Қуанышты күнде апаның уайымына не жорық дерсіз, бəлкім



Дата27.07.2022
өлшемі21,43 Kb.
#147797
Байланысты:
Сол жылы қыс қаһарынан түспей қойды
ЖАС QALAMGER сценарий, Шындық пен қиял БЖБ, AbaiOqkz, Жусан иісі БЖБ, КТП 7 кл, 7 ҚМЖ-1-1, 1580117971484, ГЕОДЕЗИЯ есеп 1 (копия), 9сын алг 1 ток, тәлімгер есебі

Сол жылы қыс қаһарынан түспей қойды-ау шамасы, күн суытып, жерді қалың аппақ қар қаптаған. Күлəш апа толқып жүргенінен бе, қуанышынан гөрі уайымы басымдау болғанынан ба, əйтеуір қобалжып жүргені байқалады. Қыстың суығына назар аударып жатқан ол жоқ, жұпыны киімімен көршісі Сəлима əжейдің үйіне қарап асығып бара жатыр. Екі құрбы ұзақ сұқбаттасып, бірдеңелерді шүйіркелесіп, үйіне кетудің ыңғайын жасады. Дастарханға бата қайырып, ұзақ дұға оқысты.
Күлəш апаның келіні күні кеше ғана босанып қыз тапты. Бұл сəби шаңырақтарының көптен күткен қуанышы еді.
Қуанышты күнде апаның уайымына не жорық дерсіз, бəлкім.
Əсия осы шаңыраққа келін болып түскеніне бірнеше жылдың жүзі болған. Кенже ұлының таңдаған жары Күлəш апаның көңілінен шыққан, желіп-жүгіріп осы үйдің отымен кіріп, күлімен шығады. Артық ауыз сөзі жоқ, өңі де сұлу. Ұлы мен келіні тату-тəтті өмір сүріп жүрсе анаға одан асқан бақыт бар ма екен?!
Алайда, келіні осы күнге дейін үш құрсақ көтерді де, бала туа сала көп тұрмай шетінеп кете берді. Осы жолы туған сəби Əсияның төртінші баласы. Дəрігерлердің анасында да, балада да бəрі жақсы дегеніне қарамай Күлəш апаның көңілінде жасырын болса да аздап қобалжу бар. Мұнысын ұлы мен келініне білдіртпеуге тырысып бағуда, іштегі шерін осылай құрбысы Сəлима əжейге тарқатып алғаны шығар.
Кеш кіріп, күн ұясына қонар кезде Əсия енесі мен қызына бəйек болып отыр еді, есіктен Сəлима əжей кіріп келді де:
- Менің қызымды ұрлап алғандарың не? Сендерде ұят деген бар ма? Қəне, қызымды беріңдер өзіме ,- деп айғайға басты. Түкке түсінбей тұрған Əсияның көзі алақандай болып, Сəлима əжей сəбиге қарай төніп келе жатқанын сезіп қызын құшақтап алды. Оған əжей назар да аудармай Əсияның қолынан қызды жұлқып алып, қалың көрпеге орап сəбиді алып үйден шығып кетті. Күлəш апа көзіндегі жасын жасырмақ болып, келініне тіке қарамай бетін бұрды. Келін əлі де ештеңе түсінген жоқ, орнынан тұрып əжейдің соңынан жүгіре ілесті. Сəлима əжей қалың қарды жылдам басып үйіне жетті де ішке еніп есікті ішінен іліп алды. Əсия:
- Апа, ол не істегеніңіз? Баламды өзіме беріңізші, əзілдеп отырған боларсыз. Есікті ашыңызшы, өтінемін, - деп жылай берді.
Енесі келінін суықта тұрып қалды-ау деген уайыммен жүгіріп келеді, сол кезде есіктің артынан Сəлима əжейдің:
- Кеш батып кетті, үйлеріңе кетіңдер. Ертең таңда баланың ақысын төлеп алып кетесіңдер. Қазір мұнда тұрғандарыңнан пайда жоқ, таңда келесің, - деген өткір даусы естілді.
