3) 1836-1838 жылдардағы Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтеріліс төңірегінде тәуелсіздік жылдарында бірқатар зерттеулер жүргізілді. Зерттеулер нәтижесінде көтерілістің екі кезеңнен тұратыны анықталды. Бірінші кезең Бөкей ордасында өткен, ол 1836 жылдың наурыз айында басталып, 1837 жылдың қарашасындағы Тастөбе шайқасымен аяқталады. Ал екінші кезең 1838 жылдың басынан 12 шілдеге дейінгі аралығын қамтиды. Көтерілістің бұл бөлігі Ақбұлақ қырғынымен аяқталған.
Біз бүгін Исатай мен Махамбет батырлардың көтерілістің екінші кезеңін ұйымдастырудағы жанқиярлық ерліктері туралы сөз қозғаймыз.
Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы Тастөбе шайқасындағы жеңілістен кейін, Жайықтың шығыс бетіне өтті. Бұл Кіші жүздегі әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайдың әбден шиелініскен мезгілі еді.
Жайықтан өткен Исатай мен Махамбет Кіші жүздің кең даласында топ-тобымен, әр жерде жеке-дара әрекет етіп жүрген көтерілісшілердің басын біріктіріп, күш жинап, патша мен хан әскеріне қарсы қайтадан күреске шығуды мақсат етіп қойды. Олар 1838 жылы көктем шыға Желтау, Доңызтау, Шошқакөл, Үстірт, Үлкен және Кіші Борсық құмдарына барып, әлім, табын, адай руларының адамдары арасында патша өкіметінің отарлық саясатына, сұлтан Б. Айшуақов бастаған жергілікті биліктің озбырлығына қарсы үгіт жүргізіп, оларды отарлық және феодалдық езгіге қарсы күреске шақырды. Бұл туралы Баймағамбет сұлтан 1838 жылғы мамырдың 13-інде Орынбор шекара комиссиясына: «Исатай шектінің тілеу, қабақ, қаракесек тайпаларын аралап, шаруаларды көтеріліске шақыруда», — деп мәлімдеген. Халықты көтеріліске шақырып жүрген Исатай Тайманұлына, яғни оның жасағына Мамай батырдың әкесі Достан би 400 сәйгүлік ат берген.
25 наурызда Исатай мен Махамбет Доңызтауға келіп, Байтөре Тоқпанұлының үйінде Кіші жүзде өршіп келе жатқан азаттық күресті басқаруды өз қолдарына алады. Олар патша әкімшілігі мен хан-сұлтандарға қарсы күрес жолында жергілікті халықтың әртүрлі әлеуметтік топтарын біріктіруге күш салады. Бұл кезде патша әкімшілігі мен Баймағамбет сұлтан Кіші жүздің оңтүстігіндегі назар тайпасының билеріне әлденеше рет хат жолдап, старшындарға қысым көрсетіп, олардан көтеріліс басшыларын ұстап беруді талап етумен болды. Тіпті Исатайды ұстап берген кісіге 2000 сом сыйлық беріледі деп те жарияланды.
Алайда бұл кезде Исатай мен Махамбет батырлардың аттары аңызға айналып, даңқы бүкіл Кіші жүзге тарады. Оның үстіне, мұндағы ауылдардың басым бөлігі патша әкімшілігінен және басқарушы сұлтан Б. Айшуақовтан, шекара әкімшілігінен әбден жәбір көрген еді. Сондықтан олардың көтеріліс басшыларын ұстап беруі мүмкін емес болатын.
1838 жылы көтерілістің отаршылдыққа қарсы сипаты айқындала түсті. Исатай мен Махамбет руаралық жанжалдарды тоқтатып, азаттық үшін күресте қазақ халқының ғана емес, көршілес мұсылман елдерінің де күшін біріктіруге тырысты. Исатай көтерілісті кең көлемде өрістету үшін Ресей империясының отаршылдық саясатына кім қарсы, солардың бәрімен одақтасу қажет деп табады. Кіші жүздің жеріне өткеннен кейін Исатай батыр сұлтан Қайыпқали Есімұлымен күш біріктіру туралы шешімге келеді. Сұлтан Қайыпқали Есімұлы 1827-1829 жылдары Бөкей хандығы аумағында патша әкімшілігінің отарлық саясатына, Жәңгір ханға қарсы күрес ұйымдастырған. Сол үшін Орынбор түрмесіне қамалып, одан 1830 жылы қашып шығып, Хиуа хандығына келген-ді. Бұл кезде Қазақстанның оңтүстігі Хиуа хандығының қол астында болатын. Хиуаның ханы Қайыпқали Есімұлын Маңғыстау ханы етіп тағайындаған.
Қайыпқали 1836-1837 жылдары патша шенеуніктерінің адай ауылдарына істеген зорлығына қарсы ұлт-азаттық күресті басқарды. Исатайдың Қайыпқалимен одақ болуының бір төркіні осында еді. Бұл — оның өз қолын нығайтып, жауды жеңудің жолын қарастыру мақсатымен жасаған келісімі еді. Осылайша, 1838 жылдың көктемінде, 1836-1837 жылдары біреуі Бөкей хандығында, екіншісі Маңғыстауда патша өкіметінің отарлық саясатына қарсы халықтың азаттық күресін ұйымдастырған екі басшы өзара одақтасып, Кіші жүздегі халық қозғалысын бірігіп басқарды. Бұл туралы архивтік деректе:«И.Тайманов пен М.Өтемісов қасына 4 адам ертіп, адайлардың ауылына келіп Қайыпқали Есімовпен кездесті. Осы кеңесте Ресейге қарсы халықты көтеру керек деген шешім болды. Кеңестен кейін Қайыпқали сұлтан орыстарға қарсы соғысу үшін әр рудан 100 жігіт бөлінсін деген жарлық шығарды», — деп жазылған.
Сөйтіп, Қайыпқалидың, Исатай мен Махамбеттің қол астына 3 мыңдай көтерілісші жиналды. Бұл жөнінде Баймағамбет сұлтан губернатор Перовскийге берген рапортында: « … жыртқыш Исатай Таймановтың қашып жүрген Қайыпқалимен және адай, шөмекей, табын, т.б. рудың адамдарымен қосылып, 3 мыңға дейін қол жинағанын, сөйтіп, Темір өзеніне жақын жерге келгенін және өз тобын әлде де толықтыра түсу ниеті бар екенін есіттім», — деп жазады. Шілде айының басында Көкпектіден шыққан көтерілісшілер Қиылдың Ойылға құятын тұсындағы Ақшат деген жерге келіп орнығады. Бұл кезде олардың саны 3 мың болатын.
Исатай мен Махамбет батырлардың Кіші жүзге өтуі осы өңірде Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің әсерімен кең тарала бастаған шаруалар қозғалысымен қатар келген еді. 1838 жылдың басында Орталық Қазақстаннан Кіші жүзге қарай ығыса бастаған Кенесары отрядтарын Торғай бойын қоныстанған қыпшақ, арғын, кейіннен жағалбайлы, табын рулары қолдады. Елек өзені бойында көшіп жүрген батыр Жоламан Тіленшіұлының жасақтары Кенесарыға қосылуға бет алады.
Жоламан Тіленшіұлының жасақтарының Кенесары Қасымұлы бастаған көтерілісшілермен бірге Кіші жүзге бет алуы, оған қоса Қайыпқали Есімұлы, Исатай Тайманұлы бастаған көтерілісшілердің бірігуі болашақта көтерілісшілердің екі басты тобының қосылып, бір күшке айналуы да мүмкін екенін байқатты. Мұндай жағдайда қазақ даласында патшалық Ресейдің отарлық езгісіне қарсы ұлт-азаттық соғыс кең қанат жайған болар еді. Онда Ресейдің қазақ жерін отарлауды аяқтауы әлдеқайда ұзаққа созылуы мүмкін еді.
Жағдайдың осылай күрделене түсуінен қауіптенген губернатор В.А.Перовский көтерілісті талқандауды шұғыл түрде қолға алды. Ол соғыс министрінің алдына, бір жағынан, Исатай мен Қайыпқалиға қарсы, екінші жағынан, Елек бойындағы қонысын тастап, жергілікті халықпен бірге Торғай даласына өтіп, Кенесарыға қосылуға бет алған табын руының батыры Жоламан Тіленшіұлына қарсы ұзақ мерзімге екі отрядты қырға аттандыруға ұсыныс жасады. Соғыс министрі граф А.И.Чернышев Орынбор әскери губернаторы В.А.Перовскийге «Қайсақ даласынан» алынған хабарлардың патша алдында баяндалғаны және оның «егер тобыр алға қарай күшейіп, біздің иеліктерімізге қауіп төндіретін болса, жаңа әскери күш жіберіп, тарқатып жіберуді бұйырды» деген нұсқауын жеткізді.
1838 жылғы 25 маусымда В.А.Перовский Исатай мен Қайыпқали бастаған көтерілісшілерге қарсы жазалаушы әскердің қолбасшысы етіп 1837 жылғы 15 қарашадағы Тастөбе шайқасынан белгілі Гекені тағайындады. Ал Ж.Тіленшіұлының жасақтарына қарсы бір кезде Жоламан батырда тұтқында болған атаман Падуров бастаған жазалаушылар жіберіледі. Сонымен бірге, генерал Перовский көтерілісшілерге қарсы іс-әрекетті билеуші-сұлтан Б.Айшуақовпен бірлесе жүргізуге жарлық берді. Сол жарлыққа сәйкес Горск бекінісі жағынан құрамында Орал полкі казактарының жүздігі бар билеуші сұлтан Б.Айшуақов бастаған 500 адамдық отряд та Геке әскерлерімен қосылуға аттанады.
Көтерілісшілерді басу үшін жіберілгендердің құрамында Орынбор полкінен 250 әскер, Елек казак әскерлерінен 50 адам, 4-Орал казак-орыс полкінен 100 адам, жаяу әскерден 50 адам және 2 зеңбірек болды. Отрядқа 2 еселенген патрон беріліп, 1 айға жететін азық-түлікпен қамтамасыз етіледі.
Үш мыңдай сарбазы бар Қайыпқали мен Исатай алда не істеу керектігі туралы кеңесе келе, мынадай шешімге келеді: Қайыпқали негізгі әскер күшімен Қиыл өзені бойында тұрып, әлі де сарбаздар жинай береді, ал Исатай мен Махамбет Елек қалашығынан 60 шақырым жердегі Суықбұлақта орналасқан билеуші сұлтан Б.Айшуақовтың ордасын талқандайды. Егер Исатай мен Махамбеттің жоспары іс жүзіне аса қалған жағдайда Кіші жүздің батыс бөлігіндегі саяси жағдай үлкен өзгеріске ұшыраған болар еді. Патша өкіметінің отарлық саясатын жүргізіп, жұртқа әбден жеккөрінішті болған Баймағанбет сұлтанның көзі жойылған жағдайда осы аумақтағы қазақтардың түгелдей көтерілісшілерге қосылуына мүмкіндік туатын еді. Мұның өзі азаттық жолындағы көтерілістің жаңа сатыға көтерілуіне әкелетін. Осыны ойлаған Исатай мен Махамбет қарауына 500 жігітті алып, шілде айының бас кезінде Қиыл өзенінен Суықбұлаққа аттанады.
Ал Қайыпқали Қиылдың сағасындағы Тесіктамға кетеді. Осымен бір мезгілде ел арасында «Қайыпқали мен Исатай әскерлерінің көбін таратып, өздері Оңтүстік далалық аймаққа қарай ауысты. Сондықтан да бұдан былай Баймағанбет сұлтанға да, шекараға да ешқандай қауіп жоқ» деген лақап тарайды. Осы лақапты естіген атаман Покатилов бұл хабарды дереу Гекеге жеткізеді. Орынбордан шыққан полковник Геке 7 шілде күні осы хабар бойынша бұдан әрі не істеу керек деп, В.А.Перовскийге хат жазады.
Генерал-губернатор В.А.Перовскийде болған кеңесте қалай болған күнде де жазалаушы отряд қазақ даласына шығуы керек, өйтпеген жағдайда қазақтар бұдан былай да көтерілісшілер қатарына көптен қосыла беруі мүмкін деген шешім қабылданады. Полковник Гекенің алдына көтерілісшілерді ыдыратып, оның басшыларын тұтқындау міндеті қойылады. Сөйтіп, Исатайлардың ойлап тапқан қулығы, өкінішке қарай, жүзеге аспай қалады.
Геке әскерлері Елек бекінісі арқылы өтіп, 10 шілдеде Баймағанбет сұлтан отрядымен кездеседі. Осылайша полковник Геке мен Баймағанбет сұлтан басқарған жазалаушы әскер 11 шілде күні кеште Ақбұлақ өзені жағалауына келіп тоқтайды. Полковник Геке әскерінің Баймағанбет сұлтанның жазалаушы тобымен кездескенінен хабарсыз Исатай мен Махамбет тобы Қайыпқали Есімовтің сарбаздарынан бөлініп, билеуші сұлтанның ордасын талқандауға бет алады. Шілденің 11-інен 12-сіне қараған түні Исатай отряды жан-жаққа қарауыл қойып, ашық далада түнеп, таңертең ертемен атқа қонады. Қожахмет бастаған шолғыншы топты ілгері жіберіп, өздері суыт келе жатады. Алда Қожахмет шолғыншылары сұлтан Асфандияр Сүйеуғалиұлы бастаған барлаушыларға тап болып, оларға шабуыл жасайды. 2 адам қолға түсіп, Қожахметтің найзасынан қатты жараланған Асфандияр қашып құтылады. Исатайлар әлгі екі тұтқыннан Ақбұлақтағы әскердің мән-жайын сұрап біледі, Гекенің хабарын естиді.
Солай бола тұра, олар 1838 жылы 12 шілде күні таңертең Ақбұлақ өзенінің жағасында Геке мен Баймағанбет сұлтанның біріккен әскерінің үстінен шығады. Исатайлар Ақбұлақ өзенінің арғы бетіндегі ойпаңда орналасқан Гекенің лагерін де, әскерін де анық көреді. Штаб арбалармен қоршалған, айналасына ор қазылған. Жау күшінің әлдеқайда басымдығын байқаған көтерілісшілердің аттың басын кері бұруына мүмкіндіктері де болды. Бірақ шегінуді жеңілу деп түсінген көтеріліс басшылары сайға құлдилай түсіп, бірден шабуылды бастайды.
Сасқан Геке зеңбіректен оқ атуға және 200 казак әскеріне сай-саламен көтерілісшілердің қапталына шығуына бұйрық береді. Зеңбірек оғынан кейін шегінген көтерілісшілерді Баймағанбет сұлтан өзінің отрядымен қуады. Қуып келе жатқан Баймағанбетті көріп, Исатай көтерілісшілерді тоқтатып, қарсы шабуылға шығады. Осы кезде оларға сай-саладан шыққан 200 қарулы казак дүрсе қоя береді. Зеңбірек оқтары көтерілісшілердің қалың тобырына түсіп, 70-80-дей адам өледі. Көтерілісшілердің амалсыздан кейін шегінуіне тура келеді. Жазалаушылар көтерілісшілерді 15 шақырымдай жерге дейін қуады.
Ұрыс кезінде Исатайдың атына оқ тиіп, ол жаяу соғысады. Махамбет пен Үбі Исатайға өз аттарын тосса да: «Ат артына мінгесіп, елге күлкі болғанымнан өлгенім артық, одан да балаларымды сақтаңдар», — деп оларды ілгері жібереді. Пистолеттегі оғы таусылып, қылышпен соғысып жүрген Исатайға 3 казак артынан жармасады. Осы алыс-жұлыста батырдың дулығасы шешіліп қалады. Казактардың біреуі батырдың кеудесіне мылтығын тіреп оқ атады, ал урядник Иван Богатырев Исатайдың басын қылышпен шабады. Сөйтіп, қару-жарағы да, әскер саны да тең емес ауыр шайқаста есіл ер қанішерлердің қолынан қаһармандықпен қаза табады.
Осылайша халқым деп еңіреген ер Исатай арманына жете алмай, дүниеден өтеді. Ол қалың жаудан қорқып, тізе бүкпей, ақтық демі қалғанша арыстанша арпалысып, қасқайып тұрып өлді. Көтерілістің жалпы мән-маңызын былай қойғанда, батырдың осылай өле білуінің өзі кейінгі ұрпақтарға үлгі болғандай. Осы шайқаста Исатайдың 16 жастағы баласы Оспан да ауыр жараланып, қаза тапты.
Көтеріліс басшысы Исатай Тайманұлы мен оның баласы Оспан және шайқас кезінде қаза тапқан басқа да көтерілісшілердің жерленген жері кейін Шейітсай аталып кетті. Жергілікті тұрғындардың пікірінше, қорымның бұлай аталуы онда жерленген адамдардың халықтың азаттық күресі жолында құрбан болғандығын көрсетеді (Бұл қорым қазіргі таңда Ақтөбе облысы Қобда ауданының аумағында — автор).
Сөйтіп, 1838 жылдың алғашқы алты айында Кіші жүздің батыс бөлігінде Исатай мен Махамбет батырлар бастаған патша өкіметінің отарлық саясатына қарсы жүргізілген халық көтерілісі осы жылдың 12 шілдесінде Ақбұлақ өзенінің жағасындағы, көтерілісшілер тарапынан алдын ала жоспарланбай, аяқ астынан болған шайқаста олардың жеңілуімен және көтеріліс көсемі Исатай Тайманұлының қаза табуымен аяқталды.
Көтеріліс жеңілді, бірақ соған қарамастан, Қазақстанның батыс аумағында отаршылдық озбырлық пен езгіге, әлеуметтік теңсіздікке қарсы күрес туын жаңа сатыға көтеріп, бұқараның сана-сезімінің оянуына үлкен ықпал жасады. Исатай мен Махамбет батырлар бастаған көтеріліс 1837-1847 жылдардағы К.Қасымұлының халық-азаттық көтерілісіне, Е.Көтібаров, Ж.Нұрмұхамедов бастаған көтерілістерге, сол сияқты 1869-1870 жылдардағы Орал, Торғай облыстары мен Маңғыстаудағы ұлт-азаттық көтерілістерге әсерін тигізді. Бұл көтеріліс Қазақстан тарихына XIX ғасырдың алғашқы жартысындағы ірі, ұмытылмас оқиға болып енді.
Қалың бұқараның қамы үшін қол бастап, қанды шайқасқа түсіп, қазақ халқының бостандығын көздеп, сол жолда құрбан болған Исатай батыр — бүгінгі ұрпақтың да зор мақтанышы. Халықтың азаттығы жолында күрес ұйымдастырып, оны өзінің соңғы деміне дейін басқарған Исатай батырдың есімі, қазақ халқы барда ешқашан ұмытылмақ емес. Атырау облысында батырдың есімімен аталатын аудан, елді мекен, музей және бірнеше мектеп бар. 1991 жылы Исатай Тайманұлының 200 жылдық мерейтойы елімізде кеңінен аталып өтілді. «Қазақфильм» киностудиясы «Мінгені Исатайдың Ақтабан-ай!» атты деректі фильм түсірді. Атырау қаласында Исатай мен Махамбет батырларға үлкен ескерткіш орнатылды. Сол сияқты Аққыстау, Махамбет ауылдарында Исатайға, Махамбетке ескерткіштер тұрғызылды. 2014 жылы Ұлы Дала батыры Исатай Тайманұлы жерленген Шейітсай қорымында оған арнап кесене тұрғызылды. Қазір, Исатай Тайманұлының туғанына 230 жыл толуына орай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты исатайтанушы-қайраткер Нұрлыбек Ожаевтың бастамасымен, маңғыстаулық шеберлер Шейітсайдағы Исатай батыр кесенесінің айналасына көтерілістің ержүрек жауынгерлеріне арнап стела тұрғызып жатыр.
Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Қазақ халқының өзінің Жер бетінен жоғалып кетпей, іргелі ел ретінде сақталып қалғаны — оның еркіндік сүйгіш ерік-жігерінің, асқақ рухының арқасы. Осы жолда арғы-бергі замандарда орын алған бас көтерулердің, қозғалыс-көтерілістердің арқасы. Елі мен жері үшін жанын пида еткен боздақтардың арқасы. Исатай мен Махамбет басқарған халық қозғалысы — солардың бірі емес, бірегейі», — деп жазды. Біз бүгін Исатай Тайманұлының биік рухы алдында басымызды ие отырып, қазақ халқы қаншалықты ауыр кезеңдерді бастан өткергенімен, ержүрек перзенттерінің арқасында өзінің мұрат тұтқан негізгі, басты құндылықтарын сақтай білді деп сеніммен айта аламыз.