. Қазақстандағы туризмнің ғылыми зерттелуінің дамуы
Қазақстанда демалыс пен туризм географиясындағы зерттеулер ХХ ғасырдың 70-жылдары басталған. Осы тақырыптағы алғашқы ғылыми-іздестіру және жобалау жұмыстарын ол кезде білікті сәулетшілерді, географтарды, экономистерді, инженерлер мен басқа мамандарды біріктірген мемлекеттік «Казгипроград» жобалау институты орындады. Ю.И.Эйдинов, Е.А.Мухаметшина, Т.С.Русманова және т.б. институт мамандары Қазақстан аумағының туристік игерілуі жобаларын жасау ісіне зор үлес қосты.
Жиырмадан астам жыл ішінде «Казгипроград» республикамыздың туристік шаруашылығы дамуының бірқатар сұлбаларын жасады, оның ішінде «Қазақ КСР демалыс зоналарының (базаларының) 1976-1990 жылдардағы даму сұлбасы» (1977), «Қазақ КСР аумағында туристік базалардың дамуы мен орналасуының 2000 жылға дейінгі сұлбасы» (1983). Соңғы жұмысқа сәл өзгерістер енгізілді: есеп жылы ретінде 2005 жыл алынды, ал құрылыстың бірінші кезегі бұрынғыдай 1990 жыл болып қала берді.
Қазақстандағы демалыс пен туризм орындарының сәулеттік-жоспарлаулық ұйымдастырылу мәселелеріне арналған еңбектердің арасында аталған жобалар ең табанды, егжейлі-тегжейлі және тиянақты жасалған болып табылады. Осы сұлбалар бойынша, республиканың туристік көзқарас жағынан тартымды зоналары аумақтың табиғи және тарихи-мәдени әлеуетіне, маршруттық саяхаттарды ұйымдастыру мүмкіншіліктеріне, көлік жолдары мен байланыс мүмкіншіліктеріне, инженерлік жабдықталуына, еңбек ресурстарына сәйкес белгілі тәртіппен игерілуі қажет. Алдын ала бөлінген ландшафтық-рекреациялық зоналардың әрқайсысы оның рекреациялық әрекеттер түрлері үшін лайықтылығы жағынан бағаланды.
Табиғи жағдайлары мен ресурстарды бағалаудың қолданылған жүйесі әртүрлі аумақтарды салыстыруға және туризмнің көпшілік түрлерін дамыту мүмкіндіктерін анықтауға мүмкіншілік берді. Қазақстан территориясында 14 облыс аумағын қамтитын 60-қа жақын туристік-рекреациялық зона белгіленді.
Осыдан кейінгі жылдары «Казгипроград» тағы да бірқатар сұлбаларды, оның ішінде: республикамыздағы рекреация мен туризмді табиғи-климаттық ресурстарды пайдалану негізінде дамыту мүмкіншіліктерін қарастыратын «Қазақ КСР курорттарды, демалыс пен туризм орындарын, табиғи саябақтар мен қорықтарды дамыту және орналастыру сұлбасы» (1985), «Қазақ КСР табиғи-қорықтық қор объектілерін дамыту мен орналастырудың 2005 жылға дейінгі сұлбасы» (1989) сияқты аймақтық сұлбаларды әзірледі.
1970-1980-жылдары «Казгипроград» Қазақстанда туристік тақырыптағы жобалардың бас орындаушысы болған. Дегенмен, 80-жылдардың соңында басқа ұйымдарда да ғылыми-жобалаулық жұмыстар жүргізіле бастады. Олар көбінесе, аймақтық ұйымдар тапсырмалары бойынша орындалған. Мысалы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ география факультеті ғалымдарының бір тобы Жамбыл облыстық сәулет бөлімінің тапсырмасымен «Жамбыл облысы туризм индустриясының 1990-2005 жылдары дамуы мен орналастырылуы сұлбасын әзірлеу» тақырыбы бойынша ғылыми зерттеулерді жүргізді (жетекшісі С.Р.Ердәулетов).
Зерттеуде облыстағы туризмнің қазіргі жағдайын талдау, осының негізінде туризм жүйесі кәсіпорындарының болашақтағы дамуы мен орналасуы бойынша ұсыныстарды әзірлеу, облыстың туристік картасын құрастыру жоспарланған. Орындалған жұмыс нәтижесінде 1990 жылы Минск қаласында (құрастырушы Л.К.Чиковани) 1: 750000 масштабындағы «Жамбыл облысының туристік картасы» шықты. Қалта форматындағы «Жамбыл қаласының турист атласын» әзірлеу жұмыстары қайта құру басталғаннан соң тоқтатылды. Бұл атлас КСРО-да Мәскеу мен Минскіден кейін осы тәрізді атластардың үшіншісі болмақ еді.
