Туякбаева айгуль шаймуратовна



Pdf көрінісі
бет16/21
Дата09.10.2024
өлшемі1,53 Mb.
#205973
түріДиссертация
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21
Байланысты:
Туякбаева-А.Ш.-Диссертация

 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 


114 
ҚОРЫТЫНДЫ 
 
«Қазақ кино өнеріндегі салт-дәстүрлер мен рухани құндылықтардың 
көрінісі»
деп аталатын докторлық диссертацияда
тәуелсіздік алғаннан кейінгі 
ширек ғасыр ішіндегі ұлттық кино өнеріндегі салт-дәстүрлер мен рухани 
құндылықтардың көрінісі қарастырылды. Қазақ кинематографиясындағы 
режиссерлік көркемдік шешімдер тарихи кезең тұрғысынан сараланып, 
отандық кино pежиссерлердің шығармашылық ізденістеріндегі ұлттық салт-
дәстүрлер мен рухани құндылықтар көрінісін беру тәсілдері
анықталды. 
Диссертация тәуелсіздіктен кейінгі жылдары қазақ киносында қалыптасқан 
бүгінгі жағдайды түсінуге, өзeкті мәсeлелерін шешуге бағытталды.
Диссертацияның «Қазақ көркем кино өнеріндегі руханилықты зерттеудің 
мәдени-теориялық негіздері»
 
атты бірінші бөлімінің 
«
Ұлттық руханият 
категориясын пайымдаудың алғышарттары» деп аталатын бірінші тарауында 
киношығармаларда орын алған ұлттық салт-дәстүрлердің көрінісі ғылыми 
негізде қарастырылды. Мұнда еліміздегі кино өнерінің ең алғашқы құрылған 
уақытынан бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихи даму эволюциясы, режиссерлік 
ой-тұжырымдардың сол әдет-ғұрыптар мен жөн-жоралғылардың сипатын 
ашуға негізделгендігі кеңінен сараланды. Халық тіршілігінен бастау алған 
ұлттық салт-дәстүрдің ел үшін, көрермен үшін, сондай-ақ, ұрпақ үшін 
маңыздылығы сол дара ұлттың өткен тарихы мен бүгінгі қоғамдық даму 
барысы кеңінен зерттелді. 
 
Әрбір халықтың өзіндік менталитетінің, моралдық үрдісі мен рухани 
мәдениетінің, тұрмыстық салт-дәстүрінің болатыны белгілі. Бұлардың барлығы 
ұзақ уақыт бойы жинақталған әрі халық өмірін жақсартатын дәстүр мен салтқа 
толы болып келеді және ұрпақтан-ұрпаққа мұра ретінде қалып отырады. Кез 
келген халықтың жағрапиялық орналасуына, тарихи даму жолына байланысты 
қалыптасқан сондай ұлттық әдет-ғұрыптары мен жөн-жоралғылары жөнінде 
кеңінен зерттеген Ю.Лотман, К.Чистов, Э.Макарян, Ю.Хабермас, Х.-Г.Гадамер 
П.Рикер, К.Помян, т.б. ғылыми тұжырымдамалары арқылы «белсенді» дәстүр 
мен «баяу» дәстүрдің сипаты айқындалды. Сол сияқты шілдехана, жеті атасына 
дейін білу, жоқтау, үйлену тойына байланысты «бесік құда», «сүйек жаңғырту», 
жеті атадан асқанға дейін бір-бірінен қыз алыспау, бақыт пен байлықтың, 
татулық мен бірліктің негізі саналатын наурыз, қонақжайлық, әрбір қазақ 
баласының шешен сөйлеуді, тауып сөйлеуді үйренуге тырысуы, сияқты әдет-
ғұрыптар мен сал-серілер мен суырыпсалма өнерін меңгерген ақындардың 
шығармашылығы, халықтық ойын-сауықтар, т.б. әлеуметтік орны анықталды. 
Ш.Уәлиханов еуропа жұртшылығының назарын аудару мақсатында қазақ 
пен қырғыздың аңыз әңгімелерін, эпостарын көлемі жағынан гректің атақты 
«Илиада», «Одиссея» жырларымен салыстыра отырып, олардың өзара 
ұқсастығын 
анықтаған. 
Ағартушы-ғалымның 
тұжырымынан 
қазақ 
фольклорының өзге елдерден оқшау тұрмағандығын, оның дүниежүзі 
халықтарының әдеби-мәдени мұрасымен сабақтастығын, адамзат жасаған 
мәдениеттің бір тармағы екенін толық сезіне аламыз. Ал, этнограф Ә.Диваев 


115 
болса қазақтың ғана емес, өзбек, қырғыз халықтарының фольклорындағы 
ұқсастықтарды белгілеумен қатар олардың тұрмыс-салтынан туындайтын 
ерекшеліктерді ажыратуға күш салады. Сол сияқты әдебиеттанушы Ә.Марғұлан 
патриархалды дәуірдегі салттардың тәрбиелік мәнінің зор екендігін анықтаған. 
Оның ойынша, ер баланы батылдыққа, мергендікке баулу, садақ атуды, жалғыз 
жүріп аң аулауды үйрету, ерлікке сынау, т.б. тұрмыстық тәсілдердің басты 
мақсаты болашақта ел-жұртын сыртқы дұшпаннан қорғай алатын азаматтарды 
дайындау болған. Сол үшін де ен далада көшпенділікпен өмір сүрген қазақ 
халқының әрбір азаматына үнемі шынығып, шымыр болуға, ой-санасы мен 
қажыр-қайраты жағынан сол көшпенділік өмір салтының қиындығын жеңе 
алатындай деңгейде болуға талап қойылған. Зерттеу жұмысында осындай 
маңызды мәселелер нақты деректер арқылы сараланды.
Осы бөлімнің «Қазақ кино өнеріне фольклордың ықпалы» деп аталатын 
екінші тарауында кинематографияның әртүрлі салалардың бір-бірімен 
сабақтастығын, 
бір 
арнаға 
(ғылыми 
киножарияланымдық, 
кинопублицистикалық) бағытталған қоғамдық көзқарасты білдіретіндігіне 
назар аударылды. Мұнда еліміздегі кино өндірісінің пайда болуы мен 
қалыптасуына өзге де мәдени салалардағы (әдебиет, театр, бейнелеу өнері, 
музыка, т.б.) түрлену үрдісінің ықпал еткендігі, XX ғасырдың екінші 
жартысында әлемді күрт және түбегейлі өзгерткен ғылыми-техникалық өрлеу 
үрдісінің орын алуы, осы уақыттағы кино шығармаларының «психологиялық 
әсер ету» күшінің басым болғандығы, жалпы кино өнерінің басқа өнер 
түрлеріне қарағанда тұлға қалыптастырудағы зор ықпалы нақты тұжырымдар 
арқылы сараланды.
Сонымен қатар 1938 жылы Б.Майлин мен Ғ.Мүсіреповтің сценарийімен 
жарыққа шыққан ең алғашқы қазақ фильмі саналатын «Аманкелдідегі» басты 
қаһарманның еркіндікке ұмтылысы, ел-жұртына деген жанашырлығы, оның 
өткір сөздеріндегі және айтыс-тартыстардағы кекесін, қарсыласын шешендік 
өткір тілмен осып отыру тәрізді дала қазағының болмысы шығармаға талдау 
жасау барысында ашылды. Ғылыми зерттеуде кеңестік идеологияның 
қысымшылық көрсетіп, Алаш қозғалысы азаматтарының жазықсыз репрессияға 
ұшырап жатқан уақытында түсірілген фильмдегі қазақ халқының ата кәсібі 
болып саналатын ұсталық өнердің, жігіттердің күші мен ептілігіне сын болған 
қызықты әрі тартысты ойын көкпардың көрініс табуына ерекше назар 
аударылды. Негізінен сол уақытта қазақ ұлттық салт-дәстүрін ең ықпалды үгіт 
пен насихат құралы саналатын кино өнері арқылы одақтық үлкен экранға 
шығарып, көрсетудің өзі көзсіз ерлікке пара-пар әрекет болатын. Дегенмен 
авторлар өздеріне берілген тарихи мүмкіндікті пайдалана отырып, қазақ ұлтына 
ғана тән құндылықтарды өзге халықтарға таныстыру мақсатында 
кинотуындының өн бойына халқымыздың салт-дәстүрлерін сыналап кіріктіріп 
отыруға ұмтылған. 
Осындай тарихи деректер толықтай негізге алынған жұмыста сценарий 
авторлары Н.Погодин, Ә.Тәжібаев және режиссер Е.Дзиганның көрнекті ақын 
Жамбыл Жабайұлының өмір тарихына арнап түсірілген «Жамбыл» фильміндегі 


116 
айтыс ақындарының кәсіби шеберлігін танытатын суырып салмалық өнерге 
баса назар аударылды. Режиссердің шығармадағы оқиғаның басталуын, 
дамуын, шарықтау шегін және шешімін Сүйінбайдан мұра болып қалған 
домбыраның төңірегінде ойнатуы бұл фильмнің ұлттық-рухани құндылығын 
сол дәуірдегі өзге кинотуындылардан даралап тұрғаны анық. Жамбылдың 
қасиетті домбыраны қолынан тастамай, ел аралап, жалынды сөздерімен 
халықтың рухын көтеріп, отарлаушылар мен бай-манаптардың қарапайым 
жұртқа жасап отырған озбырлығын жыр жебесімен түйреуі халықшылдықтан 
туындап отыр. Диссертацияда ұлт үшін маңыздылығы жоғары осындай 
мәселелер кең ауқымда зерделенді.
Сол сияқты А.Карповтың «Ана туралы аңыз» фильмінде ұлттық дәстүрдің 
бояуы мен канондарын бойына жиып, ар мен ожданды өмірдің қиын-қыстау 
күйбең тірлігінен жоғары қойған пошташы әйелдің сом бейнесі әсерлі 
суреттелген. Ғылыми еңбекте режиссердің қазақ әйелінің сабырлы болмысын, 
оның бойындағы жігерлілік қасиетін, қандай қиындық болмасын қасқайып, 
қарсы тұра алатын күш-қайратын паралельді құрастырма (монтаж) арқылы 
жеткізудегі принциптері нақты мысалдар арқылы қарастырылды.
Ал, Ш.Аймановтың «Алдар көсе» комедиясындағы қарапайым халықтың 
жанашыры, байлардың сараңдығын әшкерелеуде импровизациялық әдіспен 
түрлі амал-айла табатын Алдар бір жағынан – домбырашы, әнші, яғни өнер 
адамы ретінде көрінсе, екінші жағынан онда Сламбек, Дүйсенбайлар сияқты 
мақтаншақтар мен өркөкірек, қуыс кеуделердің бетіне шындықты қасқайып 
тұрып айтатын азаматтық қасиеттер басым түскен. Аталмыш жұмыста басты 
кейіпкердің осындай сан қырлы мінезі мен тапқырлылығының оқиғалар 
желісіндегі даму сатысы, режиссер мен актерлердің шығармашылық ізденістері 
талданды. 
А.Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа» фильміндегі ұлттық ерекшеліктер де 
талдау нысанына айналды. Режиссер Қожаны өткір мінезді, ақ көңіл, 
адамгершілігі мол ерке бала етіп бейнелеген. Сол тәрізді ұлттық нақышпен 
кимешек киген әженің немересін мейлінше адалдыққа баулуы қазақ халқы үшін 
аса маңызды саналатын ұрпақ жалғастығын ретінде бедерленген. Сонымен 
қатар фильмдегі шопандар тойында тігілген аппақ киіз үйлер, алтыбақан, бәйге, 
көкпар, ат жарыс, қыз қуу, күрес, айтыс өнері тәрізді ұлттық ойындар қазақ 
халқының 
әдет-ғұрпын 
тереңнен 
көрсетілуіне 
мұрындық 
болғаны 
диссертацияда арнайы қарастырылды. 
Зерттеу жұмысының «Қазақ кеңестік кино өнеріндегі ұлттық 
құндылықтардың көрінісі»
 
деп аталатын екінші бөлімінің «Ұлттық 
құндылықтардың экрандалуындағы эстетикалық ерекшеліктер» атты бірінші 
тарауы кеңестік кезеңде түсірілген фильмдердегі ұлттық ерекшелікті тануға, 
сол уақыттағы идеологияның басты бағытын бүгінгі көзқараспен саралауға 
арналған. Мысалы, Ш.Аймановтың «Тақиялы періште» комедиясындағы 
Тайлақтың бейнесінен қазақ жігітіне тән батырлық, ержүректілік сияқты 
қасиеттерді, еңбекке және төңірегіндегілердің барлығына адал қарым-
қатынасты байқау қиын емес. Оқиғасы шығыс елдерінің дәстүріне тән ананың 


117 
баласына лайықты жар таңдап беруіне құрылған шығарманың құрылымынан 
қазақтың ұлттық менталитеті мен мінезіне лайықты бояулардың басымдығын 
аңғарылады. Тайлақтың басындағы қазақ оюларымен көмкерілген тақия, 
ананың қамзолы мен жаулығы, оның ата дәстүрді берік ұстанған принципі, 
көрерменге астарлап жеткізілген құдаласу салты, т.б. Зерттеуде аталған 
детальдарды тарихи мәліметтер арқылы нақтылау, сондай-ақ, шығармаға кәсіби 
талдау жасау назардан тыс қалған жоқ.
Соғыстан 
кейінгі 
ауыр 
жылдардың 
атмосферасын 
бейнелейтін 
С.Нарымбетовтің «Көзімнің қарасы» фильміндегі қазақтың мейірімділік, 
кеңшілік, қонақжайлық қасиетін, Т.Өкеевтің қайшылыққа толы «Көксерек» 
кинокартинасындағы аңшылық дәстүрін саралауға басымдылық берілді. Осы 
тарауда В.Пұсырмановтың «Тоғызыншы ұлдан сақтан» ертегісінде декорация 
мен қаһармандардың киім үлгілерінің ұлттық нақышта әрленгені, аруананың 
жер, су, от, алғашқы айдың сәулесі сияқты барлық тылсым дүниеге 
жалбарынуы, атынан айырылған Еркенженің қасиетті домбыраның сиқырлы 
үні арқылы жаудың бетін қайтаруы, т.б. көріністердің халықтық сипаты тарихи 
негізде дәлелденді. Зерттеу барысында өскелең ұрпақтың рухани талғамын 
арттырып, мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететін мұндай туындылардың 
сюжетімен таныстыруды бала кезден жүзеге асыру және мұндай үрдісті белгілі 
бір сыныптың оқу бағдарламасына енгізу мәселесі айтылады. Сондай-ақ, 
мектептің оқу бағдарламасында ұлттық руханияттың бастауы саналатын 
фольклорлық шығармалардың міндетті түрде болу шарттары алға қойылды. 
Ғылыми еңбекте С.Ходжиковтың «Қыз Жібек» фильміндегі үйлену 
тойына қатысты жоралғылар мен ырымдардың молдығы аталған шығармаға 
жан-жақты талдау жасауға негіз болды. Кинокартинадағы жыл мезгіліне 
байланысты ауысып отыратын мекен-жайлар (қыстау, жайлау), Төлегеннің 
Бекежан қолынан мерт болуы арқылы қазақ жұрты үшін атаның берген 
батасының маңызды екенін меңзеу, ошақтың өшкенін байқататын Бекежанның 
садақты сындыруы, «көзден, жамандықтан қорғайды» деп түсінген отқа табыну 
салты, т.б. ұлттық ұстанымдар мен наным-сенімдердің мәні ашылды. Белгілі 
режиссер С.Ходжықовтың көшпенділердің салтын, рәсім-жоралғысы мен 
дәстүр-ғұрпын, олардың рухани-материалдық бай мұрасын аталмыш 
шығарманың ауқымына жекелеген панорамалар және орта-ірі, алыс-жақын 
ракурстар арқылы сыйғыза алғандығын таныдық. Төлеген мен Бекежанның 
арасындағы қақтығыстың негізі сұлу Жібекке талас болғанымен мұның 
астарында қазаққа тән руаралық шиеліністің жатқандығы да қарастырылды. 
Жалпы қазақ кинематографиясының ұлттық дәстүрді сақтау мен оны 
ұрпаққа жеткізу үдерісіне аса жауапкершілікпен қарап отырғандығы белгілі. 
Тарихи жағынан маңызды болғанымен рухани құндылығы, көркемдік деңгейі 
сын көтере бермейтін кинотуындылар қазақ кинематографиясында жоқ еместігі 
де сөз болды. Оған Е.Шынарбаев экрандаған М.Әуезовтің «Қаралы сұлу» 
әңгімесі негізінде түсірілген фильм дәлел бола алады. Кезінде қазақ 
киногерлері мұны режиссерлік шешімін тапқан киношығарма деп жылы 
қабылдаған болатын. Алайда сұлу келіншектің ішкі жан күйзелісін дәл тапқан 


118 
туындыны телеарна арқылы көрсеткен кезде аталған фильм көпшілік 
тарапынан сынға ұшырады. Бұған себеп – режиссердің қазақ халқының 
болмысына жат қылықтарды ашық көрсеткендігі. Сондықтан зерттеуде 
Е.Шынарбаевтың қазақтың ұлттық психологиясына, тұрмыс салттық 
ережелеріне, дәстүріне, этикалық мәдениетіне мүлдем назар аудармағандығы 
үлкен мәселе ретінде қарастырылды. 
Аталмыш бөлімнің «Қазақ салт-дәстүрін кино тілімен бейнелеудегі 
көркемдік шешімдер» деп аталатын екінші тарауында Ш.Айманов 
туындыларының ішіндегі ең шоқтығы биік «Атамекен» фильміндегі
ақсақалдың марқұмға құран бағыштауына, аруаққа деген ерекше құрметіне баса 
назар аударылды. Поездың жанынан шауып бара жатқан жігіттердің 
арасындағы ұлды болған біреуінің поезд ішіндегілерден баласына ат қоюын 
сұраған сәтін нағыз қазақ дәстүрінің бояуы қанық көрініс деп айтуға болады. 
Ертедегі наным-сенім бойынша дүниеге жаңа келген нәрестеге танымайтын 
жолаушы ат қойса, ол ұзақ әрі бақытты өмір сүреді екен. Негізінен қазақ халқы 
өзінің сан ғасырлық тарихи даму жолында ұлттың мәдениеті деп аталатын 
рухани және материалдық құндылықтардың ерекше жүйесін жасаған. Осыны 
негізге алған зерттеуде бойында тәрбиелік мән, ұлттық дәстүрдің қаймағы, 
тарихтың өшпес іздері жатқан кино өнерінің болашақ алдындағы 
жауапкершілігі, кино шығармаларындағы сюжеттің ұлттық тамырдан 
ажырамағандығы, халықтық әдет-ғұрыптың, салт-дәстүрдің, жөн-жоралғының 
қандай кинокартинада болмасын астармен немесе тікелей беріліп 
отыратындығы анықталды. 
Сол сияқты М.Бегалиннің «Мәншүк туралы ән», А.Қарсақбаевтың «Қилы 
кезеңде», Т.Өкеевтің «Көксерек», Ш.Бейсембаевтың «Гауһартас» фильмдерінің 
көркемдік ерекшеліктері қарастырылды. Аталған фильмдердегі халқымызға тән 
салт-дәстүрлердің экрандағы көрінісі талданды. 
«Қазақ киносының тәуелсіздік жылдарындағы көркемдік ізденістері»
 
атты 
үшінші бөлімнің «Отандық кино өнеріндегі ұлттық сана-сезімінің көрінісі» деп 
аталатын бірінші тарауында тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап 
әдебиеттің, өнер мен мәдениеттің барлық салаларында ұлттық тарихты білуге, 
ақтаңдақ беттердің ақиқатын ашуға бет бұрғандығы, сол егемендікке қол 
жеткізген ширек ғасырдан астам уақыттың ішінде қазақ елінің ұлттық қалып 
пен ата салтының түп тамырына жаңа көзқараспен назар аударғандығы 
айтылады. Киноөндірістің халықты ағарту ісіне және мәдениетті өркендету 
жолында қосатын ұланғайыр үлесі, кинематографияның ұлттық сана сезімді, 
болмысты қалыптастыру, ұлтаралық қатынастарды арттыру жолындағы 
мүмкіндігі қарастырылды.
XXI ғасырдағы қазақстандық кинематографияның қоғамның, жеке 
тұлғаның, жалпы халықтың рухани дамуы жолындағы көркемдік ізденістері 
мен оның маңыздылығы қазақ халқының ұлттық құндылықтарын сақтау және 
жеткізу барысында қарқынды жұмыс жүргізіп жатқанымен айқындалады.
Негізінен ұлттық болмыс пен сана әрбір халықтың өзіндік этникалық 
бояуының жеке белгісін сақтап, мәдени, тілдік, менталитеттік ерекшелігін 


119 
мойындаған кезде ғана дәстүрлік нышандармен тығыз байланыста дамиды. 
Сөйтіп, бұл процесс жаңа уақыттың сұранысына бағытталған жаңашыл ой-
тұжырымды, жаһандық мәдениеттің алғышарттарын қалыптастырады. 
Аталмыш тараудағы саралау-талдау жұмыстары осындай қағидаларды негізге 
ала отырып жүргізілді.
Зерттеушілердің пікіріне сүйенсек, қарастырылып отырған мәселе, яғни 
ұлттық сана ең алдымен халықтың рухани-мәдени дамуының жоғары деңгейі 
арқылы алға жылжудың тарихи үдерісінде ұрпақтан ұрпаққа жеткен 
құндылықтар болып табылады. Заманауи кинематографияның ұлттық сананы 
дамыту, бүгінгі рухани-мәдени құндылықтарды сақтап, оны ұрпақтан ұрпаққа 
жеткізу идеяларына көңіл аударуы жаңа көзқарастан, жаңаша ойлап, ұтымды 
тұжырым жасай алу мүмкіндігінен туындайды. Осындай мәселелерді қарастыру 
арқылы қазақ халқының тарихи даму жолының бүгінгі сатысындағы 
қазақстандық кинематографияның маңыздылығы айқындалды.
Жалпы оқиға желісінде ұлттық болмысы, ұлттық идеясы, ұлттық ойы бар 
қазақ фильмдерінің ішінен талдауға И.Пассер, С.Бодров және Т.Теменовтің 
«Көшпенділер», Д.Жолжақсыновтың «Біржан сал» фильмдері таңдап алынды. 
Себебі, бұл шығармаларда қазақ тарихы, оның әлеуметтік-тұрмыстық ахуалы, 
жеке тұлға басындағы трагедиялық сарын, т.б. тереңнен баяндалады. Мәселен, 
«Көшпенділердегі» жоңғарлардың шабуылы кезіндегі өз халқын жаудан 
құтқаратын батырдың дүниеге келу сәті, ұстаздың болашағынан үміт күттіретін 
дала балаларының дене бітімін нығайтып, Дала заңы бойынша өмір сүруге 
баулуды, ұлттық салт-дәстүр мен көшпенділер өмірінің ережелерін меңгертуді 
мақсат еткен әрекеті ерекше. Негізінен жаугершілік заманның қалыптасқан 
Заңы бойынша дала батыры өзінің қауіпсіздігін сеніп тапсырған барлық 
жандарды: әйелдер, балалар, әлсіздер мен қарусыз адамдарды, өзінің майдандас 
серіктестері мен әскери басшыларын қорғауға міндетті. Сондықтан Көк аспан 
Заңы ер жігіттерді ерлікпен шайқасуға міндеттейді. Шығармада орын алған 
белдесу, күрес, қазақша күрес, аттың үстінен жерден теңге алу, жамбы ату 
сияқты ойын түрлерінің батырлар үшін маңыздылығы жоғары. Себебі, ұлы 
жорықтар мен шайқастарда осындай тәсілдердің пайдасы зор болған. Сол 
сияқты көкпар ойыны жігіттердің бойына өткірлік, төзімділік, табандылық 
сияқты қасиеттерді дамытқан. Ғылыми зерттеу жұмысында кинода 
кескінделген аталмыш дәстүр-салттардың орынды қолданысы, сценарий авторы 
мен режссерлердің шығармашылық тандемде атқарған жұмыстарын саралауға 
маңызды орын берілді. Сол сияқты мұндағы қазақтың бауырластық салты, 
мейірімділік, адамгершілік ұғымы, бүтін бір қоғамның немесе жеке адамның 
белгілі бір мақсаты мен арманына жетуі жолында берілетін бата, т.б. көркем 
шығарма мен қазақ этнографиясын байланыстыру арқылы талданды.
Д.Жолжақсыновтың «Біржан сал» фильміндегі ақындардың, салдар мен 
серілердің дәуірі, олардың негізгі функциясы, суырып салмалық өнер дәстүрі, 
әсем бояуда көрсетілген қазақтың жайлауға көшу дәстүрі, жігіттердің ептілігін, 
ержүректілігін, күшін сынайтын аңшылық, саятшылық салты, қонақжайлық, 
ұрпақ жалғастығы, қазақ халқының ХІХ ғасырдағы рухани мәдениеті, Біржан 


120 
бойындағы артистік, бақсылық, шамандық, шешендік, әншілік, композиторлық 
өнердің синтезі қарастырылды.
Кинокартинада қазақтың қыздары мен әйелдерінің сұлулығын паш ететін 
әдемі әшекей бұйымдар да өз орнымен қолданылған. Ертедегі наным-сенім 
бойынша елдің ең атақты зергерлерінің қолынан шыққан бұйымдар тіл мен 
көзден қорғайды. Сол сияқты салтанатты мерекелер мен мейрамдар, ойындар 
мен той-жиындар ұйымдастыру халық мәдениетін әлеуметтендіру қызметін 
атқарған. Мұндай шараларда белгілі тәртіпке және әрекет нормаларына сәйкес 
жігіттердің біліктілігі, күш-қайраты, қыздар мен әйелдердің шеберлігі көрінеді.
Жалпы әдеби шығармалардың экрандалуының маңызы өте өзекті. Өйткені 
қазақ халқының патриоттық сезімінің, еркіндік, туған жерге деген шексіз 
махаббат, мейірімділік, бостандық сүйгіштік сынды қасиеттерінің сол экран 
арқылы берілуі өскелең ұрпақ үшін насихаттық-үгіттік роль атқарады. 
Аталмыш тарауда талданған фильмдердің айтар ойы жағынан, қисынды өрілген 
сценарийлік құрылымы жағынан және экрандық-бейнелеу тәсілінің ұтымды 
шешімдерге негізделуі жағынан қазақ кино тарихындағы маңызды орны 
анықталды. Сол сияқты диссертацияда көркемдік деңгейі жоғары аталмыш 
шығармаларды бағалаумен бірге техника мен технологияның қарқыны артқан 
ХХІ ғасырда кино өнерінің халықтың рухын көтеріп, рухани-эстетикалық 
талғамын арттыратын негізгі функциясын түсінбей немесе оны дұрыс 
пайдалана алмай отырғандығына тоқталдық. Бірегей ұлт болып, әлемге 
қазақтың ұлттық санасының өзгешелігін таныту үшін, қай жағынан болса да 
(білім, ғылым, өнер, экономика, т.б.) дамыған елдермен тең дәрежеде ой 
салыстыра алу үшін, сонымен қатар өзінің тарихы мен әдебиетін тану үшін 
кино өнерінің насихаттық маңызы зор. Сондықтан кинематографияның өкілдері 
«Келинка Сабина», «Кайрат – девственник-чемпион», «Бизнес по казахский» 
тәрізді жеңіл әрі кассалық комедиялардан гөрі түсірілуге тиісті маңызды 
тақырыптарды алдын ала жоспарлап, сол арқылы ұлттық құндылықтарды 
дәріптеуі тиіс деген ойдамыз. 
Осы бөлімнің «Заманауи қазақ киносындағы салт-дәстүр мен рухани 
құндылықтардың орны» деп аталатын екінші тарауы қазақ өнеріндегі 
жаңарудың ұлттық мәдениеттің заманауи талаптарына қарай бейімделуге 
негізделгендігін және әлемдік көркемдік тәжірибеде тексерілген қажетті 
әдіснамаларды ұлттық тарихи-мәдени үрдістерге сәйкес пайдаланып 
отырғандығын саралауға арналды.
«Күнә» фильміндегі ұлттық бояудың қанық шыққандығына Шолпанның 
Жаратқаннан сұраған теріс тілегінің орындалуы, тек жақсылықтан ғана үміт 
күтетін халықтың «жақсы сөз – жарым ырыс» деп сөз күшіне үлкен мән 
беретіндігі және келін түсіру, қазан жарыс, отқа табыну, аруаққа табыну, 
жерлеу, тазалану сияқты жоралғылардың орын алуы дәлел бола алады. 
Аталмыш фильмдегі режиссердің тек бір кейіпкердің мінезін немесе 
психологиясын 
ғана 
көрсетуді 
мақсат 
тұтпай, 
керісінше 
барлық 
қатысушылардың дара болмысын экрандық параллельдікпен аша білгендігі 
сараланды. Яғни, мұнда барлық кейіпкердің ойы да, өмір сүру дағдысы да, 


121 
ұстанымы да дұрыс, ешкімге күнә арту мүмкін емес. Өйткені кімнің болса да 
бақытты болуға құқы бар. Зерттеу барысында осындай қағиданы ұстанған 
Б.Шәріптің басында жұбайлық өміріне кедергі келтіреді деген оймен 
Жаратқаннан бала бермеуін тілегенмен кейіннен сол жоқ баланың зары мен 
азабын тартқан Шолпанды да, әйеліне мейірім көрсете алмаған Сәрсенді де 
ақтағанына көз жеткіздік.
Келін түсіру салтынан басталатын аталмыш фильмде режиссер көрермен 
назарына жәй ғана киіз үйге кіруді емес, қазақ мәдениетінің өзгеше әлеміне 
енуді меңзейді. Қазақ салтында келіннің үйге оң аяқпен табалдырық аттауының 
өзінде үлкен мән-мағына бар. Бұл біріншіден – келіннің сол үйге деген 
құрметін білдірсе, екіншіден – алдағы отбасылық өмірінің оң болуын тілегені. 
Салт бойынша келіннің атқаруға тиісті тағы бір міндеті – үйдің өзіне, 
қожайынға, отбасының барлық мүшесіне, үйдің шырағы саналатын отқа сәлем 
салу. Дала жұрты үшін үлкен мағынаға ие осындай әдет-ғұрыптармен бірге 
шығармада отқа табыну, қазан жарыс тәрізді ырым-жоралғылардың 
қолданылуы, аңшылық дәстүрдің көрініс табуы, жерлеу, қазаға көңіл айту 
салты, Шолпанның қырық шелек сумен тазару сәті, т.б. жоралғылардың 
тарихи-әлеуметтік сипатын анықтауға ден қойылды. 
Жаһандану кезінде ұлттық құндылықтар мен төлтума мәдениетінің 
идеалдарына қысым көрсетілу мүмкіндігіне назар аударылды. Себебі, 
«жаһанданудың» дүниежүзі халықтарының бір бағытта өмір сүруіне алып 
келетін, сөйтіп ұлттық болмысқа сұранысты болдырмайтын күші басым. 
Зерттеуде сол үшін де қазақ халқының әлемдік дамуға үлес қоса отырып, 
батыс-еуропа мәдениетінің нормаларымен қарым-қатынас жасау арқылы бірін-
бірі толықтырып, түбінде өзінің мұрасын сақтауға ұмтылуы тиіс екендігі 
айтылды.
Сондай мақсатта түсірілген С.Дворцевойдың «Қызғалдақ» фильмінде 
ұлттық құндылықтарға деген сұраныс басты кейіпкер Асхат арқылы байқалып 
отырады. Көшпенділік өмірдің салтын білуге, оны меңгеруге құштар жігіттің 
басынан өткен (сұлу табиғатқа құмарлық, патриоттық сезім, қой бағудың қыры 
мен сырын меңгеруге талпыныс, махаббат) хикаялары ата салтпен бірге өмір 
сүрудің кімге болмасын жауапкершілік жүктейтінін айшықтап береді. Сол 
сияқты ғылыми еңбекте шығармада көрініс тапқан табиғатқа жанашырлық, 
яғни экологиялық маңызды мәселелер, климаттың өзгерісіне байланысты мал 
шаруашылығындағы негізгі дәстүр-салт мүмкіндігінің азаюы, бала тәрбиесі, 
үлкенге құрмет, кішіге ізет қағидасы, отбасындағы әке мен ананың орны, үлкен 
мен кішінің арасындағы сыйластық, әпкесі мен інісінің арасындағы көзге 
байқала бермейтін туысқандық, бауырмалдық сезім, бесік жырының 
орындалуы сияқты халықтық сипаттардың басымдығы зерделенді.
Зерттеу барысында режиссердің ұлттық киіз үйді әсерсіз көрсету арқылы 
ұлттық құндылықтарды қастерлеу, халықтық мәдени мұраны сақтап қалу 
мәселесінің кемшін жатқанын аңғарылды. Құда түсу көрінісінде ұлттық 
дәстүрдің ешқандай ырым-рәсімінің сақталмағандығы да режиссер тарапынан 
кеткен олқылық ретінде айтылды. Сондай-ақ, аталмыш фильмде ұлттық сусын 


122 
саналатын сары қымыздың орнына ішімдікті пайдалану да құптарлық дүние 
емес. Қазақ халқы үшін ең қасиетті саналатын дастарханда құрт, ірімшік, жент, 
бауырсақ сияқты ұлттық дәмдердің жоқтығы қате деп танылды. Мұны 
С.Дворцевойдың өзге ұлттың өкілі болғандығынан және оның қазақтың тарихы 
мен ұлттық рәсімдерінен толық мағлұматы жоқтығынан деп түйдік.
Сол сияқты аталмыш тарауда Г.Омарованың «Бақсы» фильміндегі 
адамдарды түрлі аурудан, кеселден және маскүнемдіктен емдейтін шамандық 
салтын, тіпті кемпірдің бойында хабарсыз кеткендердің қайда екенін де айтып 
бере алатын қасиетінің басымдығын, адамның аспанмен, жермен 
байланысының құдіретті күшін, судың түрлі жамандықтардан сақтанудағы 
ерекше қасиетін, оның емдік функциясын философиялық тұрғыдан саралауға 
қол жеткіздік. Бақсының бойында топтасқан емдеп-жазу, кәсіби суретшіге тән 
суретшілік, әншіге тән әншілік, хореографқа тән бишілік дарынның молдығы 
зерттеудің негізгі көзі болды. Сондай-ақ, диссертацияда қазіргі уақыттағы тек 
капиталға бет бұрған елде ата дәстүрді ұмытудың, менсінбеушіліктің, керісінше 
батыс пен еуропаның ең қажетсіз өмір сүру дағдысын сәнге айналдырудың 
өршіп тұрғанын батыл жеткізген режиссер Г.Омарованың шығармашылық 
ізденісіне кәсіби талдау жасалды. 
Қорыта келгенде, диссертацияда ұлттық салт-дәстүрлерді кинематография 
арқылы көрсету ұлттық мәдениетті сақтау ісінде және алдағы уақыттағы 
бірегей дамуда айырықша маңызды аспект болып табылатыны толық 
сараланып көрсетілді. Оған отандық кино режиссерлердің сіңірген еңбектері 
зор болғаны жан-жақты талданды. Сонымен бірге, экран арқылы бейнеленген 
ұлттық салт-дәстүрлердің көрінісі жалпыадамзаттық, жалпыхалықтық 
мәдениетті 
насихаттауымен, 
рухани-эстетикалық 
маңыздылығымен 
ерекшеленетіні барынша дәлелденіп көрсетілді.


123 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет