Солтүстік және Орталық Қазақстан ескерткіштері
Солтүстік және Орталық Қазақстанның қола дәуіріне жататын ескерткіштерін зерттеу тарихы патшалық Ресей тұсында басталып, кеңестік дәуірде өз жалғасын тапқандығы белгілі.
Солтүстік Қазақстаннан 1911 жылдың өзінде-ақ Ю.П.Аргентовский андроновтық ескерткіштерді Петропавл қаласы маңынан қазған болатын. Тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде бұл өңірде ҚазКСР ҒА-ң Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының экспедициясы жұмыс істеді. Оның құрамындағы қола дәуірін зерттейтін отрядты Ә.М.Оразбаев басқарды. Сол жылдары алынған дереккөздері бойынша Солтүстік Қазақстан қола дәуірі сатылары мен мәдениеттерінің кезеңдестірілуі жасалды. Дегенмен мұнда ұзақ жылдарға созылған жүйелі жұмыстар, соның ішінде қола дәуірін зерттеу ісі Петропавл педагогикалық институты мен Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған Солтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясымен тығыз байланысты. Аталған экспедицияны бастапқыда Г.Б.Зданович басқарған еді.
Орталық Қазақстан аумағында 1946 жылдан бастап түрлі жылдары Ә.Х.Марғұлан, М.Қ.Қадырбаев, С.М.Ақынжанов, Ж.Қ.Құрманқұлов басқарған Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы жұмыс істеп келеді. Кең көлемдегі археологиялық барлау және қазба жұмыстары мұнда ондаған қоныстар мен қорымдарды ашуға мүмкіндік берді. Олардың арасында қола дәуірінің ерте (нұра) кезеңіне жататын – Ақшатау, Бұғылы-1, Байбала-1, Қомағал, Қанаттас; атасу кезеңімен мерзімделінетін – Айшырақ, Саңғыру-2, Былқылдақ-1-3, Шерубай-Нұра, Қарабие; беғазы-дәндібай кезіне жататын – Ақсу-Аюлы-2, Ортау-2, Бағазы, Атасу, Мыржық, Бұғылы-2, Ұлытау секілді жүздеген қоныстар, қорымдар мен ғұрыптық орындар отандық тарихнамада кеңінен белгілі.
Қарағанды мемлекеттік университетінің археологиялық экспедициясы зерттеу жұмыстарының қомақты бір бөлігін атқарды. Бұл экспедицияны 1973-1976 жылдары Г.Б.Зданович, 1977 жылдан бастап В.В.Евдокимов басқарды. Қарағандылық археологтар ұжымының (В.В.Варфоломеев, В.В.Евдокимов, С.У.Жауымбаев, К.М.Қарабаспақова, И.А.Кукушкин, В.Г.Ломан, В.А.Новоженов, И.В.Рудковский, А.А.Ткачев, Э.Р.Усманова, А.Ю.Чиндин, М.Беделбаева, И.Н.Швец) бір бөлігі, негізінен, қола дәуірі проблемаларын қарастырумен айналысты. Нәтижесінде Қарағаш қорымындағы ерте қола кезеңіне жататын қабірлер, Сатан қорымындағы қабірлерден арба қалдықтары аршып алынды. Сонымен қатар Қопа, Нүркен, Әкімбек, Ташық, Бозінген, Алпымса, Нұртай, Майтан, Лисаковск, т.б. андроновтық қорымдар зерттелді. Қазба жұмыстары Қопа-1, Ұпайыс, Әкімбек, Домалақтас, Лисаковское, Ташық, Майоровка, Энтузиаст секілді қоныстарда да жүргізілді. Кейінгі қола дәуірін зерттейтін отряд Еңбек сүйгіш, Доңғал, Дермен, Самара, Шойындыкөл, Қарағаш секілді қорымдарда қазба жұмыстарын атқарды. 1985 жылдан бері байырғы қала (протогород) типіндегі Кент қонысы зерттелініп келеді. Көне металлургия мен тау-кен ісін зерттеуге С.У.Жауымбаев мол үлес қосып келеді.
Сайып келгенде, Солтүстік және Орталық Қазақстан қола дәуірінде біртұтас тарихи-мәдени өңірді құрады. Өйткені, қола дәуірінің барлық даму сатыларында бұл аумақтарда айтарлықтай өзгешеліктер байқала қоймайды.
Достарыңызбен бөлісу: |