КСРО ыдырауы біртұтас халықшаруашылық кешенінің қирауы себебінен терең экономикалық дағдарысқа әкеліп соқты. Дағдарыс ғылыми-іздестіру және жобалау жұмыстарына да кері әсер тигізді. Осының нәтижесінде жобалау алыбы «Казгипроград» бірнеше шағын шығармашылық шеберханаларға ыдырап кетті. Бұл шеберханаларды бұрынғы жетекші мамандар – Е.А.Мухаметшина, Т.Б.Байзақов, С.Н.Дудукалова, Ю.И.Эйдинов және т.б. басқарды.
90-жылдардың басында туристік-жобалау жұмыстарында Е.А.Мухаметшина басқарған топ өз белсенділігімен ерекшеленеді. Бұл топ еліміздегі туризм дамуы тұжырымдамасын әзірлеуде маңызды рөл атқарған екі жоба: «Туризм объектілерін зерттеу мен оларды Жібек жолының Қазақстандағы кесіндісінің бойында орналастырудың кешенді сұлбасы. Негізгі тұжырымдама» (1991) және «Қазақстан Республикасының туризм индустриясының дамуының Ұлттық бағдарламасының жобасын» жасады (1993).
Кейбір зерттеушілер өз еркімен туризмге қатысы бар ұйымдардың тапсырмалары бойынша жұмыс жасай бастады. Осындай жұмыстарға, мысалы, Л.К.Чиковани құрастырған 1: 800000 масштабындағы «Аңшылар мен балықшыларға арналған Алматы облысының картасын» жатқызуға болады.
1997 жылы «Экопроект» ЖШС ландшафтық негізінде аймақтың рекреациялық ресурстарының сапалық бағалануы көрсетілген «Жетісу туристік-рекреациялық ресурстарының картасын» (М.К.Назарчук, Н.Н.Гировка) атаған жөн.
1998 жылы осы ұйым масштабы 1: 3500000 «Қазақстан Республикасының табиғи-қорықтық қорының картасын» (М.К.Назарчук, Т.Б.Байзақов, С.Н.Дудукалова және т.б.) шығарды. Онда елдің қорықтық қорының қазіргі және болашақтағы нысандары, туризмнің бұқаралық түрлерінің даму алғышарттары көрсетілген.
1999 жылы И.Л.Фишман мен О.Е.Фирсова құрастырған «Алматы қаласы маңының экологиялық туризм объектілерінің картасы» (масштабы 1: 60000) кейбір кемшіліктері болса да, оны рекреанттар, республикамыздың туризм мамандарын даярлайтын ЖОО оқытушылары мен студенттері ойдағыдай пайдалана алады.
90-жылдардың соңына қарай демалыс пен туризм аясындағы ғылыми зерттеулерге Ұлттық ғылым академиясының география институты белсене кірісті. Институттың тау аумақтарының геоэкологиялық мәселелер зертханасы қызметкерлерінің В.И.Попов басқарған тобы 1997-1999 жылдары Солтүстік Тянь-Шань табиғатының рекреациялық пайдалануы бойынша кешендік зерттеулерді өткізді. Осы жұмыстың нәтижесінде Қазақстанның басқа таулы аудандары мен көршілес елдерде қолданыла алатын ресурстардың рекреациялық бағалану қағидалары пайымдалды, әрбір рекреациялық аудан бойынша рекреациялық іс-әрекеттің факторлары мен шарттарына туризм түрлері бойынша талдау жасалынды, таулы аумақтардың рекреациялық картографиялану тәсілдері жасақталды.
1996 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ география факультетінде туризм бөлімшесі мен кафедрасының ашылғанынан кейін Қазақстан туризмінің дамуы мен аумақтық ұйымдастырылуы бойынша ғылыми іздестірулері еліміздің осы жетекші ЖОО-на ауыса бастады. 1999 жылы мұнда туризмнің көп функционалды Ғылыми-оқу орталығы ашылады. Оның бас міндеттері туризм саласында ғылыми зерттеулерді жүргізу, әртүрлі ғылыми, оқу-әдістемелік, жарнамалық-ақпараттық өнім шығару болады.
Кафедра мен орталықты география ғылымдарының докторы, профессор С.Р.Ердәулетов ашты. Кафедраның басқа қызметкерлерімен – доценттер А.М.Артемьев, Ж.Н.Алиева, К.Ә.Искакова, З.М.Әбішева және З.В.Тынчерова, И.С.Иванов және т.б. бірге С.Р.Ердәулетов «Қазақстан туризмінің аумақтық ұйымдастырылуының теориялық және қолданбалы мәселелерін зерттеу» бюджеттік тақырыбы бойынша ғылыми-зерттеулерді жүргізді. Кафедра еңбектері әртүрлі басылымдарда, ең алдымен, ҚазҰУ хабаршысы, географиялық серия немесе өздері қатысатын конференциялар материалдарында орын тапты. 12 жыл ішінде ҚазҰУ туризм кафедрасы «Туризм теориясы мен практикасының өзекті мәселелері» (1999), «Қазақстан туризм индустриясының қалыптасу мәселелері» (2002) және «Туризм географиясы: теория мен тәжірибенің өзекті мәселелері» (2006) атты үш халықаралық ғылыми конференция өткізді. Барлық конференциялардың материалдары жинақ түрінде шығарылды.
2000 жылы кафедра Қазақстан Республикасы ғылым мен білім министрлігінің фундаменталдық зерттеулер бойынша конкурсында грант ұтып алды. Осының нәтижесінде кафедра Ғылыми-оқу орталығы және «Град.Информ» тобымен (Е.А.Мухаметшина, П.С.Вагапова) бірге 2000-2002 жылдары «Рекреациялық ресурстарды Қазақстан Республикасы туризм индустриясының тұрақты дамуы негізі ретінде бағалау» тақырыбы бойынша зерттеулерді жүргізді.
Осы жоба мақсаты Қазақстан Республикасының рекреациялық ресурстарын туризм дамуы мен аумақтық ұйымдастырылуы үшін тиімді пайдаланудың ғылыми қамтамасыздандырылуының теориялық және әдістемелік негіздерін жасау болған. Зерттеулер нәтижесінде:
табиғи және әлеуметтік-экономикалық рекреациялық ресурстарының жіктелуі мен бағалануының критерийлері мен әдістемелігі анықталды (2000 ж.);
рекреациялық ресурстарды түгендеу мен бонитировка (бағалау) бойынша кешендік зерттеулер жүргізіліп, барлық рекреациялық ресурстар бойынша жүйелі мәліметтерді қамтыған аумақтық «туристік-рекреациялық кадастрлары» құрастырылды (Алматы облысы мысалында, 2001 ж.);
Қазақстан облыстары мен аймақтарының топографиялық негіздегі туристік карталарды құрастыру әдістемелігі әзірленді; 1:800000 масштабындағы «Алматы облысының туристік картасы» құрастырылды (2002 ж.).
Қазіргі кезде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ туризм кафедрасы Қазақстандағы туризм аясындағы ғылыми зерттеулердің ең ірі орталығына айналды деп айтуға болады. Осы университеттің географиялық факультеті жанында 1998 жылы Қазақстан тарихында алғашқы болып, Қазақстан мен ТМД үшін жаңа ғылым – туризм географиясы саласы болып табылатын 25.00.24 – Экономикалық, әлеуметтік және саяси (қоғамдық) географиясы мамандығы бойынша кандидаттық диссертацияларды қорғау диссертациялық кеңесі ұйымдастырылды.
Кешенді құбылыс ретінде туризм пәнаралық зерттеулер нысаны болып кетті. Қазіргі кезде жаңа ғылым – туризмология (рекреалогия) қалыптасып келеді. Оның дамуына ең алдымен, география, экономика, менеджмент, әлеуметтану, психология, педагогика, медицина, сәулет өнері, қала құру, аудандық жоспарлау, әділеттану және басқа жаратылыстану, гуманитарлық, қоғамдық және техникалық ғылымдар өз үлесін қосуда. Туризмологияның даму үрдісі – ол жеке пәндік бір-бірімен байланысы жоқ ұғымдардан туризм жөніндегі жүйелік көзқарастарға апаратын даңғыл жол.
Туризм жөніндегі кешенді интегралдық-синтетикалық ғылым ретінде туризм географиясы, авторлардың пікірінше, қазіргі кезде қалыптасып жатқан туризмология функцияларын орындай алады және орындап келеді. Мұның себебі – қоғамдық географияның салалық пәні бола тұра, туризм географиясы туристік іс-әрекеттің барлық: табиғи-географиялық, әлеуметтік-экономикалық, экологиялық, саяси, ғылыми-техникалық және т.б. қырларын қамтиды.
Жоғарыда айтылған диссертациялық кеңесті оның құрушысы профессор С.Р.Ердәулетов басқарған (2-қосымшаны қараңыз).
Диссертациялық кеңес істеген мезгілде туризм географиясы бойынша К.Н.Мусин (1998), С.А.Шабельникова (2000), Ж.Н.Алиева (2001), М.Д.Мамадияров (2002), К.С.Тұрсынбаева (2003), Г.Т.Кубесова, М.А.Титова (2007), Ү.Т.Көшкімбаева (2010) диссертацияларын қорғады.
Туризм ғылымы дамуына елдің кейбір басқа ЖОО мен ұйымдары үлес қосуда. Оның ішінде «Тұран» университетінің туризм факультеті (М.К.Назарчук, В.А.Кораблев және т.б.), Қазақ спорт пен туризм академиясының туризм факультеті (В.Н.Вуколов, А.Н.Макогонов, А.Г.Аблеева және т.б.), Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінің туризм кафедрасы (А.С.Бейсенова, О.Б.Мазбаев, А.А.Саипов), М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан универстетінің туризм кафедрасы (А.А.Жолдасбеков, А.Н.Пыхарев, М.Д.Мамадияров) және басқалар. Кейінгі кезде туризм экономикасы бойынша зерттеулер ҚР ҒБМ Экономика институтында (Г.М.Дүйсен), Қазақ экономикалық университетінде жүргізілуде. Жоғарыда аталған мекемелердің әрқайсысы Қазақстан туризмологиясына өз үлесін қосуда. Мысалы, ҚазСТА мен Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университеті туризм педагогикасына, спорттық және балалар мен оқушылар туризмінің теориясы мен тәжірибесіне; «Тұран» университеті – туризм экономикасын зерттеуіне ықпал жасауда.
Осы ЖОО-ның диссертациялық кеңестерінде туризмнің әралуан бағыттары бойынша кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалып жатыр. Мысалы, ҚазСТА жанындағы диссертациялық кеңесінде В.Н.Вуколов туризм педагогикасы бойынша, А.Н.Макогонов спорттық туризм теориясы бойынша докторлық диссертацияларын қорғады. Қазақстан туризмі мәселелері бойынша қорғалған диссертациялық жұмыстардың тізімі 3-қосымшада келтірілген.
Теориялық жұмыстардың авторларының ішінде В.Н.Вуколов, Н.Н.Гировка, А.А.Жолдасбеков, А.Г.Ким, В.А.Кораблев, А.Н.Макогонов, М.К.Назарчук, В.И.Попов, А.Н.Пыхарев, Р.А.Раева, А.А.Саипов, З.В.Тынчерова, Г.Н.Юльчиева, Р.Р.Шайкенова есімдерін атау қажет.
1991 жылы құрылған (және осы күнге дейін бірнеше өзгерістерге ұшыраған) туризмді қадағалайтын мемлекеттік органының алдында туристік саласының барлық кәсіпорындары мен ұйымдарының жұмысын үйлестіру, олардың дамуын мемлекеттік тарапынан қолдау және туризмді басқару міндеттері қойылған. Мысалы, Алматыда қалалық туризм департаменті құрылды (Ж.М.Қайсенов), ол 2002 жылы «Қазақстан бойынша жолнама. Алматы – Қазақстан туризмінің орталығы» жинағын шығарды. Қазақ және ағылшын тілдерінде шығарылған мықты бұл еңбек әлемдік туристік нарықта Қазақстанның имиджін жоғары деңгейде қалыптастырмақ. Сонымен қатар, департамент көрініс фильмдерін, Қазақстанның көрікті жерлері туралы буклеттерді, теледидар хабарларын жасау жұмыстарымен айналасуда.
Алматы облыстық туризм бөлімі (Т.Б.Бекбергенов) де жақсы жұмыс істеуде, 2002 жылы екі тілде «Жетісу – туризм өлкесі» туристік жолнамасы мен 1: 1000000 масштабындағы «Алматы облысының туристік картасын» (Ред. М.К.Назарчук) шығарды. Аталған материалдар Қазақстан туризмінің қазіргі күндегі басты болып саналатын – елімізге мықты валютаны әкелетін шетелдік туризмін дамыту міндетін орындауға ықпал етеді.
Министрлік аппаратының жеке қызметкерлерінің (Е.С.Никитинский, Т.Б.Бекбергенов) Қазақстан туризмінің дамуына қосқан үлесі туралы да айтқан жөн. 2008 жылы Т.Б.Бекбергенов өте қызықты 1: 3 500 000 масштабындағы «Қазақстан Республикасының туристік карта-схемасын» қабырғаға ілетін және қалтаға сиятын нұсқаларында шығарды.
Бірақ бұлардың бәрі даңғыл жолдағы тек алғашқы қадамдары деп есептеуге болады. Министрлік Қазақстан Республикасының туризм жүйесінің дамуы мен аумақтық ұйымдастырылудың ғылыми зерттелуін шешуге қабілетті мемлекеттік ғылыми-зерттеу туризм институтын құру үшін ұйымдастырушылық және қаржылық мүмкіншіліктерді іздестіруі қажет деп есептейміз. Осындай институтты құру үшін еліміздің кадр жағынан әлеуеті қазірдің өзінде бар (3 қосымшаны қараңыз). Осындай институттың құрылуы қысқа мерзімде еліміздегі туризм дамуы мәселелерін ғылыми жағынан шешуге мүмкіндік берер еді.
Достарыңызбен бөлісу: |