрес шараларын іске асыру жолдары қылмыстың алдын алу және құқық бұзушылармен жұмыс жүргізу жөніндегі БҰҰ-ның Сегізінші Конгресінің хатшылығы әзірлеген «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша практикалық шаралары» атты нұсқаулығында көрініс тапқан. (Гавана, 1990 жылғы тамыз-қыркүйек ) (Аталған Конгресс нұсқаулығын тыңдаушылармен талқылау) Өркениетті елдерде сыбайлас жемқорлық дерті қалай дамығанын қарастырсақ, антик қоғамы (көне грек қала-мемлекеттер, республикалық Рим ) тарихының ерте заманында кәсіби мемлекеттік шенеуніктер болмаған, сондықтан, сыбайлас жемқорлық құбылысы да жоқтың қасы еді. Бұл құбылыс антик қоғамы құлдыраған дәуірде кең өріс ала бастады. Осы кезде рим құқығында «corrumpire» деген термин пайда болып, «бүлдіру», «біреуді сатып алу» деген мағынаны білдіріп, билікті асыра пайдаланушылық жағдайы болған кезде қолданылған. Мемлекет неғұрлым орталықтандырылған болса, соғұрлым азаматтардың мемлекеттік деңгейдегі істі өз бетінше шешуі шектеулі болады, осыған орай, төмендегі және жоғарыдағы шенеуніктер қатаң қадағалаудан босағысы келген адамдардан жасырын түрде пара алып, сөйтіп заңды бұзушылыққа жол беріледі. Сыбайлас жемқорлықтың осындай «төзімді нормасы» әсіресе өндірістің азиялық тәсілінде байқалады.
Сыбайлас жемқорлықтың жаңа қарқынмен кең өріс алуы ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басына келеді. Бір жағынан, ісшараларды мемлекеттік реттеу дәрежесі көтеріліп, осыған орай, шенеуніктердің билігі күшейе түсті. Екінші жағынан, ірі кәсіпкерлік пайда болып, олар өз мақсатына жету үшін «мемлекетті сатып алуға» кірісті. Дамыған елдерде (Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Батыс Еуропа елдерінде) саяси партиялардың маңызы өскен сайын партиялық сыбайлас жемқорлық кең етек ала бастады. ХХ ғасырдың екінші жартысында «үшінші әлем» елдері саяси дербес ел болып дамыған кезде, олардың мемлекеттік аппараты алғашқы кезден бастап сыбайлас жемқорлық жолына түскен еді. «Үшінші әлем» елдерінде «төменнен жоғары жаққа қарай» сыбайлас жемқорлық түрі кездеседі, мұндай жағдайда парақор басшы өз кінәсін мойындамай, қарамағындағы қызметкерлерді жазаға тартады. Сондай-ақ, «жоғарыдан төменге қарай» сыбайлас жемқорлық түрі де болған, мұндай жағдайда жоғары қызметте тұрған шенеуніктер ашық түрде пара алып, алған парасымен қарамағындағы қызметкерлермен жартылай бөліскен (сыбайлас жемқорлықтың осындай жүйесі Оңтүстік Кореяда байқалады). Филиппинде, Парагвайда, Гаитиде, Африканың кейбір елдерінде клептократиялық тәртіп орнаған, бұл елдерде сыбайлас жемқорлық барлық әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынасты қамтыған және пара бермесе ешбір іс орындалмайды. 1990 жылдары сыбайлас жемқорлық мәселесі аса өзекті мәселеге айналды. Осы кезде бұрынғы социалистік елдерінде де сыбайлас жемқорлық дерті аса үлкен қарқынмен дамыды.
Ал көне заман тарихына көз жүгіртетін болсақ, алғашқы және ерте таптық қоғамдарда абыздарға, көсемдерге, әскербасыларына олардың көрсеткен көмегі, қызметі үшін төлемақы беру әдеттегідей норма болып қабылданғаны мәлім. Жоғары шенде тұрған басшылар қарамағындағы төменгі шендегі қызметкерлердің белгіленген бір төлемақыға риза болғанын талап ете бастады, яғни, олар белгілі бір көлемде жалақы алатын болды. Ал төменгі шендегі қызметкерлер лауазымдық міндеттерін орындау барысында көрсеткен қызметі үшін жасырын түрде қосымша төлем талап еткен. Біздіңше осы құбылысты сыбайлас жемқорлықтың алғашқы белгілері деп қарастыруға болады.
