Айдарлы-мекиен тауық.
Тәрбиеші мекиен тауықты, балалар балапандарды бейнелейді. Бір бала (сәл үлкендеу) – мысық. Мысық шеттеу тұрған орындыққа отырады. Тауық пен балапандар бөлмеде жүреді.
Тәрбиеші:
Ертіп сары балапандарын,
Айдарлы әсем шықты тауық.
«Кетпеңдер ұзап, балақандарым,
Қыт-қыт», - дейді ауық ауық.
Мысыққа жақындап келіп тәрбиеші былай дейді:
Тұрған жолдың бойында
Орындыққа бүк түсіп.
Не бар, қайдам, ойында
Жатыр ұйықтап бір мысық.
Мысық көзі ашады,
Балапандар қашады.
Мысық көзін ашады, мияулайды да бөлменің белгілі бұрышына, - «үйіне», тауық-мамаға қашқан балапандарды қуа жөнеледі.
Тәрбиеші (тауық) қолын жан-жаққа бұлғап, балапандарын қорғайды да: «Кет, мысық, балапандарымды саған бермеймін!», - дейді.
Ойын қайталанғанда, мысықтың рөлі басқа балаға тапсырылады.
Негізгі қимыл – секіру.
Доп.
Тәрбиеші ойынды бір баламен ойнаудан бастайды. Қолын оның басына қойып, доп сияқты секіруді ұсынады. Бала қос аяқтап секіреді, ал тәрбиеші мынадай өлең айтады:
Секең, секең секеңдеп,
Қайда зырлап кетпес доп.
Төмен, төмен, төмендеп,
Жерге жетер-жетпес боп.
Доп болып осылай секіргісі келетіндер міндетті түрде табылады. Тәрбиеші әрқайсысымен кезекпен ойнайды.
Достарыңызбен бөлісу: |