59.Қазақ КСР-ның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация. Қазақ КСР-ның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация 1990 ж. 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысы бойынша қабылданған тарихи құжат. Салық Зиманов «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның» жобасын дайындау жөніндегі комиссияны басқарды. Декларация жобасын академик Сұлтан Сартаев жасады.
Егемендік Декларациясы 17 бап тұрады.
1990 жылы 16 қыркүйекте «Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның» жобасы алғаш рет бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.
Декларацияда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі жарияланып, елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы баяндалды. Ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде айтылды. Конституциялық құрылысқа қарсы жасалатын кез келген күштеу әрекеттері, оның аумағының тұтастығын бұзуға шақыратын, ұлт араздығын қоздыратын жария-ұрандардың заң бойынша жазаланатыны ескертілді. Республиканың саяси, экономикалық, әлеуметтік, ұлттық-мәдени құрылысына, оның әкімшілік-аумақтық құрылысына байланысты мәселелер ешкімнің араласуынсыз дербес шешілетіні жарияланды. Президент - Республиканың басшысы, ең жоғарғы әкімшілік-атқарушылық биліктің иесі ретінде танылды. Жер, оның қойнауы, су, әуе кеңістігі, өсімдіктер менхайуанаттар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар, халықтың мәдени және тарихи қазыналары, бүкіл экономикалық, ғылыми-техникалық әлеует Республика егемендігінің негізін құрай отырып, оның ерекше меншігінде болатыны көрсетілді. Деклараңияда: "Қазақ КСР-і Республика үлесіне сәйкес жалпыодақтық мүліктегі, оның ішінде алмас, валюта қорлары мен алтын қорындағы өз үлесіне құқылы, республика аумағында ядролық қарудың сыналуына, жаппай қырып-жоятын қарудың өзге түрлері (хим., бактериолог., биолог., т.б.) үшін сынақ полигондарын салуға және олардың жұмыс істеуіне тыйым салынады" деп жазылды. "Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі мен Президентке бағынатын, солардың бақылауында болатын өз ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын ұстауға Қазақ КСР-нің құқы бар" делінді. Декларациядағы бағдарлама негізінде 1991 ж. 16 желтоқсанда "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы" Конституциялық заң қабылданды.1990 жылғы 25 қазандағы «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңымен бірге 1991 жылғы 16 желтоқсанда жаңа тәуелсіз мемлекеттің конституциялық-құқықтық негізін қалап, Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін формальдау жолында іргелі заңнамалық акт болды.