ХХ ғасырдағы сыбайлас жемқорлықтық қарым-қатынастың даму үдерісі мынадай:
- сыбайлас жемқорлықтың түрі мен формасы көбейе түсті;
- ауық-ауық түрдегі сыбайлас жемқорлық жүйелі түрдегі сыбайлас жемқорлыққа айналды;
- биліктің төменгі сатысында орын алған сыбайлас жемқорлық биліктің жоғарғы сатысында кездесетін, одан әрі халықаралық сыбайлас жемқорлық сипатына ие болды.
Сыбайлас жемқорлықтың жиі бой көрсететін ең қауіпті түрі – парақорлық. Бірінші кезекте пара берудің себептерін, пара алудың жағдайларының түп-тамырын жою үшін қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет. Яғни, пара беру де, пара алу да пайдалы болмайтындай, үлкен қылмыс ретінде саналатындай жағдай, қоғамдық сана қалыптасуы қажет. Парақорлық мемлекеттік аппараттың қалыпты қызмет етуіне бөгет болып, билік және басқару органдарының беделіне нұқсан келтіреді, заңдылық қағидаларын жоққа шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделеріне қысымшылық жасайды.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандайда бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып табылады.
Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны анық.
«Сыбайлас жемқорлық» деген түсінік мағынасына «параға сатып алу», «пара» ретінде, «corruptio» деген латын сөзін алып, анықтауға мүмкіндік береді. Рим құқығында сондай-ақ, «corrumpire» түсінік болған, ол жалпы сөзбен айтқанда «сындыру, бүлдіру, бұзу, зақымдау, жалғандау, параға сатып алу» деген түсінік беріп, құқыққа қарсы іс-әрекетті білдірген. Орыс тілінің түсіндірме сөздігі сыбайлас жемқорлықты пара беріп сатып алу, лауазымды адамдардың, саяси қайраткерлердің сатқындығы ретінде сипаттайды.
Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға, негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, көрінеу жалған сөз жеткізу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, көрінеу жалған жауап беру, сарапшының жалған қорытындысы немесе қате аудару, жалған жауап беруге немесе жауап беруден жалтаруға, жалған қорытынды беруге не қате аударуға сатып алу, лауазымды адамдардың сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау, осындай қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады.
Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру, инвестициялар тарту процесін баяулататын және демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс. Елбасы биылда «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты өзінің Қазақстан халқына Жолдауында «демократиялық қоғам жағдайында қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ерекше мәнге ие болады» деп атап көрсетті. Яғни, бұл мемлекеттің осы жағымсыз құбылысты жою бағытындағы кешенді және жүйелі күрес жүргізу саясаты жанданып, әрі қарай жалғасын табады деген сөз.
Осы мақсаттағы жұмыстарды жүйелі жүргізуге тағы бір серпін ретінде «Қазақстан Республикасында қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы қолданысқа енгізілген болатын. Бұл Жарлық еліміздегі құқық қорғау органдары қызметтерін жетілдіруге бағыттала отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттермен олардың пайда болуының алдын алуда жүйелі, әрі тұрақты шаралар атқаруды қамтамасыз етеді.
Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлықпен күрес барлық мемлекеттік органдар алдындағы басты міндеттің бірі болып отыр. Қылмыстың бұл түрінің қоғамымыздың барлық саласына тамыр жайып кеткені жасырын емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет шараларының ғылыми танымдары мен өзекті мәселелері Қазақстандағы қоғамдық қатынастарды реформалаудың барлық кешенді мәселелерімен тығыз байланыста. Сондықтан да, қоғам бойындағы бұл кесапат кеселмен күреске мемлекетіміз айрықша мән беріп отыр.
Бұл арада, егер қоғам өзі, әрбір азамат сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруға батылданбаса, сыбайлас жемқорлықпен күрес нәтижелі болмайды, ал мемлекеттік басқару құзыретті және тиімді болмайды.
Өз кезегінде, осы мәселені шешу үшін екі жақтың яғни, азаматтар және мемлекет қатысуы қажет екенін ескере отырып, лауазымды тұлғаны сатып алу да қылмыстық жауаптылыққа тартылатын өте маңызды іс-әрекет болып табылады.
Қазіргі кезде сыбайлас жемқорлық мәселесін әрбір мемлекетте, түрлі халықаралық ұйымда кездестіруге болады. Бірақ ол барлық жерде бірдей бола бермейді. Тарихи дәуір және мемлекеттің әлеуметтікэкономикалық даму кезеңіне қарай сыбайлас жемқорлықтың пайда болу мәселелері де әр алуан болып келеді. Кейбір шет елдердің мемлекеттік басқаруында және мемлекеттік қызметінде жемқорлықтың алдын алуға және жоюға бағытталған әкімшілік қалыптың кешендері құрылған. Бірқатар мемлекеттерде шенеуніктердің ар кодексі немесе этикалық кодекстер жиынтығы болып табылатын арнайы заңдар қабылданған. Осыған орай, шетел мемлекеттеріндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және жолын кесу шараларына назар аударайық.
Транспаренси Интернешнлдің мәліметтерін негізге ала отырып, сыбайлас жемқорлықтың жер жүзіне таратылу айырмашылықтарын және қазіргі әлемдегі жемқорлықтың деңгейін зерттеу мақсатында, әлем картасындағы сыбайлас жемқорлық туралы ақпаратты бейнелеп көрсетуге тырысайық. Халықаралық тәжірибеде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы айтқанда, барлық елдерді шартты түрде төрт санатқа бөлуге болады: 1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті табысты жүргізіп отырған елдер; 2) сыбайлас жемқорлық орташа деңгейдегі елдер; 3) сыбайлас жемқорлықпен өте келелі мәселелері бар елдер; 4) сыбайлас жемқорлық айрықша байқалатын елдер. Әрі қарай осы жүйені негізге аламыз.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті табысты жүргізіп отырған елдерге Дания, Финляндия, Швеция, Жаңа Зеландия, Канада, Нидерланды, Норвегия, Швейцария, Австралия, Сингапур, Люксембург, Ирландия, Германия, Ұлыбритания, Израиль, АҚШ, Австрия, Исландия, Жапонияны жатқызуға болады.
Жоғарыда аталған елдердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті ұйымдастырудың кейбір ерекшеліктері - осы елдердің үкіметі сыбайлас жемқорлықты ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп деп қарайды. Сондықтан, сыбайлас жемқорлық сырттан төнген және ішкі қауіп ретінде қабылданып, соған байланысты онымен күрес көлемді және кешенді сипат алады.
Мысалы, Нидерландыда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес өзіне мыналарды енгізеді:
- сыбайлас жемқорлыққа бейім тұратын мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарда мониторинг жүйесін енгізу және осы жерлерде қызмет ететіндерді қатаң бақылап отыру. Сыбайлас жемқорлықпен күрес
- жүргізетін тұлғаларды лауазымға тағайындау;
- сыбайлас жемқорлық әрекеттерін жазалау жүйесі – бұл мемлекеттік ұйымдарда жұмыс істеуге қатаң тыйым салуды және мемлекеттік қызмет ұсынатын барлық әлеуметтік жеңілдіктерінен айыруды көздейді;
- лауазымдық тұлғаның жағымды әрекетін көтермелеу жүйесі – шенеунікке өз қызметін тиімді де адал орындауы үшін материалдық тұрғысынан да, адамгершілік тұрғысынан да жағдай жасау;
- арнайы полиция типіндегі сыбайлас жемқорлықпен күрес
- жөніндегі мемлекеттік қауіпсіздік жүйесі;
Компаративтік талдау бойынша әр мемлекеттің өзінің күресу жолы, әдісі, тәсілі бар. Ал басқа жағынан қарасақ, көптеген мемлекеттердің сарапшылары біркелкі ережелер нормаларын қолдану керек деп ұсыныс жасайды. Тіпті, бүкілұлттық тәртіп әдептілігін қалыптастыру қажет дейді.
Осы орайда, 1995 жылы Ұлыбританияда Нолан Комиссиясы 7 қағида қабылдады:
1. Риясыздық. Лауазымды қызметкерлер қоғамдық мүддені жоғары ескере отырып, бір шешімге келеді;
2. Сатылмастық. Лауазымды қызметкерлердің өздерін басқа бір адамдарға не ұйымдарға қаржылық тәуелсіздікке қоймағаны дұрыс;
3. Әділдік. Жоғары қызметке тағайындау, келісімшарт жасау, марапаттау мәселелері бойынша шешім қабылдағанда лауазымды қызметкерлер үміткердің кәсіби қабілеттерін, іскерлігін ескеруі тиіс;
4. Есептілік. Лауазымды қызметкерлер қоғамның алдында өздерінің істеген ісі, қабылдаған шешімдері бойынша есеп беріп отыруы керек;
5. Ашықтық. Лауазымды қызметкерлердің шешімдері мен істері қоғамға ашық болуы тиіс. Әр шешім дәйектеліп отыруға міндетті.
Арды, абыройды сақтаушылық. Лауазымды қызметкерлер өздерінің мүдделері туралы ашық айтып, егер де осы мүдделері олардың істеген жұмысына қайшылық келтірсе, қоғамның пайдасына әкелетін шешімге келуге тиісті.
Басшылық. Лауазымды қызметкерлер осы аталған қағидаларды қолдана отырып, басшылықты орындап, өзінің дұрыс істерімен, мінезқұлқымен үлгі көрсетіп отыруға міндетті.
Жемқорлыққа қарсы өзгерістерді жүргізетін басқа топ институционалдық деп аталады. Бұл топ жемқорлыққа қарсы мүлде басқа күресті көрсетеді. Олардың ойынша, жаңа әдіс, жаңа жолға бар бағдарламаны жойып тастап, нормативтік іс-әрекеттерін өзгерту керек. Институционалдық жемқорлық өзгерістерге мынадай мысал келтіруге болады: сайлау үрдісіне ашықтық, жариялылық қамтамасыз ету; үкімет жұмысына және орындаушы басшылығына парламенттің бақылауы; сайлау үрдісінде қаржы мәселесіне бақылау жасау; мүлік мәселесін шектеу; мемлекеттік қызметкерлерінің кіріс-табысын, қаржы міндеттерін, шенеуніктердің табысының көтеруін, жылдық қаржы есебін беру, жемқорлыққа қарсы арнайы заң қабылдау, әкімшілік және қылмыстық жазалау тағы басқалар. Сайлаушылардың дауысын сатып алу көптеген мемлекеттерде дәстүрге айналған. Бұл әдіс АҚШ, Ұлыбританияда және басқа Еуропа мемлекеттерінде XIX ғасырда кең таралған. Қазір осындай шаралар шектелсе де, бүгінде осындай заң бұзушылық байқалады. Испания мен Италияның сайлау үрдісінде басқа шаралар қолданады. Ықпалы зор үміткерлерге саяси партиялардың көсемдері «патронаж» деген әдісті пайдаланады. Бұл әдістің маңызы мынада: сайлау кезінде көмектескен адамдарға мемлекеттік органдардан бір пайдалы қызметтерді ұсынады. 1966 жылы Тайландта өткен сайлау сайлаушыларға сыйлықтар тарату негізінде өтті. Сондықтан, көптеген мемлекеттерде сайлауды өткізу барысында ашықтық талап етіледі. Екіншіден, сайлау компаниясын қаржыландыруды бақылауға алып, нормадан жоғары қаржыландыруға тыйым салынады.
Ботсванада сыбайлас жемқорлықтың қарқынды өсуін тежеуге келесі шаралар көмектесті: шенеуніктердің санын қысқартып, олардың жалақысын көтерді және мемлекеттік мекемелердің құрылымы ықшамдалды, әрі сыбайлас жемқорлықтың кез келген түріне дереу санкция салынды.
ОАР-да бүгінгі күні сыбайлас жемқорлық деңгейі көптеген еуропа елдеріне қарағанда төмен. Олар қабылданған жаңа заңдардың көмегімен Үкіметті Парламент алдында есеп беруге міндеттеу арқылы, шенеуніктер мен депутаттарға табыстары және басқа да салық төлейтін мүліктері жөнінде декларация тапсыру және мемлекеттік жүйенің ашықтығын қамтамасыз ететін қадамдарды қабылдау жолымен қол жеткізілді.
Израиль сыбайлас жемқорлықтан жеткілікті түрде ерікті мемлекеттердің бірі болып саналады. Ондағы жемқорлыққа қарсы күрес, Нидерланды елінде қолданылатын шараларға қоса, «мониторинг жүргізудің белгілі қайталануы» жүйесі арқылы жүргізіледі. Израильде шенеуніктер үшін едәуір әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған және сыбайлас жемқорлық анықталған жағдайда олар қатаң жазаланатындықтан, төмен деңгейлі жемқорлық жоқ дерлік. Оның себебі, бұл елдерде мемлекет көп ғасырлы күрес нәтижесінде құрылған.
Әлемнің көптеген елдеріндегі жемқорлыққа қарсы күрес қағидаларының бірі - Заң алдында барлық азаматтардың теңдігі. Жемқорлық қылмыс жасаған азаматтар өздерінің әлеуметтік жағдайына қарамастан Заң алдында жауапкершілікті бірдей тартады. Қытайда ҚХР Мемлекеттік комитеті сыбайлас жемқорлық үшін жаза туралы Қағиданы 1952 жылы қабылдады. Осы Қағидаға сәйкес, сыбайлас жемқорлық - барлық мемлекеттік органдар, мекемелер, оқу орындары және соларға қарайтын бөлімдердің қызметкерлерінің қоғамдық мүддені жамылып жасаған мемлекет құндылықтарына ие болу, алдау жолымен ұрлау, иемдену, басқа адамдардың құндылықтарын сұғанақтықпен алу, пара алумен анықталады. 1997 жылы 1-қазанда ҚХР-ның жаңа редакциядағы Қылмыстық Кодексі күшіне енді. 1979 жылғы Кодекс толықтырылды - 192 бап болған еді, енді 451 болды. Сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілік туралы нормаларды қылмыстық-құқықтық және қылмыстық істер деп жеке тарау етіп бөлу жеткілікті негізделген. Ол туралы норма жекеменшікке қарсы қылмыс жөніндегі тарауға енгізілген болатын. Жаңа тарау 394 баптан тұрады. Мысалы, пара алғаны үшін мемлекеттік ұйым айыппұлмен жазаланады, тікелей орындаушы мен ұйымның басшысы жағдайдың ауырлығына байланысты – 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады немесе тұтқындалады. Сыбайлас жемқорлық және парақорлық үшін жазалау мәселелері жеке нормамен реттелген. Егер сыбайлас жемқорлық немесе пара алу кірісінің сомасы 100 мың юаньнен асып кетсе, онда 10 жылға бас бостандығынан айырылады немесе дүние-мүлкі тәркіленеді немесе онсыз өмірлік бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Валюталық қылмыстармен күрес жөнінде Қытайдың тәжірибесі көңіл аудартады, соның барысында бірнеше миллиард доллардың жалған кедендік декларацияларын, жалған шетелдік лицензияларды пайдаланып, банктерден валюта алған фирмалар қатары анықталды, шетелдік келісімдер бойынша жалған аванс төлемдер фактілері және оффшорлық қаржы операциялары көлемінде көптеген заң бұзушылықтар ашылды.
Францияда лауазымдық тұлғалардың қызмет бабын теріс пайдаланғаны үшін жауапкершілігін реттеу саласында 1983 жылғы 13 шілдедегі «Мемлекеттік қызметкерлердің құқықтары және міндеттері туралы» Заңның және 1992 жылы қабылданып, 1994 жылы қыркүйекте күшіне енген Қылмыстық кодексінің маңызы зор. «Мемлекеттік қызметкерлердің құқықтары және міндеттері туралы» Заңға сәйкес мемлекеттік шенеунікке «өзін тек қызметке арнау» міндеті жүктелген, бұл Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңы бойынша мемлекеттік қызметкерлердің міндеттеріне ұқсас. Аталған заң мемлекеттік қызметкердің өзіндік абырой кодексі болып табылады. Францияда мемлекеттік қызметкерлерге тексеру және бақылау қол астындағы кәсіпорындардың әрекетіне араласуға тыйым салады. Кейде көрсетілген міндет мемлекеттік қызметтен кеткеннен кейін де, сол шенеуніктің артынан сақталынып қалады. Билікті жеке басы үшін пайдалану жөніндегі нормалар жүйесінде басты орынды, сөзсіз, бұқаралық лауазымдық тұлғалардың белсенді пара беру және сылбыр пара алу парақорлығы үшін қылмыстық жауапкершілік туралы нормалары алады. Параны алғаны, ұсынғаны, парақорлық және парақорлыққа пара беру үшін бірдей жазаланады: 10 жылға түрмеге қамалынады және 1 млн. франк көлемінде айыппұл төлейді. Лауазымдық тұлғаларға лауазымнан босағаннан кейін 5 жылға дейін өзінің капиталымен жұмыс істеуге, жеке кәсіпорындарға кеңес беруге тыйым салады.
Францияның ерекшелігі - соттардың жасаған, Төрелік сот мүшелерінің немесе соттың, не жеке адамдардың шақыруымен келген, екі жақты келістіру үшін сотпен шақырылған сарапшылардың арнаулы парақорлық құрамын бөліп көрсету. Көрсетілген әрекеттер 10 жылға түрмеге жабумен және 1 млн. франк айыппұл төлеумен айыпталады.
Байқағанымыздай, шетел мемлекеттерінде жемқорлыққа қарсы заңнама күресудің барлық құқықтық құралдарын, яғни, қылмыстыққұқықтық қана емес, қолдану жағына қарай және жемқорлықтың алдын алу жағына қарай дамып жатқандығы көрініп тұр. Осы елдердегі сыбайлас жемқорлықтың көріністеріне талдау жасау, Қазақстан үшін тиімді сыбайлас жемқорлыққа қарсы пайдалы әрі тиімді озық ұлттық стратегияны жасауға көмектеседі. Біріншіден, сыбайлас жемқорлықпен күреске бағытталған мемлекеттің жоғарғы басшысының күшті саяси жігері және соның негізінде құрылған мемлекеттік, экономикалық, әлеуметтік және құқықтық сипаттағы сыбайлас жемқорлықпен күрес саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясат. Екіншіден, мемлекеттік әкімшілік жүйесінің бәріне азаматтық қоғам жағынан ұйымдастырылған әлеуметтік бақылау және құқық бұзушылардың қылмыс жөнінде іс қозғау мүмкіндігімен қамтамасыз ету. Үшіншіден, билік жүргізуге ие тұлғалардың, мемлекеттік қызметкерлердің қызметінің тазалығы жөніндегі мониторингті жүзеге асыруы, тәуелсіз органдардың алдында қатаң есеп беруі.
Елімізде мемлекеттік органдардағы қаржы салалары аясында орын алатын сыбайлас жемқорлық қылмыстарының алдын алу үшін, яғни тапсырыс берушінің тапсырыс алушымен арадағы ашық байланысын шектеу мақсатында ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңы пайда болды. Бұл заң тапсырыс берушінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды не жарғылық қызметін орындауына қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға байланысты қатынастарға қолданылып, реттеп осы сала аясындағы қылмыстылытардың алдын-алуға бағытталған. Бүгінгі күні барлық мемлекеттік мекемелер, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар осы заң заңнама негізінде жұмыс жүргізуі сыбайлас жемқорлықпен күресудің белсенді бір көрінісі деп білеміз.