Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
26
Енді шешім өзінен өзі келді. «Хан ақылы — қарамағындағы елді айқастырмай
ұстауда ғой. Айқаса қалған күнде де, хан бұл арада төреші болуы керек! Арғын,
Қыпшақ бірін-бірі өзі өлімге қисын. Мен тек солардың жоюшысы болайын».
— Біздің атамыздың замандасы, Үйсін Майқы бидің кезінен келе жатқан «өлім
жазасын шешетін халықтың өзі» деген дәстүр бар емес пе еді. Бұл дәстүрді әлемді
билеген ұлы Шыңғысханның өзі де бұзған жоқ. Мен қалай бұзам? Арғын, Қыпшақ
игі жақсылары мәжіліс құрып, батыр Саян тағдырын өздерің шешіңдер.
Өздеріңнің ұйғаруларың хан үкімі болсын, — деді іші қатпар-қатпар Әбілқайыр,
кенет асасымен жерді бір ұрып.
Хан сөзі — бұзуға жатпайтын шешім. Жайшылықта бұйда бермес екі жақ
бірдей басын иді.
— Құп, хан ием, сөйлесіп көрелік.
Міне, осы дау Арғын, Қыпшақ арасында үш күн сөз болған. Талай ділмарлар,
сөзуарлар суырылып шықты, талай қызыл өңеш, бұлбұл тілдер сайрады, бірақ еш
шешімге келе алмаған. Ашу, ыза, кек қуысқа ұйлыққан қар секілді оңай жібімеген.
Бұл долы талас кейде сойыл күшімен шешілуге де таяп қалған. Бірақ екі жақтың
күші бірдей түскендіктен, жағаны босқа жыртуды екі ру мықтылары мақұл
таппаған. Ақырында Майқы би мен Ұлы хан Шыңғыстың тастап кеткен дәстүрін
бұзып, бұл таласты ханның өзі шешсін деп тарасқан. Хан не айтса екі жағы бірдей
соған көнбек болған.
Ал
бұл дауға шешім таба алмай, Әбілқайыр іштей алай-түлей. Арғын мен
Қыпшақтың қазіргі таласы, ұйқы-тұйқы жұлысып жатқан арлан төбеттердің
айқасына ұқсайды. Дәл қазір бұларды айыру екіталай. Не болса да қолындағы
темір сүңгіні біреуіне жіберуі керек. Алысып-жұлысып
жатқан қос арланның
қайсысын қалайды? Арғынға деп сілтегенің Қыпшаққа тиіп жүрсе қайтесің?
Қыпшаққа тиюі өзіне тиюімен бірдей. Хан саясаты кейде жазғытұрымғы желдей.
Беталысы ел райына, хан Ордасының арманына қарай өзгеріп тұрады. Ал бүгінгі
таңда Қыпшақ пен Әбілқайыр ханның алар демі бір төбеден соғып тұр.
Кенет хан бұл дауды екі ру арасындағы саясатпен емес, әділетіне қарай
шешпек болды. «әділетті шешсең — импрам риза болады. Ал импрам ризалығы —
дәл бүгін Қобыланды мен Ақжол бидің мүддесінен жоғары». Бұны отыз жыл
хандық құрған тіршілігінде Әбілқайыр хан соңғы кезде жақсы ұға бастаған.
Ол ең алдымен оқиғаның қалай болғанын тұтқын жігіттің өзінен сұрауды жөн
көрді. Тақ жанында тұрған күміс қоңырауды алып ақырын қақты. Таза күмістен
сыңғырлай шыққан сұлу үн құлағына еркелей жетіп,
қобалжыған көңілін сәл
орнықтырғандай болды. Үйге ашаң жүзінде қан жоқ, сөл жоқ, ұзын бойлы арықтау
келген дәйекші Оспан-Қожа кірді. Ол ләм-мим демей екі қолын кеудесіне ұстап,
басын төмен түсіріп, әмір күтіп, қозғалмай тұра қалды.
— Тұтқын жігітті алып келсін.
— Қай тұтқын жігітті, хан ием?
«Бәсе, қай тұтқын жігітті? — Әбілқайыр мырс етіп күлді — Чинга Тұра
1
қаласынан алғашқы хан тағына мінген күннен бастап, сонау Батудың әскерінің бас
қосқан жері — Кеңгірдегі Орда Базарды өзінің астанасы етіп, артынан Бұқар,
Самарқант,
Сығанақтарды алып, оларға өзінің ұрпақтарын не әйелдерінің
жақындарын хакім ғып отырғызғанша қаншама адамды тұтқын етпеді? Нелер
1
Ч и н г а Т ұ р а — қазіргі Тюмень қаласы.