§ 3. Қазақстандағы көппартиялықтың қалыптасуы
XX ғасырдың басында Қазақстанның экономикалық саяси және әлеуметтік жағдайы ауырлап кетті. Ресейдің отаршылдық езгісі күшейе берді, одан қоныс аударған қоныс аударушылар қазақтың шұрайлы жерлерін тартып алуын көбейтті халықтың жағдайы төмендей түсті. Сондықтан қазақтың зиялылары тығырықтан шығудың жолын іздеді. Алғашында олар үміттсрін Ресейдің кадет партиясына артты. 1905 жылдың желтоқсанында Орал қаласында А. Бөкейхановтың бастауымсн 5 облысының "делегаттар съезі" шақырылды. Онда кадет партиясының бөлімі (филиалы) құрылып, сол партияның бағдарламасын кабылдады. Бірақ кадеттер болсын, уақытша үкімет болсын 1917 жылдың ақпан революциясынан кейін де біздің өңіріміздегі ұлттық, аграрлық және т.б. мәселелерді шешуге тырыспады. Ал қазақтардың өзін-өзі билеуі немесе автономиясы туралы сөз де қозғалмады. Осының бәрі А. Бөкейхановты кадет партиясынан шығып, жана "Алаш" партиясын құруға мәжбүр етті. Ол туралы "Қазақ" газетінің 1917 жылғы 256-санында арнайы мақала шықты.
Бірінші бүкілқазақтың съезд Орынборда 1917 жылы шілденің 21-26 арасында өтті. Күн тәртібінде 14 мәселе қаралды. Бірақ делегаттар басты назарды ұлттық автономия жер құрылтай жиналысын дайындау және қазақтың саяси партиясын құру мәселелеріне аударды.
1917 жылы 21 қазанда "Қазақ" газетінде "Алаш" партиясы бағдарламасының жобасы басылып шықты. Оның ең маңызды баптарына мыналар жатады: Ресей демократиялық федеративтік республика, ал оған кіретін мемлекеттер тәуелсіз болуы керек; Ре-сей республикасында дініне, шыққан тегіне, жынысына қарамай бәрі де тең; онда тендік, жеке адамның дербес құқылығы, сөз, баспасөз, одақтар еркіндігі қолданылады; дін мемлекеттен бөлінеді, барлық діндер тең қазақтардың өзіндік муфтияты болуы керек; билік пен сот әр халықтың ерекшелігіне сай құрылуы, би мен қазы жергілікті халықтың тілін білуі тиіс, барлық оқу орындарында акысыз білім және ол барлық адамдардың игілігі болуы керек және басқалар.
1917 жылы желтоқсан айының бас кезінде Орынборда екінші жалпы қазақтың съезі шақырылды. Онда Алашорда үкіметі құрылды. Басшысы болып А. Бөкейханов сайланды. Бірақ ол үкіметтің өмірі қысқа болды да, мақсатына жете алмады. 1918 жылы қарашада Алашорда үкіметі кеңестік әскерлердің күшімен талқандалды, "Алаш" партиясының басшылары мен мүшелері репрессияға ұшырады.
"Алаш" партиясы жөнінде ғалымдар арасында екі түрлі көзқарас бар. Біреулері (В.Григорьев, П.Пахмурный, А.Сармурзин) бұрынғы коммунистік идеологияның тұрғысынан оны "буржуазиялық-ұлтшыл" партия ретінде қарайды. Екіншілері (М.Қозыбаев, М.Койгелдиев) оны ұлттық-демократиялық партия деп санайды. Шынында да, алаштықтар капитализмді құру немесе тек таза ұлттық мемлекетті орнатуды өздеріне бағдарламалық мұрат етіп койған жоқ. Олар саяси еркіндікті аңсады, өркениетті адамгершілікті қоғам құрғылары келді. Бұл буржуазиялық-ұлтшылдық емес, жалпы демократиялық мақсатқа жатады.
"Алаш" теориясы сияқты 1917 жылдың күзінде Қазақстанда "Үш жүз" деген партия құрылды. Оның басшысы Қ.Тоғысов деген болатын. Ол большевиктерге бағдар ұстап, "Алаш" партиясының басты оппоненті болды.
1918 жылы 1 каңтарда Семейде большевиктердің партия ұйымы құрылды. Ал Кеңес өкіметі кезінде, көпшілікке белгілі, жалғыз басқарушы партия СОКП болды.
Қазақстан тарихында шұғыл бетбұрыс болып, өшпес із қалдырған Алматыдағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы. Ол жалғыз біздің елді ғана емес, бұрынғы Кеңес Одағына кірген елдердің барлығын дүр сілкіндірді. Қазақ жастары бірінші болып "орталықтың" отаршыл саясаты мен әкімшіл-әміршіл жүйесіне ашық қарсылық білдіріп, тайсалмастан, батыл шеруге шықты. Бұл көтеріліс азаттық жолындағы күреске, жаңа саяси ұйымдар мен қозғалыстардың пайда болуына түрткі болды. 1987 жылы шілдеде СОКП Орталық Комитетінің қазақ халқын ұлтшыл деп кінәлаған қаулысы жағдайды одан әрі асқындырып жіберді. Қазақтың ұлттық санасын дамыту, өзінің шықкан тегіне бет бұру, тілін, дінін, ұлтгық мәдениетін дамыту керектігін дәлелдеп, алға тартып бастамашы топтар пайда бола бастады. Осы мәселелерді бірінші болып көтерген "Желтоқсан" қозғалысы дүниеге келді, кейін (1990ж. мамырда) соның негізінде осы аттас партия құрылды.
Республиканың саяси өмірінде "Қазақ ССР-індегі қоғамдық бірлестіктер туралы" заңы айтарлықтай рөл атқарды. Ол азаматтарға қоғамды құйымдар құру еркіндігіне кепілдік берді. Бейресми саяси партиялар мен бірлестіктер заңды жұмыс істеуіне мәртебе алды. Олар тіркеуден өткеннен кейін халық, депутаттығына талапкерлерді ұсынуға құқылы.
Республикадағы алғашқы қоғамдық-саяси құрылымдар Коммунистік партияға оппозиция ретінде пайда болды. Кейінірек, тәуелсіздікті алып, жаңа конституцияға дайындыққа байланысты саяси күрестің басты мәселелері болып азаматтық, мемлекеттік тіл, жердің жеке меншікке сатылуы және т.б. қойылды.
Егер Республика аумағында белді рөл атқарған (көбі әлі де атқарып жүрген) бірнеше партиялардың бағыт-бағдарламаларына, іс-әрекеттеріне тоқталсақ, олар мыналар:
Ұлттық-демократиялық "Желтоқсан" партиясы. Жоғарыда айтылғандай, бұл қозғалыстың тууына түрткі болған 1986 жылғы желтоқсан окиғалары болды. Ұйымдасуы жағынан бұл қозғалыс І989 жылдың көктемінде қалыптасты. 1990 жылғы мамырда "Әділет", "Азамат", "Жерұйық", "Кәусар бұлақ", "Форум" сияқты қоғамдық ұйымдардың бастамасымен құрылтай съезі шақырылды. Сонда "Желтоқсан" қоғамдық комитетінің негізінде осы аттас партияның құрылғаны туралы декларация қабылданды.
Партияның бағдарламасында республиканың саяси және экономикалық егемендігі үшін, мемлекеттік тіл қазақ тілі болуын, 1986 жылғы Желтоксан окиғалары құрбандарын орынсыз тағылған кінәдан толық ақтау, оларға саяси құрбандар мәртебесін беру, Қазақстаннан тыс жерлерде тұратын отандықтармен тығыз байланыс ұйымдастыру, ислам дінінің қайта өркендеуі жолында күрес жүргізу көрсетілген.
Қазақстанның республикалық "Азат" партиясы. Ол өзінің тарихын 1990 жылғы шілдеде болған Қазақстанның азаматтық "Азат" қозғалысының құрылтай конференциясынан бастайды. 1991 жылғы 4 қыркүйекте "Азат" қозғалысынын құрылтай конференциясында парламент тұрпатындағы Қазақстанның республикалық "Азат" партиясының пайда болғаны туралы шешім қабылданды. Ол бағдарламасында Қазақстанның шын мәніндегі егемендігін қамтамасыз етуді, аумақтық тұтастығын сақтауды, елдің қоғамдық тұрмысын демократияландыруды, қазақ тілін, ұлттық дәстүрді дамытуды және т.б. мақсат етіп қояды.
Жалпы алғанда ұлттық-демократиялық "Желтоқсан" партиясы, Қазақстанның республикалық "Азат" партиясы, "Алаш" ұлт-бостандық партиялары ұлттық және ұлттық-демократиялық түрде қалыптасып, негізінен Кеңес Одағы кезінде қысымшылықты көп көрген қазақ халқына басымдықтар беріп, тілін, дінін, мәдениетін дамытуға жағдай жасауға үлкен мән берді. Ол кезде бұрынғы әдетке салып сепаратистік пиғылдағы ұйымдар бас көтеріп тұратын. Бұл партиялардың ондай іс-әрекеттеріне қаймықпай қарсы тұрып, тойтарыс беріп тұрғанын айтқан жөн.
Қазақстанның социал-демократиялық партиясы 1990 жылғы 26-27 мамырында құрылды. Бағдарламасында батыс елдеріндегі осы аттас партиялардай бостандық, ынтымақтастық, әділеттілік идеяларын ту етеді. Бұл партия тұрмыс сапасын жақсарту, саяси, экономикалық, әлеуметтік реформаларды жүзеге асыру және т.б. мақсаттарды көздейді.
Қазақстанның социалистік партиясы. 1991 жылғы 7 қыркүйекте құрылды. Онда Қазақстан Коммунистік партиясының кезектен тыс (төтенше) съезі өтіп, оның мүшелері өзін-өзі әшкерелеген идеологиядан бас тартып, соның негізінде Қазақстанның социалистік партиясының пайда болғанын жариялады. Бағдарламасында мынадай стратегиялық мақсаттарды қояды: саяси салада шынайы демократияны, құқықтық мемлекетті, биліктің бөлінуін, саяси алуан түрлілікті, ұлттардын тендігін және дінге сенім бостандығын жақтайды, экономика саласында - қатаң қаржы саясатын, салық реформасын, меншікті мемлекетсіздендіру және жекешелендіру, еркін бағаны енгізу, әлеуметтік салада - халықтың осал жігін - аналар мен балаларды әлеуметтік қорғау, жұмыссыздықты болдырмау. Сонымен қатар бұл партия ТМД елдерінің аясында неғүрлым тығыз интеграция жасауға, ұлттық шеңберден тыс құрылымдар құруға қарсы еместігін білдіреді. Өздерін Коммунистік партияның мирас қорымыз деп санайды.
"Қазақстанның Халық конгресі" партиясы 1991 жылғы 5 қазанда өткен құрылтай съезінде құрылды. Өзін центристік либералдық-демократиялық партиямын деп санайды. Ол азаматтық кұқықтық қоғам орнатуды қалайды. Қазақстан жағдайына сәйкес келетін мемлекеттік биліктің түрі деп Президенттік республиканы және 2 Палаталық Парламентті түсінеді. Экономикалық салада әлеуметтік бағытталған мемлекет реттейтін нарықтық экономиканы құруды дұрыс көреді. Біздің мемлекетіміздің экономикалық және мәдени гүлденуінің негізгі шарты азаматтық келісім деп біліп, ұлтаралық түсінушілікті қамтамасыз етуге басты көңіл бөледі. Ол шығармашылық зиялы қауым мен кәсіпкерлік топтарға бағдар ұстайды.
"Қазақстанның Халық бірлігі" одағы 1993 жылғы 6 ақпанында өткен құрылтай конференциясында дүниеге келді. Оған көптеген шенеуніктер кірді. Сондықтан бұл партияны қарсыластары "номенклатуралық партия", "үкімет партиясы" деп атады. Бұл партия Президент Н.Ә.Назарбаевтың көзқарасын жақтайды. Ол өзін әлеуметтік бағдар ұстаған, нарықтық экономикаға сүйенген демократиялық қоғам қалыптастыруды қолдайтын саяси ұйым деп жариялады. Ол көппартиялық жүйе жасауды, әлеуметтік серіктестік пен азаматтық келісімді, саяси және ұлтаралык тұрақтылықты, Қазақстанның әлемде саяси салмағының күшеюін, оның гүлденуін қалайды. 1995 жылдың қаңтарында болған съезінде одақты партия деп атауға шешім қабылданған. 1999 жылы наурыз айында бұл партия "Отан" партиясының құрамына кірді.
2002 жылғы шілденің 15-інде «Саяси партиялар туралы» жаңа Заң қабылданды. Оған дейін елімізде 19 партия болған. Соңғы Заң бойынша партия болу үшін оның 50 мың мүшесі болуы керек. Соған орай казір 12 партия тіркеуден өтті. Оларға Қазақстанның социал-демократиялық "Ауыл" партиясы, Республиканың саяси "Отан" партиясы, Қазақстанның Коммунистік партиясы, Қазақстанның демократиялық "Ақ жол" партиясы, "Асар" республикалық партиясы, Қазақстанның Аграрлық партиясы, Қазақстанның Азаматтық партиясы, Қазақстанның Демократиялық партиясы, "Руханият" партиясы және т.б. жатады.
Мемлекеттік тіркеуден бірінші болып өткен «Ақ жол» партиясы. Оның басшылары - кезінде билік басында кызмет істеген, саяси тәжірибелері бар, қырықтың қырқасына шыққан белгілі азаматтар. Олардың әр салада, әсіресе саяси-экономикалық реформаларға байланысты өздерінің көзқарастары, тұжырымдамалары бар. Үкіметтің басқан ізін бағып, көбіне сын-пікір айтып отырады. "Ақжол Қазақстан", "Эпоха" сияқты басылымдары бар.
Қазіргі электораты (сайлаушылары) көп, 170 мыңнан астам мүшесі бар Республикалық саяси "Отан" партаясы. Оның дүниеге келіп, калыптасуына Н.Назарбаев көп күш жұмсады. Тіпті ол партияның төрағасы болып та сайланған болатын. Бірақ Қазақстан Республикасы Конституциясы бойынша Президент ешқандай партияға мүше бола алмайтындықтан ол бұл партиядағы мүшелігін тоқтатты. Бұл партиядағылардың басым көпшілігі - мемлекеттік қызметкерлер мен билік басына жақын адамдар. Сондықтан оны билік партиясы деп те атайды. Оның іс-әрекетін жұртшылыққа жеткізіп, үгіт-насихат жүргізетін бұқаралық ақпарат құралдары, әр түрлі басылымдар мен телеарналар жетіп артылады. Бұл партия кәсіпкерлікті, орта және шағын бизнесті дамытуға, елде әлеуметтік-экономикалық жаңғыртуға басты назар аударады.
"Отан" партиясына жақын тұрған - Қазақстанның Азаматтық партиясы. Ол негізінен ірі өндіріс орындарының қызметкерлері мен жұмысшыларына сүйенеді. Сондықтан олар қаржыдан тарлық көрмейді. Сондай-ақ оларды шетелдік инвесторлар қатты қолдайды. Соған орай бұл партия парламентте тікелей шетелдік капиталдың мүддесін көздеп, мейлінше, соларға тиімді заңдарды қабылдауға ұмтылады.
"Асар" партиясының бағдарламасына қарағанда ол "оңшылдар" ("Отан", Аграрлық, Азаматтық партиялар) мен "солшылдардың" ("Ақ жол", Қазақстан коммунистік партиясы, Қазақстанның патриоттық партиясы) арасындағы центристік бағытты ұстанбақ. Елімізде болашақта күшті саяси-әлеуметтенген мемлекет орнатпақ. Республикамызда өндіріс орындарын ашып, оны шикізат өндіру көзінен құтқармақ. Жерді жекеменшікке беруді дұрыс деп санайды.
Қазақстан Коммунистік партиясын негізінен бұрынғы коммунистер құрайды. Басым көпшілігі - зейнеткерлер. Бұл партия үкіметтің істеген ісін әрдайым сынға алып, оппозициялық сынай білдіреді.
Қалған партияларды көпшілік жұрт жөнді біле бермейді. Ғани Қасымов болмаса, олардың бағыт-бағдармаларын оқып, байыбына бара бермейді.
Қазіргі кездегі негізгі мәселе - республикамызда тәуелсіз әлеуметтік бағыт алған, демократиялық, құқықтық мемлекет құру. Оған еліміздегі ешқандай партияның дауы, қарсылығы жоқ бәрі де мойындайды. Әңгіме тек оны қалай жүзеге асыру керек, ол жолда қандай тәсілдер мен құралдарды пайдаланған жөн: батыл, түбегейлі түрде ме әлде ақырын, бірте-бірте ме немесе тағы басқа ма?
Сонымен қатар республикадағы барлық партиялар өздерінің бағдарламаларында демократиялық құндылықтарды жақтайтындығын, нарықтық экономикаға тырысатындығын білдіріп, Қазақстанда азаматтық келісім мен тұрақтылық болғанын қалайды.
Республикадағы партиялардың саны үнемі өсуде. Бірақ көппартиялықтың қалыптасу процесі ақырын және күрделі өтуде. Күрделілігі сол - көптеген партиялар саяси процеске шын мәнінде тығыз араласпайды, қоғаммен дамыған байланыс жүйесі жоқ. Партиялар арасында әдеттегідей өркениетті қатынастар мен байланыстар әлі орнамаған. Сондықтан Қазақстанда қалыптасқан көппартиялық туралы айту әлі ерте сияқты.
Оның себептері қандай? Ең алдымен, республикада пікір алуандығының тарихи дәстүрінің болмауы, саяси мәдениеттін төмендігі, құқықтық негіздің әлсіздігі. Оның үстіне, кейбір партиялар пікірлестердің бірлестігі ретінде қалыптаспады, "жоғарғы" жақтың ұйғарымымен жасалады. Оларды болашақ сайлауда өз кандидатурасын ұсыну үшін құрады. Сондықтан жергілікті жерде халықтың біразы ондай партиялардың барын да білмейді.
Көптеген партиялардың өз мақсат, бағдарламаларын насихаттап, үгіт жүргізсрлік мүмкіндіктері аз. Олардың баспалары, радио, теледидарларда каналдары не мерзімді уақыттары жоқ.
Қазақстанда көппартиялықтың бұдан әрі даму бағыты қандай болмақ деген сұрақ тууы мүмкін. Топтық мүдделердің жіктелуіне қарай бағыт-бағдары жақын партиялар бір-біріне жақындай түсуі, жинақталуы, жаңа партиялардың дүниеге келуі, кейбіреуінің саяси сахнадан кетуі мүмкін. Болашақ партиялар көбіне жан-жақтылық сипат алатындай сыңайы бар.
Қазақстанның Конституциясы елдегі конституциялық құрылысты күшпен өзгерту, Республиканың тұтастығын бұзу, мемлекеттің қауіпсіздігіне зиян келтіру, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік ала ауыздық туғызу және заң жүзінде көрсетілген әскери құрылымдарды ұйымдастыруға тыйым салады. Басқа мемлекеттердің саяси партиялары мен кәсіподақтарының, діни негіздегі партиялардың жұмысы, сонымен қатар саяси партиялар мен кәсіподақтарды шетел мемлекеттері жеке халықаралық ұйымдарының қаржыландыруына рұқсат етілмейді. Сонымен қазіргі қоғамның өмірінде саяси партиялар алдыңғы қатардағы орынның бірін алады. Олар осы мемлекеттік билікті қорғап, нығайту немесе оны өзгерту үшін құрылады. Партиялар бұқара халықтың мүддесін топтап, жинақтай білгенде күшейе түседі. Олар қоғамның саяси дамуының маңызды көрсеткіші болып саналады.