Табиғаттың сауықтыру күштері. Бала ағзасы мүмкіншілігінше тұрақты, жүйелі күн қызуын, ауа температурасын, су процедураларын пайдалануға байланысты ағзадағы дене қызуын реттеу механизмдеріне, психикалық үрдістерін қалыптастыруға, денелерін шынықтыруға көмектеседі. Баланың денсаулығын нығайтады, ағзаның жұмыс қабілеттілігін арттырады. Табиғаттың сауықтыру күштерімен дене тәрбиесі жаттығуларымен қатар, ұштастыра қолдану баланың дене дайындығы деңгейін көтеруге, денсаулық күйін арттыруға көмектеседі.
Гигиеналық факторлар. Бұл себептерге жататындар: ұйықтау және тамақтану, қозғалыс белсенділігі мен тынығу, дене гигиенасы, массаж т.с.с. Гигиеналық факторлар дене тәрбиесі жаттығуларының бала ағзасына тиімді әсерлерін толықтырады. Дене мүмкіншіліктерін арттыруға жағдай жасайды. Мысалы, дұрыс тамақтану мен ұйқы толық болған кезде ғана дене тәрбиесі жаттығулары ағзаға тиімді әсер береді. Жаттығатын жердің, әр түрлі спорттық жабдықтардың тазалығы әр түрлі микробтар, ағзаға жат жұқпалы таяқшалардың болуына кедергі жасайды, бала ағзасын кездейсоқ аурулардан қорғайды.
Сәби және мектеп жасына дейінгі балалардың дене тәрбиесі міндеттерін дұрыс орындау үшін дене тәрбиесі амалдары дене жаттығуларын, табиғаттың сауықтыру күшін және гигиеналық факторларды кешенді бір-бірлеріне ұштастыра, байланыстыра қолдану қажет.
8.4. Сәби және мектеп жасына дейінгі балалар
дене тәрбиесі сабақтарының, жаттығуларының түрлері
Сәби және мектеп жасына дейінгі балалардың дене тәрбиесін дұрыс бағытта қолдану, оның міндеттерін тиімді түрде орындау үшін әр түрлі қозғалыс әрекет түрлерін мақсатты ретте ұйымдастыра білу қажет. Қозғалыс-әрекет түрлерінің негізгілері – мектепке дейінгі мекемелердегі тәрбиешінің, үйдегі ата-аналардың басшылығымен орындалатын күнделікті дене тәрбиесі жаттығулары сабақтары, әр түрлі ойындар және өз бетімен орындалатын балалардың қозғалыс әрекеттері.
Дене тәрбиесі сабақтарының, жаттығуларының негізгі түрлері: таңертеңгілік гимнастика, дене тәрбиесі сабақтары, қозғалмалы ойындар, сергектік сәттері, дене тәрбиесі мерекелері, өз бетімен дене жаттығуларын орындау.
Достарыңызбен бөлісу: |