9. ІІ Бүкілқазақ съезі және Алаш партиясының құрылуы. Алаш партиясының бағдарламасы. Екінші жалпықазақ съезі — 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында Орынбор қаласында XX ғасыр басындағы қазақ қайраткерлері Алаш Орда үкіметін жариялаған съез.
Бұл съез Ресейде Қазан төңкерісі болып, большевиктер билікке келгеннен кейінгі тарихи алмағайып кезеңде ұйымдастырылды. Съез шақыру жөніндегі комиссия мүшелері Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Е.Омарұлы, С.Досжанов оны ұйымдастыруда айрықша белсенділік танытты[1]. Төрағасы — Б.Құлманов. Құрылтайға қазақ сахарасының әр аймақтарынан, Самарқан облысы мен Алтай губерниясындағы қазақтардың атынан — 58 делегат, әр түрлі қазақ ұйымдарының атынан — 8 делегат және арнайы шақырумен — 15 адам қатысып, барлық жиын-терісі 81 делегат келген. Құрылтайдыдың күн тәртібіне 10 мәселе қойылды:
Сібір автономиясы;
Түркістан автономиясы және Оңтүстік-шығыс Одағы туралы;
Қазақ-қырғыз автономиясы;
Милиция туралы;
Ұлт кеңесі;
Ұлт қазынасы;
Мүфтилік мәселесі;
Халық соты;
Ауылды басқару және
10. азық-түлік мәселесі.
Алғашқы баяндаманы Ә. Бөкейхан жасап, ол жөнінде қаулы қабылданады. Қаулыда — қазақ аутономиясы, милиция (жасақ) және Ұлт кеңесі мәселелерін қарауға жеті кісілік комиссия құрылады. Құрылған комиссия атынан Халел Ғаббасов аутономия, милиция және Ұлт кеңесі туралы баяндама жасайды.
Баяндама бойынша құрылтай бірауыздан қаулы қылады:
…қазанның аяғында Уақытша үкімет түскенін, Русия мемлекетінде халыққа сенімді және беделді үкіметтің жоқтығын, әкімшілік жоқ болған соң, халық арасы бұзылып, пышақтасып кететіндігі, бассыздық күшейіп, бүкіл мемлекет бүліншілікке ұшырап, күннен күнге халықтың күйі нашарлауын және бұл бүліншілік біздің қырғыз-қазақтардың басына да келуін мүмкін деп ойлап, бүкіл қазақ-қырғызды билейтін үкімет керектігін ескеріп, съезд бір ауыздан қаулы қылады:
1) Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқан облыстарындағы, Амудария бөліміндегі, Закаспий облысындағы қазақ уездері және Алтай губерниясындағы іргелес жатқан қазақ болыстарының жері бірыңғай, іргелі халқы қазақ-қырғыз, қаны, тұрмысы, тілі бір болғандықтан, өз алдына ұлттық, жерлі автономия құруға;
2) қазақ-қырғыз автономиясы — «Алаш»[2] деп аталсын…
3) Алаш автономиясының жер үстіндегі түгі -— суы, астындағы кені Алаш мүлкі болсын…
5) Қазақ-қырғыз арасында тұрған аз халықтың құқықтары теңгеріледі. Алаш автономиясына кірген ұлттардың бүкіл мекемеде санына қарай орын алады…
6) Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен уақытша Ұлт кеңесі құрылып, мұның аты «Алаш орда» болсын. Алаш ордасының ағзасы (мүшесі) 25 болып, 10 орын қазақ-қырғыз арасындағы орыс және басқа халықтарға қалдырды.
Алаш орданың уақытша орны — Семей қаласы.
Алаш орда бүгіннен бастап қазақ-қырғыз халқының билігін өз қолына алады…