Тақырып 14. Персоналды іріктеу және оның тіимділігіне саралау
Білім саласындағы басқару қызметінің бағыттары және персоналды іріктеу мәселелері.
2. Мұғалімдердің кәсіби дайындығын жетілдіру жүйесі.
Мұғалімдер, тәрбиешілер, мектеп жетекшілерінің біліктілігін көтеруге басшылық – білім саласындағы басқару қызметі бағыттарының маңыздысының бірі. Ол төмендегідей аса мәнді бірліктерден тұрады:
- мұғалімдер мен тәрбиешілердің оқушылармен жүргізілетін оқу-тәрбие жұмыстарының формалары мен әдістерін қолдану шеберлігін жетілдіру;
- мектептегі оқу-тәрбие процесінің мүмкіндігінше жоғары деңгейде жабдықталуын, жаңашыл іс-әрекеттердің орындалуына жағдай жасау;
- мектептің даму бағытын айқындауға байланысты педагогикалық ұжым қызметін ынталандырып, жетілдіру.
Кәсіби қызметінің барысында барша мамандар өз педагогикалық шеберлігін арнайы курстарда, семинарларда, біліктілік көтеру институттарында жетілдіруі міндетті.
Қабылданған мұғалімдердің кәсіби дайындығын жетілдіру жүйесі – аттестация – педагогтар мен мектеп басшыларының біліктілігін көтерудің аса маңызды, тиімді құралы. Мектептің педагог қызметкерлерін аттестациялау Кеңес Одағында 1972 жылы енгізілген. Алғашқы аттестациялаудан кейінгі кезеңде аттестациялау туралы құжаттар білім беру жүйесіндегі өзгерістерге сай бірнеше рет өзгертіліп, толықтырылды.
Аттестацияның негізгі мақсаты – оқу-тәрбие процесінің сапасын арттыру, педагог қызметкерлердің кәсіптік біліктілігін көтеру, шығармашылық белсенділігін дамыту, әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету.
Аттестациялаудың негізгі принциптері: еріктілік, жариялылық, жүйелілік, тұтастық, шынайылылық, ашықтық оның объективті, әділ өтуін қамтамасыз етеді.
ҚР білім және ғылым министрлігі бұйрығына орай қабылданған «Мемлекеттік және жеке меншік білім мекемелерінің педагогикалық және басқару қызметкерлерін аттестациялау жөніндегі Ережеге» сәйкес аттестациялауда үш түрлі комисссия құрылады:
1. Бас аттестациялық комиссия республикалық, лблыстық деңгейде құрылады.
2. Аудандық немесе қалалық комиссия.
3. Білім беру мекемесінің аттестациялық комиссиясы. Оны құру педагогикалық кеңес құзырында болады.
Әр комиссия өз құзыреттілігіне сәйкес мәселелерді қарастырады. Аттестациялау комиссиясының қабылдайтын негізгі шешімі – ол біліктілік санатын беру. Қазірде үш түрлі біліктілік санат берілген:
- жоғарғы санат – республикалық, облыстық комиссия береді;
- бірінші санат – аудандық, қалалық комиссия береді;
- екінші санат – мектеп аттестациялау комиссиясы береді.
Мұғалімнің немесе мектеп басшысының қызметі екі кешенді көрсеткіштермен бағаланады:
1. Қызмет, іс-әрекет қорытындысын жинақтау.
2. Практикалық қызметті эксперттік бағалау.
Бірінші көрсеткіш бойынша мұғалім шығармашылық есеп, ғылыми-әдістемелік немесе тәжірибелік-эксперименттік жұмыстарды ұсына алады. Екінші көрсеткіш бойынша ол бірнеше нұсқадағы психологиялық-педагогикалық экспертизадан өтуі тиіс. Бұл мақсатта кейбір аудандық, облыстық комиссияларда компьютерлік технология, тест алу, эксперттік бағалау тәсілдері қолданылады. Дегенмен, педагогикалық қызметті болжау және жинақтауды аттестациялау комиссиясы нақтылап, түзету енгізіп отырады.
Мұғалімдерді аттестациялау педагогтардың біліктілік санат сұраған арызы негізінде бес жылда бір рет өткізіледі. Кейде ол мұғалімдердің педагогикалық біліктілігінайқындау үшін педагогикалық кеңестің шешімімен, басқару әкімшілігінің бастамасымен де жүргізілуі мүмкін. Шағын кешенді мектептерде аттестацияны аудандық білімнің немесе ірі мектеп базасында құрылған комиссия атқарады.
Тәжірибе көрсетіп отырғандай, аттестацияның табысты болуы оны ұйымдастыруға, қорғау мен бағалаудың дұрыс жолға қойылуына, ұжымда іскер тілеулестік көңіл-күйдің қалыптасуына тәуелді. Жалпы айтқанда, мұғалімдерді аттестациялау қорытындысы мектептің ғылыми-әдістемелік жұмысының стратегиясы мен тактикасын анықтаудың негізі болып табылады.