Тұтас педагогикалық процестегі танымдық іс-әрекетінің психологиялық-педагогикалық негіздері
Оқу – оқыту процесіндегі оқушылардың іс-әрекеті. Оқыту процесінің логикасы оның құрылымын анықтайды, ал құрылымына оқыту процесінің звенолары – танымдық іс-әрекетінің кезеңдері кіреді:
таным міндеттеріне жете түсіну;
жаңа материалды қабылдау;
ұғыну – жаңа оқу материалдарын түсініп жинақтау процесі;
білімді, іскерлікті және дағдыны бекіту және жетілдіру;
білімді, іскерлікті және дағдыны практикада қолдана білу;
оқушылардың жетістіктерін талдау, білімін, іскерлігін және дағдысын тексеру, бағалау.
Таным міндеті түсінікті болса, оны оқушылар өз бетімен ізденіп шешуге тырысады. Оқыту процесінің әрбір звеносына жеке-жеке дайындалады.
Қабылдау – адамға тікелей әсер ететін заттардың немесе құбылыстарың адам санасында бейнелеу процесі. Сабақ үстінде оқушылардың жаңа материалмен танысуы түйсіктен және қабылдаудан басталады. Ал түйсік сананның сыртқы әлеміне байланысы. Сезім мүшелерімізге әсер етіп, оның миымызда бейнеленуін түйсік деп атайды.
Оқушыларды жаңа материалдармен таныстыру, бақылау, эксперимент, практикалық жұмыстар процесінде тікелей қабылдау арқылы немесе жанама түрде мұғалімнің сөзі, эвристикалық әңгіме, оқулық арқылы іске асырылады.
Ұғыну – бұл саналы түрде ғылыми білімді, заңдылықтарды ұғу, фактілерді жинақтау процесі, қорытынды шығару. Ұғыну прцесінде оқылатын материал терең ойластырылады, дәлелденеді және бекітіледі.
Бекіту – бұл оқушылардың білімді берік ұғынуының тиімді тәсілі. Педагогикалық процесте жаңа материалды алғашқы бекіту қолданылады. Өйткені оқу материалын еске түсіру үшін мұғалім күнделікті қайталауды жүргізіп отырады.
Оқу бағдарламасы бойынша нақты тарауларды, оқу курсын толық бітіргеннен кейін жинақтап, қайталау басталады. Мұндай қайталау оқушылардың білімін бекіту және жүйеге келтіру үшін жүргізіледі.
Білімді, іскерлікті және дағдыны практикада қолдану оқушылардың өзіндік қасиетін дамытады. Оқушылардың өз бетімен дамуына лабораториялық жұмыстар, практикалық және семинар сабақтар, үйрету машиналары, ауызша және жазбаша жаттығу жұмыстары мүмкіндік туғызады.
Білім алушылардың жетістіктерін талдау, білімін, іскерлігін және дағдысын тексеру, бағалау бұл оқытудың кері байланыс процесі.
Таным іс-әрекетінің бұл кезеңінде оқушылардың педагогикалық процесс барысында белгілі сұрақ бойынша білімін тексеріп бағалаумен шектелуге болмайды. Сондықтан оқушылардың барлық жетістіктерін – білім сапасын, пайымдау сауатылығын, жалпы ой-өрісінің даму дәрежесін ескеріп, талдау жасап отырған жөн.
Оқыту процесінің звеноларын таным процесінің формуласына сүйеніп, салыстыру ретінде логикалық бірізділікпен былай жазуға болады. Нақты аңғару – түйсік, қабылдау. Абстракт ойлау – ұғыну, мәнін түсіну.
Танымдық мотивтер:
Оқушылардың жаңа білімді игеруге және ұғу тәсілдеріне бағыттау мотивтері.
Өз бетімен білім алу, оны іс-әрекетінде қолдана білу мотивтері.
Ойдың талаптандыру мотивтері таным іс-әрекеті процесімен байланысты. Іс-әрекеттің барысында сұраққа немесе проблемаға оқушы өзбетінше жауап беруге тілек білдіреді, тырысады, тапсырманы табысты орындағаны үшін қанағат сезіміне бөлінеді, тапсырманың практикалық мәніне түсінеді.
Жалпы педагогикалық процесс оқу процесінің функциялары арқылы жүзеге асырылады. Білім беру, дамытушылық және тәрбиелік функциялары оқушының танымдық қасиетімен байланысты. Танымдық қабілеті ең алдымен мотивтермен ынталандырылады. Мұғалімнің жаңа тақырыпты түсіндіруде оқушыны қызықтыра алатын болса, яғни мотивтерін көрсете білсе, оның танымдылық деңгейінің жоғарғы екенін көруге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |