№3 басылым орнына


-12 - дәрістер. «Қазақ» газеті



бет13/42
Дата18.12.2021
өлшемі475,5 Kb.
#102991
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   42
Байланысты:
76fcec2b-9197-11e3-8e6b-f6d299da70eeКазжуртар мет материал
76fcec2b-9197-11e3-8e6b-f6d299da70eeКазжуртар мет материал
11-12 - дәрістер. «Қазақ» газеті.
6.1 “Қазақ” қоғамдық-саяси газет.

6.2 “Қазақ” газетін шығарушылар.

“Қазақ” – қоғамдық-саяси және әдеби газет. 1913 жылы 2 ақпаннан бастап Орынборда аптасына бір рет, 1915 жылы аптасына екі рет шығып тұрған. Тиражы 3000, кейбір мағлұматтарда 8000-ға жеткен. Бірінші редакторы – белгілі ғалым, жазушы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов, екінші редакторы – қоғам қайраткері, жазушы Міржақып Дулатов, бастырушысы Мұстафа Оразаев, кейін “Азамат” серіктігі болған. Газеттің басылып шығуына алғаш қаржы жинастырып, әрі қалтасынан қаражат шығарған Ахметишан Оразаев болған. Ахаң газетке автор ретінде де қатысып “Қызылқұм елінде” деген секілді мақалалар да жарияланып тұрған. Хусаинов - Каримов баспаханасында басылып тұрған. Газеттің 1918 жылғы сандарының редакторы Жанұзақ Жәнібеков. Барлығы 265 нөмірі жарық көрді.

Газетте XX ғасырдың басындағы қазақ жұртының саяси-әлеуметтік өмірінің ең түйінді мәселелеріне, шаруашылық жағдайына, жер мәселесіне, басқа елдермен қарым-қатынасына, оқу-ағарту, бала тәрбиесіне, әдебиет пен мәдениет, әдет-ғұрып, салт-санаға, тарих пен шежіреге арналған Ә.Бөкейхановтың, Ш.Құдайбердиевтің, М.Жұмабаев пен С.Дөнентаев, Б.Майлин, С.Торайғыров, Ғ.Қарашев, А.Мәметов, Б.Серікбаев, Р.Малабаев, Қ.Қоңыратбаев сынды әдебиетіміздің дамуына үлесін қосқан ардақты ағаларымыздың ғылыми шығармалары, әңгіме өлеңдері басылып, аудармалар туралы сын мақалалар мен қатар Л.Толстойдан, А.Чеховтан, М.Лермонтовтан, В.Короленкодан, И.Крыловтан алғашқы аудармалар жарық көрген.

“Қазақтың” басты бағыты ағартушылық мәселесін қамтыды. Өнер, білім жағынан қалың қазаққа бас-көз болды. Мысалы, “Оқу жайы”, “Қазақша оқу жайы” атты мақалалар оқудың мән-жайын, маңызын, әсіресе, “Қазақтың шаруасына, бір жақтан надандықтан кемшілік келгенде, екінші жақтан білімсіздігін көріп тұрғандар басынып, елдігінен, теңдігінен қалдырып, тиісті сыбағасына қиянат істеп тұрғаны санасы бар қазаққа ескерерлік іс еді. Бұл заманда қол жетпегендерді теңдікке жеткізетін, әлсіздерге күш беретін өнер-білім, сол өнер білімге мезгіл өтпей тұрғанда үйренсек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяқ астында жаншылмас едік, біз де өз алдымызда бір жұрт екенімізді білдірер едік”, - десе, “орысша оқу орыс қолтығында тұрған жұртқа керек, қазақша оқы, жаза білген соң, шама келсе орысша да білу керек”, - дейді. Газет 1913 жылы жарияланған материалдарында оқудың мән-жайын, маңызын айтып көпке түсіндіруге тырысса, екінші 1914 жылғы “Бастауыш мектеп” (№ 61), “Мектеп керектері” (№ 62), “Оқу мезгілі” сияқты мақалаларында мектеп, медресе жайларын нақты көрсетіп, мұқтаждарын айтады.

