АНЫҚТАДЫ:
"Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне адвокатура мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын (бұдан әрi – Заң) Қазақстан Республикасының Парламентi 2006 жылғы 30 қарашада қабылдап, 2006 жылғы 7 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентiнiң қол қоюына берген.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы
1-тармағының 2) тармақшасына және "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" 1995 жылғы 29 желтоқсандағы
N 2737 Конституциялық заңның 17-бабы 2-тармағының
1) тармақшасына сәйкес Республика Премьер-Министрi осы Заңның "Адвокаттық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңын "Қазақстанның адвокаттар одағы" деп аталатын жаңа 27-1-баппен толықтыратын нормасын Конституцияға, атап айтқанда, Негiзгi Заңның 23-бабының 1-тармағына сәйкестiгi тұрғысында тексеру туралы Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiне
2006 жылғы 29 желтоқсанда өтiнiш жолдады.
Заңның конституциялылығын өтiнiш субъектiсi көрсеткен бөлiгiнде де, толығымен де тексерген кезде Конституциялық Кеңес мынаны негiзге алды.
1. Заң 1997 жылғы 16 шiлдедегi N 167-I Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiне, 1997 жылғы
13 желтоқсандағы N 206-I Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу кодексiне, 1997 жылғы 13 желтоқсандағы N 208-I Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексiне,
1999 жылғы 13 шiлдедегi N 411-I Қазақстан Республикасының Азаматтық iс жүргiзу кодексiне, 2001 жылғы 30 қаңтардағы N 155-II Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiне, "Адвокаттық қызмет туралы" 1997 жылғы
5 желтоқсандағы N 195-I Қазақстан Республикасының Заңына, "Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" 1998 жылғы 30 маусымдағы N 253-I Қазақстан Республикасының Заңына, "Қылмыстың жасалуына сезiктiлер мен айыпталушыларды күзетте ұстаудың тәртiбi мен шарттары туралы" 1999 жылғы 30 наурыздағы N 353-I Қазақстан Республикасының Заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуiн көздейдi.
Заңның Республика Парламентiнде өтуiмен iлесетiн құжаттардан (түсiндiрме жазбахаттар, отырыстар стенограммалары, Парламент Палаталары комитеттерiнiң қорытындылары) көрiнiп тұрғаны, оны қабылдаудағы мақсат – әркiмнiң бiлiктi заң көмегiн алуына, соның iшiнде, заңда көзделген реттерде тегiн алуына конституциялық кепiлдiктi күшейту, адвокаттардың қылмыстық процестегi және сот шешiмдерiн орындау кезеңiндегi ролiн көтеру болып табылады (Конституцияның 13-бабының 3-тармағы).
Талдау көрсеткенiндей, Заңның бiрқатар нормалары Конституцияның жекелеген ережелерiне сай келмейдi.
азақстан Республикасының Конституциясы, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын абсолюттi және олардан ешкiм айыра алмайды деп баянды ете отырып (12-баптың
2-тармағы), Республика азаматтарының бiрлесу бостандығына құқығын орнықтырып қана қоймай (23-баптың 1-тармағы), мемлекет пен қоғамдық бiрлестiктер арасындағы өзара қарым-қатынастардың түбегейлi принциптерiн белгiлейдi, сондай-ақ қоғамдық бiрлестiктердi құруға және олардың қызметiне тыйым салынатын реттердi айқындайды (5-бап).
Азаматтардың бiрлесу бостандығына конституциялық құқығын жүзеге асыру тәртiбi "Қоғамдық бiрлестiктер туралы" Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 31 мамырдағы N 3-I Заңында айқындалады. Оның кiрiспесiнде сондай-ақ бiрлесу бостандығына құқық адамның және азаматтың аса маңызды конституциялық құқықтарының бiрi болып табылады, оның iске асырылуы қоғам мүдделерiне сай келедi және мемлекеттiң қорғауында болады деп атап көрсетiледi.
Дәл осындай позициялар халықаралық құқық нормаларында да бекiтiлген. Мәселен, БҰҰ Бас Ассамблеясының 1966 жылғы
16 желтоқсандағы 2200A (ХХI) реpолюциясымен қабылданған және Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 қарашадағы N 91-III Заңымен ратификацияланған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактiнiң 22-бабының 1 және 2-тармақтарына сай, әрбiр адамның басқалармен бiрiгiп қауымдастықтар құру бостандығына құқығы бар, бұл құқықты пайдалану демократиялық қоғамның мемлекеттiк немесе қоғамдық қауiпсiздiк пен қоғамдық тәртiп мүдделерiн, жұрттың денсаулығы мен имандылығын сақтау және басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау қажет етiлетiн, заңмен көзделген, шектеулерден тыс шектелуi
тиiс емес.
"Адвокаттық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабы 3-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестiлiгi туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң 1999 жылғы 2 шiлдедегi N 12/2 қаулысына сәйкес "Республика азаматтары ретiнде адвокаттардың бiрлесуге құқы өз мүшелерiнiң заңды мүдделерiн қорғау ортақ мақсатында ерiктi түрде құрылатын қоғамдық бiрлестiк (ассоциация) – Қазақстан адвокаттар одағы түрiнде, сондай-ақ, iс-әрекетi адвокаттық қызмет көрсетумен байланысты болмаған кез-келген басқа қоғамдық бiрлестiктерге кiру жолымен жүзеге асырылады".
Қаралып отырған Заңның 1-бабы 6-тармағының
8) тармақшасы "Адвокаттық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңын жария құқық принципi бойынша – адвокаттар алқаларының мiндеттi түрде мүше болуына негiзделген, "мемлекеттiк билiк органдарында, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында адвокаттардың мүдделерiн бiлдiру және қорғау, адвокаттар қызметiн үйлестiру, адвокаттар көрсететiн заң көмегiнiң жоғары деңгейiн қамтамасыз ету мақсатында" адвокаттық өзiн-өзi басқарудың жаңа органын – Қазақстанның адвокаттар одағын құруды көздейтiн 27-1-баппен толықтырады. Бұл ретте көрсетiлген бапқа сәйкес "адвокаттар одағының функциялары мен өкiлеттiктерiне ұқсас функциялары және өкiлеттiктерi бар басқа ұйымдар мен органдарды құруға жол берiлмейдi".
Осы Адвокаттар одағының функциялары мен өкiлеттiктерi Заңда айқындалмағандықтан, ал оны құрудың жарияланған мақсаты жалпы сипатта және айрықша деп таныла алмайтындықтан, Заңның 1-бабы 6-тармағының 8) тармақшасында жазылған, Адвокаттар одағының функциялары мен өкiлеттiктерiне ұқсас функциялары және өкiлеттiктерi бар басқа ұйымдар мен органдарды құруға салынатын тыйым Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын адвокаттардың бiрлесу бостандығына конституциялық құқығын негiзсiз шектейдi (Конституцияның 23-бабының 1-тармағы).
Құрылуына және қызметiне тыйым салынған қоғамдық бiрлестiктердiң тiзбесi Конституцияның 5-бабының 3 және
4-тармақтарында айқындалған, ал қалған жағдайларда, Негiзгi Заңның 39-бабының 1-тармағына сәйкес "адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртiптi, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажеттi шамада ғана және тек заңмен шектелуi мүмкiн". Конституциямен кепiлдiк берiлген бiрлесу бостандығы құқығын Заңда жазылғандай шектеу мұндай мақсаттармен шарттастырылмаған.
Осыған орай Конституциялық Кеңес, адвокаттар алқаларының мiндеттi түрде мүше болуына негiзделген мемлекеттiк емес коммерциялық емес ұйым ретiнде қаралып отырған Заңда көзделген Қазақстанның адвокаттар одағын құру Республика адвокаттарын қазiр қызмет iстеп тұрған осы аттас "Қазақстанның адвокаттар одағына" да (Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде 1992 жылғы 31 тамызда тiркелген ерiктi қоғамдық бiрлестiк), ортақ мақсаттарға қол жеткiзу үшiн ерiктi негiзде құрылатын басқа қоғамдық бiрлестiктерге де бiрлесу құқығынан айыра алмайды деп пайымдайды.
Одан тыс, Заңның 1-бабы 6-тармағының 8) тармақшасын тексерген кезде, Конституциялық Кеңес оның қазақ және орыс тiлдерiндегi мәтiндерiнен сәйкессiздiк тапты, бұл осы құқықтық норманың мазмұнын тұжырымдамалық түрде бұрмалап, оны бiржақты түсiнуге мүмкiншiлiк бермейдi және, Конституцияның
7-бабының 2-тармағын ескере отырып, практикада қолданылуын жоққа шығарады.
2. "Адвокаттық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерiстер енгiзетiн Заңның 1-бабы
6-тармағының 7) тармақшасында былай деп көзделген: "27-баптың 1-тармағының екiншi сөйлемiндегi "алқаға қабылдаудан бас тартылмауға тиiс" деген сөздер "адвокаттық қызметпен айналысқысы келетiн адам өзiнiң салық органында тiркелу есебiне тұру орны бойынша адвокаттар алқасының мүшелiгiне қабылдануға тиiс" деген сөздермен ауыстырылсын. "Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы" 2001 жылғы
12 маусымдағы N 209-II Қазақстан Республикасы Кодексiнiң (Салық кодексi) 521-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сай салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеушiлер болып табылатын резидент жеке тұлғалар тұрғылықты жерi бойынша тiркеледi.
Осылайша, қаралып отырған Заң адвокаттық қызметтi жүзеге асыру құқығына лицензия алған азаматтың адвокаттар алқасына қабылдану мүмкiншiлiгiн оның тұрғылықты жерi бойынша шектейдi.
Конституциялық Кеңес, бұл шектеудi белгiлейтiн құқықтық норма Конституцияның Республика аумағында заңды түрде жүрген әрбiр адамның оның аумағында еркiн жүрiп-тұруына және тұрғылықты мекендi өз қалауынша таңдап алуына кепiлдiк беретiн 21-бабының 1-тармағына, сондай-ақ әрбiр адамның, басқаларын қоспағанда, еңбекке деген қабiлетiн тұрғылықты жерi мен салық есебiне тiркелу орнына қатыссыз өз бетiнше пайдалану бостандығы да көзделетiн еңбек ету бостандығына құқығын баянды ететiн Негiзгi Заңның 24-бабының 1-тармағына сай келмейдi деп пайымдайды.
Бұл шектеудi белгiлей отырып, заң шығарушы Конституцияның 39-бабы 1-тармағының жоғарыда көрсетiлген талаптары шегiнен тағы шығып кеткен.
3. Қаралып отырған Заңды Парламент Конституцияның \
61-бабы 3-тармағының 1) және 6) тармақшаларына сәйкес қабылдаған, ол тармақшаларға сай Парламент аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтiн заңдар шығаруға, жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектiлiгiне, азаматтық құқықтары мен бостандықтарына, жеке және заңды тұлғалардың мiндеттемелерi мен жауапкершiлiгiне, сондай-ақ сот құрылысы мен сотта iс жүргiзу мәселелерiне қатысты негiзгi принциптер мен нормаларды белгiлеуге хақылы.
Конституцияның 61-бабының 1-тармағы негiзiнде Заңның жобасын Республика Yкiметi заң шығару бастамасы тәртiбiмен Парламент Мәжiлiсiне енгiзген. Конституцияның 61-бабы
3-5-баптарының талаптары сақтала отырып, Парламент Палаталарының әрбiрiнде өз кезегiмен қарау арқылы Заң қабылданған.
Конституцияның 61-бабының 6-тармағына сәйкес мемлекеттiк кiрiстi қысқартуды немесе мемлекеттiк шығысты көбейтудi көздейтiн заңдардың жобалары Республика Үкiметiнiң оң қорытындысы болғанда ғана енгiзiлуi мүмкiн.
"Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабының
6-тармағын ресми түсiндiру туралы" Конституциялық Кеңестiң
2000 жылғы 15 маусымдағы N 9/2 қаулысында "Үкiметтiң оң қорытындысының қажеттiлiгi туралы конституциялық-құқықтық шарт барлық жағдайларда да және мемлекеттiк кiрiстi қысқартуды, сондай-ақ мемлекеттiк шығысты көбейтудi көздейтiн барлық заң жобалары үшiн мiндеттi" деп белгiленген. Бұл орайда Конституциялық Кеңес "қорытындыны Үкiмет алқалы орган ретiнде берген жағдайда оның конституциялық-құқықтық заңды күшi болмақ" деп атап көрсеттi. "Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне прокурорлық қадағалау мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестiгi туралы" Конституциялық Кеңестiң 2002 жылғы 5 тамыздағы N 5 қаулысында, егер заң жобалары мемлекеттiк кiрiстi қысқартуды немесе мемлекеттiк шығысты көбейтудi көздейтiн болса, оң қорытынды алу қажет екендiгi туралы конституциялық ереже "заң жобасын Мәжiлiске енгiзу сатысына да, оны Парламент Палаталарында қарау процесiне де қолданылады" деп түсiндiрiледi.
Конституциялық iс жүргiзу материалдарынан келiп шығатыны, Парламент Заңды қабылдаған кезде депутаттар оған азаматтарға мемлекет есебiнен тегiн көрсетiлетiн заң көмегiнiң көлемiн ұлғайтатын толықтырулар мен өзгерiстер енгiзген (Заңның 1-бабының 6 және 7-баптары).
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi қол қойып, Конституциялық Кеңеске берiлген 2007 жылғы 5 ақпандағы
N 13-6/И-604, 126 қорытындыға сай, "заңның жобасын Парламентте қарау кезеңiнде депутаттар оған мемлекеттiк шығысты көбейтуге әкеп соқтыратын нормаларды енгiзген", бұл да "сондай-ақ республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлiнуiн қажет етедi". Алайда Парламент "Қазақстан Республикасы Конституциясының
61-бабы 6-тармағының талаптарына сәйкес депутаттардың мемлекеттiк шығысты көбейтуге әкеп соқтыратын нормаларды енгiзуi мәселесi бойынша қорытынды алу үшiн Үкiметке жүгiнбеген, тиiсiнше, Үкiмет бұл нормалар бойынша оң қорытынды бермеген".
Осылайша, Конституциялық Кеңес қаралып отырған Заңның "адвокаттар одағының функциялары мен өкiлеттiктерiне ұқсас функциялары және өкiлеттiктерi бар басқа ұйымдар мен органдарды құруға жол берiлмейдi" деген тыйым салу бөлiгiндегi
1-бабы 6-тармағының 8) тармақшасы Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабының 2-тармағына, 23-бабының
1-тармағына және 39-бабының 1-тармағына, ал Заңның 1-бабы
6-тармағының 7) тармақшасы Негiзгi Заңның 21-бабының
1-тармағына, 24-бабының 1-тармағына және 39-бабының
1-тармағына сәйкес емес деп есептейдi. Одан тыс, Заңды қабылдаған кезде Республика Парламентi Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабы 6-тармағының талаптарын сақтамаған.
Жазылғанның негiзiнде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы"
1995 жылғы 29 желтоқсандағы N 2737 Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-бабы 2-тармағының 1) тармақшасын, 31-33 және 37-баптарын, 38-бабының 1-тармағын және 41-бабы
1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесi
ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қазақстан Республикасы Парламентi 2006 жылғы
30 қарашада қабылдап, 2006 жылғы 7 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентiнiң қол қоюына берiлген "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне адвокатура мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес емес деп танылсын.
2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 1-тармағына сай "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне адвокатура мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойылмайды және ол қолданысқа енгiзiлмейдi.
3. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшiне енедi, шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабының 4-тармағында көзделген реттi ескере отырып, түпкiлiктi болып табылады.
4. Осы қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тiлдерiнде жариялансын.
Қазақстан Республикасы Президентiне қол қоюға ұсынылған,
1997 жылғы 12 наурызда Қазақстан Республикасының Парламентi қабылдаған Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы тiлдер туралы" Заңының Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкестiгi жөнiнде Қазақстан Республикасы Президентiнiң өтiнуi туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң
1997 жылғы 8 мамырдағы N 10/2 қаулысына түсiндiрме беру туралы Қазақстан Республикасы Конституциялық
Кеңесiнiң қосымша қаулысы
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң
2007 жылғы 23 ақпандағы N 3 Қосымша Қаулысы
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесi, Төраға
И.И. Рогов, Кеңес мүшелерi Х.Ә. Әбiшев, Қ.Ж. Балтабаев,
H.B. Белоруков, С.Ф. Бычкова, А.М. Нұрмағамбетов, Y.M. Стамқұлов қатысқан құрамда, мыналардың:
- өтiнiш субъектiсiнiң өкiлдерi – Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаттары М. Шахановтың,
Е. Әбiлқасымовтың, А. Айталының,
- Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң өкiлi – Қазақстан Республикасының Әдiлет вице-министрi
С.П. Нұғымановтың,
- Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң өкiлi – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң Тiл комитетiнiң төрағасы Е.З. Қажыбектiң,
- Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкiлi – Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры аппаратының басшысы Р.Қ. Сарпековтың қатысуымен,
өзiнiң ашық отырысында Қазақстан Республикасы Парламентi бiр топ депутаттарының "Қазақстан Республикасы Президентiне қол қоюға ұсынылған, 1997 жылғы 12 наурызда Қазақстан Республикасының Парламентi қабылдаған Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы тiлдер туралы" Заңының Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкестiгi жөнiнде Қазақстан Республикасы Президентiнiң өтiнуi туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң 1997 жылғы
8 мамырдағы N 10/2 қаулысына түсiндiрме беру жөнiндегi
өтiнiшiн қарады.
Қолдағы бар материалдарды зерделеп, баяндамашыны – Конституциялық Кеңестiң мүшесi Х.Ә. Әбiшевтi және конституциялық iс жүргiзуге қатысушыларды тыңдап, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесi мынаны
АНЫҚТАДЫ:
"Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" 1995 жылғы 29 желтоқсандағы N 2737 Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 35-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес 2007 жылғы 15 қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламентiнiң бiр топ депутаттары "Қазақстан Республикасы Президентiне қол қоюға ұсынылған, 1997 жылғы 12 наурызда Қазақстан Республикасының Парламентi қабылдаған Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы тiлдер туралы" Заңының Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкестiгi жөнiнде Қазақстан Республикасы Президентiнiң өтiнуi туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң 1997 жылғы
8 мамырдағы N 10/2 қаулысына түсiндiрме беру туралы өтiнiшпен Конституциялық Кеңеске жүгiндi.
Өтiнiш субъектiсi жоғарыда көрсетiлген қаулыны түсiндiрген кезде мынадай сұрақтарға жауап берудi сұрайды:
- "мемлекеттiк ұйымдарда емес", мемлекеттiк және қоғамдық маңызы бар iс-шараларда, қабылдауларда, ассамблеяларда, съездерде, конференцияларда, дөңгелек үстел отырыстарында мемлекеттiк тiлдiң ресми түрде қолданылатын тiлден басымдығы болады ма";
- Республика Конституциясының 7-бабының 2-тармағында пайдаланылған "тең" ұғымы (терминi) осындай iс-шараларға қатысты мa?".
Конституциялық Кеңестiң отырысы кезiнде өтiнiш субъектiсiнiң өкiлдерi, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 21-бабы 2-тармағының 4) тармақшасына сәйкес, мынадай мәселенi түсiндiрiп берудi сұрай отырып, өздерiнiң ауызша түрдегi өтiнiшiн мәлiмдедi: "мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады" деген конституциялық норманы (Конституцияның
7-бабының 2-тармағы) орыс тiлi екiншi мемлекеттiк тiл болып табылады деп түсiнген жөн бе?
Өтiнiште қойылған сұрақтардың мән-жайына қарай Конституциялық Кеңес мыналарды қосымша түсiндiру қажет деп санайды.
1. Конституцияға сәйкес Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi. Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады. Мемлекет Қазақстан халқының тiлдерiн үйрену мен дамыту үшiн жағдай туғызуға қамқорлық жасайды (7-бап).
Конституциялық Кеңестiң 1997 жылғы 8 мамырдағы N 10/2 қаулысында, Конституцияның "мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады" деген 7-бабының 2-тармағы мынадай деп түсiндiрiледi: "аталған конституциялық норма бiржақты түсiндiрiледi, мемлекеттiк ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында қазақ және орыс тiлдерi тең дәрежеде, ешбiр жағдайдан тыс бiрдей қолданылады".
Бұл, мемлекеттiк ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының өз өкiлеттiктерiн iске асыруына байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтiн заңнама әркiмнiң де тiлдердiң қызмет ету саласында конституциялық құқықтары жүзеге асырылуының механизмдерiн көздеуге, соның iшiнде, жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына өтiнiш беру және олардан Конституцияның
7-бабының 2-тармағын сақтай отырып – iс қай тiлде жүргiзiлуiне қатыссыз қазақ немесе орыс тiлдерiнде тең дәрежеде ақпарат алу мүмкiншiлiгiн қамтамасыз етуге тиiс дегендi бiлдiредi.
Қазақ және орыс тiлдерiн пайдаланудағы теңдiк сондай-ақ нормативтiк құқықтық актiлердiң қазақ және орыс тiлдерiндегi мәтiндерiнiң заңдық маңызы тең екенiн де бiлдiредi. "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне адвокатура мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестiгiн тексеру туралы" Конституциялық Кеңестiң 2007 жылғы 14 ақпандағы N 2 қаулысынан келiп шығатыны, егер қазақ және орыс тiлдерiндегi мәтiндердiң сәйкессiздiгi құқықтық норманың тұжырымдамалық мазмұнын бұрмалап, оны бiржақты түсiнуге мүмкiншiлiк бермейтiн болса, онда Негiзгi Заңның 7-бабының 2-тармағын негiзге ала отырып, мұндай норма белгiленген тәртiппен Конституцияға сәйкес емес деп танылуы мүмкiн.
2. Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады деген конституциялық норма орыс тiлiне екiншi мемлекеттiк тiл мәртебесi берiлетiнiн бiлдiрмейдi.
Қазақ тiлiнiң мемлекеттiк тiл ретiнде конституциялық жолмен баянды етiлуiнен келiп шығатыны, қазақ тiлi Қазақстан мемлекеттiлiгiн айқындайтын факторлардың бiрi болып табылады, оның егемендiгiн рәмiздейдi және Қазақстан халқының бiрлiгiн бiлдiретiн, Республиканың конституциялық-құқықтық мәртебесiнiң элементi болып табылады.
Мемлекеттiк тiлдiң жоғары саяси-құқықтық мәртебесi оның жария-құқық саласында қызмет етуiнiң айрықшалығы не басымдылығы Конституцияда баянды етiлiп, заңдарда белгiленуi мүмкiн екендiгiмен расталады: Республика Президентi мен Парламентi Палаталары төрағаларының мемлекеттiк тiлдi мiндеттi түрде еркiн меңгеруi; мемлекеттiк рәмiздерде тек қана қазақ тiлiнiң пайдаланылуы; мемлекеттiк органдардың мөрлерi мен мөртаңбаларындағы атауларының, мемлекеттiң егемендiгiн айқындайтын мемлекеттiк белгiлердiң (шекара бағандарында, кеден атрибуттарында және т.б.) қазақ тiлiнде жазылуы; мемлекеттiк ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының құқықтық актiлерi мен өзге де ресми құжаттарының мәтiндерiн қағазда және өзге де тасымалдауыштарда орналастырғанда, мемлекеттiк ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының ресми тұлғалары көпшiлiк алдында сөз сөйлегенде; мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының ресми бланкiлерi мен басылымдарында; ұлттық валютада және өзге де мемлекеттiк бағалы қағаздарда; Республика азаматының жеке басын куәландыратын құжаттарда, мемлекет атынан берiлетiн өзге де құжаттарда, сондай-ақ мемлекеттiк ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының қызметiмен байланысты өзге де салаларда қазақ тiлiне басымдылық берiлуi.
Бұл жазылғандар, Негiзгi Заң қазақ тiлiне жария-құқықтық маңыз бере отырып, оның мәртебесiнiң үстемдiгiн көздейтiнiн айғақтайды (Конституцияның 7-бабының 1-тармағы).
3. Конституция мемлекеттiк тiлдiң, ресми түрде пайдаланылатын тiлдiң және өзге де тiлдердiң тұрмыстағы, адамдар арасындағы, ұжым iшiндегi қарым-қатынаста, мемлекеттiк емес ұйымдарда, соның iшiнде, мемлекеттiк және қоғамдық маңызы бар iс-шаралар (қабылдаулар, ассамблеялар, съездер, конференциялар, дөңгелек үстел отырыстарын) өткiзу кезiнде қызмет етуiн регламенттемейдi. Республика Конституциясының
7-бабының 2-тармағында пайдаланылған "тең" ұғымы тұрмыстағы, адамдар арасындағы және ұжым iшiндегi қарым-қатынасқа, сондай-ақ қаралып отырған өтiнiште көрсетiлген iс-шараларға
қатысты емес.
Конституция әркiмге өз қалауы бойынша қарым-қатынас тiлiн таңдап алу құқығын бередi. Мәселен, Конституцияның 19-бабының 2-тармағына сәйкес "әркiмнiң ана тiлi мен төл мәдениетiн пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тiлiн еркiн таңдап алуға құқығы бар". Сонымен бiрге мемлекет мемлекеттiк тiлге, оның дамуына, мемлекеттiк-құқықтық реттеу саласын ғана емес, қоғамдық қатынастардың басқа да барлық салаларын қамтып, қолданылуына қамқорлық жасауға тиiс. Конституцияның 7-бабының 3-тармағын негiзге ала отырып, заңнамада қазақ тiлiнiң дамуына жағдай жасалуға тиiс. Осыған орай Конституциялық Кеңес "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" Қазақстан Республикасының Заңын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестiгi тұрғысында тексеру туралы"
2004 жылғы 21 сәуiрдегi N 4 қаулыда: "бұқаралық ақпарат құралының телевизия және радио хабарларының мемлекеттiк тiлдегi апталық көлемi уақыт жағынан басқа тiлдердегi хабарлардың жиынтық көлемiнен кем болмауы, сондай-ақ мемлекеттiк тiлдегi хабарларды хабар таратудың тәулiктiк кестесiне бiркелкi орналастыру туралы талаптардың белгiленуi басқа тiлдердiң мәртебесiне нұқсан келтiрмейдi, өйткенi ол Негiзгi Заңның
7-бабында бекiтiлген жалпы ережелер мен принциптердi iске асыруға бағытталған" деп атап кеттi.
4. Мемлекет қоғамда қызмет етушi кез келген тiлдi қорғауға және тiлiне байланысты кемсiтушiлiктiң алдын алуға тиiс. Заңнама және құқық қолдану практикасы Конституцияның 14-бабы
2-тармағының "ешкiмдi ешқандай, соның iшiнде тiлiне байланысты, кемсiтуге болмайды" деген нормасын ескеруге тиiс.
Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1966 жылғы
16 желтоқсанда қабылдаған, "Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактiнi ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 қарашадағы N 91-III Заңымен ратификацияланған, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактiде: барлық адамдар заң алдында тең және қандай да болсын кемсiтуге ұшырамай, заңмен тең қорғалуға құқылы. Бұл орайда кемсiтудiң қандай түрiне болса да, заң тұрғысынан тыйым салынады және заңда барлық адамдар, қандай да бiр белгiсiне, нәсiлiне, түр-түсiне, жынысына, тiлiне, дiнiне, саяси және басқа да наным-сенiмдерiне, ұлттық және әлеуметтiк тегiне, мүлiктiк жағдайына, туу және басқа жағдаяттарына қарамастан кемсiтуден тең және тиiмдi түрде қорғалатынына кепiлдiк берiлуi тиiс. Этникалық, дiни және тiл азшылығы бар елдерде, осындай азшылық құрамындағы адамдар өз тобының басқа мүшелерiмен бiрге өз мәдениетiн пайдалану, өз дiнiн тұтыну, дiнiнiң салт-жораларын ұстану және ана тiлiнде сөйлеу құқығынан айырылмауы тиiс делiнедi ( 26 және 27-баптар).
Жазылғанның негiзiнде, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" Конституциялық заңның 35-бабы
1-тармағының 1) тармақшасын, 2 және 3-тармақтарын және 41-бабын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесi
Достарыңызбен бөлісу: |