Ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларды бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 9 тамыздағы № 814 қаулысы
«Ветеринария туралы» 2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 16) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидалар бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 9 тамыздағы
№ 814 қаулысымен
бекітілген
Ветеринариялық
(ветеринариялық-санитариялық)
қағидалар
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидалар (бұдан әрі – Қағидалар) «Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 16) тармақшасына сәйкес әзірленді әрі жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшiн мiндеттi болып табылатын ветеринариялық нормативтердiң негiзiнде ветеринариялық iс-шараларды жүргiзу тәртiбiн айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) аймақ – жануарлардың жұқпалы аурулары бойынша эпизоотия жағдайымен сипатталатын, әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiсiне қарамастан шартты түрде шектелген аумақ;
1-1) алдын ала міндетті медициналық тексеріп-қарау - жұмысқа тұрған немесе оқуға түскен кезде кәсібі немесе оқуы бойынша міндеттерін орындауға жарамдылығын анықтау, сондай-ақ жалпы, кәсіптік аурулардың алдын алу әрі инфекциялық және паразиттік ауруларды таратпау мақсатында жүргізілетін тексеріп-қарау;
2) ауру бойынша қолайсыз пункт (қолайсыз пункт) – эпизоотия ошағы белгiленген аумақ;
3) ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидалар – мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық бақылау объектiлерiне қойылатын ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық, зоогигиеналық) талаптарды белгiлейтiн, сондай-ақ ветеринариялық нормативтердiң негiзiнде ветеринариялық iс-шараларды жүргiзу тәртiбiн айқындайтын, жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшiн мiндеттi болып табылатын нормативтiк құқықтық акт;
4) ветеринариялық-санитариялық сараптама – жануарлардан алынатын өнiмдерi мен шикiзатының, жемшөп пен жемшөп қоспаларының ветеринариялық нормативтерге сәйкестiгiн уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен органолептикалық, биохимиялық, микробиологиялық, паразитологиялық, уыттық және радиологиялық зерттеулер кешенi арқылы айқындау;
5) ветеринариялық-санитариялық сараптама зертханасы – iшкi сауда объектiлерiнде және (немесе) басқа орындарда өткiзiлетiн жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатқа, жемшөп пен жемшөп қоспаларына ветеринариялық-санитариялық сараптаманы жүзеге асыратын заңды тұлға немесе заңды тұлғаның мамандандырылған бөлiмшесi;
6) ветеринариялық iс-шаралар – жануарлар ауруларының профилактикасын, оларды емдеудi немесе диагностикасын қоса алғанда, олардың пайда болуын, таралуын болғызбауға немесе оларды жоюға; жануарлар мен адамның денсаулығына қауiп төндiретiн аса қауiптi аурулар жұқтырған жануарларды залалсыздандыруға (зарарсыздандыруға), алып қоюға және жоюға; жануарлардың өнiмдiлiгiн арттыруға; жануарлар мен адамның денсаулығын жұқпалы, оның iшiнде жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау мақсатында, бiрдейлендiру рәсiмiн қоса алғанда, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттың, жемшөп және жемшөп қоспаларының қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған эпизоотияға қарсы, ветеринариялық-санитариялық рәсiмдер кешенi;
7) ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – ветеринария саласында басшылықты және мемлекеттiк саясатты iске асыруды, сондай-ақ өз өкiлеттiгi шегiнде салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
8) жануарды ветеринариялық тексерiп қарау – жануар саулығының жалпы жай-күйiн айқындау мақсатында ветеринариялық дәрiгердiң, мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық инспектордың оны клиникалық тексерiп қарауы;
9) жануарлар ауруларын қоздырушылар – вирустар, бактериялар, риккетсиялар, хламидиялар, микоплазмалар, приондар, қарапайым жәндiктер, саңырауқұлақтар, гельминттер, кенелер, жәндiктер;
9-1) жеке медициналық кітапша - халықтың декреттелген тобының өкіліне берілетін, жұмысқа жіберу туралы белгі қойылып, міндетті медициналық тексеріп-қараулардың нәтижелері енгізілетін жеке құжат;
10) карантин – эпизоотия ошағын жою және аурудың таралуына жол бермеу мақсатында эпизоотия ошағы, қолайсыз пункт пен ветеринариялық-санитариялық тұрғыдан қолайлы аумақ арасындағы шаруашылық байланыстарды шектеуге немесе тоқтатуға және орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектiлердi тасымалдауды (орнын ауыстыруды) тоқтата тұруға бағытталған ветеринариялық және әкiмшiлiк-шаруашылық iс-шаралар жүйесiн көздейтiн құқықтық режим;
10-1) мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау - халықтың денсаулығын, мекендеу ортасын және өнімдердің, процестердің, көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігін қорғау мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдарының Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнамасын бұзудың алдын алу, оларды анықтау, олардың жолын кесу жөніндегі қызметі, сондай-ақ халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің және гигиеналық нормативтердің сақталуын бақылау;
10-2) мерзімдік міндетті медициналық тексеріп-қарау - жұмыс істеушілердің денсаулық жағдайын динамикалық байқауды қамтамасыз ету, аурулардың бастапқы белгілерін уақтылы анықтау, жалпы, кәсіптік аурулардың алдын алу мен инфекциялық және паразиттік ауруларды тараптау мақсатында жүргізілетін іс шаралар;
10-3) санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шаралар - мекендеу ортасы факторларының адамға зиянды әсерін жоюға немесе азайтуға, инфекциялық және паразиттік аурулардың пайда болуы мен таралуының, жаппай уланудың алдын алуға және оларды жоюға бағытталған шаралар;
11) шаруашылық жүргізуші субъект – жануарлар өсірумен айналысатын жеке және заңды тұлғалар;
12) шектеу iс-шаралары – жануарлар ауруларының таралуына жол бермеу және ветеринариялық-санитариялық қолайлы жағдайға қол жеткiзу мақсатында эпизоотия ошағы мен қолайсыз пунктте шаруашылық байланыстарды iшiнара шектеуге және орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектiлердi тасымалдауды (орнын ауыстыруды) тоқтата тұруға бағытталған ветеринариялық, әкiмшiлiк-шаруашылық iс-шаралар жүйесiн көздейтiн құқықтық режим;
12-1) эпидемия - инфекциялық аурулардың әдетте тіркелетін ауыру деңгейінен айтарлықтай жоғары деңгейде жаппай таралуы;
13) эпизоотия ошағы – инфекцияны қоздырушы көздер, тарататын факторлар және ауруға бейiм жануарлар тұрған шектеулi аумақ немесе қора-жай.
Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 08.11.2013 № 1191 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
2. Мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және
қадағалау объектілеріне қойылатын ветеринариялық
(ветеринариялық-санитариялық, зоогигиеналық)
талаптар
3. Мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау объектілеріне қойылатын ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық, зоогигиеналық) талаптар бұл мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оларға қойылатын міндетті талаптардың жиынтығы.
Ауыл шаруашылығы жануарларына, жануарлардың
жыныс және дене жасушаларына қойылатын
талаптар
4. Ауыл шаруашылығы жануарлары клиникалық тұрғыдан сау және ветеринария саласындағы әдістемелік ұсыныстар мен нұсқауларда көзделген негізгі физиологиялық көрсеткіштерге сәйкес болуы тиіс.
5. Жыныс және дене жасушалары жануарлардың жұқпалы аурулары таралмаған аумақтарда орналасқан субъектілердегі клиникалық сау жануарлардан алынады.
6. Жануарларға, жануарлардың жыныс және дене жасушаларына қойылатын талаптар «Кеден одағындағы ветеринариялық-санитариялық шараларды қолдану туралы» Кеден одағы комиссиясының 2010 жылғы 18 маусымдағы № 317 шешімімен бекітілген ветеринариялық бақылауға (қадағалауға) жататын тауарларға қойылатын бірыңғай ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптармен белгіленеді.
Жануарлардан алынатын өнімдер мен
шикізатқа қойылатын
талаптар
7. Жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатқа қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Жұмыртқа және жұмыртқа өнімдерінің қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» техникалық регламентін бекіту туралы» 2010 жылғы 5 қарашадағы № 1161, «Балдың және ара шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» техникалық регламентін бекіту туралы» 2010 жылғы 5 қарашадағы № 1160, «Ет және ет өнімдерінің қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» техникалық регламентін бекіту туралы» 2008 жылғы 8 сәуірдегі № 336, «Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» техникалық регламентін бекіту туралы» 2008 жылғы 11 наурыздағы № 230 қаулыларымен және «Кеден одағындағы ветеринариялық-санитариялық шараларды қолдану туралы» Кеден одағы комиссиясының 2010 жылғы 18 маусымдағы № 317 шешімімен бекітілген ветеринариялық бақылауға (қадағалауға) жататын тауарларға қойылатын бірыңғай ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптармен белгіленеді.
Ветеринариялық препараттарға, жемшөп пен
жемшөп қоспаларына қойылатын
талаптар
8. Заңның 24-бабына сәйкес ветеринариялық препараттарды, жемшөп қоспаларын тiркеу сынақтарын жүргiзу үшiн қажеттi көлемде өндiру, әкелу (импорттау) жағдайларын қоспағанда, оларды мемлекеттiк тiркеуден өткiзгеннен кейiн ғана өндiруге, әкелуге (импорттауға), өткiзу мен қолдануға (пайдалануға) рұқсат етiледi.
Ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндiрудi, әкелудi (импорттауды), тасымалдауды (орнын ауыстыруды), өткiзудi, қолдануды (пайдалануды) қоса алғанда, олардың айналысы мiндеттi мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық бақылауға және қадағалауға жатады.
9. Дәрiлiк заттардың, сондай-ақ химиялық және микробиологиялық синтезделген жемшөп қоспаларының сапасы мен қауіпсіздігін растайтын, шығарушы кәсіпорын беретін ілеспе құжат бар болса, оларды әкелу, тасымалдау ветеринариялық сертификатсыз жүзеге асырылады.
Диагностика және ветеринариялық-санитариялық сараптама үшін
орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің және
биологиялық материалдың сынамаларына қойылатын
талаптар
10. Орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің және биологиялық материалдың сынамаларына қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 21 желтоқсандағы № 1576 қаулысымен бекітілген Орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің және биологиялық материалдың сынамасын іріктеу қағидаларымен белгіленеді.
Жануарлар профилактикасы, оларды емдеу, дауалау және бірдейлендіру,
жануарлар ауруларының диагностикасы, ветеринариялық-санитариялық
сараптама үшiн пайдаланылатын ветеринариялық және зоогигиеналық
мақсаттағы бұйымдар мен атрибуттарға қойылатын
талаптар
11. Жануарлар профилактикасы, оларды емдеу, дауалау және бірдейлендіру, жануарлар ауруларының диагностикасы үшiн пайдаланылатын ветеринариялық және зоогигиеналық мақсаттағы бұйымдар мен атрибуттарға қойылатын талаптар оларды пайдалану кезіндегі іс-шараларға байланысты, сондай-ақ қандай да бір бұйымдар мен атрибуттарды қолдану бойынша нұсқаулар мен нұсқаулықтарға сәйкес айқындалады.
12. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру үшін пайдаланылатын ветеринариялық және зоогигиеналық мақсаттағы бұйымдар мен атрибуттарға қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 31 желтоқсандағы № 2331 қаулысымен бекітілген Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру ережесімен белгіленеді.
Жануарлар ауруларының қоздырушыларын тарататын факторлар
болуы мүмкiн көлiк құралдарына, ыдыстың барлық
түрлерiне, буып-түю материалдарына қойылатын
талаптар
13. Жануарлардың аса қауiптi ауруларының шығуы тiркелген шектес мемлекеттердiң шекара маңындағы аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына келетiн көлiк құралдары Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында белгiленген кезеңге және тәртiппен міндеттi түрде дезинфекциялануға тиiс.
14. Тасымалданатын жүктің сипатына және олардың ветеринариялық-санитариялық бағасына байланысты көлік құралдары үш санаттың бірі бойынша өңделеді:
1) бірінші;
2) екінші;
3) үшінші.
15. Мына:
1) ветеринариялық-санитариялық қолайлы аумақтағы пункттерден шыққан дені сау жануарларды (оның ішінде құс, аң, зоопарк жануарларын, араларды, бауырымен жорғалаушыларды);
2) дені сау жануарлардан алынған өнімдер мен шикізатты тасымалдаған көлік құралдары бірінші санат бойынша өңдеуге жатады.
Үймемен тасымалданатын сойылған малдарды, етті, ет өнімдерін, жемдік астық пен құнарлы жемді тиеуге берілетін көлік құралдары да бірінші санат бойынша өңдеуге жатады.
16. Мына:
1) тасымалдау кезінде арасында ауру немесе жұқпалы ауруы бар деген күдік туған, сондай-ақ жұқпайтын немесе жұқпалы аурулардан өлген жануарлар (құстар) табылған жануарлар мен құстарды;
2) жұқпалы аурумен ауыратын жануарлардан және құстардан алынған немесе жұқпалы аурулар бойынша қолайсыз пункттерден дайындалған өнімдер мен шикізатты;
3) өсіру және жерсіндіру мақсатында тауарлық тірі балықтарды, сондай-ақ тиеуге берілетін балықты, ұрықтандырылған уылдырықты, шаяндарды;
4) экспорттаушы елде ыстық жуудан өткен импорттық жүн тасымалдағаннан кейін көлік құралдары екінші санат бойынша өңдеуге жатады.
Асыл тұқымды, күнделікті пайдаланылатын, цирктегі, зоопарктегі және спорттық жануарларды, сондай-ақ ет пен ет өнімдерін экспорттау үшін тиеуге арналған көлік құралдары да бірінші санат бойынша ветеринариялық-санитариялық өңдеуге жатады.
17. Мына:
1) жолда болған кезде немесе түсіру кезінде Халықаралық эпизоотиялық бюроның тізіміне енгізілген аса қауіпті ауруларға шалдыққаны белгіленген немесе күдік тудырған немесе арасында осы аурулардан өлген жануарлар болған жануарларды;
2) сібір жарасына зерттелмеген тері-былғары шикізатын;
3) қолайсыз елдерден түсетін жануарлардан алынған импорттық шикізатты;
4) камералық өңдеуден өтпеген және ыстықпен жуылмаған импорттық жүнді, қылшықты, қылды, мамықты, қауырсынды, түбітті, қабықты және басқаларын;
5) ветеринариялық-санитариялық шығу тегі белгісіз мал шаруашылығы жүктерін;
6) жануарлардың Қазақстан Республикасының аумағында кездеспейтін жұқпалы аурулары бойынша қолайсыз елдерден әкелінген жануарлардан алынған шикізат пен жартылай фабрикаттарды;
7) жиналған және даладағы сүйектерді тасымалдағаннан кейін көлік құралдары үшінші санат бойынша өңдеуге жатады.
18. Бірінші санат бойынша ветеринариялық-санитариялық өңдеуге жататын көлік құралдары алдымен қидан, қоқыстан, жүк қалдықтарынан және басқа да ластанудан тазартылады, содан кейін жуады. Жуу ыстық сумен жүргізіледі. Жуылатын беткі қабаттардағы су ағысының температурасы 600С төмен болмауға және брандспойттан шыққан кездегі қысымы 2 атмосферадан кем болмауға тиіс. Бастапқыда еден мен құрал-жабдықтарды, содан кейін қабырғаларды, төбені және есіктің ішкі жағы мен торларды жуады. Жуылмай қалған кірді қырғыштың, щетканың және сыпырғыштың көмегімен кетіреді. Содан кейін екінші қайтара еден мен құрал-жабдықтарды аққан су лайланудан толық тазарғанша жуады. Жууды қабырғаны өңдеумен аяқталады.
19. Екінші санат бойынша ветеринариялық-санитариялық өңдеуге жататын көлік құралдары механикалық әдіспен тазартылып, жуылады және дезинфекцияланады. Механикалық тазарту алдында ішкі қабырғалар мен еден немесе қидың үстіңгі қабаты, сондай-ақ көлік ішіндегі барлық құрал-жабдықтар дезинфекциялаушы ерітіндімен ылғалдандырылады.
20. Ылғалды дезинфекциялау үшін шашыратқыш ұшы бар қондырғылар пайдаланылады. Алдымен еден, содан кейін қабырғалар мен төбе дезинфекцияланады, осыдан кейін еден екінші рет дезинфекцияланады.
Дезинфекциялаушы ерітінді мүмкіндігінше тік бұрышпен шашылады, ол көлік құралының ішіндегі барлық үстіңгі беттерге бірқалыпты жағылады. Ерітінді, әсіресе бұрыштарға, тесіктерге, есіктерге мұқият шашылады. Көлік құралдарының сыртқы қабырғалары міндетті түрде дезинфекцияланады.
Дезинфекциялаушы тосқауылда (дезинфекциялаушы блок) көліктің қозғалғыш бөлігін ветеринариялық-санитариялық өңдеу мынадай операцияларды қамтиды:
1) қозғалғыш бөлігі мен түбін механикалық әдіспен тазарту және жуу;
2) дезинфекциялаушы ваннаға дезинфекциялаушы жұмыс ерітіндісін толтыру;
3) шашырату арқылы көлікті (дөңгелектері мен түбін) дезинфекциялаушы блокта өңдеу;
4) қозғалғыш бөліктің бетін дезинфекциялаушы ерітіндінің қалдықтарынан тазарту.
21. Орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерге арналған ыдыс пен буып-түю материалдары таза, құрғақ, бөгде иістерсіз, суға және майға төзімді, ерімейтін және сіңірмейтін, өнімнің химиялық құрамын өзгертпейтін, оған дәм мен иіс бермейтін болуы тиіс.
Ветеринария саласындағы жеке және заңды
тұлғалардың қызметіне қойылатын
талаптар
22. Жеке және заңды тұлғалар ветеринария саласындағы мынадай талаптардың орындалуын қамтамасыз етеді:
1) осы Қағидаларды сақтай отырып, жануарлар ауруларының алдын алуды және орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн ветеринариялық және әкiмшiлiк-шаруашылық iс-шараларды жүзеге асырады;
2) зоопарктердегi, цирктердегi, омарталардағы, аквариумдардағы жануарларды қоса алғанда, жануарларды ветеринариялық нормативтерге сәйкес асырауды, өсiруді және пайдаланылуын жүзеге асырады;
3) аумақтарды, мал шаруашылығының қора-жайларын, сондай-ақ жемшөптi, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты сақтауға және өңдеуге арналған құрылыстарды осы Қағидалар мен ветеринариялық нормативтерге сәйкес ұстауды жүзеге асырады, қоршаған ортаның ластануына жол бермейді;
4) орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді ұстауға, өсiруге, пайдалануға, өндiруге, дайындауға (союға), сақтауға, қайта өңдеу мен өткiзуге байланысты мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектiлерiн орналастыру, салу, қайта жаңғырту және пайдалануға беру кезiнде, сондай-ақ оларды тасымалдау (орнын ауыстыру) кезiнде зоогигиеналық және ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарды сақтайды;
5) ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiрудi және оларға ветеринариялық паспорттарды ресiмдеудi қамтамасыз етеді;
6) мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау органдарын жаңадан сатып алынған жануарлар, туған төлдер, олардың сойылғаны мен сатылғаны туралы хабардар етеді;
7) ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өз жануарларына уақтылы вакцина егуді және олардың диагностикасын қамтамасыз етеді;
8) бiрнеше жануар кенеттен өлген, бiр мезгiлде ауырған немесе олардың жүріс-тұрысы әдеттегіден өзгерген жағдайлар туралы ветеринар мамандарды хабардар етеді және ветеринар мамандар келгенге дейiн ауру деп күдiк тудырған жануарларды оқшаулап ұстау жөнiнде шара қолданады;
9) мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторларға орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді ветеринариялық тексеру үшiн кедергiсiз береді;
10) мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлардың жануарлардың және адамның денсаулығына қауiп төндiретiн орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді залалсыздандыру (зарарсыздандыру), өңдеу жөнiндегi талаптарын орындайды;
11) өткiзу үшiн сойылатын жануарларды союдың алдында ветеринариялық тексеру жүргiзбей союға және сойғаннан кейiн ұшалары мен мүшелерiне ветеринариялық-санитариялық сараптама жасамай өткiзуге жол бермейді;
12) кейіннен өткізуге арналған ауыл шаруашылығы жануарларын ет өңдейтін кәсіпорындарда, сою пункттерінде немесе ауыл шаруашылығы жануарларын сою алаңдарында союды Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырады;
13) ветеринар мамандарға өздерiнiң қызметтiк мiндеттерiн орындауына жәрдем көрсетеді;
14) диагностикалық зерттеу және ветеринариялық өңдеу жүргізу мақсатында жаңадан келіп түскен, әкелінген, сатып алынған жануарларды күнтізбелік отыз күн бойы оқшаулап ұстайды;
15) жаңа, жетілдірілген ветеринариялық препараттарға, тамақ өнімін, жемшөп, жемшөп қоспаларын өндіруге арналған нормативтік-техникалық құжаттаманы уәкілетті органмен келіседі.
Орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді өсiретiн,
дайындайтын, сақтайтын, өңдейтiн, өткiзетiн немесе
пайдаланатын, сондай-ақ ветеринария саласындағы ғылыми
қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың
аумақтарына, өндiрiстiк үй-жайлары мен
қызметiне қойылатын
талаптар
23. Орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді өсiретiн, дайындайтын, сақтайтын, өңдейтiн, өткiзетiн немесе пайдаланатын жеке және заңды тұлғалардың аумақтарына, өндiрiстiк үй-жайлары мен қызметiне қойылатын талаптар «Жануарларды өсіруді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілеріне қойылатын ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарды бекіту туралы» 2012 жылғы 13 қарашадағы № 1439, «Жануарлардан алынатын өнім мен шикізатты дайындауды (мал союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектiлеріне қойылатын ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарды бекіту туралы» 2012 жылғы 13 қарашадағы № 1444, «Жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарға қойылатын ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарды бекіту туралы» 2012 жылғы 19 қазандағы № 1327 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларымен белгіленеді.
24. Жануарларды пайдалану рәсiмдерiн, сондай-ақ ветеринария саласындағы ғылыми зерттеулер жүргiзiлетiн үй-жайлар мен аумақтарды қоса алғанда, ветеринария саласындағы ғылыми зерттеулер Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының талаптарына сай болуға тиiс.
Ғылыми зерттеулер нәтижесiнде әзiрленген немесе жетiлдiрiлген ветеринариялық препараттардың, жемшөп пен жемшөп қоспаларының ветеринариялық нормативтерге сәйкестiгiн анықтау мақсатында олар байқаудан өткiзiлуге тиiс.
Микроорганизмдердiң Қазақстан Республикасында бар, сондай-ақ жануарлар ауруларының диагностикасы кезiнде ғылыми зерттеулер нәтижесiнде алынған штаммдары ветеринарияда пайдаланылатын сақтаулы микроорганизмдер штаммдарының Ұлттық коллекциясында сақталуға тиiс.
Ветеринария саласындағы мамандарды даярлау және олардың біліктілігін жоғарылату жөніндегі бағдарламалар уәкілетті органмен міндетті түрде келісілуге тиіс.
Мал айдалатын жолдарға, маршруттарға, мал
жайылымдары мен суаттардың
аумақтарына қойылатын
талаптар
25. Ауыл шаруашылығы жануарларын тасымалдау (орнын ауыстыру) маршруттарын (мал айдау жолдарын) тиiстi аумақтардың бас мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық инспекторларымен келiсім бойынша ауданның (қаланың) жергiлiктi атқарушы органдары айқындайды.
Ауылдық тауар өндiрушiлердiң малын маусымдық жайылымдарға, ет комбинаттары мен мал сатып алу орындарына айдап апару үшiн ұзақ мерзiмдi пайдаланылатын мал айдау жолдарына, әдетте, айдалатын малдың жолдағы азығын қамтамасыз ететiн мөлшерде жер пайдалану шекарасының бойындағы жайылымдық алқаптардан жер учаскелерi берiледi.
26. Бiр ауданның шегiнде мал айдауға арналған ұзақ мерзiмдi пайдаланылатын мал айдау жолдарына жер учаскелерiн аудандық (қалалық) атқарушы орган бередi.
Бiрнеше ауданның аумағы арқылы мал айдау үшiн мал айдайтын жолдарға жер учаскелерiн беру туралы шешiмдi облыстық атқарушы орган қабылдайды.
27. Ұзақ мерзiмдi пайдаланылатын мал айдайтын жолдардың жер пайдаланушылары болып табылатын тұлғалар қажеттi мөлшерде құдықтар мен малды суаруға және малды дамылдатуға арналған алаңдар, экологиялық талаптардың сақталуын және жолдардың қалыпты пайдаланылуын қамтамасыз ететiн құрылыстар мен ғимараттар салуға, айдалатын малды белгіленген тәртіппен ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен келісілген мерзімдерде кедергiсiз өткiзуге мiндеттi.
Ветеринариялық есеп пен есептiлiк, ветеринариялық анықтама,
ветеринариялық-санитариялық қорытынды, сараптама актiсi
жөнiндегi құжаттамаға қойылатын
талаптар
28. Ветеринариялық есеп пен есептiлiк жөнiндегi құжаттамаға қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 қарашадағы № 1259 қаулысымен бекітілген Сәйкестендіру есебін қоса алғанда, ветеринариялық есепке алу мен есептілікті жүргізу, табыс ету қағидаларымен белгіленеді.
29. Ветеринариялық анықтама мен ветеринариялық-санитариялық қорытындыға қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 22 қыркүйектегі № 1230 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілеріне ветеринариялық құжаттарды беру қағидаларымен белгіленеді.
30. Сараптама актiсiне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2012 жылғы 2 қазандағы № 1-3/490 бұйрығымен бекітілген Ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік қызмет регламенттерімен белгіленеді.
Мал көмінділеріне
(биотермиялық шұңқырларға)
қойылатын талаптар
31. Мал көмінділеріне (биотермиялық шұңқырларға) қойылатын талаптар ветеринария саласындағы уәкілетті орган бекіткен Ветеринариялық объектілерді технологиялық жобалау нормаларымен көзделеді.
Ішкі сауда объектілеріне қойылатын
талаптар
32. Ішкі сауда объектілеріндегі мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау мiндеттi болып табылады.
33. Орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілер ішкі сауда объектілеріндегі мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық бақылауға және қадағалауға жатады.
34. Ішкі сауда объектілеріндегі мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау:
1) орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің ветеринариялық ілеспе құжаттарға сәйкестiгiн тексеруді;
2) жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты ветеринариялық тексеріп қарауды;
3) жеке және заңды тұлғалардың ветеринария саласындағы заңнаманың талаптарын сақтауын тексеруді;
4) жануарлардың саулығына және адамның денсаулығына ерекше қауiп төндiретiн жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес алып қоюды және жоюды;
5) ветеринария саласындағы заңнаманың талаптарына сәйкес келмейтiн, орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді залалсыздандыруды (зарарсыздандыруды), өңдеудi ұйымдастыруды қамтиды.
35. Ішкі сауда объектілерінде орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің ветеринариялық нормативтерге сәйкестiгiн айқындауды ветеринариялық-санитариялық сараптама зертханалары жүзеге асырады.
36. Жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты ветеринариялық-санитариялық сараптама өткізбей сатуға тыйым салынады.
37. Жануарлардан алынатын өнімге және шикізатқа ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргiзу тәртiбiн уәкiлеттi орган айқындайды.
38. Ішкі сауда объектілерінің әкімшіліктері Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалауды және ветеринариялық-санитариялық сараптаманы жүзеге асыру үшін мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторларға, ветеринариялық-санитариялық сараптама зертханаларына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шарттық негізде ветеринариялық нормативтерге сәйкес келетін қызметтік үй-жайлар береді.
Процессингтік орталыққа қойылатын
талаптар
39. Процессингтік орталыққа қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 шілдедегі № 959 қаулысымен бекітілген Процессингтік орталықтың жұмыс істеу қағидаларымен белгіленеді.
Достарыңызбен бөлісу: |