45 Шығай хан. Тәуекел хан, оның саясаты. Мәуереннахр аумағына жорықтардың нәтижелері. Қазақ халқының этникалық аумағы қалыптасуының аяқталуы.
Шығай хан — қазақ хандығының 9-шы ханы (1580—1582 жж.) билік құрған.Хақназар хан қаза болған соң оның орнына Жәдік сұлтанның баласы, Жәнібек ханның немересі Шығай 1580-1582 жылдары хан болды. Ол бұл кезде сексен жаста болғанымен, қазақтардың ішінде беделді хан болды. Оның өміріне қатысты мәліметтер тарихта аз сақталған. Шығай хан қазақ хандығының сыртқы саясатындағы Хақназар хан ұстаған бағытты жалғастырды. Ол Шайбани мұрагерлерінің арасындағы қақтығыстарды қазақ мемлекетін нығайту мақсатында ұтымды пайдаланды.
1582 жылы Бұхара ханы Абдолла, қазақ ханы Шығай және оның баласы Тәуекел сұлтанмен күш біріктіріп, Ташкент билеушісі Баба сұлтанға қарсы Ұлытау жорығын ұйымдастырды. Баба сұлтан жеңіліп, Дешті-Қыпшақ даласына қашады, өзбек, қазақ әскерлері Баба сұлтанды Сарысуға, Ұлытауға дейін қуады. Шығай хан сол жорықта қайтыс болды. Түркістанға қайтып келе жатқан Баба сұлтанды Тәуекел сұлтан өлтіріп, басын Абдоллаға әкеледі. Қас жауын жойғанға риза болған Абдолла хан Тәуекелге Самарқан өлкесіндегі Африкент уәлаятын тарту етеді.
1582 жылы Шығай хан қайтыс болғаннан кейін таққа оның ұлы Тәуекел (1582-1598 жж.) отырады.
Тәуекелдің хан жағдайын 1586 және 1594 жылдар арасында жүргізілген ұзақ та табанды күрес нәтижесінде жеңіп алғаны, оның содан кейін Мәскеумен қатынастар жасау кезінде нағыз хан ретінде әрекет еткені анық болады.Қазақ елшілері орыс патшасына Қазақ хандығының жайы туралы бірқатар қызықты мәліметтер жеткізді. Мәселен, Құл-Мұхамед былай деп хабарлаған: «Ал қазір Бұхара патшасымен уақытша татумыз, ал ноғайлармен бауырлардай татумыз, Тинехматтың балаларымен де, ұрыс тұқымымен де ала-бөтен емеспіз». Бұл елшілік туралы істе Тәуекел хан «қазақ және қалмақ патшасы» деп те аталған, бұдан оған Орталық және Солтүстік Қазақстанды мекендеген қазақтарға жақын көшіп-қонып жүрген кейбір жоңғар рулары бағынған деген қорытынды жасауға болады.Сонымен қазақ елшілігінің алдында Ораз-Мұхаммедті қайтаруға қол жеткізу және Абдаллахқа қарсы күресте Мәскеудің көмегіне уәдесін алу міндеттері қойылды. 1595 жылғы наурыз айында елшіге патшаның жауап грамотасы тапсырылды, онда Тәуекелге қазақ хандығын «өзінің патшалық қол астына» алатынын хабарлаған және «патша мен ханзадаларға оқ ататын қару» жіберуге уәде етеді де, одан әрі мынадай тілек айтады: Тәуекел «біздің патшалық қол астымызда болғандықтан және біздің патшалық әміріміз бойынша Бұхара патшасымен және бізге опасыздық жасаған сібір патшасы Көшіммен соғысып, біздің ұлы мәртебелі патшамызға жол салатын боласыздар».Тәуекелдің елшілері Мәскеуге Иран шахы Абдаллахқа қарсы бірлесіп күресуі туралы келісімге қол жеткізу үшін Иран елшісін өздерімен бірге Тәуекелге жіберуін сұрады. Елшілердің өтініші орындалды.Құлмұхаммед елшілігіне жауап ретінде 1595 жылдың наурыз айында Мәскеуден Тәуекел ханға тілмаш Вельямин Степанов жіберілді.
Тәуекел ханнның Мауереннахрға жорығы, 1598 жылы Бұхар хандығына жасаған. Жорық қарсаңында Абдолла ханға өзінің ұлы, мұрагері Абд әл-Мұмин қарсы шығып, Бұхар хандығында саяси дағдарыс орын алған еді. Осы сәтті пайдаланған Тәуекел хан 100 мыңдай әскерімен жорыққа аттанды. Қысқа мерзім ішінде Сайрам, Түркістан, Ташкент қалаларын басып алып, Самарқандқа қарай жылжыды. Абдолла хан Тәуекел ханды өзіне лайықты қарсылас деп санамай, оған қарсы өз әскерінің бір бөлігін жіберді. Екі жақ әскері Ташкент пен Самарқандтың аралығында жолығып, шайқасқа түсті. Абдолла хан әскері ауыр жеңіліске ұшырады. Бұл оның тез арада әскер жинап, оны өзінің басқаруына мәжбүр етті. Абдолла хан көп әскермен наурызда Бұхарадан Самарқандқа келіп жеткенде кенеттен қайтыс болды. Оның мұрагері ретінде таққа отырған Абд-әл-Мұмин Тәуекел ханға тойтарыс беруге дәрменсіздік танытып, көп ұзамай бүлікшіл әмірлердің қолынан қаза тапты. Бұл жағдай Тәуекел ханның Самарқандты басып алуын оңайлатты. Тәуекел хан Самарқандты алғаннан кейін онда інісі Есім сұлтанды 20 мың әскермен қалдырып, өзі 80 мың әскермен Бұхараға аттанды. Жаңадан таққа отырған билеуші Пір-Мұхаммед қазақтармен ашық шайқасқа түспей, қала қорғанын нығайтты. Тәуекел хан әскері қаланы он бір күн бойы шабуылдап ала алмады. Он екінші күні Бұхараны қорғаушылар шабуылға шығып, Тәуекел хан әскерлеріне ойсырата соққы берді. Тәуекел хан жараланып, қазақ жасақтары кері шегінуге мәжбүр болды. Нақшбандийа ордені шейхтерінің араласуымен екі жақ бейбіт келісімге келді. Бұл келісім бойынша қазақтар Самарқандтан бас тартты. Алайда Ташкент, Сайрам және Түркістан қалалары қазақтар иелігіне көшті.
Достарыңызбен бөлісу: |