“Қазақ бастауыш мектебі қандай болуы керек?” және “Ол мектептердің қажеті не?” деген сауалдарға қазақтың ұлы ағартушысы А.Байтұрсынов XX ғасырдың басында-ақ: “Правила бойынша, қазақ тілімен, қазақ әрпімен бастап оқыт деп отырған балалардың ата-анасы жоқ, халықтың өз тілімен, өз әрпімен оқығанын әкімдер жақтырмайтын болған соң, учительдер өз беттерімен ана тілімен, ұлт әрпімен бастап оқытамыз дей қоймады. Сөйтіп, правила қағаз жүзінде бар болса да, іс жүзінде жоқ. Бұл айтылғанның бәрі де үкімет өз пайдасын көздегендіктен істеліп тұрған жайлар. Бастауыш мектептер жалғыз хүкімет пайдасы үшін болмай, халық пайдасы үшін де боларға керек. Хүкіметке керегі – мемлекеттегі жұрттың бәрі бір тілде, бір дінде, бір жазуда болу, әр халыққа керегі – өз діні, тілі, жазуы сақталу. Солай болған соң бастауыш мектеп әуелі миссионерлік пікірден, политикадан алыс болуға керек, яғни, қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдық пікір, суық қолдан тыныш боларға керек” – деп жауап берген болатын.

Жоғарыда біздер “Қазақты” қоғамдық-саяси газет деп атадық. Үйткені редакция алқасының үкімет саясатының жазылуына көп мән бергендігі байқалады. Ондағы басты мақсат – қазаққа үкімет жайын, оның не екені, мүдделері түсіндіріліп, жиылыс-мәжілістер талқылаған басты мәселелермен таныстыру еді. Мысалы, “Г.Дума” (1915 жыл, № 145), “23 қаңтар” (1913 жыл, № 98), “30 қаңтар” (1915 жыл, № 100), “Орынбор, 22 ақпан” (1915 жыл), “Г.Дума ашылды” (1916 жыл, № 169), “Г.Дума” (1916 жыл, № 179), “Дума һәм хүкімет” (1916 жыл, № 207) атты материалдарда мемлекеттік дума кеңес жұмыстары жөнінде жан-жақты түсінік берілген.

Басылымда бұл мақалалардың көпшілігін Ә.Бөкейханов “Қыр баласы” деген бүркеншік атпен жазған. Мәселен, оның газеттің 1914 жылғы 49-нөмірінде бүркеншік атпен жариялаған бір мақаласынан: “Мұның ғылымды кісілері неше түрлі закон жобасын кітап қылып басып шығарады, сөз білгіш ғылымдының қызметі кітап басқан, шығын партияның депутаттары қанша закон жобасын кіргізді. Осы закон жобасының бәрін жалғыз депутаттар емес, Г.Думада жоқ, сыртта жүрген партияның ғылымды білгіш қосылып жазады. Жұма сайын Г.Думада қарайтын кезекті закон жобаларын депутаттар пара жарыс қылып, қарап өтеді. Осы пара жарыста тағы білгіш, ғылымды партияның кісісі болады”, - деп жазды.

Өзге мақалаларда Дума кеңесінде қаралған басты мәселелердің бірі – соғыс барысы, қару-жарақ жайы сөз болады. Мәселен, газет 6 тамызда болған дума ақсақалдарының кеңесіндегі “Дума таралуға тиіс пе, жоқ па?” деген жайдың тексерілгенін айта келіп, әртүрлі партия өкілдерінің сөздерін қысқаша түрде беріп отырған. Төрағаның көпшілік думаны таратпау керектігін, үдету жағында болғанын мағлұм етеді, әрі кеңес қаулысының мынадай: 1) табысқа қарай салық салу; 2) мемлекеттік банкінің правосын арттыру; 3) босқындарға жәрдем; 4) екінші разряд опалчиндері соғысқа алу және т.б. жобаларды қабылдау туралы тоқтамға келгенін атап көрсетті.

“Қазақтың” ерекше атап өтерлік тағы да бір маңызды қызметі оның денсаулық мәселесіне ыждағатпен ден қоюын айтар едік. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында қазақ жерін оба ауруы меңдеп, адамдардың көп өлгені белгілі. Осы орайда газет жұмысына Ахмет, Әлиханмен бірдей атсалысқан публицист М.Дулатов денсаулық ішінде халықты апатқа ұшыратқан оба ауруына байланысты “Чума жайынан”, “Чума сиезінен” атты материалдар жариялап, қазақ халқының қайғылы қасіретін былай деп көрсетеді: “Орал облысындағы қазақтың саны 6 жүз мың, неше жүз шақырым жерге жайылған осынша халыққа хүкіметтің қойғаны 3 дәрігер. Бәлкім үштен де кем болар еді, егер Орал облысында мұнан бұрын чума болып шошытпаған болса, Жаздыгүні басталған дертті хакімдер қазанның аяғында білді, сонда чумаға қарсы қару қылуы чума қазақ жерінен казак-орыс (Калмыкова) жеріне ойысып бара жатқан соң болды деуге болады” деп, өкіметтің індетті насырға шапқанда ғана қолға ала бастағанын айтады.

