Тақырып 2.9. Жамбас және аяқ бұлшықеттері. Аяқ басы бұлшық еттері. Жамбас- ортан жіліктік буыны қарапайым, көп білікті. Сондықтан бұл буында жазылдырғыштық, бүгілдіргіштік, алыстатушы, жақындатушы және айналдырғыш бұлшық еттер топтары болады.
Бөкселік тобының жазылдырғыш бұлшық еттері.
Беткейлік бөксе бұлшық еті- сауыр аумағы терісінің астында, санның екі басты бұлшық етінің алдыңғы жағында орналасқан. Шошқа,ірі қара және ұсақ малдарда ол көршілес еттермен бірігіп кетеді.
Қызметі: Жамбас-ортан жіліктік буынды жазылдырады, ал жылқыда оған қосымша буынды ішке қарай бұрайды (пронация).
Орталық бөксе бұлшық еті, ол мықын сүйегінің бөкселік бетінен басталып, ортан жіліктің үлкен ұршығында аяқталады.
Қызметі: Жамбас-ортан жіліктік буынның жазылдырғыштық еті және абдукторларға көмектеседі. Беткейлік бөксе бұлшық еті- орталық бөксе бұлшық етімен бірігіп кетеді. Ол мықын сүйегінің қанатынан басталып, үлкен ұршықта аяқталады.
Қызметі: Жамбас-ортан жілік буынын жазады. Тереңдік бөксе бұлшық еті- орталық бөксе бұлшық етінің астында орналасады.
Қызметі: Жамбас-ортан жіліктік буынының абдукторы.
Алмұрт тәрізді бұлшық ет- тек итте жеке бұлшық ет түрінде болады.
Қызметі: Жамбас-ортан жіліктік буынды жазатын ет.
Сан арты тобының жазылдырғыштық бұлшық еттері
Санның екі басты бұлшық еті- жамбас пен сан аумағындағы тері астында орналасқан қомақты ет. Бұлшық еттің екі басы қосылып, тобықтық, асықты жіліктік және өкшелік тармақтарға бөлінеді . Қызметі: Ол жалпы жамбас-ортан жіліктік буынды жазылдырады.
Жартылай сіңірлік бұлшық ет- санның екі басты бұлшық етінің каудальдік жағындағы тері астында орналасады.
Қызметі: Бұл бұлшық ет жамбас-ортан жіліктік буынның жазылдырғышы.
Санның квадраттық бұлшық еті- шоңданай сүйегі денесінің вентральдік бетінен басталып, краниовентральдік бағытта қиғашталып, ортан жіліктің шүңқырына бекиді.
Қызметі: Жамбас –ортан жіліктік буынды жазуға және сыртқа қарай айналдыруға қатысады.
Жамбас-ортан жіліктік буынның бүлдіргіштік еттері
Мықын бұлшық еті- мықын сүйегінің краниовентральдік бетінде жатқан қомақты ет. Оның латеральдік басы мықын қанатынан, ал медиальдік басы мықын сүйегінің денесінен басталып, ортан жілікте аяқталады.
Қызметі: Жамбас-ортан жіліктік буынды бүгіп, сыртқа қарай айналдыру арқылы жамбастық аяқтың алға жылжуын қамтамасыз етеді.
Санның жалпақ шандырын көргіш бұлшық ет санның алдыңғы бетінала сербек, жамбас-ортан жіліктік және тобықтық буындар аралығындағы үшбұрышты кеңістікте орналасады.
Қызметі: Жамбас ортан жілік буынын бүгуге, тобықты буынды жазуға қатысады.
Тігіншілік бұлшық ет таспа пішіндес , ұзынша келіп санның медиальдік бетінде жатқан ет. Ол мықын шандыры мен кіші бел бұлшық етінің сіңірінен басталып, асықты жілікте аяқталады.
Қызметі: Жамбас-ортан жіліктік буынын бүгуге, тобықтық буынды жазуға және жамбастық аяқты тұлғадан алыстауға қатысады.
Жамбас-ортан жіліктік буынның аддукторлары:
Сымбаттық бұлшық ет- санның медиальдік бетінде жатқан қалың ет. Ол жамбас жігінен құрсақтың тік бұлшық етінің сіңірінен басталады.
Қызметі: Жамбастық аяқты тұлғаға жақындатады.
Санды жақындатушы бұлшық ет- жамбастың вентральдік бетінен , жапқыштық тесітің медиальдік және венральдік бетінен, ортан жіліктің кіші үйіргіші мен медиальдік айдаршықтың аралығына бекитін ет.
Тілерсектік буынның бұлшық еттері:
Сирақтың үш басты бұлшық еті, ол өз кезегінде екі бұлшық еттен құралған: балтыр және өкше еттері.
Қызметі: Тілерсектік буынды жазуға және тобықтық буынды бүгуге қатысады.
Артқы асықты жіліктік ет- асықты жіліктің пальмарлық бетінде орналасады. Ол бөлшек бұлшық ет ретінде тек итте ғана кездеседі, ал басқа жануарларда саусақты жазатын тереңдік бұлшық еттің құрамында болады.
Қызметі: Итте тілерсектік буынның жазылдырғыштық еті, ал басқа жануарларда ол бақайлық буындарға да әсер етеді.
Алдыңғы асықты жіліктік ет- асықты жіліктің дорсальдік бетінде орналасады да, осы сүйектің проксимальдік бөлігінен басталып, тілерсекке және жіліншік сүйектеріне бекиді.
Қызметі: Тілерсектік буынды бүгеді.
Үшінші шыбықтық бұлшық ет- әртүрлі жануарларда біркелкі болмайды. Ол ортан жіліктің латеральдік айдаршығындағы жазылдырғыштық шұңқырдан және саусақтың ұзын жазылдырғыштық ет сіңірінен басталып, асықты жіліктің ет сайы арқылы өтеді.
Қызметі: Шошқа мен ірі қара малдарда тілерсектік буынды бүгіп, тобық жазуға қатысады. Жылқыда ол статикалық қызмет атқарады.
Шыбықтық бұлшық ет- сирақ сүйегінің латеральдік бетінде жатып, шыбық сүйегі мен асықты жіліктің латеральдік айдаршығынан басталады. Еттің сіңірлі ұшы IY тілерсектік пен жіліншік сүйектерінің аралығында тесік арқылы өтіп, тілерсектің планетарлық бетінде шығады да, I тілерсектік пен II жіліншік сүйектеріне бекиді.
Қызметі: Тілерсекті буынды бүгеді.
Саусақтық буындардың бұлшық еттері
Саусақтың ұзын жазылдырғыштық бұлшық еті, ол ортан жіліктің латеральдік айдаршығындағы жазылдырғыштық шұңқырдан басталып, тұяқ сүйегінің осындай өсіндісінде аяқталады.
Қызметі: Саусақтық буындарын жазады.
Саусақтың бүйірлік жазылдырғыштық еті- сирақтық латеральдік бетінде жатып, тобықтық буынның бүйірлік байламы мен шыбық сүйегінен басталады. Ол тілерсектің буынның жоғары тұсында сіңірге айналып, әртүрлі жануарларда біркелкі аяқталмайды.
Қызметі: Саусақты жазатын ет.
Үлкен саусақтың ұзын жазылдырғыштық бұлшық еті-жеке бұлшық ет ретінде тек ит пен шошқада кездеседі. Ол шыбық сүйегінен басталып, II саусақта аяқталады.