Келін енесіне еріп үйге келді де, еңіреп жылап жіберді. Күлəш апа орамалының шетімен аузын жауып үнсіз жылайды. Сол түн ене мен келін үшін ең ұзақ, ең мардымсыз түн болды.
Таңертең қорадағы бір қойды алып, Сəлима əжейдің үйіне асықты. Əжей үйіне ауылдың кемпірлерін жинап алған, дастархан жайып, жайбарақат шəй ішіп отыр.
- Баланы сатып алуға бірдеңе əкелдіңдер ме, Күлəш?
- Бір қой алып келдік.
- Ойбоой, арзанға бере салатын қызым бар дейсің бе? Сараңсың, Күлəш, сараңсың, - деп қарқылдап күлді. Əсия көзімен баласын іздеп еді, пештің түбінде тəтті ұйықтап жатқанын көріп көңілі орнына түскендей болды.
- Шəйді сосын ішесіңдер, тұрыңдар, қəне, іске көшейік, - деген Сəлима əжей отырған алты кемпірді жəне Əсияның енесін қатар тұрғызып қойып, сəбиді кемпірлердің аяқтарының арасынан өткізіп жатыр. Соңында баланы Əсияға беріп:
- Міне, "сатып алған" бала енді сенікі. Менен "сатып" алғаныңды ертең ұзататын кезде ұмытып кетпе. Алдыңғы киітті мен киемін,-деп күліп қойды.
"Сатып алынған" сəбиден кейін Əсия жəне бір қыз, бір ұл тапқан. Бүгінгі күнде үш баласының қуанышына серік болып отырған жайы бар.
Түйін: Бала тұрақтамаған үйдің баласын осылай "сатып алу" салт-дəстүрі арқылы аман алып қалуына септігін тигізген деседі. Ырымға сенсек те, сенбесек те үлкендердің əңгімелері арқылы осы сынды оқиғаларға куə болып келеміз. Салт-дəстүрді қаз-қалпында орындай білген қарттарымыз аман болсын!

Жақында Шымкентке ұзатылған қызым еншісін алып, үйіне қонаққа шақырды. Жай ғана дастарқан жайып жатқанын, шала бүлініп үлкен сөмке көтеріп келмеуімді ескертті. Там тойды келесі жылға сүндет тоймен қосып жасайтынын да айтып өтті. Содан әкесі бар, бауырлары бар ақылдасып, көрімдігімізді ақшалай беруді жөн көрдік. Айтылған күні ұлдарым мен келіндерімді, қыздарым мен күйеубалаларымды ертіп қызымыздың үйіне келдік. Құдаларымыз асты-үстімізге түсіп, бәйек болып жүр. Қызым абысындарымен егіз қозыдай жүгіріп қонақтарды күтіп жатыр. Дастарқанды әдеттегідей жайнатып қойған. Салат пен тәттілердің түр-түрі бар. Көптен бері мұндай басқосу болмады білем, құдағилармен әңгімеміз таусылар емес. Тамақ та желінді, Құран оқылып, тілек те айтылды. Бірақ қайтуға жиналып жатқан бір адамды байқамадым. Көршілері де, ағайындары да татулығы жарасқан керемет жандар екен. Бір-біріне кәдімгідей жанашырлық танытып, ер кісілері шала біткен қорғанды асарлатып жексенбі күні бітірейік десе, ал келіншектері ыдыс-аяғын жуысып, абысындары ауласын тазалап әлек. Мұндай ауызбіршілікті көріп әкесі екеуміз қуанып қалдық. Әдемі әңгіме, сырлы сұқбаттар уақытты қалай ұрлағанын байқамай қалыппыз. Бір кезде қонақтар қайтуға дайындалдық. Сол кезде қызым жүгіріп төргі бөлмеге кірді де, бір дорбаны көтеріп қайта шықты. «Қуыс үйден құр шықпаңыз» деп бәрімізге сыйлық үлестіріп жатыр. Көрші апалары «жаным-ау, бізді ұялтырып қойдың ғой. Керісінше сыйлықты біз саған беруіміз керек еді» деп бір-біріне қарасты. Үлкен апа-әжелерге орамал, келін-кепшікке крем, сабын, ал ер кісілерге тақия, шыт орамал секілді сыйлықтарын үлестірген қызым алғыстың астында қалды. Оны тәрбиелеп өсірген біздерге де мың алғыс деп ерекше ілтипатын білдіріп жатты. Әкесі екеуміз марқайып қалдық. Бойымызды қуаныш кернеп, перзентіміздің мақтанышты ісіне шын жүректен қуандық. Осы кезде шетте тұрған орындыққа жайғасқан абыз ақсақал алақанын жайып бата берді де, 5-10 минут уақытымызды бөліп, кідіре тұруымызды сұрады. – Айналайын, келінжан! Бұл жаңа аудан болғандықтан өздерің сияқты жас отбасылар үй салып, көшіп келуде. Күнде болмаса да, аптасына 2-3 рет шаңырақтарын көрсетуге үйлеріне шақырып жатыр. Осындағы көршілердің бәрі барып, дәм ауыз тиіп, кем-кетігіне көмектесіп, бітпеген шаруаларан аяқтауға асарлатады. Мұндай кезде үлкен-кіші демей атсалысады. Бірақ дәл осындай ілтипатты өзіңнің тең құрбыларыңнан байқай алмадым. Мына бір өзгелерге үлгі боларлық іс екен. Білетіндеріңіз насихаттап айтып жүріңіздер, білмейтіндеріңіз саналарыңызға сіңіріп алыңыздар. Бұл іс – көрегенділіктің, тектіліктің, тәрбиенің негізі. Білсеңіздер, бұрынғы кезде «көгентүп» деген салт болушы еді. Бүгінде ол ұмытылып барады. Бірақ мына келіннің қазіргі жасаған ісі осыған ұқсас келеді екен. Бір айырмашылығы көгентүп үлкендерге емес, балаларға беріледі. Мәселен, алыстан бір ағайыныңыз бала-шағасымен амандасуға шаңырағыңызға келсе, малыңызды сойып, етіңізді асып, қонақ етесіз. Сөйтіп шығарып салатын кезде кішкентай балаларына сый ретінде шамаңызға қарай қой, қозы, бұзау, құлын не тайлақ жетектетесіз. Бұл сыйлыққа бала ерекше шаттанып қуанса, ал ата-анасы өздеріне деген құрметті сезінеді. Бір малмен баланың байып қалмайтыны анық. Десек те, бұл босағаңызды бірінші рет аттаған баланың болашағына үлкен үмітпен қарау. Есейгенде малды, жанды, берекесі мен несібесі мол болсын деген ниеттен туындайды. Көгентүп салты ағайындар арасындағы ауызбіршілікті, көршілердің сыйластығын, туысқандардың татулығын, ойын баласының қызығушылығын арттырады. Міне, қазақ даласында ұмыт бола бастаған бұл салттың кішігірім көрінісін қазір өздеріңізде көрдіңіздер. Қуаныштың куәсі болдыңыздар. Айналайын рахмет, босағаларыңнан бақыт, шаңырақтарыңнан шаттық кетпесін. Бесіктерің әрдайым тербеліп, ана үні бесік жырын шырқасын. Отбасыларың аман, бауырларың бүтін болсын. Әумин, – деп көпті көрген қария сөзінің соңын ақ батамен аяқтады. Шынында да көгентүп деген салты білмейтіндеріміз арамызда көп. Десек те, арзымайтын ақшаға алынатын, бірақ көңіліңді таудай көтеретін сыйлықты беруді ескере бермейтініміз анық. Жас болса да көпшілігімізге үлгі болван қызымның ісіне аналық жүрегім елжіреп кетті.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет