Толық мақаласы: Қазақстан географиясы
Қазақстан Республикасының аумағы Еділ өзені алабынан шығысында Алтай тауы шыңдарына дейін, Батыс Сібір жазығынан (Солтүстік Қазақстан жазығы) оңтүстігінде Тянь-Шань тауына дейін созылып жатыр. Аумағының 10%-ы биік таулы өңірлер, қалған бөлігі ойпат, жазық, үстірт, қырат жерлер. Қазақстанның ең биік жері – Хантәңірі шыңы (6995 м). Ол Тянь-Шань тау жүйесінде орналасқан. Каспий теңізінің шығыс жағалауында елдің ең төмен жері Қарақия (Қаракие) ойысы теңіз деңгейінен 132 м төмен орналасқан.
Климаты
Толық мақаласы: Қазақстан климаты
Қазақстанның солтүстік өңірлерінде қыс ұзақ, қарлы әрі суық, аяз кей уақыттарда –45 –50°С-қа жетеді. Жазы қоңыржай жылы, дегенмен кейде ауа температурасы 35 – 40°С-қа жетеді. Оңтүстік аймақтарда қысы жылы, дегенмен кейбір күндері мұнда да 30 – 35°С аяздар байқалады. Орташа жылдық жауын-шашын мөлшері жазық жерлерде 100 — 200 мм болса, тау бөктерінде 500 —– 600 мм-ге жетеді.
Су қоры
Қазақстанның жер бедерінің әр түрлі болуына байланысты ішкі су да әркелкі келеді. Шөл мен шөлейт зонасында көлдер мен өзендер аз, ал таулы жерлер мен дала және орманды дала зонасында едәуір мол.
Республика аумағында ішкі сулар бірнеше түрге бөлінеді. Олар: өзендер, көлдер, жер асты суы, мұздықтар және бөгендер мен каналдар.
Қазақстан жерінде өзен, көл, мұздықтар мен жер асты суының таралуы және олардың деңгейлік ерекшеліктсрі ең алдымен климат факторларына, жер бетіне түсетін жылу мен ылғалдың арақатынасына тәуелді. Су қорларының ішінде, әсіресе, өзен және көл ағындарының маңызы аса күшті. Бірақ көпшілік өзен-көлдердің деңгейлері үнемі күрт ауытқып отырады: кей жылдары су мөлш. қалыпты орташа деңгейден 2–4 есе артық болса, қуаң жылдары көптеген айдындар мүлдем құрғап қалады. Аридтік аймақта жайласқан Қазақстанның маңызды табиғи қорларының бірі – жер асты суы. Су қорлары кең-байтақ аумақта біркелкі таралмаған.
Мұздықтар
Алтай.
Қазақстан өзендерінің негізгі су көздерінің бірі - мұздықтар. Мұздықтар тұщы судың зор қоймасы. Қазақстан жерінде мұздықтар таралған аудандары шығыс және оңтүстік-шығыс аймақтарындағы - Алтай, Сауыр жоталары, Жетісу Алатауы, Қырғыз Алатауы, Іле Алатауы, Күнгей Алатау, Теріскей Алатау жоталары. Республиканың барлық тауларында 2724 мұздық бар (1985). Алып жатқан ауданы - 2033,3 км2. Мұздың жалпы көлемі 100 км3.
Жалпы мұз басудың тең жартысына жуығы (1000 км2-ден астам) Жетісу Алатауында (мұздық аум. 1369 км2), қалғаны Іле мен Күнгей (610,7 км2), Теріскей (144,9 км2) Алатауларында, Алтай мен Сауыр жоталарында (106,2 км2), Қырғыз және Талас Алатауларында (101,5 км2). Қазақстан мұздықтарын 3 топқа жіктеуге болады: аңғарлық мұздықтар, беткейлік мұздықтар және денудациялық беткейлер мұздықтары (жұмыр, мүжіле тегістелген шыңдарда). Осылардың ішінде көбірек таралғандары (жалпы мұздықтардың 66%-ы) аңғарлық мұздықтар. Аңғарлық мұздықтардың көпшілігі Қазақстан табиғатын (әсіресе таулы өңірлерін) зерттеуге аса зор үлес қосқан ғалымдардың, әдебиет және мәдениет қайраткерлерінің есімдерімен аталған. Іле Алатауындағы Талғар массивімен байланысты күрделі аңғарлық Корженевский мұздығы – Қазақстандағы аса ірі мұздық болып саналады: ұз. 11,7 км, ауд. 38,0 км2, мұзының жалпы көл. 6,32 км3. Аңғарларда және аңғарлық беткейлерде қалыптасқан мұздықтардың көпшілігінің қалыңдығы 50 – 100 м, ал таудың жоғары беткейлеріндегі мұздықтардікі 10–30 м.
Мұздықтардағы мұздың жалпы көл. 100 км3. Мұз басудың төменгі шекарасы мен фирн (мұзқар) сызығының (мұз шоғырының көбеюі кезіндегі жоғ. және еріп азаюы кезіндегі төменгі бөліктері арасындағы шегі) абсолют биіктігі солттүстіктен оңтүсттікке және батыстан шығысқа карай арта түседі. Егер де Алтайда бұл көрсеткіш 2500–2800 м болса, Тянь-Шань тауында 3500–3800 м. Бұның өзінде оңт. беткейлерге қарағанда солт. беткейлердің шекарасы 200–250 м төменірек жатады. Қазақстан мұздықтары негізінен тым төмен температуралы келеді. Әсіресе, мұздың үстіңгі 12–15 м қабаты қыс кезінде қатты суынады. Жаз маусымында мұздың 1 м-ге дейінгі беткі қабаты 0С-қа дейін ғана жылынады. Мұз қабатының жұқалығына, темп-расының төмендігіне және жылдық жауын-шашынның шамалы түсуіне байланысты мұздықтар жылына 50–70 м-ге дейін төмен қарай баяу жылжиды. Мұздықтардың абляциялық (еру және булану процесінің) маусымы қалыпты жағдайларда 2–2,5 айға созылады. Абляцияның көп жылдық орташа мөлш. 1 м шамасында. Мұздық суы – тау өзендерінің толығу көзі. Әр тау өзені ағынының басталар жеріндегі суының 85%-ы, жазыққа шығар бөлігіндегінің 35%-ы мұздық суының үлесіне тиеді. Республика мұздықтары тартылуда. Кейбіреуінің ұз. жылына 5–20 м-ге, ауд. 1000 м2, мұз қоры 0,05– 0,1%-ға кемуде. Қазақстанның таулық бөлігінде ауд. 20000 км2-дей көп жылдық тоң белдемі қалыптасқан; оның төм. шегі Алтайда 2000 м, Сауырда 2300 м. Жетісу Алатауында 2800 м және Тянь-Шань жоталарында 3000 м-ге дейін төмендейді.
Өзендер
Толық мақаласы: Қазақстан өзендері
Сырдария
Қазақстан аумағында ірілі-ұсақты 85 мың өзен бар. Олардың ішінде 7 өзеннің (Ертіс, Тобыл, Есіл, Жайық, Сырдария, Іле, Шу) ұзындығы 1000 км-ден асады.
Республиканың барлық өзендері Солтүстік Мұзды мұхит және ішкі тұйық көлдер алаптарына құяды. Екі алап арасындағы суайрық Сауыр-Тарбағатай тау жүйесінің қырқасы мен Сарыарқа, Торғай үстірті арқылы өтіп, Оңтүстік Оралға тіреледі.
Қазақстандағы ең суы мол өзен – Ертіс. Оның республика жеріндегі ұз. 1700 км, жалпы ұз. 4248 км. Онда көптеген су электр станциялары (СЭС) орналасқан. Жоғ. бөлігіндегі ағыны 2 ірі су электр ст-ларымен (Бұқтырма Су Электр Стансасы және Өскемен Су Электр Станциясы) реттелген. Өзен суының біраз бөлігі Ертіс-Қарағанды каналы арқылы Орталық Қазақстанға бұрылған. Ұзындығы мен суының молдығы жөнінен республикадағы екінші өзен – Сырдария. Қазақстандағы ұз. 1400 км, жалпы ұз. 2219 км. Егін суаруға қарқынды пайдалануына байланысты ағыны кейбір жылдары Арал т-не жетпей тартылып қалады. Балқаш көлі атырабындағы ең ірі өзен —Ілеің республика шегіндегі ұз. 815 км (жалпы ұз. 1001 км). Оның ірі салаларының бірі Шілік өзенінен бастап, Шамалған өзеніне дейін ұз. 200 км-ге жуық Үлкен Алматы каналы салынған. Ал Батыс Қазақстанды, негізінен, Жайық өзені суландырады. Ол республика жерінен тыс Оңт. Оралдан басталады. Қазақстандағы ұз. 1082 км, жалпы ұз. 2428 км. Бұлардан басқа ірі өзендерге Есіл, Тобыл, Елек, Шу, Талас өзені, Торғай өзені, Ырғыз , Сарысу, Нұра, Ойыл, Жем, т.б. жатады. Бірақ бұлардың кейбіреуінің деңгейі жазда тым төмендеп, кейбіреуі мүлдем тартылып қалады, ал көктемде қар суымен толысып тасиды.
Қазақстан өзендерін ұзындығы бойынша 85 022 өзеннің ішінде 84 694-і шағын (ұз. 100 км-ге дейін), 305-і орташа (500 км-ге дейін) және 23-і ірі (500–1000 км-ден астам) өзендер қатарына жатады. Республиканың шығысындағы Алтай, оңт.-шығысындағы Жетісу және Іле Алатаулары ылғалы мол таулы өңірлердегі өзен торының жиілігі (барлық өзендер ұзындығы қосындысының осы алаптың ауданына қатынасы) басқа өңірлерге қарағанда жоғары, 0,4–1,8 км/км2 шамасында. Шағын өзендердің көбі Ұлытау, Шыңғыстау, Қарқаралы тауларынан, сонымен қатар Тарбағатай, Қаратау, Мұғалжар жоталарынан басталады. Арал және Каспий маңы шөлді өңірлерінде өзен торының жиілігі тым сирек (0,03 км/км2-ге дейін) келеді. Өзендердің басым көпшілігі Каспий, Арал т-дерінің, Балқаш, Алакөл және Теңіз сияқты көлдердің тұйық алаптарына жатады. Тек Ертіс, Есіл және Тобылға құятын өзендер ғана мұхитқа құятын Кара теңіз.алабына қарайды. Қазақстан өзендерінің көпшілігі жазда суы тартылып, жеке-жеке қарасуларға бөлініп қалады. Біразы көктемгі қар суымен маусымдық көлдерге құйылып, жазда сорға айналады. Қазақстан өзендері толығу сипатына қарай 3 топқа бөлінеді: қар суынан толығатын, мұздық суынан және аралас толығатын өзендер. Өзендердің көпшілігі көктемде тасиды, тек мұздық суынан толысатын өзендер ғана жазда тасиды. Климат сипатына байланысты өзендердің көп жылдық арын мөлшері де үнемі өзгеріп отырады. Жазық өңірлер өзендері арынының орташа өзгергіштігінің вариациялық коэффициенті негізінен 0,80-нен 1,20-ға дейін жоғарылайды. Бұл шамадан тек Жайық өз-нің ағын өзгергіштігі кемірек (0,58–0,80), ал Тобылдікі көбірек (1,50-ге дейін) келеді. Тау өзендерінің жылдық ағын мөлшерінің ауытқуы онша болмайды, әсіресе Іле Алатауының солт. беткейінен басталатын өзендер деңгейі тұрақты. Тау өзендерінің суы гидрохимиялық құрамына қарай гидрокарбонатты болады; олардың минералдығы жоғары деңгей кезінде 200–300 мг/л, деңгейі төмен түскенде 500–600 мг/л-ге дейін жоғарылайды. Жазық өңір өзендерінің суы сульфатты немесе хлорлы топқа жатады және олардың минералдығы су жинайтын алаптың ауданына, жер бедері мен топырақ сипатына, климаттық жағдайына байланысты өзгеріп отырады. Шөлейт және шөл белдемдердегі өзендердің минералдығы 100–200 мг/л-ден (бастау жағында) 5000 мг/л-ге дейін (төм. ағысында) артады.
Өзендердің лайлылығы жөнінен Қазақстанның жазық және таулы аудандар арасында үлкен айырмашылық бар. Жазық жер бедеріне және өзен егістігінің шамалы болуына байланысты мұндағы өзен суында қатты зат ағыны біршама аз болады, лайлылығы 200 г/м3-ден артпайды. Борпылдақ жынысты өңірде ағатын Бат. Қазақстан өзендерінің лайлылығы тым жоғары (500–700 г/м3). Таулы аудандар өзендерінің лайлылығы ағыс бойымен төмен қарай 50–100 г/м3-ге дейін артады.
Көлдер және бөгендер
Толық мақаласы: Қазақстан көлдері
Каспий теңізі
Арал теңізі (1989-2008).
Қазақстан аумағында ірілі-ұсақты 48 мыңнан астам көлдер және 3 мыңға жуық бөгендер бар. Климат жағдайына байланысты көлдердің көбі Қазақстанның солтүстігіне қарай орналасқан. Олардың ішінде Каспий теңізі, Арал теңізі және Балқаш, Зайсан, Алакөл, Қорғалжын, Марқакөл, Теңіз көлі сияқты ірі көлдерден басқа, көбі (94%) көлемі бір шаршы километрден кем шағын көлдер. Көлдердің көпшілігі тұйық көлдер. Көбінің суы тұзды, олардан тұз өндіріледі. Қазақстанда ауданы 100 шаршы километрден астам 22 көл бар. Олар республикадағы көлдердің бүкіл ауданының 60%-ын алып жатыр. Қазақстанның жалпы 48 262 көл айдынының 45 248-і шағын (ауд. 1 км2-ге дейінгілер) көлдер қатарына жатады. Ауд. 10 км2-ден астам ірі көлдер саны 296, ал 100 км2-ден астам аса ірі көлдер 21 (бұл 21 айдын үлесіне Қазақстандағы барлық көлдердің жалпы ауданының 60%-ы тиеді). Қазақстан аумағы бойынша көлдер біркелкі таралмаған. Кейде бұлар бір-бірінен жүздеген километр алшақ жатады, кейбір өңірде жиі орналасып, біртұтас көлдер жүйесін құрайды. Солт. Қазақстанда жалпы ауд. 15 623 км2 болатын 21 580 көл болса, бүкіл Орт. және Оңт. Қазақстанда жалпы ауд. 4658 км2 болатын 17 554 көл ғана бар. Солт. Қазақстанда 100 км2-лік аймаққа 3 км2 көлемдік көл айдындары болса, бұл көрсеткіш Орт. және Оңт. Қазақстанда сәйкес түрде 0,23 және 0,53 км2-ге дейін кемиді. Қазақстан көлдері пайда болуы жөнінен тектоник. және экзогендік түрлерге бөлінеді. Каспий және Арал т-дері, Балқаш, Алакөл, Теңіз, Сасықкөл, Марқакөл, т.б. ірі көлдер тектоник. қазаншұңқырларда қалыптасқан. Экзогендік көлдерге Сілетітеңіз, Теке, Жалаулы, Қызылқақ, Үлкен Қараой, т.б. жатады. Орманды дала және дала белдемдері көлге бай. Жалпы республика айдындарының көпшілігі абс. биіктіктері 100 м-ден 3500 м-ге дейінгі борпылдақ төрттік шөгінділердің үстінде орналасқан. Көлдердің су жинайтын алаптарының ауданы көбінесе 10-нан 320 км2-ге дейін, ал шөлейт және шөл белдемдерінде бұдан да аумақты келеді. Қазақстан көлдері шарасында 190 км3су жиналған. Көктемде көлдер деңгейі 0,2 м-ден 6 м-ге дейін көтеріледі. Жаздың ортасына қарай сіңу және булану мөлшерінің артуына байланысты көлдердің деңгейлері күрт төмендейді, ал кейбіреуі кеуіп қалады. Төм. деңгей қазан–қараша айларында байқалады. Көпшілік көлдер деңгейінің орташа жылдық ауытқу амплитудасы 1 м шамасында. Ағынсыз көлдер су балансының шығымы түгелдей дерлік булануға кетеді. Көлдердің су балансындағы жалпы кірістің 10–90%-ы жер беті ағынынан, 12–40%-ы жауын-шашыннан құралады. Шарасы граниттік жыныстар үстінде қалыптасқан көлдер баланстары кірісінің 40%-ы жер асты суы ағынынан қалыптасады. Көл суының хим. құрамы жалпы минералдылық пен иондық құрамының әр түрлілігімен және тұрақсыздығымен сипатталады. Тұз концентрациясының маусымдық және көп жылдық ауытқуы көл суы деңгейінің өзгеруіне тығыз байланысты. Республика көлдері су көлемінің 87%-дан астамы сульфатты (Балқаш, Алакөл, Теңіз көлдері, т.б.), ал қалғаны карбонатты немесе хлорлы келеді.
Бөгендер Қазақстан аумағында жер беті ағындарын реттеу мақсатында өзен арналарын бөгеу арқылы жасалады. Егер көлемі кіші ойыстарды бөгейтін болса, оларды тоған деп атайды. Бөгендер ауданына қарай келесі бөліктерге бөлінеді:
50 км2-ге дейін - кіші
250 км2-ге дейін - орта
1000 км2-ге дейін - ірі
одан үлкендері - аса ірі бөгендер.
Қазақстанда қазір 4 мыңдай бөгендер мен тоғандар бар. Алып жатқан ауданы 10 мың км2. Оларда 90 км2 тұщы су жиналған. Бөгендердің көбі Орталық, Оңтүстік және Шығыс Қазақстанда шоғырланған. Олар: Бұқтырма, Қапшағай, Шардара, Самарқан, Бөген, Ақкөл, Шерубай-Нұра, Кеңгір және т.б.
Теңіз
Қазақстанның батыс және оңт.-батыс жағын, еліміздегі ірі тұйық су айдындары – Каспий және Арал т-дері шайып жатыр. Каспий т. – солт. (тереңд. 4–8 м), орта (780 м-ге дейін) және оңт. (тереңд. 1000 м-ден астам) бөліктерге ажыратылады. Арал т-нің шарасы Тұран тақтасының төмен қарай иілген тұсында қалыптасқан. Деңгейі қарқынды төмендеуде (қ. Каспий теңізі және Арал теңізі). Жер асты суы. Алаптағы не кендегі су сыйыстырушы жыныстардың сипатына байланысты – жарықшақтық, жарықшақтық-қабаттық және қабаттық (пластық) жер асты сулары болып бөлінеді. Жарықшақтық су таулы, қыратты және ұсақ шоқылы аймақтарда кеңінен тараған. Құрамы әр түрлі атпа, шөгінді, метаморфтық жыныстардың жер бетіне жуық үгілу аумағында (30–50 м-ге дейінгі тереңдікте) қалыптасады. Бұлар жер бетіне көбіне минералд. төмен (0,1–0,1 г/л), су шығыны мардымсыз шағын бұлақтар түрінде ұшырайды. Тектоник. жарылыстар мен жаралу тегі әр түрлі жыныстардың жапсарларын бойлай қуалаған бұлақтар мен тайыз ұңғымалардың су өнімд. 5–7, кейде 10–15 л/с-ке жетеді.
Жарықшақтық-қабаттық жер асты сулары Маңғыстаудың таулы бөлігіндегі, Мұғалжардағы, Сарыарқадағы, Оңт. және Шығ. Қазақстандағы шағын құрылымдарды құраушы, палеозой мен төм. мезозойдың әлсіз цементтелген терригендік және карбонаттық жыныстарының қат-қабаттарында қалыптасады. Жер бетінде бұлақтар түрінде кездеседі, не тайыз ұңғымалармен (су шығымы 5 л/с-ке дейін) шығарылады. Карстық құбылыс молынан дамыған әктасты қабаттардағы бұлақтардың су шығымы кейде 10–35 л/с-ке жетеді. Жезқазған – Ұлытау ауданы мен Үлкен Қаратаудағы (Мырғалымсай, Келтемашат, т.б.) кен қазбалары мен ұңғымаларға жарықшақтық-қабаттық су көп жиналады. Жарықшақтық және жарықшақтық-қабаттық сулар молаюдың қолайлы жағдайларында едәуір су қорын жинайды. Таулы өңірлердің 860 мың км2 аумағына 800 м3/с немесе 25 км3/жыл жарықшақтық немесе жарықшақтық-қабаттық сулардың жиналатыны анықталды. Оның 16 км3/жыл мөлшері Оңт. және Шығ. Қазақстан тауларының, 9 км3/жыл мөлшері Сарыарқа мен Бат. Қазақстанның биік жерлерінің үлесіне тиеді. Қабаттық жер асты сулары негізінен жазық аймақтардағы баяу цементтелген және цементтелмеген антропогеннен палеозойға дейінгі терригендік және карбонаттық жыныстардың қат-қабаттарынан орын алған. Қабаттық су жиналатын жыныстардың қалыңдығы өзен аңғарларында бірнеше метрге, биіктеу өңірлерде 0,5–1,5 км-ге, Шу-Сарысу, Арал маңы, Сырдария, Маңғыстау – Үстірт өңірлерінде 3–6 км-ге, Каспий ойпатында 10–23 км-ге жетеді. Сулы жыныстардың жоғ. қабаттарында арынсыз грунт сулары, төменіректе арыны жоғары артезиан сулары қалыптасады. Тұщы және қышқылтым сулар өзен аңғарларында, эолдық құм алқаптарында, су айырықтық құмдық түзілімдерде және сонымен бірге Каспий ойпатының шығ. бөлігіндегі, Солт. Арал, Ортаңғы Маңғыстау, Сырдария, Шу-Сарысу, Іле, Ертіс маңы ойпаттарындағы бор шөгінділерінде, пермь-триас, юра, палеоген-неоген шөгінділері жиылған жекелеген телімдерінде бірнеше метр тереңдіктен 500–1000 м (Іле ойысында 2700 м-ге дейін) тереңдіктерде кездеседі. Минералд. 50–550 г/л тұздықтар Каспий ойпаты, Шу-Сарысу, Теңіз-Қорғалжын, Торғай қолатының орт. мен төм. горизонттарында, Маңғыстау мен Үстірттің едәуір бөлігінде, Солт. Қазақстанда кеңірек тараған. Жалпы қабаттық қоры 570 м3/с немесе 18 км3/жыл. Жылда табиғи жолмен жаңарып (орны қайта толып) отыратын қорларының шамасы 43 км3/жылға тең. Осы қорлар негізінде жер асты суларының пайдалануға болатын әлуеттік (потенциалдық) қоры 53 км3/жылға жетеді. Мұның 16 км3/жылдайы барланған (2000). Қазақстандағы Алакөл артезиан алабы, Бетпақдала артезиан алабы, Каспий маңы артезиан алабы, Қаратау артезиан алабы, Қызылқұм артезиан алабы, Маңғыстау артезиан алабы, Мойынқұм артезиан алабы, Солтүстік Қазақстан артезиан алабы, Сырдария артезиан алабы, Торғай артезиан алабы, Ұлытау артезиан алабы, т. б. жер асты суының ірі қорлары саналады.
Қазақстан флорасы
Қазақстанда өсімдіктердің 15 мыңдай түрі бар. Оның 2 мыңнан астамы балдырлар, 5 мыңдайы – саңырауқұлақтар, 600-ге жуығы – қыналар, 500-ге жуығы мүк тәрізділер және 6 мыңнан астамы – жоғары сатыдағы түтікті өсімдіктер. Қазақстан микрофлорасының (саңырауқұлақтар) құрамындағы түрлердің 4,8%-ы эндемик болып табылады. Жоғары сатыдағы өсімдіктердің түр байлығы, интродукцияланған, мәдени дақылдар мен кездейсоқ әкелінген 500-ден аса түрлерді қоспағанда, 161 тұқымдасқа, 1120 туысқа жататын 6100-ге жуық түрден тұрады. Оның ішіндегі 730 түр тек Қазақстанда өсетін – эндемиктер. Бұлардың ішіндегі ең ерекше 12 монотипті туыс бар: физандра, рафидофитон, жалған шөлмасақ, жалған шандра, боченцевия, канкриниелла, тобылғыгүл, птеригостемон, пастернаковник, тоғайя, недзвецкия, шолақтауия. Қазақстан флорасындағы түрлердің басым бөлігі 15 тұқымдасқа топтасқан. Алғашқы құрлықтық өсімдіктердің қалдықтары Оңт. Балқаш өңірі мен Бұрынтауда жоғ. ордовиктік қатпарлардан табылған. Олар плаун тәрізділерге жататын Акдалопһyтон царадоцкі пен қырықбуынға жататын – Сарітұма татжанае. Бұлар шамамен 450 млн. жыл бұрын тіршілік еткен.
Республикамыздың қазіргі флорасы эоцендік субтропиктік (36 – 58 млн. жыл бұрын), олигоцендік орманды-мезофильдік (26 – 35 млн. жыл), неогендік ежелгі жерортатеңіздік таулы-ксерофиттік, субтропиктік-ксерофитті бұталық және миоцен-плиоцендік алғашқы далалық (13 – 25 млн. жыл), плейстоцендік (2 млн. жыл) флоралардың негізінде қалыптасқан. Өсімдіктердің Қазақстан жерінде таралуы, түрлер мен эндемиктердің топтасуы, табиғи аймақтар мен таулық белдеулерде әр түрлі. Республиканың осыншама бай өсімдіктер дүниесі түрлердің биол., экол., эвол. ерекшеліктеріне байланысты әр түрлібірлестіктер мен қауымдастықтарда жүйеленген.
Қазақстанның жазық бөлігі орманды далалық, дала, шөлейт және шөл белдемдеріне (аймақтарға) ажыратылады. Орманды далалық аймақ – республика жер аумағының 2,04%-ын алып жатыр, 54Әс.е-тен жоғары Көкшетау мен Петропавл қ-ларының маңында орналасқан. Орман түзуші түрлер: жылауық қайың, талдың бірнеше түрлері, бұталардан: итмұрын, тобылғы, далалық шие, т.б. бар. Бұл белдемнің шалғындық және далалық телімдерінде алуан түрлі шөптесін өсімдіктер мен астық тұқымдас шөптер басымдылық ететін қауымдастықтар таралған. Бұл аймақ 2 белдемге бөлінеді: 1) оңтүстік ылғалы аз қоңыржай жылы орманды дала белдемі – сұр ормандық топырақта қайыңды-теректі, теректі ормандар, ал қара топырақта шалғынды-далалық экожүйелер орналасқан; 2) қоңыржай құрғақ шоқталған орманды дала белдемі – қайыңды-теректі шоқ ормандар мен қара топырақтағы алуан-түрлі және астық тұқымдасты шөптесін өсімдікті далалық экожүйелер таралған.
Далалық аймақ - еліміздің жер аумағының 28%-ын алып жатыр, аум. 110,2 млн. га, батыстан (Еділ-Жайық өзендері аралығынан) шығысқа қарай (Алтай-Тарбағатай тау бөктері) 2500 км-ге созылып жатыр. Далалық флораның құрамында 2000-нан астам түр бар деп шамаланады. Оның 175-і – эндемиктер. Негізгі басым түрлер: қау (боз), сонымен қатар бетеге, тобылғы, қарағай, аласа бадам. Далалық аймақ 3 белдемге бөлінеді: 1) қоңыржай-құрғақ және құрғақ дала; кәдімгі және оңт. қара топырақтағы алуан түрлі шөптесін – бозды белдем; 2) қоңыржай-құрғақ және жылы-құрғақ белдем–күңгірт қара-қоңыр және қара-қоңыр топырақтардағы бетегелі-бозды дала; 3) шөлейт құрғақ, қоңыржай ыстық белдем – ашық қара қоңыр топырақтағы жусанды-бозды дала.
Шөлді аймақ – жалпы аум. 124,6 млн. га. Өзіне тән өсімдік жамылғысы алуан түрлі, 2500 – 2800 түр бар, олардың ішінде 200 – 215 түрі – эндемиктер. Шөлді аймақ 5 белдемге ажыратылады: 1) солтүстік далалы жердегі құрғақ, қоңыржай-ыстық шөлдер – аум. 40 млн. га., немесе еліміздің жер аумағының 14,7%-ы. Өсімдік жамылғысы астық-тұқымдасты – жартылай бұталы (боз, еркекшөпті-жусанды) шөлдер мен құмдақ-бұталы (жүзгін-раң-шағыржусан-еркекшөпті) шөлдер тарайды; 2) орталық (солтүстік тұрандық) өте құрғақ, ыстық шөлдер – аум. 51,2 млн. га, немесе республика жерінің 18,9%-ын алып жатыр. Бұл жерлерде жартылай бұталы (жусанды, бұйырғынды, изенді), сексеуілді, бұталы (қоянжын-жүзгінді) өсімдік жамылғысы дамыған; 3) оңтүстіктегі өте құрғақ, ыстық шөлдер – аум. 30,3 млн. га, немесе Қазақстанның 11,1%-ын алып жатыр. Бұл жерлерге эфемероидты – жартылай бұталы (сұр-жусанды, эфемерлі), ал дөң және тізбектелген аллювийлі – эолды құмдарда бұталы-сексеуілді-эфемероидты (сексеуіл-қоянжын-жүзгінді) өсімдік жамылғылары тән; 4) тау етегіндегі құрғақ, өте ыстық шөлдер – аум. 3,2 млн. га немесе Қазақстанның 1,2%-ы. Негізінен эфемероидты ірі шөптесін-жартылай бұталы өсімдіктер өседі; 5) тау етегіндегі өте құрғақ шөлдер – аум. 11,6 млн. га, немесе республиканың 4,3%-ын алып жатыр. Эфермероидты-псаммофиттік бұталы өсімдік жамылғысы тән.
Қазақстанның таулы экожүйелерінің аум. 18,6 млн. га, яғни республика жерінің 7%-ы. Бұл ретте есепке алынып отырғаны 4 – 5 биіктік белдеулі биік таулар ғана. Таулы экожүйелердің флорасын 3400 – 3600 түр құрайды деп шамаланады. Оның ішінде 540 – 570 түр эндемик болып табылады. Тек Қаратаудың флорасында 165 – 170 эндемик түрлер бар. Олардың ішінде, шыршалы (шренктік шырша, сібірлік шырша); май қарағайлы, самырсынды (сібірлік самырсын, сібірлік майқарағай); қылқан жапырақты ормандарды; алмалы (Сиверс алмасы, қырғыз алмасы), өрікті (кәдімгі өрік), қайыңды-теректі (түкті қайың, көк терек) – жапырақты ағаш ормандарды атап өтуге болады. Таулы экожүйелерде итмұрын мен бөріқарақаттың (зеректің), аршаның, қылшаның, бетегенің, сарыкүйік қауымдастықтары да кең тараған. Қазақстанның табиғи флорасы – пайдалы өсімдіктердің қайнар көзі. Мұнда жем-шөптік өсімдіктердің 700-ден астам түрі, дәрілік өсімдіктердің 400-ге жуық, әсемдік-безендірушілік 700 – 800, ширнелік (300-ден астам), эфир-майлық (450-ге жуық), улы-зиянды (250-ден астам) өсімдіктер түрлері бар.
Қазақстан фаунасы
Қазақстан жерінде сүтқоректілердің 180, құстың 500, бауырымен жорғалаушылардың 52, қос мекенділердің 12, балықтың 104-ке жуық түрі бар. Омыртқасыз жәндіктер шаян тәрізділер, ұлулар, құрттар, т.б.) бұдан да көп. Тек жәндіктер түрлерінің өзі-ақ 30 мыңнан асады.
Қазақстанның солт-ндегі орманды дала белдемінде бұлан, елік, ақ қоян, сұр тышқан, су егеуқұйрығы, орман тышқаны, бұлдырық, ақ кекілік, көл айдындарын су құстары – аққу, қаз, үйрек, шағала, тарғақ, қасқалдақ мекендеген. Еділ өз. жағалауынан Алтай тауы бөктеріне дейінгі астық тұқымдас шөп пен жусан, бетеге өскен далалық белдемде суыр, дала алақоржыны, сүйірбас сұр тышқан, кәдімгі сұр тышқан, дала тышқаны, саршұнақ, ал құстан – дуадақ, безгелдек, жылқышы, сұңқар, бозторғайлар, қыранқара, дала құладыны кездеседі. Көктемнен күзге дейін бұл жерлерде ақ бөкен үйірлері жайылады, олар қысқа қарай шөлді аймаққа ығысады.
Едәуір бөлігін Жайық өз-нің аңғарындағы орман алып жатқан далалық белдемнің батыс бөлігін бұлан, елік жайлаған, мұнда еур. қара күзен, жұпартышқан, орман сусары да кездеседі. Бұдан 200 жыл бұрын түгелдей жойылуға жақын қалған құндыз қайта пайда бола бастады. Қосмекенділерден Жайық, т.б. өзендердің аңғарында тарбақа, орман бақасы, т.б. кездеседі. Мұнда бұлдырық, сұр кекілік, тырна, бозторғай көп. Далалық белдемнің шығысында суыр, дала тышқаны, дала шақылдағы, ақ қоян, сілеусін, елік, арқар мекендеген. Өсімдік жамылғысы әркелкі шөлейт белдемде саршұнақтар мен қосаяқтың, құм тышқаны мен қоянның бірнеше түрі кездеседі. Мұнда ақ бөкен де, сондай-ақ 20 ғ-дың 40 – 50 жылдарында қарақұйрық та көптеп кездесетін. Бұл белдемде құстан дуадақ, шіл, қылқұйрық, бозторғай, т.б. бар. Қыста қар тоқтап, көктемде қар суы жиналатын Үстірт пен Маңғыстау жартастарының арасында кездесетін үстірт арқары жұтаң өсімдіктермен қоректеніп, ащы суды қанағат етеді. Үстіртте ұзын инелі кірпі, қарақұйрық, шөл сілеусіні – қарақал кездеседі.
Сазды және қиыршық тасты шөл дала жануарларынан Қазақстаннан басқа жерде кездеспейтін ерекше тұқымдас өкілі – жалманды атап өткен жөн. Ол тек Бетпақдалада, Балқаш к-нің солт. жағалауындағы кейбір аудандарда, Алакөл және Зайсан қазаншұңқырында ғана бар. Солт. Балқаш маңындағы бірнеше жерден ғана тіршілік ететін бес башайлы ергежейлі қосаяқ та ерекше жануар. Мұнда құстан шіл, қылқұйрық, тырна, жек дуадақ кездеседі. Оңт. Балқаш құмында осы араға ғана тән сексеуіл жорға торғайы, шөл дала жапалағы тіршілік етеді. Құмайтты шөлде бірқатар кесіртке (жұмырбас, ешкіемер), жылан (оқ жылан, айдаһар, қара шұбар жылан, т.б.) түрлері, дала тасбақасы тараған. Республиканың қиыр оңт-ндегі кейбір жерлерде келес сақталып қалған. Өзен-көл аңғарларындағы орман-тоғайларда елік, жабайы шошқа, құм қояны, қырғауыл, т.б. кездеседі. Балқаш, Сасықкөл, т.б. көлдердің жағалауындағы қалың қамыс арасында бірқазан, жалбағай, ақ құтан, көк құтан, қарақаз, шағала бар. Алакөл айдынын өте сирек кездесетін, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген реликт шағала қоныстайды. Қазақстанның шығысы мен оңт-н қоршап жатқан таулардың жануарлар дүниесі де сан алуан. Қылқан жапырақты Алтай ормандарында бұлан, марал, құдыр, сібір таутекесі, арқар, алтай көртышқаны, қоңыр аю, бұлғын, құну, күзен, барыс, тиін, борша тышқан, алтай суыры, құр, шіл, т.б. кездеседі. Зайсан қазаншұңқырынан оңт-ке қарай созылып жатқан тауларда [Сауыр, Тарбағатай, Жетісу (Жоңғар) Алатауы] марал, елік, арқар, сібір таутекесі, қоңыр аю, сілеусін, барыс, ұзынқұйрық саршұнақ мекендейді. Жетісу (Жоңғар), Іле Алатауы мен Талас Алатауында көкшіл суырдың орнына қызыл суыр және өте сирек кездесетін Мензбир суыры жерсіндіріле бастады. Қазақстанның оңт.-шығыс тауларында жыртқыш құстардан қозықұмай, тазқара, бүркіт тіршілік етеді.
Кең байтақ Қазақстан жерін мекендеген жабайы жануарлардың тәжірибелік маңызы бар: олардың кейбіреулері (ақ бөкен, марал, жабайы шошқа, ондатр, суыр) ауланады, екінші біреулері – өсімдік пен жануар зиянкестері (саршұнақ, тышқан, т.б.) мал мен адам ауруларын таратады. Кемірушілер жазық және таулы жерлерде оба ауруын, тышқан тәрізді, кемірушілер туляремия, лептоспироз, қуқызба ауруларын таратады. Қансорғыш кенелер аталған аурулардың кең етек алуына себепкер болып, малға бірқатар қан-паразиттік аурулар жұқтырады.
Жануарлар түрлерінің қазіргі сипаты бірқатар жағдайларға байланысты, олардың аралығында, ең алдымен, жердің аса кең аумақта игерілуі, осыған орай жер суару, не керісінше, көптеген жайма су аңғарларын құрғатып, тех. дақылдар егу нәтижесінде жер бедерінің өзгеруі сияқты жағдайларды атап көрсету керек. Мұның нәтижесінде соңғы 150 – 200 жыл ішінде республика бойынша керқұлан (Пржевальский жылқысы), қабылан, тұран жолбарысы, тоғай бұғысы сияқты түрлері жойылып кетті. Көптеген аса бағалы аң түрлерінің азайғандығы соншалық, тіпті оларға жойылу қаупі төнген. Бұлардың қатарына қарақұйрық, үстірт арқары, арқар, Мензбир суыры, ортаазия өзен құндызы, қарақал жатады. Құстардың ішінде дуадақ, безгелдек, жорға дуадақ, қоқиқаз, орақтұмсық, жылан жегіш қыран, бүркіт, балықшы, кезқұйрықты субүркіт саны тым азайып кетті. Олардың бәрі Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілді. Сондай-ақ, Қазақстанның “Қызыл кітабының” 3-басылымына қорғауға алынған аңдардың 40 түрі, құстың 56 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 10 түрі, қосмекенділердің 3 түрі, балықтың 16 түрі енгізілді. Қорықтарда көптеген сирек кездесетін жануар түрлері мемл. қорғауға алынды (қ. Ақсу-Жабағылы қорығы, Барсакелмес қорығы, Қорғалжын қорығы, Наурызым қорығы, Марқакөл қорығы, Үстірт қорығы). Республикамыздың қазіргі жануарлар дүниесі алуан түрлі, ал оның кең байтақ жерінде бұрын да көптеген жануарлар мекендеген. Мұнда бір кезде құрып кеткен омыртқалылардың 200-ден астам түрі, көне дәуірдегі теңіз жайылмасында тіршілік еткен бауырымен жорғалаушылардың, балықтардың, омыртқасыз жәндіктердің, мәселен, ұлулардың бірнеше жүздеген түрі табылды.
Достарыңызбен бөлісу: |