1. Монополияға қарсы орган белгіленген өкілеттіктеріне сәйкес:
1) нарық субъектілеріне:
осы Кодекс нормаларының бұзылуын тоқтату және (немесе) олардың салдарларын жою;
бастапқы жағдайды қалпына келтіру;
осы Кодекске қайшы келетін шарттарды бұзу немесе өзгерту;
егер белгілі бір сатушылармен (өнім берушілермен) не сатып алушылармен шарт
жасасудан негізсіз бас тарту не жалтару бұзушылық болып табылса, нарықтың басқа
субъектісімен шарт жасасу;
осы Кодекс нормаларының бұзылуына жол бермеу туралы орындалуға мiндеттi нұсқамалар
беруге;
2) мемлекеттік органдарға, жергілікті атқарушы органдарға өздері қабылдаған
актілердің күшін жою немесе оларды өзгерту, бұзушылықтарды тоқтату, сондай-ақ өздері
жасаған, осы Кодекске қайшы келетін келісімдерді бұзу немесе өзгерту туралы және
бәсекелестікті қамтамасыз етуге бағытталған әрекеттер жасау туралы орындалуға міндетті
нұсқамалар беруге;
3) бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласындағы әкімшілік
құқық бұзушылық туралы істерді қарауға және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық
бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік жазалар қолдануға;
4) сотқа талап қоюмен және өтініштермен жүгінуге, сондай-ақ соттар Қазақстан
Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының қолданылуы мен бұзылуына
байланысты істерді қараған кезде процестерге қатысуға құқылы.
2. Осы Кодекстің нормалары бұзылған кезде нарық субъектілері, мемлекеттік
органдар, жергілікті атқарушы органдар:
1) монополияға қарсы органның нұсқамаларына сәйкес бұзушылықты тоқтатуға және
оның салдарын жоюға, бастапқы жағдайды қалпына келтіруге, шартты бұзуға, нарықтың басқа
субъектісімен шарт жасасуға немесе оған өзгерістер енгізуге, монополияға қарсы орган
Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасына сәйкес келмейді
деп таныған актінің күшін жоюға, нұсқамада көзделген өзге де әрекеттерді орындауға;
2) келтірілген залалды Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес
өтеуге;
3) монополияға қарсы органның Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық
туралы кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік жаза қолдану туралы қаулысын орындауға
міндетті.
3. Нұсқама монополияға қарсы орган белгілеген ақылға қонымды мерзімде орындалуға
жатады.
Монополияға қарсы орган берілген нұсқамалардың орындалуын бақылауды жүзеге
асырады.
Нұсқама орындалмаған жағдайда, монополияға қарсы орган нарық субъектісін,
мемлекеттік органды, жергілікті атқарушы органды монополияға қарсы органның нұсқамасын
орындауға мәжбүрлеу туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге құқылы.