Одан әрі автор: “Санитар отряд келгенше дерт 14 орында білініп, айналасы 80 шақырымдық қазақ даласына жайылып кеткен. Сол жерлік хакімдердің бар күштерін жұмсаған нәрсесі казак-орыс жеріне дертті жібермеу болғанын, сол үшін білініп тұрған жерлерді айнала қаматып күзеттіріп қойғанын жасырмайды. Дертке қарсы тұруға жіберген 4 дәрігер еш көмекшілерсіз, құралсыз. Бұл төрт доктордың екеуі қазақ, екеуі орыс: Халел Досмұхаметов, Даулетия Бағалиев; Кольцов пен Калинин”.

Оба әуелі басталып, күшті болған жері Есентөбені қоныс қылып отырған қазақтың жартысы қырылып бітті. 306 адамнан 154-і ғана тірі. Одан дерт Тұмантөбеге жалғасып мұнда 33 кісі, әрі Қалмықовқа ауысып, онда 13 кісі өлген. Үш күннің ішінде Есентөбеде 120 қазақ өліп, бұларды көметін кісі болмай қалған”, - деп ашына әңгімелейді.

Бұл патша саясатының шет аймақтарда тұратын ұлттарға жасап отырған кезекті қысастығының бірі еді. Міне “Қазақ” газеті осының бәрін қорқып, үрікпестен ашық жазып, халықтың санасын оятуға күш салды.

Халқымыздың тарихында әлі күнге дейін толық түсінік таппай келе жатқан жағдайдың бірі – патша үкіметтің 1916 жылғы бұратана халықтардан солдат алу мәселесі. Міне “Қазақтың” ұлтшыл-байшыл атанып, ұзақ жылдар бойы қараланып келуі осындай жайларға да байланысты болатын.

Ашығын айту керек, Қ.Бекқожин “Қазақ баспасөзі тарихының очеркі” атты еңбегінде басылымның жарық көру мақсатын Троицк қаласында шығып тұрған прогрессивтік бағыттағы “Айқап” журналына кереғар бағыт ұстанушы орган ретінде көрсе, 1982 жылы қалың оқырман қолына тиіп, күні кешеге дейін академиялық еңбек болып саналып келген “Қазақ ССР тарихының” 3-томы ,,... 1916 жылы 25 июньде тылдағы жұмыстарға мобилизациялау туралы патшаның указы жарияланысымен-ақ қазақтың буржуазиялық ұлтшылдарының лидерлері бірқатар кеңестер өткізіп оларда патша өкімет орындарына көмек көрсету жөніндегі шаралар белгіленді. Патша әкімшілігінің рұқсаты бойынша 1916 жылғы 7-августа Торғайда Қазақстанның бес облысы – Ақмола, Жетісу, Семей, Орал және Торғай облыстары өкілдерінің кеңесі шақырылды. Кеңесте феодалдық-рулық жоғарғы топ көтерілісшілер қозғалысына өздерінің дұшпандықпен қарайтынын және патшаның жігіттерді тылдағы жұмысқа мобилизациялау туралы указын қолдайтынын мәлімдеді. Дін басылары да реакцияны қолдап шықты”, - дей келіп “Қазақ” газетінің 1916 жылғы 8 шілдедегі нөмірінен “Патшаның бұйрығы – ақиқат, сондықтан оған қарсы тұруға болмайды... Сол себептен де біз патшаның бұйрығын орындамай отыра алмаймыз” деген цитатасын келтіреді. Аңдап қарасақ, бұл үшін шын пиғылдан туған пікір емес, кешегі кеңес үкіметті жылдарында қызыл империяның идеологиясына қарай жазылған саясаттандырылған баға еді.

Өйткені, “Қазақтың” патшаның бұл бұйрығын алақай салып, қуана қарсы алмағандығына оның бетінде жарияланған түрлі материалдарды оқи отырып, көз жеткізуімізге болады. Мысалы, газеттің 1916 жылғы 207-нөмірінде жарияланған мына екі мақалаға назар аударып көрейікші. Алғашқы мақала “Торғай облысы Ырғыз һәм Торғай уездерінің бас хүкіметінің бұйрығы” деп аталады. Онда, “25 июньде шыққан патша жарлығы бойынша” мемлекеттегі бұрын ғаскерлік қызметінен азат бұратана халықтар соғыс желкесіндегі жұмысқа шақырылды.

Бұратаналардың көбі, патша жарлығына сөзсіз көніп, кісілерін беріп те қойды. Дәл осы күні мыңдаған сарт, бурят, қазақ жігіттері соғыс желкесіндегі жұмысқа кірісіп, ондағы майданға керек солдаттарды босатты.

Жалғыз-ақ, кейбір бұратаналар, олардың ішінде патша пәрменімен менің қол астына тапсырылған Ырғыз һәм Торғай уездерінің қазақтары шақыруға ризалығымен өздері ғана келіспеулерімен қоймай, өзгелерді де қорқытып, күш жұмсап, мемлекет борышын өтеуге жібермей қойды. Патша жарлығына мойын ұсынбаған қазақтарды табуға һәм лайықты жазаларын беруге қам қылынды. Ал желіккен ағайындарынан қорыққандығынан ғана шақыруға келмеген қазақтар енді тоқтаусыз төменгі көрсетілген орындардың біріне қаралуға келсін деп бұйырамын.

Кісі беріп бітірудің ең ақырғы срогы 15 январь 1917 жыл. 15 январьдан кейін шақыруға келмеген еркек жанның бәрі қалмай жасын айыру үшін қаралады һәм жасы 19 бен 31 арасында болып шақыруға келмегендер ауру-суына қарамай тегіс сотқа беріледі. Патша жарлығын орындамағаны үшін.

Қаралатын жерлер Ырғыз, Торғай қалалары һәм Шалқар поселкесі.

Ырғыз һәм Торғай уездерінің іс хакімі:

Генерал-лейтенант Тулин”, - деп қол қойылған.

Екінші мақала “Торғай һәм Ырғыз уезінің халқына!”деп берілген. Мұнда “Өздеріңе мағлұм, Россия қол астындағы ғаскерлік қызметінен азат халықтарды, оның ішінде біздің қазақ халқын соғыс жұмысына алуға 25 июньде патша жарлығы шықаннан бері бес ай өтті. Сонан бері халықтардың көбі келіп кісілерін берді”. Бірсыпыра халықтар, мысалы, Түркістан сарттары әуелдегі кезде шошынып, бізді жұмысқа алмайды, солдатқа алады деп көнбей қарсылық қылды. Бұл қарсылық қылғандарды аз күннің ішінде ғаскер шығып, қуғынға ұшыратты. Жинақ деген жердің 20 мың халқы жоқ болды. Тірі қалғандары босып кетті. Мал-мүлік, шаруадан айырылды. Жетім-жесір қалды, жер-суы қазынаға кетті. Сөйткенмен, бұл Түркістан халқы да патшаның құрығынан құтыла алмай, ақырында көнді, жігіттерін берді. Жетісуға қараған қырғыз халқы да көнбеймін деп, тау-тасқа, сай-салаға паналап қашты, ақырында олар да бүліншілікке ұшырап, бұл күнде қырғынға ұшырап жатыр.

Бұл елдердің бүлік басылары да военный сотқа беріліп, асылды, атылды. Биылғы күзде көнбей жанжал шығарған Түркістан сарттары һәм Жетісу қырғыздарынан алынған жігіттер бұл күнде міндеттерін Орынборда өтеп жатыр. Ақмола, Семей облыстарының кейбір уездерінде қазақтар шошынып қашқан екен, елге ғаскер көп күш жұмсайтынын көрген соң, текке жүрмелік, қатын-баланың көз жасына қалмалық, жазықсыз қан төктірмелік, бәрібір құтыла алмаспыз деп, олардың көнгендігі бізге белгілі болып отыр.

Міне, біздің Торғай һәм Ырғыз уездерінен 15-20 октябрьден бастап кісі алынбақшы еді, жастар келмеді. Сондықтан елге неше мың ғаскер, зеңбірек, пулемётпен шығып тұр. Жақсылықпен көнбесеңіздер, патша жарлығына мойынұсынбағандық, законге қарсылық деп күш жұмсалмақ. Бұл анық. Көнбесеңіздер Жетісу, Жизақтың күні сендердің де бастарыңа туады. Қырғын болады, босқа қан төгіледі, шаруа күйзеледі. Жұрттың жұрттығы, берекесі кетеді. Соның үстіне ғаскер көндіреді, алмай қоймайды. Қатын-бала бір қырылады, жігіт екі алынады. Бүлік басылары военный сотқа беріледі, асылады, атылады. Бұл хатты жазушы – біздер өз балаларың, өз тумаларың жанымыз ашиды, қаьырғамыз қайысады. Біздің ата-ана, туған-туысқандарымыз іштеріңізде. Бізді қазақ баласы, қанына тартады, жаны ашиды десеңдер, тіл алыңдар: қан төкпеңдер, қарсылық қылмаңдар, алынатын жастар басын қорғаймын деп, үйдегі кемпір-шал, қатын-баланың обалына қалмасын! Бізді орысша оқып, орыс арасында жүр, біздің пайдамызды айтпас деп ойлайтындарың бізді құдай мен аруаққа тапсырыңдар: біз газет арқылы болсын, ауызша да болсын, бұрын сан рет айтқанбыз, көнбесеңдерелге бүліншілік болады, ғаскер шығады, түбінде алмай қоймайды дегенбіз. Сол айтқанымыз, міне келді. Бұған біздің көзіміз бұрыннан жеткен. Әлде болса да бізді осы елдің баласы екен дейтін болсаңдар, біздің ең соңғы қысылғандағы ақылымызды алыңдар, түбінде іс өткен соң өкінгеннен пайда жоқ. Өлген тірілмейді, өшкен келмейді.

Біздің естуімізше, бұл жұмысшылар жеке ұсталады, қатерлі жерлерге барады, біз кеткен соң тірі қайту жоқ,. Онан да өз жерімізде өлеміз деген ел арасында лақап қорқыныш тараған. Бұл бекер. Басқа облыстардан Жетісу, өзіміздің көрші Қостанай, Ақтөбе уездерінен алған жігіттердің барған жерінен басшылары да бізге ауызекі жолығып тұр. Ондай қорқыныш жоқ, жай-күйлері жақсы, бекер қорыққан екенбіз деседі.

Ал халық, біздің бар айтарымыз осы. Желікпеңдер, қор болмаңдар! Құдайдың жазғанын, патшаның жарлығын екі етпеңдер. Ел иесі жақсылар, ақсақалдар, түсінікті жастар! Ойланыңдар, түсінбегендерге тоқтау салыңдар, жұрттың обалына, көз жасына қалып жүрмеңдер! Әркімнің ниет, көңілі бір аллаға аян. Бізге сеніңдер. Біз білгенімізді айттық, борышымыздан құтылдық! Көре-біле тұра айтпады, бізді отқа салды деп жүрмеңдер!”, - деп Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сейітқазым Қадырбаев, Мұхаммедияр Тұнғанчиндердің аты-жөндері жазылған.

Бұлай деп жазу, өз-өзінен көрініп тұрғанындай, босқа қырылмай, патшаның оғына ұшпай елдегі халықты аман сақтап қалу ниетінен туған еді. Ал оны бұрмалаушылар “Қазақ” газеті патшаның жетегінде кетті дегенге дейін барды.

Міне, елім деп еңіреген осы азаматтар ақыр соңында қалың қазақты шошытып, үрейлендірген солдаттық туралы қазақ халқының пікір-тілегін хүкіметке, думаға жеткізу үшін олармен сөйлесіп, жай-жапсарды түсіндіру үшін әр облыстан бірер өкіл жіберуге ұйтқы болады.

“Г.Дума солдаттың мәселесі” деп аталатын мақала авторы М.Дулатов халықтың әлі де болса саяси ұйымдасушылығына көңілі толмай, “бұл істі қалың қазақтан күту, қашпаған қашардың уызына қарағандай болған соң, дума ашылуына қарсы Самардан Ә.Бөкейханов, Орынбордан А.Байтұрсынов, Ақтөбе уезінен Н.Бекметов жүріп кеткендіктерін айтады. Олардың Петерборға:



  1. қазақтан соғыс үстінде солдат алынбауын;

  2. солдат алудан бұрын метрика түзеу;

3) лажсыз алынатын болғанда, жаяу солдат болмай, атты әскер болуын, қазақ жер-су һәм правода орыспен тең болуы керек деген нақты, бір ізден шыққан пікір-тілекпен аттанғанын” жазады. Одан әрі автор “саяси көзіміз ашық болса, дума есігі жабық болса да, басқа жағынан даусымыз думада естіле берсе, есігін жапқанмен де, халықтың аузын жабуға болмайды”, - дейді.

“Қазақтың” осыған байланысты жылап тұрып айтатын мәселесі – думада қазақтың тілегін жеткізер, қазақ жайын түсінер адам жоқ екендігі, әрі мұсылман фракциясының жанынан бюро ашу, әңгіменің түптөркіні – қаражат. Жыл сайын бюроға адам ұстай алмасақ та, осындай қылыштың қырында тұрған шақта дума маңайында бір адам ұстау. “Бүкіл қазақ болып бір адам жібере алмауымыз масқаралық болар. Қазақ жайына қандырмайынша, сөзіңді сөйлеп, думаға жеткізе алатын депутат жоқ деп біліңдер”, - дейді Міржақып. Бұл автордың тағы да бір құптарлық жағы: “Халық тілегіне қоса айтылатын нәрсе – метрика түзету мәселесі. Мұндай жауапты істі қиянатсыз істейтін мекемеге тапсырса екен,қиянатқа үйреніп қалған мекемелерге тапсырса қолайсыз шатақ істер шығып, халық лаңға түсуі ықтимал” деп аландаушылық білдіруі дер едік.

Міне, өзіміз күні кешеге дейін ұлтшыл, байшыл деген газетіміз патшаның дегені жүріп тұрған заманда осылайша өткір сөйлеуге қаймықпаған. Ал патшаның бұйрығы “ақиқат” десе оны да түсінуге болады. Олар өздері жазғандай, қайткенде де қашып құтылмайтын іс болған соң, халық жанашыры болып, қолайлы жағын қарастырады. Осылайша, халықтың саяси сана-сезіміне қозғау салады.

Бүгінгідей плюрализм – пікір еркіндігі тиіп отырған кезеңде, өткен тарихымызды саяси таразылау жолында ешқандай бұрмалаушылыққа жол берілмеуге тиіс. Мұны айтып отырған себебіміз “Арай” журналының 1991 жылғы 1-2-сандарында жарияланған журналист Ю.Шапоревтің тарих ғылымының докторы В.К.Григорьевпен сұхбаты “Алашты”, оның органы ретінде “Қазақты” теріс бағалайды. 1917-1918 жылдары газет осы партияның ресми органы болды дегенімен қоймай, 1913-1916 жылдар аралығында көтерген идеялар “Алашорда” партиясының негізін қалады деуге дейін барады. Оны біз жеңілдетіп айтқанда газеттің рөлін түсінбегендік деп ұғамыз. Осы сөз орайы келуіне қарай бір мәселені ашық айтуымыз керек. Баспасөзді, шығарманы түп нұсқасында оқи алмайтын басқа ұлт өкілдері кейбіреулердің шаласауат аудармасы не ауызекі айтып беруі арқылы бағалап ғылыми атақ-дәреже алғанымен тұрмай әрі қарай зерттеген болып, орыс тілді оқырмандарға қате түсінік береді. Әйтпесе, қазақ тілін жете түсіне оқу өз алдына, араб харпінің өзін біле бермейтін кісілер қалай әділ баға беруі мүмкін. Алаш партиясының бағдарламасын түпнұсқада ілгеріде аталған кісілер оқи қойды ма екен деген де күдік туады. “Алаш” партиясы қабылдаған алғашқы бағдарламасының жобасында жазылған “Мемлекет қалпы”, “Жергілікті бостандық”, “Негізгі хұқық”, “Дін ісі”, “Билік һәм сот”, “Ел қорғау”, “Салық”, “Жұмысшылар”, “Ғылым-білім үйрету”, “Жер мәселесі” деген тарауларының идеялары бүгінгі егемен Қазақстанның жаңа Конституциясында қабылданған негізгі заң баптарымен ұштасып, өмірден өз орнын тауып жатқаны бұл партияның нені көздеп, нені аңсағанын қиналмай-ақ түсінуге болатын сияқты.

Кезінде басылым әскери цензураның қатаң бақылауында болған. Оны “Қазақтың” әр нөміріндегі “дозволено военной цензурой” деген бұрыштамадан көреміз. Мысалы, газетте 1914 жылдың тамызының үші күнгі нөміріндегі бас мақала жарияланбай қалған. Осыған байланысты, бас мақала “редакцияның рұқсат етпеуінен басылмай қалды” деп жазған.

Сондай-ақ “Қазақтың” бетінде жарияланған әрбір мақаланы, хабарды барынша мұқият тексеріп отыруды, баспасөз заңын бұзса, редакторларын жауапқа тартуға, соттауға бұйырған баспасөз ісінің бас басқармасы граф Татищевтің Орал, Орынбор губернаторларына жазған құпия хаттары архивте сақталған. Онда “Қазақ” газетін тексеру-бақылау жұмысын Торғай облыстық басқармасының тілмашы, татар тіліндегі мерзімді баспасөздерді бақылаушы Тұнғанчинге тапсыру қажеттігі жайында Орынбор губернаторы, генерал-лейтенант Сухомлиновтың бұйрығы да бар. Бұл бұйрық тегін берілмеген. Осындай міндет не Тұнғанчинге тапсырылды, Тұнғанчин оны қандай деңгейде орындап шықты – бұл сауалдарға әлі жауап жоқ, бірақ түбі табыларына да күмән жоқ.

Міне, патша өкіметінің осындай жазалаушылық шараларынан “Қазақ” көп қиянат көрген. Мәселен, газет өзінің 1914 жылғы 78-нөмірінде жариялаған “Алашқа” және 79-нөміріндегі “Ресейдегі ұйымшылдық” деген мақалаларында қоғамда болып жатқан шындықтың бетін ашып көрсеткені үшін, патша саясатына қарсы шықты деп А.Байтұрсыновты екі жылға соттауға үкім шығарылған. Сондай-ақ “Бұл қалай?” мақаласы үшін редакторға 50 сом айып салып немесе екі апта абақтыда отыруға кесілген. Ал “Заң жобасының баяндамасы” деген мақаласы үшін Орынбор генерал-губернаторы А.Байтұрсыновқа 1500 сом айып төлеуге немесе үш ай түрмеде отырып шығуға үкім еткен.

Осындай салмақты қиындықтарға қарамастан газет 1918 жылдың қыркүйек айына дейін үзбей шығып тұрған. Қазақтың ұлттық баспасөзінің қалыптасу дәуірінде мұндай ұзақ уақыт жарық көрген басылым жоқ. Оның 265-нөмірінің әрқайсысы қазақ тарихындағы ояну дәуірінің күнтізбесі іспеттес. Замана шежіресіндей болған басылым Омбы атқару комитетінің 1918 жылғы 4 наурыздағы Орынбор Советіне берілген, “... просим немедленно закрыть газету” деген нұсқауы бойынша көп ұзамай жабылды. Сөйтіп патша үкіметінің отаршылдық саясатына бағынбай, толассыз шығып тұрған басылым Кеңес өкіметітұсында біржола тоқтатылды.

Бірақ араға 75 жыл салып, “бас жазушысы” – А.Байтұрсыновпен бірге “Қазақ” газеті өз халқының арасына қайтып оралды. Бұл туралы газеттің қазіргі бас редакторы, белгілі ғалым, әдебиетші Тіней Оразайдың Мұртазаның Файзолласы оқырмандарына: “1918 жылы, 5 жасын толтырып, 6-ға аяқ басқан шағында “Қазақ” газеті жабылған болатын. Бүгін, міне, газет қайта тіріліп, ғұмырын жалғастрып отыр. Оның ендігі оқырманы жаңа, бейтаныс буын. Сөйтсе де, газеттің мұрат-мақсаты сол күйінде қалғаны дұрыс қой деп түйдік. Халқы қолдап, ғұмырлы болса, “Қазақ” бұдан былай да еліне аянбай еңбек ету, тарихымызды, тілімізді, әдебиетіміз бен мәдениетімізді шама-шарқынша әңгіме ету, ел тұрмысының түзелуіне қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да себін тигізу ниетіндегі қызметін жалғастыра береріне сенім білдіреміз”, - деп, ақ көңілден шыққан ниетін білдірді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   42




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет