6.3.3. Қимыл-әрекетті жетілдіру кезеңі
Бұл кезеңнің мақсаты – қимыл дағдысын қалыптастыру, сол арқылы жоғары қимыл шеберлігіне жету. Жаттығуды көп қайталағаннан соң қимыл шеберлігі дағдыға айналады. Қимыл дағдысы деп жеке қозғалыстарға емес, нақты әрекет нәтижесіне бағытталған қимыл-әрекетін автоматтандыра орындай алу қабілеттілігін айтамыз. Қимыл дағдысы әр түрлі қозғаушы факторларға қарсы жоғары тұрақтылық танытады (жаттығуды басқа спорт залда орындау, көрермендер әсері, әр түрлі ауа райы жағдайлары т.б.). Қимыл дағдысын қалыптастырғанда қозғалыс дәлдігі жақсарады, қимыл ырғағы жетіледі, жеке қозғалыстар біртұтас қимыл-әрекетке айналады. Қимыл дағдысын қалыптастыру кезінде анализаторлар қызметін бөлу үрдісі қатар жүреді. Қимыл анализаторларының мәні артады, өйткені бұлшық еттердің сезімталдығы қозғалысты бақылауда жетекші рөл атқарады. Көру анализаторларының қызметі қоршаған сыртқы ортадағы жағдайды және әрекеттің нәтижелілігін бақылау қызметіне ауысады. Қимыл дағдысы жаттығуды көп қайталағанда пайда болады. Жаттығуды дұрыс қайталау үйрету міндетіне, оқу материалының күрделілігіне, оқушылардың дайындық деңгейіне, оқыту әдістемесінің жетілгендігіне байланысты.
Тәжірибеде қайталаудың екі жолы қолданылады: созылмалы – көптеген сабақтарға бөле қайталау; түйінді – қысқа мерзімде бір немесе бірнеше сабақта қайталау.
Созылмалы қайталау кезінде қолайлы дұрыс тынығу аралығы болса, көлемді оқу материалын игеру кезінде, жаттығушылар үлкен дидактикалық әсер алады (мысалы, гимнастикадағы еркін жаттығулар). Бұл үрдісті екі себеппен түсіндіреміз: біріншіден, жаттығу техникасының есте сақталуы, яғни меңгеріп жатқан оқу материалын жаттығуды орындап жатқанда ғана емес, тынығу аралығында да ұғыну, ойлау. Екіншіден, жаттығуды меңгеру үрдісінің, ағзаның бұлшық ет әрекетіне, бейімделу қызметіне байланыстылығы, яғни жаттығуды орындау барысында ғана емес, қалпына келу кезеңінде де сақталады.Тынығу аралықтарының жиілігі мен ұзақтығын белгілегенде (жалпы уақыт ұзақтығы бірдей) сирек және ұзақ тыныққанға қарағанда, жиі және аз уақыт тыныққан кезде спортшы ағзаның жұмыс қабілеттілігі артатынын ескеруіміз керек. Сондықтан да сабақтарды біріктіруге болмайды. Түйінді қайталау тездете үйрену негізін құрайды. Оны жеңіл оқу материалын үйренгенде қолдану тиімді. Бұл екі жағдайда да қайталау сипаты әр түрлі болады. Бастапқы үйрену мезгілінде қайталау жиілеп, сонан соң біртіндеп азаяды. Жаңа тәсілді тұрақтандыру үшін бастапқы жаттығу жиі қайталануы керек, ал ол бекіп алған соң қайталауды азайтуға болады.
Қимыл дағдысы әр түрлі және біртіндеп қалыптасады. Қимыл дағдысының қалыптасуы төрт түрге бөлінеді:
1. Дағдының «жағымсыз тездете» қалыптасуы. Үйрету барысының басында қимыл-әрекетін игеру тез, сонан соң баяулап қалады. Өйткені қимылды орындаудың техника негізгі тез қабылданады да, бөлшектері ұзақ меңгеріледі.
2. Дағдының «жағымды тездете» қалыптасуы. Бұл үйренудің бас кезінде болады, осы кезде дағды ақырындап, сонан соң тезірек қалыптасады. Қалыптасудың осы түрі күрделі әрекеттерді үйренген кезде байқалады, жаттығу техникасын бөлшектеп үйреніп барып толық орындаған кезде, жақсы меңгерген қимыл-әрекеттер дағдының тез өсуін шапшаңдатады.
3. Дағды дамуының ақырындауы. Мұндай жағдай дағдының жетілу деңгейіне жеткен кезінде пайда болады. Дағды неғұрлым жетілген сайын оның одан әрі дамуына қажымас қайрат, көп еңбек және педагогикалық шеберлік керек.
4. Дағды дамуының тоқталуы – үйрету әдістері қате, тиімсіз болғанда, дене қуатының даму деңгейі (күш, ептілік т.б.) төмен болғанда, жаттығуды ебедейсіз (қорқыныш, шаршау), ыңғайсыз жағдайда (нашар спорт жабдықтарында т.б.) орындағанда пайда болады.
Оқытушы дағдыны қалыптастыру кезінде осы жағдайларды байқап, уақытында түзетіп отыру қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |